Ысқақова Шырай Қабдрахманқызы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтының аға оқытушысы, 

гуманитарлық ғылымдар магистрі.

 Қазақстан Республикасы

 

ГОВОРЛАРДАҒЫ   ҚОС  СӨЗДЕРДІҢ   ҚҰРЫЛЫМДЫҚ   СИПАТЫ

 

Говорлардағы қос сөздер құрылымы жағынан жалпы күрделі сөздерге тән белгілермен бірге, өзіндік ерекшеліктерге ие. Қосарлы сөздер әртүрлі құрылымдық сөздердің тікелей қатысуымен жасалады. Олар түбір-негіз сөздер, қосымшалы сөздер немесе күрделі сөздер болуы мүмкін. Қос сөздердің мұндай құрылымдық сипаты әдеби тілге де, говорларға да тән. Соған қарамастан говорлардағы қос сөздердің  жасалуында аталған құрылымдық элементтердің нақты көрінісі бірдей деуге болмайды, оларды  төмендегідей түрде топтап көрсетуге болады.

1) Говорлардағы диалектілік  қос сөздердің екі сыңары да түбір я негіз сөздерден тұрады.  Бұл – құрылымдық жағынан өнімді топ және өз ішінде бірыңғай емес: а) екі сыңары да әдеби түбір (негіз) сөздерден тұратын қос сөздер, бұлардан әдеби тілде қос сөз жасалмайды: аман-түгел (Маңғ.) «аман-есен», қиын-қымбат (Қош.) «мықты, күшті», ата-су (Шұб.) «атамекен», есік-есік болу (Арал) «бет-бетімен кету, ыдырау», ат-жарақ (Түрікм.) «қару-жарақ», су-сөл (Ақс.) «лай, батпақ», қам-қайғы (Қарақ.) «уайым, қайғы», ызың-шу (Арал) «у-шу», ашық-жарық (Больш.) «жарқын, ақкөңіл»; ә) бірінші сыңары әдеби түбір (негіз) сөз, екінші сыңары жергілікті түбір (негіз) сөз: сән-сәукет (Қарақ.) «сәнді, әсем», жетім-мүжіл (Қарақ.) «мүгедек», қойшы-қойманшы (Ойыл) «қойшы», сәлем-сақпыт (Қош.) «сәлем-сауқыт», шабан-шалай (Больш.) «шалағай», кәде-қаума (Маңғ.) «әдет-ғұрып, жөн-жосық», түйе-тайбы (Бөрт.) «түйе-тайлы»; б) бірінші сыңары жергілікті түбір (негіз) сөз, екінші сыңары әдеби түбір (негіз) сөз: сәдірмек-сауық (Бақс.) «еркін, өз ойынша әрекет жасау», ырақ-жырақ (Қазт.) «ашық-тесік», ауан-ақыл (Қарақ.) «есі ауысқан», әлсін-әлқасым (Бақс.) «әлсін-әлсін», еңіз-теңіз (Жал.) «ағыл-тегіл, мол», қайым-қате (Қыт.) «мін, кемшілік», ұқым-тұқым (Жам.) «үрім-бұтақ», ғары-қартаң (Қарм.) «кәрі-құртаң»; в) екі сыңары да диалектілік түбір (негіз) сөздерден жасалған қос сөздер: аспа-жалап (Қарақ.) «асығыс, тез», оқтас-оқтас (Еділ) «анда-санда», обақ-шұбақ (Сайр.) «олай-бұлай», ірен-тозаң (Маңғ.) «таңертең ерте», дембіл-дембіл (Сайр.) «мезгіл-мезгіл», андақ-мұндақ (Қарм.) «ондай-мұндай», атанақ-бұтанақ (Жымп.) «ойлы-қырлы жер», аталақ-құталақ (Есб., Маңғ.) «жеңілтек», әркіл-тәркіл (Шу) «арлы-берлі», әрпіл-тәрпіл (Түрікм.) «ретсіз, орынсыз», әшет-пәшет (Шел.) «анау-мынау», ыпы-тыпы (Бал.) «жалма-жан, абыр-сабыр», іле-пара (Сар.) «ілініп-салынып», бапайын-сапайын (Қорд.) «алба-жұлба».

