Байгалиева А.О., Ирдыкасенова К.Ж.

Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті, Қазақстан Республикасы

Аймақтық еңбек нарығына шағын кәсіпкерліктің әсері

 

Еңбек нарығы нарықтық қатынастар жүйесінде маңызды орынды иеленеді. Еңбек нарығының даму тенденциялары мен жағдайы республика бойынша, оның ішінде аймақтарда әлеуметтік-экономикалық даму қарқынымен анықталады. Жұмыссыздық және халықтың жұмысбастылығы факторлары елдегі экономикалық және әлеуметтік жағдайға ықпал етеді. 

Шағын кәсіпкерлік халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту мәселесін шешу шеңберiнде халықтың әртүрлi санаттарына, соның iшiнде оның әлеуметтiк осал топтары - жұмыссыздарға, жалғызілікті аналарға, оралмандарға көмек көрсетуге және жұмыс орындарын ұсынуға қабiлеттi [1].

Елімізде әлеуметтік бағытталған нарықтық экономиканың қалыптасуымен бірге қажетті мөлшерде кәсіпкерлік қызмет еркіндігін және оның пайда болуы мен сәтті дамуын қамтамасыз ететін, шағын бизнестің берік құқықтық негізі құрылды. Осыған байланысты соңғы жылдары елімізде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын субъектілер саны тұрақты өсіп келеді. Республикадағы шағын кәсіпкерлікті дамыту мен қолдау жөніндегі заңды құжаттардың бар болуы шағын кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне жағымды әсерін тигізді. Оларға өндірістік-техникалық, қаржылық және инвестициялық тұрғыдан қолдау көрсету мақсатында шағын кәсіпкерлік субъектілерін банктік несиелермен қамтамасыз ету кезінде кепіл ретінде қызмет атқаратын мемлекеттік кепіл қорлары және кәсіпкерлік құрылымдар мен өзін-өзі қаржыландыру мақсатында несие серіктестіктері құрылды. Сондай-ақ, шағын кәсіпкерлік субъектілерін білікті мамандармен және ғылыми-техникалық жетістіктермен қамтамасыз ету және күштеп қаржы жинаушылықтан қорғау мақсатында бірқатар іс-шаралар жүйесі қабылданды.

Шағын және орта кәсіпкерлік халық шаруашылығын дамытуға, әлеуметтік проблемаларды шешуге, жұмыспен қамтылған қызметкерлер санын ұлғайтуға айтарлықтай әсер етеді. Жұмыс істейтіндердің саны бойынша, өндірілетін және сатылатын тауарлардың, орындалатын жұмыстар мен қызметтердің көлемі бойынша шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері жетекші рөл атқарады. Сондықтан кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау мәселесі қазіргі уақытта өте өзекті болып табылады.

Шағын кәсіпкерлікті дамыту мына мәселелерді шешуге мүмкіндік береді:

- жергiлiктi атқарушы органдар тарапынан қолдау көрсету арқылы халықтың кедей жiктерiнiң шағын бизнеске қатысуға қол жетiмдiлiгiн қамтамасыз ету;

- бизнес жүргiзу және кәсiпкерлiк қызметпен айналысу негiздерiне оқыту орталықтарын құру жөнiндегi жұмысты күшейту;

- тоқтап тұрған кәсiпорындарды және тиiмдiлiгi аз өндiрiстердi белгiленген тәртiппен кейiннен шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне бере отырып, оларды сегменттеудi одан әрi жалғастыру;

- бизнес-инкубаторлар құру жөнiндегi жұмысты жалғастыру, сондай-ақ бұл үрдіске үкіметтік емес ұйымдарды тартуды жандандыру;

- шағын кәсiпкерлiк саласына кредиттiк ресурстар тартуға ықпал ету;

- өзiн-өзi қамтушыларға өз iсiн ұйымдастыруда арнайы көмек шараларын әзiрлеу қажет [2].

Шағын кәсіпкерлік секторы бірнеше маңызды әлеуметтік функцияларды орындайды. Тұрмыс деңгейін арттыру тұрғысынан алатын болсақ, шағын бизнес экономикалық белсенді тұрғындарға өзін және өз отбасын қамтамасыз етуге жеткілікті табыс табуға мүмкіндік береді. Шағын бизнестің дамуына қолайлы жағдайлар жасай отырып жұмысбастылық мәселесін шешуге болады.

