Даутова Сауле Батталовна,

                                                                   филология ғылымдарының докторы

                                                           Абай атындағы ҚазҰПУ-дың

                                                         Әдебиеттану және тіл білімі

                                              ҒЗИ-дың директоры.

                                                                       Қазақстан Республикасы Алматы қ.

 

ЖАҢА ТЕХНОЛОГИЯЛАРДЫҢ ОТАНДЫҚ

 БІЛІМ БЕРУ ЖҮЙЕСІНДЕГІ РӨЛІ

 

Қазіргі заманның әлемдік құндылықтар жүйесінде білім мен ғылымның дамуы өте ықпалды әрі айқын ресурс ретінде алдыңғы позицияға шыға бастады. Басымдықтардың өзгермелі шкаласында ізгіліктің осы екі факторы әрбір онжылдық, әрбір жыл сайын мемлекет пен жеке тұлғаның ең қажетті мұқтажы ретінде айқындала түсуде. Себебі, білім беру жүйесі мен ғылымды дамыту – дүниежүзі елдерінің әрбірінің өз экономикасын өркендете отырып, интелектуалды дамуын айқындайтын, әлемдік өркениетке жетудегі негізгі бағыттарын көрсететін біртұтас құрылым болып табылады. Яғни ол – қоғамдық  дамудың өлшемі және сол қоғамның негізін құрайтын басты тетіктердің бірі.

Сондықтан да, жалпы еліміз бойынша қазіргі кезде әлемдік қауымдастықта айтарлықтай ықпалы артып келе жатқан еліміздің білім беру жүйесін заман талабына сай ұйымдастырып, әлемдік бәсекеге қабілетті маман даярлау мақсатында халықаралық дәрежеге көтеру үшін тың да нақты қадамдар жасалуда. Осы мақсатқа орай, Қазақстан Республикасы үкіметі Болонья декларациясына қол қойып, білім берудің үш деңгейлі (бакалвриат, магистратура, докторантура) жүйесінің біртұтас құрылым ретінде жоғары оқу орындарына ендірді, халықаралық даму жөніндегі АҚШ-тың USAID агенттігінің «Академиялық бағдарламалар мен дәрежелердің батыс  құрылымы және білім берудің кредиттік технологиясы» атты жобаның негізінде оқытудың кредиттік технологиясын жүзеге асыра бастады және тағы басқа да көптеген инновациялық жаңа технологиялардың біздің білім жүйеміз бен отандық ғалымда аркендеуін қолға ала бастады. Ал бұлар болса, қазақстандық білім жүйесі мен ғылым салаларының заманауи бағыт алып, дами бастауына кең жол ашатыны анық. Бұнымен қоса білім ошақтарының жаңа құрылыстарын салуға және оларды қазіргі заманның үздік технологияларымен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлініп келеді. Оған Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы дәстүрлі Жолдауларындағы білім беру мәселелеріне қатысты маңызды ой-толғаулары мен инновациялық ұсыныс-ұстанымдарының нәтижелі болып жүзеге асырылып  жатқаны дәлел.

Мәселен, биыл да Елбасы Қазақстан қоғамы назарын білім мәселелеріне аудартты. Ол үстіміздегі шілде айында Астана қаласында жаңа сатыдағы университет ашылатынын, оған Астана, Көкшетау, Семей қалаларында ашылған интеллектуалды  мектептер талапкерлер әзірлеуге кірісіп, өз жұмыстарын бастап та кеткендерін айта келе, ҚР Үкіметіне   мұндай оқу орындарының толыққанды жұмыс істеуі үшін заң жобасын дайындауды парламентке тапсыруды жүктеді [1]. Бұдан біз аталған оқу орнының келешекте ғылым мен білімнің  сапасын арттыратын отандық білім беру саласынының көшбасшысы, бүкіл республика бойынша енгізілетін заманауи оқу бағдарламаларын сынақтан өткізетін басты білім ордасы болатынын пайымдаймыз. 

Атап айта кетерлік маңызды бірі мәселе – еліміздің  әл-ауқатын арттыру  мемлекеттік саясаттың басты мақсаты болғандықтан, соған қол жеткізу үшін ғылым мен білімнің дамуына баса назар аудару негізгі фактордың бірі екеніне Қазақстан қоғамы назар аудара бастады. Білім саласын осы заманғы даму үрдісіне үйлестірудің жолдары анықталды. Өйткені, білім-ғылым саласына бағышталған инновациялық ұсыныс-ұстанымдар ел экономикасына жаңа серпіліс әкеліп, оған ендіріліп жатқан тың идеяларды жүзеге асыруды нақтылайды.

