ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР НЕГІЗІНДЕ БАЛАНЫ  РУХАНИ-АДАМГЕРШІЛІККЕ ТӘРБИЕЛЕУ

Алшынбекова А.

Педагогика және психология мамандығының

2-курс магистранты

«Тұран-Астана» университеті

 

Бүгінгі таңда еліміздің егеменді ел болғалы ғылым, мәдениет салаларында жасалып жатқан шаралардың барлығы жас ұрпаққа жалпыадамзаттық және жеке ұлттық игіліктер негізінде тәрбие мен білім беру ісін неғұрлым жоғары деңгейге көтеруге ықпал етуде. Сондықтан қоғамдық өмірді демократияландыру және ізгілендіру жағдайында ұлттық ерекшелігімізді айқындайтын рухани-адамгершілікке тәрбиелеу барысын жетілдіру көкейкесті мәселеге айналып отыр.

Жас ұрпақты халықтық педагогика идеялары негізінде рухани-адамгершілікке тәрбиелеу мәселесі ұлттық мәдениетімізді дамытуға, ұлттық құндылықтар мен мәдени мұраларымыздың мәнін түсіну, тарихты зерделей отырып, жан-жақты дамыған, рухани мәдениетті жеке тұлға тәрбиелеуде маңызы зор. Осы орайда ең негізгі талаптардың бірі – ұлттық қасиеттерімізді танып-білу, соның негізінде рухани-адамгершілікке тәрбиелеу. Өзімізді-өзіміз танып, өзгелерге таныту, яғни ұлттық ерекшеліктеріміз бен құндылықтарымызды бүгінгі талаптарға сәйкес жүйелеп, байытып, дамытып, басқаларға тарату арқылы өзіміздің ұлттық деңгейлерімізді көтере білу қажет. Осыған байланысты бастауыш мектепте-ақ оқушыларға білім беру барысында ұлттық педагогика идеялары негізінде рухани-адамгершілікке тәрбиелеу оқу-тәрбие үдерісінің ажырамас бөлігі ретінде қарастыру керек. Сондықтан қазіргі әлеуметтік-экономикалық жағдайда қазақ мектептерінің білім мен тәрбие мазмұнын ұлттық сипатта жетілдіру қажеттілігі арта түсуде.

Қай заманда болмасын адамзат алдында тұратын басты міндет – өзінің өмірін жалғастырушы саналы ұрпақ тәрбиелеу. Еліміз егемендікке қол жеткізген соң жас ұрпаққа ұлттық тәрбие беру міндеті уақыт талабымен бірге келетін игілікті іс екендігі белгілі. Еліміздің Президенті Н.Ә. Назарбаев: «Ұлт мәселесіне қатысты жалпы үрдісті танып-түсіну, сөз жоқ, қажет. Мұнсыз мемлекеттік дамудың жалпы логикасын болжау мүмкін емес», - дейді [1].

Ұлттық тәрбие беру мәселесі қоғамды жандандыру, адамзаттық рухани мәдениет үлгілерін үйрену, оны ұлттық қалыпқа келтіру мәселелерімен тығыз байланыстыру болып келеді.

Бүгінгі таңда қазақтың халықтық салт-дәстүрлерін жинақтап, бір жүйеге келтіріп, сол арқылы жастарды тәрбиелеудің қажеттілігі өсуде.

Ұлттың мәдениетін сақтап, оны келер ұрпаққа жаңа көзқараспен жетілдіріп жеткізуде білім беру ісі басты құрал болып саналады.

Жас ұрпақтың ұлттық тәрбиесі халық қанша өмір сүріп келе жатса, сонша көкейкесті мәселе болып келеді. Қазақ халқы өзінің тұрмыс-тіршілігіне, әдет-ғұрпына, салт-санасына байланысты тұрмыс-салт жырларын шығарып, жер байлығын өмір өзегіне пайдаланып, сол арқылы жастарды ұлттық әдет-ғұрып дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеп келеді [3].