2) Екі сыңары да қосымшалы сөздерден жасалған диалектілік қос сөздер. Бұл топ өз ішінде бірыңғай емес: а) екі сыңары да қосымшалы әдеби сөздерден жасалған өнімсіз қос сөздер: ішті-тысты (Арал) «ауқатты, әлді», ішті-тысты болу (Қыт.) "сырлас, байланысты болу", ауысып-қиысып (Маңғ.) «араласып», жайқап-жайлап (Маңғ.) «жайлап, ақырындап», жайлы-жайында (Арал) «жайында», сасып-салбырап (Шел.) «асып-сасып, әбігерленіп», айып-қиып (Маңғ.) «кінә», шаншып-шаншып, (Түрікм.) «таңдап-талғап»; ә) бірінші сыңары қосымшалы әдеби сөзден, екінші сыңары қосымшасыз әдеби сөзден жасалған өнімсіз қос сөздер: сулы-суан (Сарағ.) «су-суан, тамақ», көзбе-көз қылу «көрсету, кездестіру», Мен баламды көрмегелі көп жыл өтті, соны көзбе-көз қылшы (Ұзын.), қоспа-қос (Қарақ.) «екі-екіден, қос-қостан», әлме-әл (Арал) «әлсін-әлі», азда-аз (Түрікм.) «аз-аздап», қабатпа-қабат (Қарат.) «қабат-қабат»; б) бірінші сыңары қосымшасыз әдеби сөзден, екінші сыңары қосымшалы әдеби сөзден жасалған өнімсіз қос сөздер: жал-жұғын (Қош.) «құйрық-жал (жылқының)», жырым-шетікке айналу (Қыт.) «азға алдану, болымсыз нәрсені дүние көру», жеке-жарым (Түрікм.) «бірлі-жарым».

3) Екі сыңары да диалектілік сөздерден жасалған қос сөздер:  Бұлар өз ішінен бірнеше топқа бөлінеді: а) екі сыңары да қосымшасыз диалектілік  түбір, негізден жасалған өнімді диалектілік қос сөздер: шақа-шақа (Жаңг.) «жүйе-жүйе, сала-сала», уақай-түкей (Жаңг.) «уақ-түйек», ынықы-мынықы (Арал) «анау-мынау», ұқы-тұқы (Маңғ.) «тегіс емес, ойлы-қырлы», ерсең-қарсаң (Арал) «ерсілі-қарсылы», азал-мазал (Шу) «аз-маз», әпі-тәпі шығу (Арал) «берекесі кету, есі шығу», андама-ділмала (Сыр.) «үй сылайтын қалақ», әш-пәш (Шу) «әне-міне», әсіреңкі-кәсіреңкі (Қарақ.) «жоғары-төмен»,  әрпіл-тәрпіл (Қарақ.) «алаңғасар», ерен-паран (Кег.) «елең-алаң», ыпырық-сыпырық (Қарақ.) «күбір-күбір сөз», сам-сам (Қарақ.) «есі ауысқан», кеп-кеп (Фед.) «баланың іш ауруын емдеу», пашақ-пашақ (Қарақ.) «тас-талқан», әлекей-күлекей (Сар.) «әлеміш, әшекей заттар», мелет-мелет (Мах.) «мезгіл-мезгіл»;

ә)  бірінші сыңары қосымшасыз диалектілік сөзден, екінші сыңары қосымшалы диалектілік сөзден жасалған өнімсіз қос сөздер:  қалжы-бұлжысыз (Көкп.) «өте  тыңғылықты, ұқыпты», чал-чабыр (Кег.) «шалдар», хот-хоттау (Орын.) «айдап салу (біреуді)», тақ-тағайлап сұрау (Қыт.) «егжей-тегжейлеп сұрау»;

