Ысқақова Шырай Қабдрахманқызы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушысы, 

гуманитарлық ғылымдар магистрі.

Ғалымжанова Алина

"Қазақ тілі мен әдебиеті" мамандығының 3-курс студенті.

Қазақстан Республикасы

 

ГОВОРЛАРДАҒЫ  КҮРДЕЛІ  СЫН   ЕСІМДЕРДІҢ    ЖАСАЛУ

                                                          ҮЛГІЛЕРІ

 

Қазақ говорларындағы күрделі сөздердің сыңарлары күрделі сөздердің мағыналық тұтастығын қалыптастыра отырып, әртүрлі тәсілмен пайда болған. Осы тұрғыда күрделі қос сөздердің сыңарларын талдасақ, мынадай заңдылықтар бар екені байқалады.

Говорлардағы қосарлы күрделі сөздердің сыңарлары жалпы қазақ тіліндегі заңдылық бойынша бір-біріне тең салаластық қатынастағы аналитикалық сөзжасам тәсілі арқылы қалыптасқанын көреміз. Мысалы: аспап-анжам (Жамб.) «құрал-сайман, аспаптар», әдет-ұрып (үріп) (Қарақ.) «әдет-ғұрып», қор-мор (Ақт., Ырғ.) «қызған көң», ауқат-сауқат (Шымк.; Жамб.) «тіршілік, тамақ» т.б.

Әдетте қос сөздер сөз таптарының бәрінен де жасалып, өздері сол сөз таптарына қатысты болып келеді. Қос сөздердің сыңарлары тең дәрежеде салаласа қалыптасатындықтан, олар (сыңарлар) қос сөздердің жасалуында бірдей дәрежеде қызмет атқарады. Мысалы: әсті-әсті (Жамб.) «аз-аздап», жуас-жуас (Түрікм.) «аз-аз», сулы-суаң (Сем.) «ас-су», шабан-шалағай (Моңғ.) «ат-көліксіз», жал-жұғын (Қош.) «жал-құйрық», ұқым-тұқым (Алм.) «үрім-бұтақ» т.б. қос сөздердің қалыптасуына, білдіретін мағынасына олардың сыңарлары тең дәрежеде тікелей қатысып тұр. Тек әп-әнеугүні (Түрікм.) «жақында ғана», айра-жайра (Жамб.) «емін-еркін», түйе-пүйе «түйе-мүйе», ел-сел (Қ.орда) «ағыл-тегіл», еңіз-теңіз (Қ.орда) «ағыл-тегіл» сияқты қос сөздердің тірек сыңар қызметін толық мағыналы сөздер атқарып тұр.

         Говорларда сын есімдер атрибутивтік қатынастағы басқа сөз таптарының, әсіресе зат есімдердің сыңарлары ретінде қызмет атқарғанымен бірге, атрибутивтік қатынаста бірқатар диалектілік күрделі сын есімдер тудырған. Мысалы, «Сын есім+сын есім» үлгісімен жасалған кемжақсы (Қош.) «тәп-тәуір, жап-жақсы» деген тіл бірлігінің құрамындағы кем және жақсы сөздерінің екеуі де сын есімдер, солардың тіркесуімен аталған күрделі сөз қалыптасқан. Заттың сын-сипатын т.б. қасиеттерін білдіретін төмендегідей күрделі сын есімдер де осылай жасалған.