Олай болса, елімізде тиімді нарықтық экономиканың дамуында шағын кәсіпкерліктің мәні зор. Өйткені шағын кәсіпкерліктің дамуы мыналарды қамтамасыз етеді [3]:

- бәсекелестік ортаның дамуын;

- рыноктың тауарлармен және қызметтермен толтырылуын;

- жергілікті билік органдарының экономикалық базасының нығаюын;

- ауылдар мен қалалардың дамуын.

Шағын кәсіпкерліктің артықшылықтарына капитал салымдары қайтарымының жылдамдығы, өндірушілердің өңірлік рынокқа ориентациясы, сұраныстың өзгеруіне жылдам бейімделуі, жұмысбастылықтың өсуі жатады. Осыған байланысты Қазақстан Республикасында жүргізіліп жатқан әлеуметтік-экономикалық саясаттың негізгі бағыттарының бірі шағын бизнесті дамыту болып табылады.

Мемлекет өзінің экономикалық, құқықтық, әлеуметтік, ұйымдастырушылық, тактикалық және стратегиялық шараларын қолдану арқылы өнім өндіретін шағын кәсіпкерлікті дамыта алады. Қазақстанда шағын кәсіпкерлікпен айналысатын тұлғалардың саны миллиондармен есептелуі керек. Тек сонда ғана нарықтық экономикасы дамыған елдердегідей шағын бизнестің ел экономикасындағы рөлі мен мәнін жоғарылатуға мүмкіндік болады.

Мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде кадрлық және ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету мәселесі шағын кәсіпкерлікке қолдау көрсетудің Республикалық бағдарламасына енгізілген. Аталған бағдарлама мыналарды қамтиды:

- кадрларға деген қажеттілікті зерттеу және кәсіпкерлікті қорғауға бағытталған оқу бағдарламаларын құру, сол базада кәсіпкерлікті қорғау мәселелері бойынша кеңестік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру;

- кәсіпкерлікті қолдау инфрақұрылымының оқу-ағарту органдарына жан-жақты қолдау көрсетуді қамтамасыз ету;

- бұқаралық ақпарат құралдарын тарта отырып, кәсіпкерлікке оқытуды іске асыру;

- заң және нормативтік-құқықтық актілердегі шағын кәсіпкерлік және ондағы өзгерістер туралы кәсіпкерлер арасында түсіндіру жұмыстарын өткізу;

- кәсіпкерлік қызметтегі этика мен өнеге негіздері жөніндегі оқу бағдарламасын жасау;

- республикалық және аймақтық құрылымдарда басшыларды және мамандарды дайындауды және қайта дайындауды ұйымдастыру;

- оқыту орталықтарының арасында шағын кәсіпкерліктің даму мәселелері жөніндегі ең үздік авторлық бағдарлама атағына жарыс өткізу;

- кәсіпкерліктің кіші кітапханасын және  кәсіпкелікке қолдау көрсету мен дамыту жөніндегі жинақтарды және басқа да материалдарды дайындау және шығару;

- жұмыссыз азаматтарға, әйелдерге және жастарға кәсіпкерлік қызмет негізін оқытуды ұйымдастыру;

- франчайзингтік оқыту – кеңес беру орталықтарын құру.

Мемлекет бағдарламаларын еңбек сыйымдылығы жоғары, ұтқыр шағын және орта бизнеске кеңінен тарта отырып жүзеге асыру құба-құп. Инновациялық технологияларды енгізу, өнім сапасын арттыру, халықаралық стандарттарға көшу, отандық шағын және орта бизнесті тиімді қолдау, жаңа өндіріс орындарын құру облысымыздың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жол ашады. Біздің ойымызша, білімді, ғылымды және өндірісті ұштастыра отырып, инновацияны дамытуға, осы бағыттағы кәсіпорындарды көптеп ашуға баса назар аудару керек.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.   Cыдықбaевa Г. Бәcекеге қaбілетті экoнoмикa – хaлықтың өмір cүру дәрежеcін aрттырудың қaйнaр көзі/Г. Cыдықбaевa // Caяcaт-Пoлитикa. -2004.-№ 12.-Б. 59-61.

2.   Aвдұғaлиев Р.A. Шaғын бизнеcті дaмыту – aуыл хaлқының тұрмыc деңгейін aрттыру негізі // Aгрaрлық нaрық прoблемaлaры – 2009. - №1. – 115-118 б.

3.   Әбдіғапар С.А. Мемлекеттік әлеуметтік саясаттың басым бағыттары // «Қазақстандағы қайырымдылық» Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдары. – Алматы: Қазақ Университеті, 2010. - Б. 235-241.*