2015 жылы Ұлттық инновациялық жүйе жұмысының басталатынына Елбасы қазақстандықтардың назарын аудартты. Осы жүйе нәтижелерінің зерттемелері 2020 жылға дейін өндіріске дайын технологиялар мен патенттер түрінде енгізіліп, алғашқы нәтижелерін көрсетуі тиіс екені аталды.

Бұдан біз болашағымыздың өркендеуі ғылым мен білімде екенін анық көре аламыз. Білім беру саласына енгізілетін өзгерістер біздің заман көшінен қалып қоймауымыз үшін  қажет. Жаңа технологияларға негізделген заманауи даму үлгілерінен  Қазақстан жастары қалыс қалып қоймауы тиіс. Ол үшін білім беруді қазіргі заман талаптарына сәйкестендіріп құру қажет екені баршаға түсінікті.

Отандық оқу орындарындағы инновациялық білім беру үдерістерін басқаруды кәсіби қалыптастыру кезіңіндегі еліміздегі  қоғамдық өзгерістердің ауқымдылығы мен күрделілігі білім беру саласына, оның ішінде жоғары оқу орындарының білім беру стратегияларына өзгерістер енгізуді талап етеді. Осы бағыттағы болжамдардың сан алуандығына қарамастан, қазіргі білім беру жүйесін дамыту үдерісі оқытудың жаңа үлгілеріне, мазмұнына, технологияларына, түрлері мен әдістеріне қатысты шығармашылық ізденістердің қарқындылығымен әрі көп түрлігімен ерекшеленетінін ескеру қажет. Оны ойдағыдай іске асыру үшін қоғамды ақпараттандыру технологиясын қарқынды дамыту қолға алынып жатыр.

Қазақстандық жоғары оқу орнының басты мақсаты – жастарға сапалы білім бере отырып, олардың ой-өрісін арттырып, қазіргі заман талабына сай жоғары білімді маман етіп шығару екені анық. 

Жоғары білім беру ошағы – мамандық, іскерлік дағды ғана беріп қоймайды, ол жеке тұлғаны Отанға қызмет ететін маман, патриот ретінде тәрбиелейді, өзіне-өзі сенімді азамат етіп қалыптастырады. Бүгінгі күнгі білім саясатының көкейкесті мәселелері – әлемдік білім беру кеңістігіне сәйкес білім беру, кәсіби біліктіліктің сапасын жақсарту, біліммен қамтамасыз етудің ғылыми-әдістемелік жүйесін түбегейлі жаңарту, оқытудың әдістері мен ұйымдастыру түрлерін өзгерту, педагогикалық ұйымдастыруды қайта құру, ондағы алдыңғы қатарлы оқу-тәрбиелік тәжірибелер мен қазіргі қоғамның сұраныстары мен ұсыныстары арасындағы алшақтықтарды жою, біріздендіру, білімдегі жаңашылдықты саралау, бағалау, білімді жетілдіру үдерісіндегі үздіксіздікті қамтамасыз ете отырып, солардың барлығының қоғамдық қызметінің рөлін арттыру болып табылады.

         Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар ғылым мен практика жетістіктері негізінде жаңа заманға сай келетін бәсекеге қабілетті кадрлар дайындауға бағытталған білім беру және оны шығармашылық, рухани жақтан  жетілдіру мақсатында халыққа қалтқысыз қызмет етуі қажет делініп нақты көрсетілген.

          Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев өзінің 2007 жылы жарық көрген «Еркін елдің ертеңі – кемел білім мен кенен ғылымда» деген еңбегінде: «ХХІ ғасырда білім беру ісін дамыта білмеген мемлекет құрдымға кетері хақ. Сондықтан, біз болашақта жоғары технологиялық және білікті өнеркәсіп мамандарының шоғырын қалыптастыруымыз қажет. Бұл орайда, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының міндеті – әлемдік стандартқа сай білім беру, ал олардан алынған дипломдар дүние жүзі мойындайтындай болуы қажет. Біз әрбір Қазақстан азаматтарының дұрыс мүмкіндіктермен жоғары білім алуына кепілдік беруіміз қажет» [2;53], – деген болатын.

