Биназарова Н.Н.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

 

 БОСҚЫНДАР МӘСЕЛЕСІ

 

Қуғын-сүргіннің, қудалаудың салдарынан Жетісу өңірінен бас сауғалап атамекенінен ауа көшкендерге “опасыздар”, “Отанын сатқандар” деген айдар тағылып, Кеңес өкіметі тұсында  мыңдған қазақтар басқа елдерге ауа көшті. Босқын мәселесіне тоқтала келе, дүниежүзі қазақтарының құрылтайында жасаған баяндамасында Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: “Қайта оралуға осында өзін  күтіп тұрған жазадан қорқып мыңдаған адам туған жерді бір көруге зар болған күйінде өмірден өксіп өтті. Біз демокртиялық мемлекет, адам құқығын қорғайтын қоғам құру жолына түскен ел ретінде тоталитарлық жүйе мен мұндай қатігез идеологияны түп-тамырымен айыптаймыз”- деген еді. 1916 жылғы көтерілісті жаныштау нәтижесінде орын алған босқыншылықтың көлемі жайлы демограф М.Тәтімовтың келтірген мәліметтеріненде біраз нәрсені аңғаруға болады. «1916 жылдың ортасында ұлт-азаттық көтеріліс басталғанда, жалпы қазақтардың саны 5 млн. 650 мың адамға жеткен болатын. Осы кезде қазақтар саны жағынан дүние жүзінде түркі тілді халықтар ішінде екінші орынға, ал Ресей империясы мен бұрынғы Кеңес Одағында біріші орында болды. Ал, осыдан 30 жыл өткен соң, 1916 жылдан басталған демографиялық апаттың нәтижесінде, олар үшінші орынға түсіп қалды. 1916-1945 жылдар ішінде басқа халықтар 25-30% өссе, ал қазақтар саны 3 млн 150 мың адамға немесе 45% кеміді. 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс ақпан, қазан оқиғасы салдарынан 400 мың қазақ Қытай және  тағы басқада елдерге қоныс аударған». Нақты саны көрсетілмегенімен қарастырылып отырған кезеңдегі босқыншылық көлемі жоғары болғаны аңғарылып тұр.

Ал, қазіргі таңдағы еліміздің осы тақырыпқа қатысты мәселе көтеріп жүрген тарихшылары атап айтқанда Н. Мұхаметханұлы: «1916 жылы Қазақстан және Орталық Азиядан Қытайға босып барған 300 мыңнан аса адам, Шыңжанда екі жыл босқындық өмір сүрді... Ал 1916 жылы Қазақстаннан Қытайға ауған қазақтар саны 250 мыңдай болды»- деген пікірді қолдайды.     

Қазақ диаспорасының тарихында  қайғылы да қасіретті, көңілге кірбең түсіріп, көзге жас алдыртатын, азалы да жантүршігерлік сәттер аз емес. Соның ең бір шектен шыққан тұсы, ғылым тілімен айтсақ, апогейі – жеке меншік шаруа қожалықтарын күштеп ұжымдастыру жылдары орын алғанын халқымыз бұл күнде жариялықтың «желі» соғып, «жабулы қазанның» беті ашылғанда жан-жақты хабардар бола бастағандай.

Ия, бұл күндері «нәубет», «зұлмат», «қызылтабан шұбырынды», «зобалаң», «Голощекиннің геноциді», «этноцид» тәрізді әрі жалпыхалықтық, әрі тарихи түсініктермен сипатталып жүрген осынау  ауыр кезеңнің зарлы үніне, сай-сүйекті сырқыратар әңгімесіне құлақ асар болсақ талай қазақ  өз Отанын тостап кетуге мәжбүр болды. 

Қазақ диаспорасы тарихындағы ең бір шиеленісті де күрделі кезеңді бейнелейтін, қазақтардың Қытай асуы және ондағы ауыр да жанкешті тұрмысы туралы мұрағаттағы деректерді  пайдаланып Сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Қазақстан бойынша ПП ОГПУ-дың жедел-барлау мәліметінен:  1932 жыл 3 қаңтар. Ұлты жағынан эмиграцияның үлкен бөлігі қазақ халқына жатады, екінші орынды  ұйғырлар тобы және онан соң дұңғандар мен орыстар алады. 49-шы және ішінара 50-шы шекаралық отрядтар тапсырған соңғы мәліметтер қоныс аударуларды төмендегідей көрсетеді: 1930 жылдарда Қытайға көшіп кеткендер саны 15302 , 1931ж барлығы 36965 адамды құрады.

Мәскеудің және Қазақстан Республикасы мұрағаттарының осы уақытқа дейін құпия болып келген қорларындағы ресми құжаттарда қазақтардың Қытай асуы туралы мәліметтер 1929 жылдан бастап қана көрсетілген. Осы алғашқы жылы Қытайға өткен қазақтар саны 1845 , ауа көшушілер арасында байлардан гөрі орташалар мен кедейлер едәуір көп, яғни «ауа көшушілерді бастаушылар мен ұйымдастырушылар тек байлар болды» деген сол жылдардағы мемлекеттік деңгейдегі кейбір пікірлер сын көтермейді.