Ысқақова Шырай Қабдрахманқызы

Гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға оқытушы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақстан Республикасы

 

ГОВОРЛАРДАҒЫ КҮРДЕЛІ ЕТІСТІКТЕРДІҢ МАҒЫНАЛЫҚ ҚҰРЫЛЫМЫ ЖӘНЕ СӨЗЖАСАМДЫҚ ҮЛГІЛЕРІ

 

          Сөзжасамдық құбылыс ретінде күрделі сөздердің жасалуындағы жалпы заңдылық күрделі етістіктерге де тән. Күрделі сөздерге ортақ заңдылықтар негізінде күрделі етістіктердің өзіндік белгілері, нақты жасалу үлгілері қалыптасқан. «Қазақ грамматикасында» күрделі етістіктердің мынадай өзіндік белгілері атап көрсетіледі:

          1) Күрделі етістік біртұтас лексикалық мағынаға ие. Күрделі етістік білдіретін күрделі қимыл ұғымы оның құрамындағы сыңарларының жеке мағыналарына тең емес, солардың мағыналық қосындысынан туады, сыңарларының мағынасы тұтас мағынаға кіреді. Бұл жағынан күрделі етістік туынды түбір етістік сияқты, оның сыңарлары туынды түбір етістіктің морфемалары іспеттес.

2) Күрделі етістіктер тек мағыналы етістіктерден жасалады, құрамындағы сыңарлары мағына жағынан тең болады. Мысалы, шығып кетті деген күрделі етістік сыңарларының мағыналары тең. Олардың әрқайсысы біртұтас күрделі қимылдың бір бөлігін білдіреді.

3)  Күрделі етістік күрделі бір қимыл ретінде танылуы керек, оның мәні бөлшектеуге келмейді.

4)  Күрделі етістіктер дербес сөздер болғандықтан, сөйлемнің бір мүшесінің қызметін атқарады, оның сыңарлары жеке-жеке сөйлем мүшесі бола алмайды.

5)  Күрделі етістік сыңарларының арасына басқа сөз кіре алмайды. Мысалы, қайтып беру деген сөзжасам бойынша бір сөздің қызметін атқаратындықтын, оның арасын жарып басқа сөз қосылмайды.

6) Күрделі етістіктің құрамы тұрақты, қашанда бір құрамда қолданылады, себебі сыңардың орнын ауыстыруға болмайды.

 7)   Күрделі етістік бір-ақ екпінге ие болады [1: 394-397].

Күрделі етістіктің осындай белгілерін   татар тілі деректері негізінде Ф.А.Ганиев те көрсетеді. Ол тек да-та (де-те) демеулік шылауы күшейту мәнінде, гына-гена (кына-кена) демеулігі шек қою мәнінде күрделі етістік арасында қолданылуы мүмкіндігін айтады: Наташа сахнәге менеп та житте (Наташа сахнаға мініп те жетті». Китапны укып кына чыктым «Кітапты оқып қана шықтым» [2: 99-101].

Ф.А.Ганиевтің пікірінше, бұл айтылған белгілердің бірде-бірін абсолюттік (даусыз, сөзсіз) деуге болмайды, тілдік деректер көрсеткендей, олардың бәрінің жиынтығы ғана күрделі етістікті, яғни лексикалық бірлікті жасап алады. Ф.А.Ганиев күрделі етістіктің ерекшелігін көрсету үшін, еркін тіркесті етістіктердің төмендегідей белгілерін атап өтеді: 1) еркін тіркесті етістіктердің құрамы дербес лексикалық бірліктерден  тұрады да, сөйлемде дербес синтаксистік қызмет атқарады, 2) еркін тіркесті етістіктердің сыңарлары арасына дербес мағыналы үшінші сөз енуі мүмкін, 3) еркін тіркесті етістіктің алғашқы сыңары сөйлемде түсіп қалуы мүмкін, одан сөйлемнің тұтастығы бұзылмайды, себебі еркін тіркестің сыңарлары  арасында өзара шарттық, өзара сіңісу жоқ [2: 101].