Қазіргі білім берудің барлық деңгейлерінде зерттеулік, компьютерлік, жобалық және көптеген өзге де инновациялардың кең ауқымы байқалады. Бұл инновациялардың басым көпшілігі еліміздің білім беру жүйесіне айтарлықтай өз ықпалын тигізе бастады. Соңғы жылдары еліміздің білім жүйесіне ендірілген жаңа үлгілер ескі білім беру парадигмасына шектеу қойып, оның орнына жаңасының құрылып жатқандығын растай түседі.

Жоғары оқу орындарындағы инновациялық білім беру үдерістерін басқаруды кәсіби қалыптастырудың  теориялық негіздерін анықтап, құрылымдық-мазмұндық үлгісін құру, оның педагогикалық әдістемесін жасау – бүгінгі күннің сұранысы.

Осы мақсатқа негізделген жаңа әдістемелік іс-әрекеттер мен құрылымдардың бірқатары тәжірибелік-эксперименттік зерттеу жұмыстарының нәтижелерінде дәлелденіп, кәсіби қалыптастырудың келешек даму жолдары ретінде айқындалды. Әлбетте, бұл – еліміздің  болашағы ұстаздың  білімі мен біліктілігіне, рухани әлеуетіне, құқықтық және саяси мәдениетіне байланысты. Білім беру жүйесін одан әрі жетілдіру, мемлекеттік білім беру стандартын жүзеге асыру, жаңа буын оқулықтарын оқыту үрдісіне енгізу, Қазақстанның білім саясатының ұлттық моделін қалыптастыру тәрізді келелі мәселелер ұстаздарға шеберлік пен іскерлікті, кәсіби дайындығының сапасын өсіру мен жетілдіру талаптарын қойып отыр.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында: «Білім беру жүйесінің басты міндеті – ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау. Жеке адамның шығармашылық, рухани және дене мүмкіндіктерін дамыту, адамгершілік пен салауатты өмір салтының берік негіздерін қалыптастыру, жеке басының дамуы үшін жағдай жасау арқылы интеллектін байыту. Еңбек рыногында бәсекелесуге қабілетті жұмысшылар мен мамандар даярлау, оларды қайта даярлау және біліктілігін арттыру» [3] делінген. Яғни инновациялық білім беру жүйесі арқылы интеллектуалдық ой өрісі дамыған жас ұрпақ тәрбиелеуді одан әрі жетілдіру заман талабынан туындап отырғандығы белгілі.

Ғылым мен технология әлеміндегі жаңалықтарға үңілу, оны зерделей, зерттей отырып, іс-тәжірибеге пайдалану, еліміздің төл технологиясын қалыптастыру заман талабы мен ағымына ілесу үшін қажет болып отырғанын  Елбасымыз үнемі назарда ұстап келеді. Ол Қазақстан Республикасы Білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде сөйлеген сөзінде білім беру жүйесі қызметкерлерінің кәсіби біліктілігін арттыру – бүгінгі өмір талабы екенін айта келе: «Жаңа формацияға жаңа педагог қажет» [4], – деп атап көрсеткен болатын. Жаңа формацияның «жаңа педагогын» қалыптастыру үшін, педагогикалық жаңа технологияларды біліктілікті арттыруда кеңінен пайдалана  отырып, білім беру жүйесі қызметкерлерінің ғылыми-әдістемелік бағыттағы жұмыстарын жетілдіру қажет.

Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасында: «... экономиканың барлық салалары үшін жоғары білікті және бәсекеге қабілетті кадрларды даярлаудың сапасын арттыру...» және «...кәсіби міндеттерін дербес,  әрі шығармашылық тұрғыдан шешуге, кәсіби қызметтің тұлғалық және қоғамдық маңызын түсінуге, оның нәтижелері үшін жауап беруге қабілетті әрі кәсіби құзыретті жеке тұлғаны, бәсекеге қабілетті маманды қалыптастыруды қамтамасыз ететін білім беруді басқарудың тиімді жүйесі құрылатын болады...» [5], – делініп көрсетілгендей, өскелең ұрпаққа  қазіргі қоғам талабына сай сапалы білім беру және оларды бәсекеге қабілетті етіп оқыту мен тәрбиелеу педагогика ғылымы саласында жаңа әдіснамалық негіздегі ғылыми зерттеулердің көп болуын талап етеді. Себебі, дәстүрлі оқыту мазмұны мен әдістері мұндай нәтижеге жетуге кепілдік бермейтінін күнделікті іс-тәжірибе көрсетіп отыр. Оның шешімі – оқу үрдісіне педагогикалық және ақпараттық-коммуникациялық жаңа технологияларды ендіру болып табылады. Жаңа технология білім беру жүйесі қызметкерлеріне оқу үрдісінің қойылған мақсатқа жетуіне кепілдік береді.