б) екі сыңары да қосымшалы диалектілік сөздерден жасалған өнімсіз қос сөздер: ұтырды-тетірді / ұтырлы-тетірлі (Маңғ.) «кедір-бұдырлы (жер)», ығын-жығын (Қарақ.) «ығы-жығы», бұрқан-сарқан (Қорд.) «бұлқан-талқан», дақпа-дақтау (Өзб.) «нақтылап, жетіне жеткізіп айту», үпік-тапық (Маңғ.) «жетімсіз, болар-болмас», ыпырық-сыпырық (Қарақ.) «ыбыр-сыбыр», орғыл-орғыл (Торғ., Түрікм.) «өркеш-өркеш (құм туралы)»,  ортып-ортып (Арал) «орғып-орғып», қыртықы-сыртықы (Маңғ.) "жөнсіз сөйлейтін, бейпіл ауыз", некен-нұқан (Шалқ.) «некен-саяқ», мұның түбірі нек-нұқ (Маңғ.) «некен-саяқ» мәнінде, ағын-тегін (Қатон.) «ағыл-тегіл», олқылы-толқылы (Жез.) «аумалы-төкпелі (мінез туралы)».

4) Говорлардағы қос сөздердің құрылымына тән бір ерекшелік бірқатар қос сөздердің бір сыңары жеке қолданылмайтын қосалқы сыңар түрінде қолданылуына байланысты. Бұлар үш түрде кездеседі: а) әдеби тіл нормасы бойынша көптеген есім сөздерден (көбінесе зат есімдерден) тұратын қайталама қос сөздердің екінші сыңарлары бірінші сыңарларының ритмикалық жаңғырығы ретінде М дыбысынан басталады (кісі-місі, қағаз-мағаз, түйе-мүйе, ат-мат, аз-маз). Ал говорларда көп жағдайда м дыбысының орнына  п дыбысы айтылады. Мысалы: кісі-пісі, қағаз-пағаз, түйе-пүйе, ат-пат, аз-паз. Кейде бұған керісінше П орнына М айтылуы кездеседі, ср. шала-мұла (Қош.) «шала-пұла». Өзбекстандағы қазақ говорларында  кейбір сөздердің екінші сыңары С дыбысынан басталып айтылады (мал-сал) [1: 77]. Мұндағы қос сөздердің екінші сыңарын А.Ысқақов ритмикалық жаңғырық [2: 115] деп, Ф.А.Ганиев жаңғырық сөз (слово эхо) [3: 38] деп атайды; ә) бірқатар қайталама қос сөздердің бірінші сыңарлары екінші сыңарларының жаңғырығы ретінде қалыптасқан: әп-әнеугүні (Түрікм.) «әнеугүні ғана», топа-торыстан (Қарақ.) «күтпеген жерден», «тұтқиылдан», дап-дала «тілім-тілім»: Жеген таяқтан беті дап-дала (Лен.), дәп-дәңгілдей (Қарақ.) «үп-үлкен», дәп-дәстүр (Қарақ.) «әдет-ғұрып, дәстүр», жоп-жорта (Өзб.) «жорта, әшейін ғана», жөп-шөңгі (Абай, Шұб.) «тәуір, жөп-жөнді», көп-көрім (Аяг.,Маңғ.) «тәуір, жап-жақсы», сып-сипан қылу (Чап., Жаңг.) «тып-типыл ету, түк қалдырмау». А.Ысқақов  мұндай қос сөздерді күшейту я бәсеңдету мәніндегі үстеме буынды қос сөздер [2: 119] деп, Ә.Қайдаров – ықшамдалған қайталама қос сөздер [4: 70] деп атайды;  б) говорлардағы бірқатар қос сөздердің екінші сыңарлары қазір жеке қолданылмайтын, тұлғалары өзгеріске түскен сөздерден жасалған. Жоғарыдағы екі топтың жасалуында нақты заңдылық сақталып отырса, бұл үшінші топта ондай нақты заңдылықты анықтау қиын. Мысалы: сиыр-сыбыр (Чап., Жымп.) «сиыр-миыр», әуре-шәуре (Қарм.) «әуре-сарсаң», башыр-бұшыр (Торғ.) «қатыр-құтыр», далдың-дұлдың (Больш.) «қалай болса солай, арсы-гүрсі», обақ-шұбақ (Сарыағ.) «олай-бұлай», шай-шалаң (Қыт.) «шай-пай», шай-шабыт (Қош.), шай-шапқыт (Абай, Ақс.),  шәй-шамалақ (Нар.) «шай-пай», көрпе-көкір (Аяг.) «көрпе-жастық, төсек-орын», чара-пара (Шу) «анау-мынау», түйе-теге (Маңғ.) «түйе-мүйе».

