История/2. Общая история

Утепбергенова Г.С.

М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан

Патша үкіметінің ХХ ғасыр басында  Оңтүстік Қазақстанды отарлауының күшеюі және ұлт-азаттық қозғалыстың өрістеуі

 

Еуразия материгінің батыс және орталық бөліктерін ежелден ХХ ғасырдың 20 жылдарына дейін Тұран немесе Түркістан өлкесі, яғни түркі халықтарының елі деп аталатын тарихи-географиялық аймақ алып жатты. Бұл өлкенің аумағы батысында Орал өзені мен Каспий теңізінен шығысында Алтай таулары мен Қытай шекараларына дейінгі, оңтүстігінде Парсы елі мен Ауғанстаннан солтүстігінде Тобыл мен Томск губернияларына дейінгі ұлан-байтақ жерге созылды. Патшалық отаршыл үкімет тұсында Қазақстанның оңтүстік облыстары осы Түркістан губернаторлығының құрамына кірді.

Түркістан өлкесінде отарлауды тереңдете отырып, патша үкіметінің әкімшілік аппараты өлкенің ежелден отырықшы оңтүстігін мақта алқабына айналдыруды көздеді. Мұндағы қанау негізінен өсімқорлық-несие жүйесі, тағы басқалар арқылы жүргізілсе, ал негізінен қазақ және қырғыз халқы қоныстанған Түркістанның көшпелі және жартылай көшпелі аудандарында (Жетісу, Сырдария облыстары) патша үкіметі өзінің отаршыл саясатын жер отарлау арқылы жүргізді. Зерттетушілердің деректеріне сүйене отырып, жер отарлау жағынан өлкеде Жетісу облысының бірінші орында тұрғандығын байқаймыз. Бұл облыстың климаттық жағдайлары мен топырақ құнарлығының Ресейдің оңтүстік губернияларымен ұқсас болып келуі, қоныс аударушы орыс шаруаларының осы жерге деген қызығушылығын арттыра отырып, осы аумақта казак қоныс аударушыларының тығыз орналасуына жағдай жасады.  

 Оңтүстік Қазақстан облыстарының жағдайы туралы Рысқұлов өз еңбегінде Түркістанда әсіресе Жетісу облысы күшті отарланған, мұнда көшпелі халықтың иелігінен 4 193 520 дес. жер қоныс аударушылардың пайдасына тартып алынған – деген, ал Галузо «1916ж. 1-қаңтарында Жетісу облысындағы орыс шаруаларының тұрақтарының саны 223 болса, бұл көрсеткіш Сыр-Дария облысында – 190, Ферғанада – 59, Самарқанда – 20 тұраққа жеткен» - деген мәлеметтер келтіреді. Түркістан өлкесінің басқа облыстарындағы жағдай салыстырмалы түрде бұл екі облыстан  баяу отарланды. 1916 жылға қарай Жетісу және Сырдария облыстарына тұрақтаған орыс келімсектері Жетісу облысында халықтың ¼ бөлігін құраса, Сырдария облысында 1/10 бөлігін құрады.

Қазақ үшін өмірлік маңызды мәселе болып табылатын жер мәселесінде өз ұлтына қандай да бір септігін тигізуге тырысқан ұлт жанашырлары патша үкіметінің қаһарына қарамастын бұл проблеманы барлық құзырлы орындар деңгейінде көтеріп отырды.

1905ж. Ресейдегі аграрлық толқулардың ықпалымен Верный қаласында Қоныс аудару басқармасы құрылды. Басқарма басшылығына Жетісумен жақсы таныс, тәжірибелі түркістандық О.А.Шкапский қойылды. Алайда 1916 жылы Шкапский Жетісудан алынып, оның орнына С.Н.Велецкий келді де, Верныйда 8 жыл билік құрды. Велецкийдің алғашқы қадамы Верный уезінің Шамалған болысында жер телімдерін тартып алудан басталды және бұл іс алғашқы қадамынан бастап-ақ Қоныс аудару басқармасының қырғыздарға (қазақтарға), заңға және қалыптасқан жағдайларға ожарлықпен, еш именбестен қарауымен әйгілі болды. 1908 жылы Лепсі уезінде өте ауқымды аудан, 3016 мың десятина жер қоныс аударушыларға берілу үшін белгіленді. Халықтың жер мәселесі ХХ ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік өмірдегі ең маңызды мәселеге айналып, бұл сұрақ ұлт жанашырларының күресіндегі ең басты мәселені құрады. Жерге байланысты жайттар ұлттық баспасөз беттерінде жарық көріп, мәселе қазақтар қатысқан бірінші және екінші Мемлекеттік Думалардың және олар патша жарлығы арқылы қатыса алмаған үшінші және төртінші Думалардың  жұмыстарында да қарастырылды. ХХ ғасыр басында патша үкіметінің отарлық саясатының күшеюі қазақ ұлттық интеллигенциясының отарлыққа қарсы азаттық күресінің жаңаша сипатта өріс алуына ықпал етті.