Право/8. Конституционное право

 

Рустембекова Д.К.

Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,

Қазақстан

Бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтармен және ұйымдармен қатынасы

 

Кез келген бұқаралық ақпарат құралдары қоғамға қызмет етеді. Ал қоғам өте кең ұғым. Бұл ұғымның ішіне адамдар, әр түрлі ұжымдар мен ұйымдар, билеуші, атқарушы органдарды кіргізуге болады. Сондықтан ақпарат кеңістігі күннен – күнге өсіп келеді. Қоғамдық ұйымдардың бір – бірімен ақпарат алмасу деңгейіне де осы құбылыс тән.

Бұқаралық ақпарат құралдарының қызметінде шешуші рөлге ие оның журналистері. Олардың қызметі бұқаралық ақпарат құралдарымен шарттық қатынастарға негізделген. Оның құқықтық мәртебесі заңдық тұрғыдан реттеледі.

Бұқаралық ақпарат құралдарының басты қызметі ақпарат тарату болғанымен, бүгінгі қоғамда сан түрлі қызмет көрсетумен айналысатын басқа орындар да бұл үрдістен алшақтатылмайды. Тіпті олар белгілі дәрежеде, жанама түрде бұл іске араласып отырады. Мәселен, кез келген бұқаралық ақпарат құралдары басқа ұйымдармен қарым – қатынассыз  өз қызметін атқара алмайды. Кез келген бағытта бірдей ақпарат тарату үшін басқа органдардың көмегі журналистер қауымы үшін ауадай қажет. Бүгінгі ақпарат заманында әр бұқаралық ақпарат құралдарының, әрбір журналистің белгілі бір ақпарат көзі болуы керек. Ал жоғарыда сөз болып отырған басқа ұйымдар сол ақпарат көздеріне жатқызылады.

Бұқаралық ақпарат құралдарының жұмысына басқа ұйымдардың әсері жоқ деп айтуға болмайды. Сол сияқты бұқаралық ақпарат құралдарының оларға әсері басымырақ болады. Өйткені бұқаралық ақпарат құралдары қоғамдық пікір туғызады, жаңа шешімдердің тууына әсер етеді. Осылайша, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзге қоғамдық ұйымдар арасында көзге көрінбейтін тәуелділік пайда болады. Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарының азаматтармен және басқа ұйымдармен қатынасы «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 4-тарауы осы мәселеге арналған. 1999 жылғы Заң [1] бойынша осы тараудың 17- ші бабында «Авторлық туындылар мен хаттар» туралы былай деп көрсетілген:

- редакция, интернет-ресурстың меншік иесі пайдаланылатын зияткерлік меншік құқығының объектілеріне құқықтарды, оның iшiнде зияткерлік меншiкке авторлық, сабақтас және өзге де құқықтарды сақтауға мiндеттi;

- оқырмандар хаттарын жариялау кезінде олардың мәтінін қысқартуға және оның мазмұнының мағынасын бұрмаламай редакциялауға жол беріледі;

- егер заңда өзгеше көзделмесе, бұқаралық ақпарат құралы редакциясын ол қабылдамай тастаған материалды жариялауға ешкімнің де міндеттеуге құқығы жоқ.

Бұл бапта бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері мен жеке адамдардың, яғни авторлардың құқықтары тең қарастырылған. Сонымен қатар аталған тараудың 19-шы бабында (теріске шығару құқығы) былай деп жазылған:

- азамат немесе заңды тұлға өзінің ар-намысына, қадір-қасиетіне және іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтерді сот тәртібімен теріске шығаруды талап етуге құқылы;

- егер азаматтың немесе заңды тұлғаның ар-намысына, қадір-қасиетіне немесе іскерлік беделіне нұқсан келтіретін мәліметтер бұқаралық ақпарат құралдарында таратылса, олар сол бұқаралық ақпарат құралдарында тегін теріске шығарылуға тиіс.