5) Говорларда қос сөздердің  құрылымы жағынан ерекше тағы бір түрі кездеседі. І.Кеңесбаев әдеби тілдегі қайталама фразеологизмдердің құрылымдық ерекшелігін зерттей келе, оларды күрделі қос сөздер деп атап, морфологиялық жағынан қос сөздер екі сөзден де, одан көп сөзден де жасалатынын көрсетеді. Сөз тұлғасының бір түрі болып табылатын, күрделі атау ретінде танылатын қалыпты қос сөздер екі сөзден жасалса (бала-шаға, тау-тас), күрделі қос сөздер екі тіркестен (ұзын арқан, кең тұсау, алалы жылқы, ақтылы қой, ұзында өші, қысқада кегі), жай сөйлем типтес екі тізбектен (әй дер әже жоқ, қой дер қожа жоқ, қан жоқ, сөл жоқ) параллельденіп жасалуы мүмкін [5: 214-217].

Осыларға ұқсас күрделі қос сөздердің говорларда бірнеше түрі кездеседі. Бұлар құрылымы, мағынасы жағынан өзара үйлес параллель тізбектер мен сөйлемшелерден тұрады. Тұрақтылық, астарлы бейнелік мағынасы жағынан фразеологизмдерге жақын. Қолданылу аясы тар, белгілі бір аудандармен ғана шектеледі, морфологиялық құрылымы әртүрлі.

1) Зат есімдер мен әртүрлі тұлғадағы етістіктер тіркесінің қайталануынан жасалады. Мысалы: арқасына қағып, аузына жағып (Маңғ.), арқасына қағып, аузына үру (Қарақ.) «мәпелеу, әлпештеу». Арқасына қағып, аузына үріп отырған малымды алдырып алдым (Қарақ.); қыр қыдырып, сыр сыдырып (Абай) «көп аралап, көп жүріп», уәйім беріп, қайғы алу (Арал) «уайымдау, қайғылану». Біз босқа қысылып, уәйім беріп, қайғы алмайық (Арал); обыр көшіп, орда қону (Түрікм.) «аласапыран, қуғын-сүргін кез». Біздер бұл жаққа обыр көшіп, орда қонған уақытта келгенбіз (Красн.); нау құрымай, дау құрымайды (Қыт.) «даудың себебі құрымай, өзі құрымайды»; күлің шашылмасын, шалғының басылмасын (Қыт.) «берекең шайқалмасын» деген тілек мағынасында; барын киіп, бақанын таяну (Қыт.) «бар-жоғын үстіне ілу, толық әзірлену»; әрі барып, бері қайт «соятын малдың семізін әкелмей, арықтауын әкелу». Бұрын байлар үйіне сыйламайтын қонақ келгенде, қойшысына «әрі барып, бері қайт» дейді екен (Кег.); аттан түссе де, үзеңгіден түскісі келмеу «жеңілісті мойындамау». Мына көмейіне қарағанда аттан түссе де, үзеңгіден түскісі келмей тұрған секілді (Қыт.).