Тәрбие беру ісі, тұлғаны дамыту мен жетілдіру қоғамдық сана мен қоғамдық құрылысқа байланысты. Қоғамдағы әлеуметтік өзгерістер мен өндірістік қатынастар жаңғырып, жаңарып, өзгеріп жас ұрпақ тәрбиесіне өз ықпалын тигізеді. Қазақ халқының көне дәуірден бері сары майдай сақталып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасын тауып келе жатқан дәстүрлері болашақ ұрпақты тәрбиелеуде, оның адамгершілік қасиеттері мен мінез-құлқын дамытуда үлкен мәнге ие [6].

Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу білім мен біліктілік, дағды және адамның ішкі құндылықтарына негізделген ерекше тұлғалық ұстаным, қасиет, құрылым ретінде қарастыруға болады.

Ғұлама ойшылдар Әл-Фараби, Ж.Баласағұн, Қ.А.Яссауи т.б. адамдар арасындағы қарым-қатынас мәселесіне, мәдениеттілік, оның қалыптасуындағы тәрбиелік істердің маңызына ерекше назар аударған. Ортағасырларлық ғұламалардың мұраларындағы бұл мәселе төңірегіндегі айтылған ой-пікірлер ХІХ ғасырдың екінші жартысында Ыбырай, Абай, Шәкәрім мұраларында жалғасын тапты.

Рухани-адамгершілікке тәрбиелеу жөніндегі маңызды пікірлер М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, М.Дулатов т.б. еңбектерінде көрініс тапқан.

Ұлттық тәрбиенің арқауы болып табылатын халық тағылымының мән-маңызы мен құндылығын белгілі ғалымдар Г.С. Виноградов, В.Ф. Афанасьев, А.Ф. Хинтибидзе, А.Ш. Гашимов, Г.Н. Волков, И.Я. Ханбиков, А.Э. Измаилов және т.б. зерделеген.

Әлеуметтік ортадағы этномәдени аспектілерді С.А.Ұзақбаева, К.Ж.Қожахметова, Ж.Наурызбай, т.б.; ұлттық тәрбие беру мәселелерін Қ.Бөлеев, Б.А.Тойлыбаев, К.А.Оразбекова, С.К.Қалиев, Ә.Қ.Қисымова, т.б.; білім мазмұнын, әдістемелік міндеттерді шешуде Л.К.Керімов, С.Ж.Пірәлиев, М.Н.Сарыбеков, А.Г.Қазмағамбетов, Б.К.Момынбаев, О.Сәлімбаев, О.Сыздықов, Е.Омар т.б. еңбектерін атап өтуге болады.

Соңғы кездері елімізде халық тағылымдары арқылы жас ұрпақтың тұлғалық қасиеттерін дамытуда этнопедагогика мен этнопсихология материалдарын пайдаланудың мәселелері С. Қалиев, Қ. Жарықбаев, С. Ұзақбаева, Ж. Наурызбай, К. Қожахметова, М. Балтабаев, Қ. Бөлеев, О. Сәлімбаев, Б.Т Ойлыбаев, А. Мұхамбаева, Р. Дүйсенбінова, Ә. Табылдиев, Ә. Сәдуақасов, Ф. Бөрібекова, Б. Қойбағарова, Р. Төлеубекова, Б. Мұқанова, А. Мағауова, Р. Әбілова, Ұ. Әбдіғаппарова, Г. Бахтиярова, Б. Өтешова, А. Дайрабаева және т.б. еңбектерінде қарастырылған.

Осы орайда республикада халықтық дәстүрді жинақтап, зерттеп, саралап игерту, оларды жастар тәрбиесіне кеңінен ендіру үздіксіз жүзеге асырылатын маңызды іс болып табылады.

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

1              Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2050».

2              Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы. Астана, 2007. - 20б.

3              Байсарина С.С. Қазақ халқының салт-дәстүрлеріндегі ұғымдардың тәрбиелік мәні // «Қазақстандағы үздіксіз кәсіптік білім беру деңгейі және болашағы» - Халықаралық ғылыми-практикалық конференция. - Алматы: АИПА, 2005. - 164-166 б.

4              Дүйсембекова Ш.Д., Байсарина С.С. Еңбек тәрбиесінің халықтық тағылымы // Қазақстан жоғары мектебі. –Алматы, 2002. - №2.

5              Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. –Алматы, 1999. - 296 б.

6              Байсарина С.С. Ұлттық дәстүрлерді оқу үрдісінде қолданайық // Қазақстан мектебі. Алматы,2015.