Рахымберлина Сағила
Әбдіғалиқызы
ф.ғ.к., Қазақ тілінің практикалық курсы
кафедрасының доценті
Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік
университеті
Қазақстан Республикасы
ҚАЗАҚ
ТІЛІНДЕГІ КОННОТАТИВТІК ОНИМДЕРДІҢ ҚОЛДАНЫСЫ
Тіл
білімінде бұл тілдік құбылысқа «Коннотация – тілдік
бірліктердің мағынасына узуальды
немесе окказионалды түрде бекітілген, субъектінің
шындық өмірге эмотивті-бағалауыштық және стилистикалық
тұрғыда таңбаланған қатынасын көрсететін
және айтылған ақпараттың бойына экспрессивтілік
қасиет беретін семантикалық негіз» деген анықтама берілген.
Лингвистикалық дәстүрлі қолданыста коннотация термині
осындай прагматикалық бояумен байланысты. Ғылыми еңбектерде
аталмыш екі құбылыс – коннотация мен экспрессивтілік синоним
есебінде қарастырылып жүр. Дегенмен де, экспрессивтілік – ерекше
семантикалық компонент – коннотацияның туғызатын әсері
екені белгілі [1,13]. Яғни, коннотация мен экспрессивтілік – өзара
тығыз байланыстағы себеп пен салдар секілді ұғымдар.
Қазақ антропонимикасындағы мұндай
құбылыстар, яғни есімдердегі
экспрессивтілік А.Байтұрсыновтың,
Х.М.Нұрмұхановтың, О.А.Сұлтаняевтың
еңбектерінде сөз болды [2; 3].
Есімдердің пайда болуының ең басты
қайнар көзі – сол тілдің сөздік қорындағы
жалпы есімдер екені белгілі. Кісінің өз есімі ата-ананың
баласының болашағына деген арман-тілегіне байланысты
қойылатыны анық. Уақыттың өтуімен, барлық
есімдер сияқты, атауға негіз болған уәждер
ұмытылып, тек атауыштық қызмет атқарушы сыртқы
форма күйінде ғана қалып, демотивация құбылысына
ұшырайды. Мысалы, «өмірі ұзақ болсын» деген ниетпен
қойылған Өмірзақ, «ержүрек, батыр болсын» деген
тілектен қойылған Ербосын, отбасындағы кейбір
жағдайлардан кейін туған балаларға қойылған
Тұрсын, Амантұр, Тоқтар т.б есімдер алғашында сол
есімге негіз болып тұрған уәж адам санасында сәулеленіп
барып аталса, уақыт өте келе сол есім тек аталушы адамды ғана
еске түсіретін жағдайға жетеді. Яғни, толық
лексикалық мағынасы бар жалпы есімдер жалқы есім қатарына
өтісімен тілдің ішкі заңдылықтары мен әр алуан
экстралингвистикалық факторларға байланысты лексикалық
мағынасын жоғалтып, атауыштық қызмет атқарушы
бірлік есебінде жұмсала бастайды. Жалқы есімдердің жалпы
есімдерден басты айырмашылығының өзі осында екені белгілі.
Бірақ, бұл айтылған жәйт лақап есімдерге
қатысты емес. Лақап есімдерді жалпы есімдермен
жақындастыратын да олардың мағынасының (ішкі
формасының) айқындығы. «Прозвище по своей природе избегает
произвольности языкого знака. А так как прозвище, рожденные и бытующие в узкой
среде, не имеют исторической преемственности, то они и не могут стать
прозвольными, не могут утратить свою внутренную форму» [3,166].
Экспрессивтік немесе коннотативтік
мағына туғызатын негізгі тәсілдің бірі –
семантикалық тәсіл, яғни ішкі форма екені белгілі.
Аталған есімдер тобына талдау жасау барысында ішкі форма туралы әр
текті пікірлердің ішінен В.Гумбольдтың ой-пікірін
жалғастырушы А.А.Потебняның бірінші орынға
мәселенің психологиялық жағын шығара отырып, ішкі
форма - ассоциация арқылы жаңа мен ескінінің арасын
байланыстырушы уәждеуші
құбылыс екендігі туралы көзқарасын
басшылыққа алдық. Атаушы субъект жаңа атау жасауда
тілде бұрыннан бар атауыштық бірліктің мағыналық
уәжділігін негізге алатыны мәлім. Сөйтіп, бұрынғы
аталымның көзге бірінші ілінетін ең басты белгісі жаңа
атауға нұсқа болады.