Қазақ тіліндегі күрделі етістікті жасауға тірек болатын отыз шақты, солардың ішінде өнімді жиырма шақты етістік анықталған. Олар: кет, кел, ал, бер, әкет, әкел, қайт, шық, таста, жібер, өт, қой, қал, көр, кір, жөнел, қара, біт, түс т.б. [1: 398]. Қазақ тіліндегі күрделі етістік жасаудың негізгі үлгісі (типі) –«көсемшелі етістік + етістік» (көмекші етістік қызметінде): алып кел, барып кел, көріп кел, алып шық, барып шық, тартып ал, жарып таста, айтып бер, айта бар, ала бар т.б. Осы үлгі бойынша  туған күрделі етістіктер жалпыхалықтық  тілге де, говорларға да ортақ. Және бұлар күрделі етістіктердің басым көпшілігін құрайды. Біз мақаламызда бұл сияқты белгілі күрделі етістіктерге тоқталмаймыз. Күрделі етістіктерге байланысты зерттейтін нысанымыз – говорлардағы тұрақты түрде қалыптасқан, жасалуында, мағынасында, қолданылуында ерекшелігі бар күрделі етістік тұлғалар. Бірақ бұлардың қай-қайсысын болсын жаппай, жиі айтылатын өнімді тіл бірліктері деуге болмайды. Олар жекелеген аудандарда қолданылады.

«Көсемше+етістік жүру» үлгісінен күрделі етістік жасалған: ерісіп жүру «еріп жүру». Олар бізге ерісіп жүрді (Қарм.), қасынысып жүру «тату жүру». Біз айтыс-тартысты қойып, қасынысып жүрейік (Шұб.). Бұл мысалдарда негізгі етістік –ыс/-іс жұрнағын қабылдап, сырттай ортақ етіс тұлғасында  көрінеді, бірақ онда ортақ етіс   мағынасы жоқ, тек  көсемшенің –ып/-іп жұрнағын қабылдаған түбір етістік қимылдың мөлшерін білдіріп тұр.

  «Көсемше+етістік жіберу» үлгісімен күрделі етістік жасалған: күсіп жіберу «құйып (салып) жіберу». Ұнды ауызға күсіп жібергені қалай? (Больш.), жымпитып жіберу «ұрлап қою». Әлгі адам егеуімді жымпитып жіберді-ау (Моңғ.). Бұл мысалдарда күсіп, жымпитып сөздері ауыс мағынада қолданылып, қимылдың кенет, шапшаң болғанын білдіреді.

«Көсемше+етістік қалу» үлгісімен жасалған күрделі етістіктер: сыймай қалу «жетпей қалу». Олардың біреуіне таңба сыймай қалыпты (Қош.), ауалап қалу «күңсіп қалу». Күн ұзаққа қой соңында жүріп, ауалап қалдым (Маң.). Бұл мысалдарда сыймай, ауалап сөздері ауыс мағынада қолданылып, олар қатысқан күрделі етістіктер қимылдың нәтижесін, аяқталғанын білдіреді.

«Көсемше (-іп) + етістік келу» үлгісімен жасалған күрделі етістіктер: айылдап келу «қыдырып, ауылшылап келу» (Қош.), тіркестің бірінші сыңары жергілікті халық тіліне алтай тілінен енген, алтай тілінде айыл, моңғол тілінде айл «ауыл», тіркес қимылдың нәтижесін білдіреді. «Көсемше (-а) + етістік келу» үлгісімен: жинала келді «жиналды». Үш қысқа азық болғандай пішен жинала келді (Жымп.). Мұнда қимылдың белгілі мөлшерде жүйелі іске асқаны білдіріліп тұр.

«Көсемше + етістік болмау» үлгісімен жасалған күрделі етістіктер: күліп болмау «күлкісін тыя алмау». Ол әңгімені естігенде, сен күліп болмайсың (Шұб.) қимылдың қалпын білдіреді, татып алмау «білмеу, хабарсыз болу». Бұл қыз түрікмен тілін татып алмайды (Түрікм.). Бұл мысалдарда күрделі етістіктер қимылдың болымсыз нәтижесін білдіріп тұр.

«Көсемше + етістік қою» үлгісімен жасалған күрделі етістіктер: үйтіп қою «талан-таражға салу». Басы кірсе болды, үйдің мүлкін үйтіп қояды (Түрікм.), келіп қою «келу, келіп қалу». Олар күтпеген кезде келіп қойды (Қош.). Бұл мысалдар бір мәрте қимылдың кенеттен іске асуын білдіреді.