         «Сын есім+сын есім» үлгісі бойынша жасалған күрделі сын есімдердің мөлшері едәуір: кертақыс (Кег.) «қырсықты, қыңыр», кембағал (Жал.), кембаға (Моңғ.) «мүгедек», ойранқызыл (Больш.) «сұйқылтым қызыл», кемтама (Моңғ.) «аз, жеткіліксіз», нашарпес//нашарпас (Сар.) «өте нашар, нашар», парсыша начар, пәст «жексұрын, арам, жаман ниетті» (ПҚТС: 261, 70), қиын жаман (Қош.) «өте жаман», қиын жақсы (Қош.) «өте жақсы», сарымелле (Қарақ.) «сап-сары, шикіл сары», мелде//мелдім (Түрікм.) «сұр мен ақ аралығындағы түс, әсіресе жылқыға қолданылады. Қарақалпақта мелле (Қар.рсл., 1958), өзбекте малла (Узб.рсл., 1959) «сары»; керқайсақ/керқайсақ (Ақс., Ж.арқа) «қырсық, қыңыр», С.Аманжолов қайсақ сөзінің мағынасын «қатал» деп түсіндіреді [1: 441], керсалақ (Мақт.) «керенау, еріншек», кемсалиқа (Жанг.,Маң.) «селқос, енжар», кемсалқау (Там.) «енжар, селсоқ», көк кебісті (Моңғ.) «оқыған, білімді (қыз)», қарақасқа (Чап., Жымп.) «жексұрын, оңбаған», қарамекер (Жаңг.) «арам».

         «Зат есім+зат есім» үлгісімен жасалған күрделі сын есімдер көп емес: желқабыз (Есб.) «көтеріңкі көңілді», жертас (Арал) «пысық, еті тірі». Ол деген жертас пәле жігіт (Арал), күйебас (Есб.) «күйі жоқ, бапсыз», күркесі жаман (Маң.) «ниеті бұзық, арам пиғылды», қазақнамай (Семиоз.) «қазақы». Нағыз қазақнамай тау елдерін өз елімен салыстыра қарап, бірсыпыра өзгешелік тауып келді (Ғ.Мұстафин), кетпен құйрық (Маң.) «еңбексіз, тегін (табыс)», ақылы там (Арал, Қарм.) «ақылды, ақылы мол», там (Арал) «мол, көп» мәнінде.

         «Сын есім+зат есім» үлгісімен жасалған күрделі сын есімдер: кертабан (Шет.) «жалқау, еріншек», күдерібел (Маң.) «мықты, қарымды». Әбеннің аққұйрығы күдерібел жылқы. Қарадомбай «қарапайым». Біз оқымаған қарадомбай адамбыз ғой (Тал.). Қарамаңдай (Түрікм.) «сорлы, бақытсыз», ақкөйлек (Жанг., Шұб.) «ақкөңіл, аңқылдақ», ақкөкірек (Қарақ.) «ақкөңіл», ақмай (Моңғ.) «семіз», ақкөз «Қыт.) «надан, есер», ақкөбелек (Больш.) «ақкөңіл», ақмылтық (Қыт.) «өткір, ызғарлы», Ақмылтық боран «ызғарлы боран», алағайым (Қарақ.) «ұшқалақ, жеңілтек», алақызба (Маң.) «қызба, жеңілтек», адалзада/алазада (Аяг.) «әділ, таза», парсыша зәде «тегі, негізі, тұқымы» мәнінде [ПҚТС: 152], ақбайтал (Қарақ.) «өсекшіл», күрбелдеу (Шалқ.,Арал) «кішілеу, жастау», күр (Арал) «шыныланбаған жұқа мұз».

         «Зат есім+сын есім» үлгісімен жасалған күрделі сын есімдер аз кездеседі: жүрегі жұқа (Түрікм.) «көңілшек, ақкөңіл», лоқы жауыр (Орда) «жылқының шоқтығындағы ісікті жауыр», лоқы «ыстықтай отқа қойғандықтан, шоқтығы ісіп, іріңдеп кететін ауру» [ҚТТС, 7 т; 72-73], майданы берік (Қыт.) «табанды, уәдесінде тұратын», мансаппарас (Өзб.) «мансапқор», маңлайқара (Қарақ.) «сорлы, байғұс», қоймүрет (Семиоз.) «момын, қой аузынан шөп алмас», әлжуаз (Ақс.) «әлсіз, нәзік».

