М.Әуезов «Бекет» пьесасының көркемдік ерекшелігі

                                                         Даутова Сауле Батталовна,

                                                                                филология ғылымдарының докторы

                                                           Абай атындағы ҚазҰПУ-дың

                                                         Әдебиеттану және тіл білімі

                                              ҒЗИ-дың директоры.

                                                                       Қазақстан Республикасы Алматы қ.

 

 

 Қазақ тарихы мен әдебиетінде көптеген тақырыптар мен оқиғалар орыстың рухани өміріне де өз ықпалын тигізген. Е.Көтібаров пен Б.Серке-баев бастаған азаттық көтеріліс тақырыбын өз кезінде Лондонда шығатын   А.Герценнің «Колоколы» жандандырды. Әдебиетте  «Бекет»  аттас екі драма бар, біреуін М.Әуезов [1], біреуін орыс жазушысы И.Анненкова-Бернард жазған [2].

Сюжет жағынан аталған драмаларда ұқсастықтар байқалады.  Авторлар тарихи оқиғаның өзіндік тұжырымдамаларына сай тарихи фольклордағы тірек желілерін былай құрған: қазақ қоғамындағы таптық қарама-қайшылықтың көрінісі ретіндегі Бекет пен сұлтан Арыстанның қарсы тұруы, халық мүддесін аяғына басқан Арыстанның жазалануы, батырдың анасы мен жарының адалдығы, Сібір каторгасының сахнасы. Екі драматург те сатқын Шернияздың бейнесіне аса көңіл бөлген.

Алайда тарихи оқиғалардың әрекет түрткілері әртүрлі түсіндіріледі. ХІХ ғасырдың ортасындағы халық қозғалысы бағалау ерекше: Әуезов драмасында көтеріліс Қазақстанды отарлауға заңды жауап ретінде бағаланса, Анненкова-Бернард қозғалыстың пайда болуын «қырғыз» халқының еркіндік сүйгіш рухымен түсіндіреді.  Орыс жазушысы үшін сыртқы себеп – батыр Бекеттің жеке еркі.

Анненкова-Бернард үшін бастысы еркіндікке талпынған  «қайыспас рух» пен қысым көрсетуші үкімет чиновниктері мен әскерилерінің қақтығысы. Сол себепті сюжеттік желілер, бейнелер жүйесі өзгертілген.  Драманың жалпы ойына сай Бекет романтикалық реңдегі қайратты күрескер, ол үшін «еркіндік» пен «өмір» теңдес ұғымдар.

Тақырыптық және сюжеттік ұқсастықтарына қарамастан драмаларда түбегейлі ерекшеліктер бар. Орыс жазушысы өз отандастарын өзге ұлт тарихымен таныстыра отырып, өр мінезді дала перзентінің психологиялық портретін салады.  Мемлекеттік биліктің орасан зор басу күшіне қарсыласқан тұлғаны бейнелеу арқылы оны рухтандыратын жігер көзін іздейді. Міне, осылай Бекет пен патша өкілдерінің  арақатынасын, қазақ батырының тұтқындағы жайын суреттей келе, автор  нақты тарихи тұлғаның мінез күшін танып-білуге аса көңіл бөледі. 

Анненкова-Бернардтан айырмашылығы М.Әуезов кейіпкердің динамикалық портретін жасайды, бірқ бейненің психологиялық негіздемесіне ерекше көңіл бөлінбеген. Адам және халық, тарихи тұлға – М.Әуезов тұжырымдамасында орталық орын алатын басты мәселелер. Қазақ дра-матургының түсінігінде  тарихи тұлғаның іс-әрекетінің маңыздылығы тек оның жарқын жеке қасиеттерімен ғана емес, халық мүддесін абыроймен қорғай білу қабілетімен де анықталады. Сөзсіз, тарихи материалдан өткен шақтың шынайы мәнісін іздеу қажеттілігін негіздеген драматург тарихилығы, міне  осында.

Формаға қатысты талабы неғұрлым қатал жанр – драматургия. Алдымен бірінші және соңғы трет 70-80 б. б. көлемінде пьеса ауқымы анықталып тұрады.  Ал өлшем қатаңдығы форманы қатаң сақтауды талап етеді. Пьесада міндетті түрде негізгі компоненттер – экспозиция, завязка, бір тұтас не өтпелі іс-қимыл және т. б. болуы тиіс.  Бірақ драмалық шығарма құрылымы заңдарының каталдығына қарамастан, идеялар көркем көрініс табатын формалар  жеке стильдің, авторлық мәнерлеудің алуан түрлілігімен ерекшеленеді [3]. Бұл логикалық сілтемелер байланысында М.Әуезов  драматургтың көркем-эстетикалық жүйесінің маңызды белгілері анықталды.

Драма көлемі шектелуі мен әрекет драматизмінің міндеттілігі «Бекет» пьесасындағы әрекет пен оқиға дамуының ықшамдылығы мен қарқынын айқындайды [1]. Бірінші актінің бірінші көрінісінің сахналары қуанышты үйлену тойының райын бұзып, кейіпкерлер бейнесін екі жаулас топқа бөледі.  Идеялар қарсыластығына жетелейтін мұндай бөлінудің себебі мінездер қақтығысы, оның өзі тартысқа әкеледі. Міне, осылай пролог пен бір көріністі қамтитын бірінші акті драма завязкасын (түйінін) құрайды.  Неғұрлым қызу сәт сахнада сұлтан адамдары қуғынға түсіргендердің келбеті. Зорлық- зомбылыққа шыдамаған  халық үшін кектенген Бекет кек тұтуға уәде беруі пьеса түйінін нақты белгілейді.