«Көсемше + етістік тұру» үлгісімен жасалған күрделі етістіктер: тоқталып тұру «әзір, дайын тұру». Қазір мәшине келеді, балам, тоқталып тұр (Жал.), болып тұру «болды». 1993 жыл болып тұр. Қызылтас аудан болып тұр (Аяг.). Бұл мысалдарда күрделі етістіктер заттың қалыпты, үйреншікті жайын білдіріп тұр.

«Көсемше + етістік білмеу» үлгісімен жасалған күрделі етістіктер: оқып білмеу «оқи алмау». 5 класты оқысаң да, кітапты дұрыстап оқып білмейсің (Түрікм.) Мысал қимылдың болымсыз нәтижесін білдіреді.

Бұдан басқа әртүрлі тұлғадағы етістіктер мен модаль сөздердің тіркесуі арқылы күрделі етістікке ұқсас етістіктің аналитикалық тұлғалары жасалған. Мысалы: «ауыспалы көсемшенің 2 жақ жіктік тұлғасы + керек модаль сөзі» үлгісімен: білесің керек «білуің керек». Сені мұны білесің керек (Қош.), Жүресің керек «жүруің керек». Сенің осында  жүресің керек (Қош.). «Ауыспалы көсемшенің І жақ жіктік тұлғасы + шығар көмекші етістігі» үлгісімен: жүрем шығар «жүретін шығармын». Мен ертеңгісін Ырғызға жүрем шығар (Қараб.). Бұл тіркестер қимылдың іске асуы қажеттігіне күмәнділікті білдіреді.

Кейде күрделі етістік құрамындағы көсемше жұрнақтары бірінің орнына бірі қолданылады. Мысалы: көшіп бастады дегенде көсемшенің -іп жұрнағы орнына, қоздап бастады, лақтап бастады дегенде көсемшенің  -п жұрнағы көсемшенің -й жұрнағы орнына жұмсалып тұр: Ел Сырға көшіп бастады (Түрікм.). Фермада қойлар қоздап, ешкілер лақтап бастады (Түрікм.). Ойнап болмау «ойнай білмеу» дегенде көсемшенің -п және -й жұрнақтары бірінің орнына бірі қолданылып тұр. Мен қарта ойнап білмеймін (Қош.). Керісінше, айта қоя берді дегенде көсемшенің -а жұрнағы -ып жұрнағы орнына жұмсалып тұр. Ол өлеңді айта қоя берді (Түрікм.).

Қорыта айтқанда , мақалада күрделі етістіктердің дербес мағыналы сөздерден жасалып , күрделі қимыл атауын білдіретіні , сөйлемде бір мүшенің қызметін атқаратыны сияқты ортақ белгілері талданды. Қазақ тіліндегі күрделі етістік жасауға тірек болатын , көмекші етістік қызметін атқаратын етістіктер ( ал , бер ,сал , кел , кет , шық , түс т.б.) , солар арқылы жасалған күрделі етістіктің мол қоры , күрделі етістік жасайтын негізгі үлгі «көсемше етістік +етістік » жалпыхалықтық тілге де, говорларға да  ортақ сипатта екені ,жалпыхалықтық тілден ерекше күрделі етістіктер говорларда көп емес екені анықталды. Көсемше етістік пен жүру , жіберу , келу , болмау, қалу , қою , тұру т.б. сияқты етістіктердің тіркесуі арқылы жасалған күрделі етістіктер өнімсіз түрде жекелеген аудандарда ғана кездеседі. Бұдан басқа керек , шығар модаль сөздерімен тіркескен , құрамы тұлғалық өзгеріске ұшыраған (барғым бар , келгісі жоқ) етістік тұлғалар талданды.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.  Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. -783 б.

2. Ганиев Ф.А.  Образование сложных слов в татарском языке. Москва: Наука , 1982, -150 с.

3.   ҚТАС - Қазақ тілінің аймақтық сөздігі. Алматы: Арыс, 2005. -821 б.

4.   ҚТДС - Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. Алматы: Ғылым, 1969. -426 б.; 1 кітап , Алматы: Ғылым, 1996. - 196 б.,  2 кітап , Алматы, Ғылым , 1999. -237 б.