2) Еліктеуіш сөз бен –іп  қосымшалы күрделі етістік тіркесінің қайталануынан жасалады. Мысалы: қылпы көрініп кетіп, қылпы көрініп кетіп «анда-санда көрініп кету». Ағаш арасынан аттар  қылпы көрініп кетіп, қылпы көрініп кетіп жүр (Больш.).

3) Есім тіркестердің қайталануынан жасалады. Мысалы: әкем бой, шешем бой «30-40 м қашықтық». Адам  аулынан әкем бой, шешем бой шыққасын-ақ мүсәпір деген  ғой (Таш.); пәлегі ащы, түйнегі тұщы (Өзб.) «өзі жаман, баласы жақсы»; жуан дойыр, кең балақ «шынжыр балақ, шұбар төс «азулылар». Ол кезде атқа мінгендер ылғи жуан дойыр, кең балақтар  тұқымы (Таш.); малың базарлы, ұлың назарлы болсын (Қыт) алғыс мәнді бата; бір есік, бір тесік отыру (Шымк.) «ешкіммен араласпау»;  ақ мысық, қара мысық, тышқан алған нағыз мысық (Қыт.) «адамды істеген ісімен бағалау» мәнінде; балық үндес, бақа тілдес болу (Қыт.) «ымы-жымы бір болу»; бір сән, бір мән болу «көңілді, ақжарқын болу». Ол баласымен бір сән, бір мән болып отыр (Түркіс.); бір басқаны күкірт, бір басқаны тотияйын (Қыт.) «бәлеқор, жалақор (адам)»; тақыр тұлым, ақыр тақтай (Маңғ.) «түк жоқ, бос».

4) Қосымшалы есім сөздер мен «жоқ», «де» сөздері тіркестерінің қайталануынан жасалады. Мысалы: не атамда, не ботамда жоқ «жеті атамда жоқ». Не атамда, не ботамда жоқ еді, бұл бәле қайдан болды (Шет.); пышағын пыш демеу, тауығын кіш демеу (Өзб.) «тиіспеу».

Қорыта келгенде, талдаудан көрінгендей, диалектілік күрделі сөздердің құрылымы өте күрделі екені байқалады. Егер әдеби тілде  қос сөздердің құрылымы негізінен жалпыхалықтық сөздерден жасалса, говорлардағы қос сөздердің құрылымында жергілікті сөздермен бірге әдеби сөздер де  әртүрлі тұлғада қатысады. Олар қосымшасыз немесе қосымшалы бірыңғай әдеби сөздерден (ызың-шу, ішті-тысты) немесе бірыңғай диалектілік сөздерден (аспа-жалап, ынықы-мынықы) болмаса бір сыңары әдеби, екінші сыңары диалектілік сөздерден (ауан-ақыл, сәдірмек-сауық) жасалуы мүмкін. Солардың ішінде өнімдісі – қосымшасыз түбір я негіз сөздерден жасалған диалектілік қос сөздер.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1  Нұрмағамбетов Ә.  Қазақ говорларының грамматикасы. Алматы: Ғылым, 1986. -111 б.

2 Ысқақов А.  Қазіргі қазақ тілі. Морфология.  Алматы : Мектеп, 1974. -408 б.

3 Ганиев Ф.А.  Образование сложных слов в татарском языке. Москва: Наука , 1982, -150 с.

4 Қайдаров А.Т.  Структура односложных корней и основ в казахском языке.  Алматы:  Ғылым ,1986. -323 с.

5 Айдаров Т.  Лингвистическая география. Өзбекстан қазақ говорларының лексикасы. Алматы: Мектеп , 1977. -144 б.

6  ҚТДС - Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. Алматы: Ғылым, 1969. -426 б.; 1 кітап , Алматы: Ғылым, 1996. - 196 б.,  2 кітап , Алматы, Ғылым , 1999. -237 б.