Іс-қимылдың әрі қарай дамуы осы қалыптасқан завязкадан үйлесімді жалғасын табады: ақ патшаның бұйрығымен Арыстан сұлтанның жерді тартып алуы жалғасады, сатқын төреге сөзі тиген батырдың жақын адамдары сұлтан қолына түседі, сұлтан оларды Бекеттен бас тартуға итермелейді. Ұлтанға көмекке орыс жазалау отряды келеді. Бекеттен бас тартпаған Самалдық дарға асылады.  Осылай үдей түсе оқиғалар драматизимі ушығады. Таптық қоғамға тән халық пен қанаушы топ арасындағы қарама-қарсыластық қазақ қоғамында ру-тайпа қатынастарын жамылып,  шегіне жетіп, драмалық тартыс артуын анықтайды.

Екінші акт іс-қимылы бір топ жігітпен Бекеттің кенет ең сыни кезеңде – ашуға мінген Арыстанның бұйрығымен батырдың адал құрбысын қалаға, түрмеге жөнелтер кезде келіп қалуымен  ашылады (екінші акт, үшінші көрініс).

Сұлтан правительдің  қазасының  сахнасы драмалық іс-қимылды тұйықтамайды. Бұл сәттің шарықтау шегін – кульминация деп санау қателік. Іс-қимылдың әрі қарай дамуында түйіннің шешілуіне беталыс байқалмайды, оны түсім (спад) деп те сипаттауға болмайды. Керісінше, жаңа, неғұрлым қызба оқиғалар шығарма драматизмін күшейте түседі. Бекеттің өзі Арыстанның жазасын мақсатқа жету емес,  күрес бастамасы деп бағалайды. Патшаға қызмет ететін ақсүйектер де қаруын қолдан шығармайды, олардың артында үлкен күш, әскер, ресми саясат тұр. Олар сатқын Шернияздың көмегімен Бектті алдап тұтқынға түсіргісі келген  арам ойларынан бас тартпайды.

Пьесаның шарықтау шегінде драмтизмі қанық мынадай маңызды оқиғалар орын алды: Шерниязға сеніп, батыр қолға түседі, Зере қолынан күйеуінің опасыздығына күйінген Шынасыл өледі, осы қайғылы хабардан Бекеттің жақын досы Сержанның  есі ауысады.

Трагедиялық оқиғаларға толымды сахналар пьесаның соңғы бөлімінде түйіннің шешілуіне әкеледі. Төртінші актіде бірінші жоспарға батырдың жары шығады.  Сүйгеніне адал болуға уәде беріп, Зере өз антын орындауға тырысады. Бұл сюжеттік эпизод іс-қимыл шешілуінің өзіндік бір сыртқы көрінісі.

Егер драманың алғашқы үш акті оқиғалар арқылы байланысса, бір эпизод бірізділікпен алғашқы  сахнаны жалғастырса,  алғашқы үш акті мен соңғы, төртінші актінің өзара байланысы мүлдем басқаша. Байланыс оқиғалық емес, ішкі. Түйіннің шешілу сәті негізгі сюжеттен айырықша сюжетпен, өзіндік уақыт өлшемдерімен сипатталады.

Драманың композициялық құрылымының осы бір ерекшелігі іс-қимылдың  реттелген бірлігін бұзбайды. Дарамлық саханлар бір жағдайда оқиғалар бірізділігінмен, бір жағдайда – іс-қимыл барысында ішкі өзара байланысын анықтап, бір-біріне ұласып тұрады.  Пьеса каторгаға айдалғандардың бүркелеуімен Бекет пен Зеренің көзден ғайып болуымен аяқталады. Ал алғы сахнада кісендері салдырлап, зарлы ән салған, аяқтарын санап басқан адамдар қалады.

Соңғы акті іс-қимылы ұқсас көрініспен басталған еді. Бұл бір өзіндік сақина, тірек сахналардың үндесуі пьесаны аяқтауға көмектеседі. Басты кейіпкердің   тағдыры толық айтылмағанмен, композиция құрылымының тұтастығы драматург ойын іске асыруға негізделген. Пьеса композициясы Бекетті түрлі өзгермелі жағдаяттарға қойып, оның мінезінің мәнісін, бейне идеясын айқындады.

«Бекет» пьесасы халық батырының бейнесін сомдау М.Әуезовтің шығармашылығының басты міндеті болды. Ол осы мақсатына толықтай жетті.

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі

1          Әуезов М.  Бекет. 20 том. – Алматы: Жазушы, 1982. – 10 т. – Б. 213-254.

2           Анненкова – Бернард И.П. Бекет. Драма в 3-х действиях, 5 картинах из жизни киргизского народа. – Оренбург: Киргизское Государственное издание, 1923.

3          Ауэзов М. Заметки о теории советской драмы. 5 том. – Москва, 1975. – 5 т. – С. 277-281.