Оқыту технологиясы оқу үрдісіне педагогикалық-психологиялық іс-әрекеттердің жүйелі кешені ретінде пайдаланылады. Жаңа технологияны оқушыны дамытуға бағытталған оқу-тәрбие жұмысының бір-бірімен тығыз байланысқан әдістері мен түрлерінің жиынтық жүйесі деп қарайтын болсақ, онда ол білім мазмұнын жетілдіру ісінің басты бағыты, яғни оқыту мен тәрбиенің тиімділігін қамтамасыз ететін біртұтас үрдіс болып табылады. Сондықтан да, педагогикалық жаңа технологияға бетбұрыс әлемдік білім кеңістігіне талпынған қазақстандық ғылыми-әдіснамалық жүйені мазмұны жағынан ғана байытып қоймай, бағыты жағынан да жетілдіре түседі.

Білім саласындағы жаңа технология – бұл оқу процесін ұйымдастыру және өткізу барысында шәкірт пен ұстазға жайлы жағдай туғызудың біріктірілген педагогикалық қарым-қатынасы кезінде қолдануға болатын барлық жағдайларды ойластыра қарастырылған моделі. Оның негізгі ұстанымы  – оқытуды ізгілендіру, өзін-өзі дамытатын, дұрыс шешім қабылдай алатын, өзін-өзі жетілдіріп өсіруші, тәрбиелеуші тұлға қалыптастыру болып табылады. Себебі, қазақстандық әрбір жас ұрпақ сапалы білім алып, жоғары білімді маман болып, ертеңгі күні дүниенің төрт түкпірінде  өзінің қалаған, ұнатқан мамандығы бойынша өзіне және қоғамға пайдалы еңбек ете алатындай болуы қажет.

Өркениетке бет бұрған еліміздің жастары – ертеңгі мемлекет тірегі. Қоғамның да ең басты керегі – елдің ертеңіне деген сенім мен үміт. Сол тірек нық та берік, сенімді болуы үшін бәсекеге қабілетті мамандар дайындау үрдісі  бала бақшаларынан, арнаулы және орта мектептерден, жоғары оқу орындарынан бастау алмақ. Сондықтан да, бұл мәселелерді нәтижелі орындау – олардың  іргетасы болып саналатын педагог кадрларды дайындап, олардың білім деңгейінің жоғары болуын қадағалайтын және олардың білім-біліктілігін арттыратын, қайта даярлайтын  ЖОО-ның негізгі міндеттерінің бірі болып қала бермек.

          Қазақстан  Республикасы әлемдік  қауымдастық  қатарындағы  басқа  елдермен  терезесі  тең  дәрежеге қол жеткізуі  үшін, жас  ұрпақтың  нұрлы  болашағы үшін  осындай  батыл  қадамдарға  баруы қажет. Қоғам  игілігі, елдің  өркендеп дамуы  үшін  жасалып  жатқан  осы  маңызды  бастамаға  білім  беру  және  ғылым  саласы  қызметкерлерінің,  жалпы  барша  халықтың   қолдау  көрсетіп,  барынша  ат  салысатынына  сенімдіміз. Сол  сенім  бізді  алға  жетелейді. Қорыта айтқанда  еліміздің білім беру жүйесі мен ғылымын дамыту мәселелері экономикамен біте қайнасаса отырып шешілуі тиіс.

 

Пайдаланған әдебиеттер

 

1.  Назарбаев Н.Ә. Елбасының Қазақстан халқына арналған 2010 жылғы Жолдауы. «Жаңа он жылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері». Егемен Қазақстан, 30 қаңтар.

2.    Назарбаев Н.Ә. «Еркін елдің ертеңі – кемел білім мен кенен ғылымда», Астана, 2007 жыл.

3.   Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы, 8-бап.

4. Назарбаев Н.Ә. ҚР Білім және ғылым қызметкерлерінің ІІІ съезінде сөйлеген сөзі. http://kaz.gazeta.kz/

5.  Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2005-2010 жылдарға арналған Мемлекеттік бағдарламасы.

Түйін

Мақалада еліміздің экономикасын өркендете отырып, интеллектуалды дамуын айқындау мақсатында отандық білім беру жүйесінде жүріп жатқан өзгерістер мен оған ендірілген жаңа технологиялар, олардың түпкі нәтижелері туралы баяндалған.