         Бұдан басқа әртүрлі сөз таптарына кіретін сөздердің тіркесуі арқылы бірен-сарандаған күрделі сын есімдер кездеседі: Мысалы, ақтан ішкен «туа болған». Ақтан Керейұлы ақтан ішкен адам, ол өлеңді ешкімнен үйренбеген (Маң.), тентексоқ (Маң.) «тентек», еркесоқ (Маң.) «ерке шолжың» мағынасындағы күрделі сын есімдердің  құрамы сын есімдер–тентек, ерке  сөздері мен шыққан  тегі етістік негіздес соқ сөзінен тұратын сияқты, ср. әдеби тілдегі қақ-соқ. Ә.Нұрмағамбетов хақас тілінде сох «тентек, сотқар» мағынасын білдіретінін айтады, бірақ оның қай сөз табынан екенін ашпаған [2: 120]. «Жырынды» мағынасындағы жырынтұқай (Арал) күрделі сын есімі әдеби  жырынды сөзімен түбірлес, «өз алдына бөлек, жеке» мәніндегі жырын үстеу сөз (ҚТТС, 4 т.:330) бен жергілікті тұқай (Түрікм., Арал, Ойыл) «тұяқ» сөзінің тіркесуінен шыққан. Неше сықылды (Моңғ.), неше  сияқты (Больш.) «неше түрлі» мағынасында есімдік неше сөзі мен сықылды, сияқты шылау сөздердің тіркесуінен жасалып тұр.

         Қорыта келгенде, атрибутивтік қатынастағы күрделі сөздер тобының әрқайсысының өзіне тән жасалу үлгілері (типтері) бар, бірақ олардың өнімділігі әртүрлі. Зерттеу барысында, говорлардағы сыңарлары атрибутивті қатынастағы күрделі сөздердің зат есімнен кейінгі көп кездесетіні сын есім екендігі,  күрделі сын есімдердің жасалуында: «сын есім+ сын есім», «сын есім+зат есім» т.б. үлгілері арқылы жасалған сөздер көп кездесетіні анықталды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1 Аманжолов С.  Қазақ тілі диалектологиясы мен мәселелері (орысшадан аударған  Ғ. Қалиев ). Алматы , сөздік , 2004. 535 б.

2  Нұрмағамбетов Ә.  Жергілікті тіл ерекшеліктерінің төркіні. Алматы: Мектеп ,1985. -160 б.

3  Ганиев Ф.А.  Образование сложных слов в татарском языке. Москва: Наука , 1982, -150 с.

4 Ысқақов А.  Қазіргі қазақ тілі. Морфология.  Жоғары оқу орындарына арналған оқулық. Алматы : Мектеп, 1974. -408 б.

5   Қасым Б.Қ.  Сөзжасам: семантика.Уәждеме. Алматы:  КИЦОО 6 2003. -7 -166 б.

6  Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. -783 б.

7  Жәркешова Г.  Біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографиялық сөздігі.  Алматы: Ғылым  акад. баспасы , 1960.  -125 б.

8    Шәкенов Ж.  Қазақ тіліндегі күрделі сөздер мен күрделі тұлғалар. Алматы, 1991.

                         Пайдаланылған сөздіктер  

 

ПҚТС - Н.Оңдасынов. Парсыша-қазақша түсіндірме сөздік. Алматы: Қазақстан , 1974. -384 б.

ҚТАС - Қазақ тілінің аймақтық сөздігі. Алматы: Арыс, 2005. -821 б.

ҚТДС - Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. Алматы: Ғылым, 1969. -426 б.; 1 кітап , Алматы: Ғылым, 1996. - 196 б.,  2 кітап , Алматы, Ғылым , 1999. -237 б.

ҚТДТМ - С.Аманжолов. Қазақ тілі диалектологиясы мен тарихы мәселелері. Алматы: Сөздік , 2004. -535 б.

ҚТТС - Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 1-10 тт. Алматы: Ғылым , 1974-1986.