Лақап, яғни түрлі
ерекшелік-кемшіліктерге байланысты сырт адамның қойған
есімдеріндегі психологиялық көріністер жоғарыдағыдай
болса, автордың өзі таңдап алған бүркеншік
есімдерінде де көңіл-күй, эмоция сырт қалмайды. Адам
мен оның есімінің арасындағы, сөйлеуші мен
тыңдаушы арасындағы күрделі психологиялық қарым-қатынастар
басқа қырынан
көрінеді. Есімнің аталушының бойындағы ерекшелікті тап
басып, ұнамды-ұнамсыз мінез қырларын көрсете алуын
төмендегі мысалдардан көруге болады. Д. Исабековтің
«Қарғын» романындағы бас кейіпкердің есімі туралы:
« -
Жасын! – Бір топ қыздар мен жігіттер шу ете қалды. – Қап! Бағана неге айтпадың,
автограф алатын едік. Ол әлі осындай жас па еді?! Қыран көз,
Жасын десе жасындай келісті екен! ... Әлгі жігіт тағы сөзге араласты:
- Жасын – оның әдеби
бүркеншік аты – псевдонимі. Шын аты кім екенін Бағила айтсын, туысы
ғой.
- Шын аты кім, ә? –
Қыздар оны қоршап алды.
- Жылқыайдар. – Шегінуге жер
жоқ, кенет оның туысы боп шыққан соң, шын атын
білмеуге болмайтын еді. Ол аузына түскен бірінші есімді айта салды.
- Жылқыайдар! –У-у! –
Қандай олақ ат. Жылқыайдар Мәдиев. Мынандай атпен
жазушы емес, колхозда зоотехник болу керек. Жасын! Бұл басқа-а!
Бұл – найзағайдай тіліп түсетін өткір ойлы жазушыға
ғана тән!».
Кейіпкердің
жан-дүниесі, қабілет-қарымы, сезім дүниесі мен бар
болмысының есіммен сәйкес келуі, есімде көрініс табуы,
жер-дүниені жарқ еткізіп, қас-қағымда жоқ
болар жасынның бар құдыретін қаһарманның
бойынан көруге деген ұмтылыстан көрініс табады. Яғни,
табиғат құбылысының белгілі бір дифференциалдық
белгілері вербалданады, адам ойында сәулеленіп, ассоциация
туғызады. Ішкі мазмұн мен сыртқы тұлғаның
өзара байланысы, бір-біріне сай келуі уәждік қатынастың
пайда болуына жағдай жасайды.
Автордың есімді таңдап алуы түрлі
объективті және субъективті жағдайлардан туатыны анық.
Өз атын жасырғанымен, авторлар өз мақсат-міндеті мен
талап-талғамын, туған жері мен туыс-туғанын, өз
өмірінің кей кезеңдері мен
арман-үмітін жасыра алмайды. Қайта, солар арқылы
өзін танытқандай болады. Күрделі ассоциациялардан туған
есімдер қатарында «Азамат Қорықбасов»
/Мұстақым Малдыбаев/, «Ұмытылған»,
«Мұтылған» /Ш.Құдайбердиев/, «Жасқаншақ» /Б.Майлин/, «Алашұғлы Азамат», «Азамат» /Міржақып Дулатов/, «Қызылбас», «Қып-қызыл»
/Жүсіпбек Аймауытов/, «Айғақ»
/Мұхтар Әуезов/, «Тікен»
/Ғабит Мүсірепов/, «Тарпаң»,
«Тоқпақ» /С.Қожанов/
т.б. есімдерді атауға болады.
Қазіргі баспасөз беттерінде кездесетін
бүркеншік есімдерде де психологиялық жай-күй, ұлт
атынан, халық атынан сөз сөйлер азаматтардың
жанайқайы сезіліп-ақ тұрады. Мәселен, «Алтын Орда» газетінде (№49 (254) 10-16
желтоқсан, 2004 ж.) «Ашынған көкіректің ащы зары»
мақаласы «Студент»
бүркеншік есімімен берсе, халықты имандылыққа
шақыру, жастарды дұрыс жолмен тәрбиелеу мәселелеріне
арналған мақалалар «Иман
Қазақ», «Әділ Алаш», «Шаттық Думан» («Жастар
әлемі» газ.) сияқты есімдермен жарияланған [4,3].
Авторлардың
инициалдарының арасына не алдына дауысты дыбыс қою
арқылы жасаған «Быж»
/Б.Ж.Майлин/, «Іс.»
/С.Дөнентаев/, «Мыж-Мыж»
/М.Жұмабаев/, «Мыс.» /М.Сералин/;
«Нан» /Н.Ноғайбаев/; «Ром» /Р.Мәрсеков/, «Сот»
/С.Талжанов/, «Сым»
/С.Мұқанов/, «Жуа» /Ж.Уалитов/, есімін қысқарту
арқылы жасалған «Жік»
/Жүсіпбек Аймауытов/ бүркеншік есімдерінде ХХ ғасырдың
бас кезіндегі қоғамдық-әлеуметтік
қатынастарға, орын салған саяси жағдайларға,
жалпы, қалыптасқан жүйеге деген наразылық, оны
кінәлау мағынасындағы жағымсыз коннотация бар. Дәнекер дауысты дыбысты қосу
арқылы бір жағынан, есімнің бүркеншік формасы жасалса,
екінші жағынан, жалпы есім жасалған. Аталған есімдерде лексикалық
мағынадан гөрі лексикалық аялық білім кеңірек: «Быж», «Мыж-мыж» /заманның
қор қылғаны/, «Ром»
/алкогольді күшті ішімдіктің бір түрі/ [5,74], «Жуа» /ащы шындықты айтушы/, «Сот» /әділетсіз заманның
әділқазысы/, «Іс.» /халық игілігіне қызмет етуші/, «Нан»
/өмірге нәр беруші/ т.б. ассоциациялардан туғанын
көреміз.