Егер аталған мәлiметтер ұйымнан шыққан құжатта болған жағдайда, мұндай құжат алмастырылып немесе қайтарылып алынып, бұл құжаттағы мәлiметтердiң шындыққа сәйкес келмейтiндiгi туралы адресатқа мiндеттi түрде хабарлануға тиiс. Өзге реттерде терiске шығару тәртiбiн сот белгілейдi;

- азаматтың немесе заңды тұлғаның бұқаралық ақпарат құралында терiске шығаруды не жауапты жариялау туралы талабы, егер бұқаралық ақпарат органы мұндай жарияланымнан бас тартса не бiр айдың iшiнде жарияланым жасамаса, сондай-ақ ол таратылған жағдайда, сотта қаралады;

- азаматқа немесе заңды тұлғаға қатысты олардың ар-намысына, қадiр-қасиетiне немесе iскерлiк беделіне нұқсан келтiретiн мәлiметтер таратылған болса, олар мұндай мәлiметтердi терiске шығарумен қоса олардың таратылуынан өздерiне келтiрiлген залалдың немесе моральдық зиянның орнын толтыруды талап етуге құқылы.

Бұл бапта да алдыңғы орынға адам құқығы, моральдік құндылық қойылып отыр. Яғни кез келген бұқаралық ақпарат құралы қандай жағдайда да азаматтық қадір-қасиеттен аттай алмайды деген сөз. Бұл, әрине, жеке басқа, әр адамның еркіне қатысты.

Теріске шығарудан бас тарту, не болмаса теріске шығару тәртібін бұзу теріске шығарылатын мәліметтер жарияланған күннен бастап бір жыл ішінде Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сотқа шағымдану арқылы шешілетіні көрсетілген. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңына сүйенетін болсақ, ақпарат құралдары мен қоғамдық ұйымдардың тығыз байланысын, тәуелділігін аңғару қиын емес. Бұл туралы аталған Заңда көрсетілген (4-тарау, 18-бап). Онда «Мемлекеттік органдардың ресми хабарлары бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Республикасының заң актілеріне сәйкес орналастырылады» деп көрсетілген.

Мемлекеттік органдар, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне, олардың меншік нысанына және кімге қарайтынына қарамастан, өтініш жасаған кезде, Қазақстан Республикасының мемлекетік құпиясы болып табылатынынан басқа ақпаратты тең шарттарда беру міндеті жазылған. Жоғарыда айтылған «тәуелділік» сөзін тура мағынада емес, тығыз байланыс ретінде түсіну қажет. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Заңның өзі осыған меңзейді.

Журналистің мемлекет тарапынан құқықтық нормаға сәйкес қорғалуы - оның еркін жұмыс істеуінің бірден-бір кепілі болып табылады. Осы Заңның 1-тарауының жалпы ережелерінде журналист (бұқаралық ақпарат құралының өкілі)еңбек қатынастары немесе өзге де шарттық қатынастар негiзiнде бұқаралық ақпарат құралы үшiн хабарламалар мен материалдар жинау, оларды өңдеу және әзiрлеу жөнiндегi қызметтi жүзеге асыратын жеке тұлға деп анықтама берілген.

Журналистің ең басты міндеті – көпшілік бұқараны шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету, қоғамдық пікірді қалыптастыру. Аталмыш заңның 5-тарауында журналистердің құқықтары мен міндеттері белгіленген.

Сонымен, бұқаралық ақпарат – ақпараттық қоғамның негізгі объектісі. Шынайы нақтылықты сипаттай отырып ол мемлекеттің, қоғамның, азаматтың қызметінің барлық салаларына араласады. Жаңа ақпараттық технологиялардың пайда болуына байланысты ақпарат мемлекет, заңды тұлға, қоғамдық бірлестіктер мен азаматтар қызметтерін қамтамасыз етудің тұрақты және аса қажетті атрибутына айналып отыр. Оның сапасы мен шынайылығына, жеделдік қарқынына түрлі деңгейлерде қабылданатын шешімдердің мазмұны тәуелді.

 

Әдебиет:

1. «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» Қазақстан Республикасының 1999 ж. 23 шілдедегі № 451-1 Заңы (2016.29.03. берілген өзгерістер мен толықтырулармен) // http://online.zakon.kz/