Сөзді
ойнату арқылы жасалған Қадыр Мырза Әлидің
есімінің тарихы туралы ақынның өзі «Иірім» кітабында:
«- Қ.Мырза! –деді ол (Жұмекен Нәжмиденов) бір кезде. Ол мені,
әдетте, осылай атайтын. «Жұлдыз» журналында жауапты хатшы болып
жүрген кезімде авторларға қаламақы қоямын.
Журналдың бір саны ақшаға көшіргенде 30000 сом
қаламақы. Ол кезде ол өте көп ақша. Сол мол
ақшаны пышақ үстінен бөліп, ведомостының астына «Қ.Мырза» деп қол
қоям. Содан соң сол тұстағы қаламақысы
өте аз «Лениншіл Жас» газетіне барып, бес-он сом ғана
қаламақы аламын. Алған бойда құжатқа «Қ.Ырза» деп қол
қоямын. Соларды өз көзімен көріп жүрген
Жұмекен мені көбіне-көп «Қ.Мырза» деп атайды» деп
түсінік береді. «Бергенге бесеу көп, алғанға алтау аз»
деген қалыптасқан ұғымнан жоғары
тұрған ақын ағамыздың көп бергенге мырза,
аз алуға ырза ниетінің бейресми есімінен дәл көрініс
тапқанын айтуға болады.
Жоғарыдағы
мысалдардан бүркеншік есімдердің өз бойына сан-салалы
қасиеттердің басын қосқан көпфункциялы оним
екенін көреміз. Авторын жасыра отырып, әрі атайды, әрі
сипаттама береді, әрі идея-мақсатын көрсетеді, әрі
әлеуметтік-қоғамдық күй-жайынан хабар береді.
Ең бастысы, есім бойындағы қосымша мағынаның
арқасында автордың көңіл-күй, көзқарасын
анық байқауға болады. Бейтарап лексикаға, оның
ішінде кісінің төл есімдеріне
қарағанда, экспрессивті реңктегі бейресми
есімдердің құрылымы әлдеқайда күрделілігімен
және семантикалық құрылымның «қосымша»
макрокомпоненті туғызатын коннотативтік мағынасымен ерекшеленетінін
көруге болады.
Қорыта
келгенде, кез келген екінші аталымның коннотация
тұрғысынан бай, эмоционалды-экспрессивтік бояуыының
қанық болып келетінін көруге болады. Коннотация – әлі
де болса шекарасы анық белгіленбеген ұғым. Ұзақ
уақыт бойына коннотация ұғымы ғылымның әр
саласында түрліше аталып, түрліше түсініліп келді.
Стилистикада оны эмоционалдық
бояуына байланысты «стилистикалық мағына», «стилистикалық
қосымша мағына» десе, аударма саласында «прагматикалық
мағына», елтану мамандары мағынаның «лексикалық фоны»
семасиолог ғалымдар «экспрессивтік бояу», «эмотивтік мағына»,
«эмотив» деп түрліше атаса, кей ғалымдар «потенциалды белгілер»,
«жасырын сема», «семантикалық ассоциация», «ұғым-түсінік»
деп атайды. Атау, аталым мәселесімен шұғылданатын
ғалымдар үшін коннотация - атауыштық бірліктер
мағынасының құрамдас бөлігі.
Сөзге экспрессивті реңк беретін
мағынаның ерекше компоненті болып табылатын
коннотацияның толық
дәрежеде зерттелмеуінің объективті негізделген себептері бар.
Ең бастысы, тіл бірліктерінің мағынасына бұл
компоненттің қажеттілігінің міндетті болмауы. Өйткені,
барлық тілдік бірліктерде
коннотация бола бермейді. Екіншіден, оның семантикадан гөрі,
коммуникативтік қызмет барысында сөйлеушінің
көзқарасын танытатын прагматикаға жақындығы.
Тағы бір себебі – экспрессивтілік ұғымының толық
қалыптаспауы деп айтуға болады.
Әдебиеттер
1.Телия В.Н. Коннотативный аспект семантики номинативных
единиц. – М.: Наука, 1986. – 141 с.
2. Нұрмұханов Х.М. Кісі аттарының
эмоционалды және экспрессивті ыңғайда жұмсалуы //
Қазақ тілі мен әдебиеті мәселелері. 1968, 5шығ. – Б.127-147;
3. Султаньяев О.А. Об основах положительной экспрессии в казахских именах // Антропонимика. – М.: Наука, 1970. – 359 с.
4. «Алтын Орда»
газеті. – № 49 (254). 10-16 желтоқсан, 2004 ж.
6. ҚТТС. – Т.8. – Алматы:
Ғылым, 1985. – 591 б.