Сайлыбаева Қ.Ә. Сайлыбаева Г.С. Әбдібекова Ж.Ә.

 Тараз қ. М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Универсиететі.

 

ҚАЗАҚ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ-ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ ОЙЛАРДЫҢ ДАМУ ТАРИХЫ

 

Қазақстан Республикасындағы әлеуметтік-экономикалық мәселелерді шешу жеке тұлғаның жан-жақты дамуымен және олардың кәсіптік жағынан қалыптасуымен тығыз байланысты. Нарық экономикасын дамыту, азаматтық қоғам құруды қамтамасыз ету білім беру жүйесіне  өзгерістер енгізуді қажет етіп отыр. Мұндай маңызды да күрделі мәселені шешу үшін адамзат мәдениеті мен тәрбие тәжірибесіне сүйенудің қажеттілігі анықталды.

Қазіргі уақытта бүкіл тарихи, мәдени  адамгершілік,  рухани құндылықтарымыз жаңа заман тұрғысынан қайта бағаланып отыр. Сонымен қатар төл мәдениет, салт, дәстүр, тіл, ұлттық намыс, табиғи орта, ұлттық мәдениет бекіп, жаңғырып, дамып келе жатыр. Уақыт талабымен өмірге қайта оралған халықтық педагогика мен психологияның озық дәстүрлері бұл күнде отбасы, білім беру тәжірибесінен лайықты орын алып отыр. Осы тұрғыдан алсақ, елдегі білім беру жүйесі тарихы жағынан ғана емес, мазмұны жағынан да, іске асырылуы жағынан да жаңа дәуірді бастап отыр.

Этнопсихология, педагогика ілімдерімен қатар этнология, шығыстану, этнолингвистика ғылымдарының бастауы – көне наным-сенімдердің тәрбиелік сипаты басты назарға алынады. Оның асыл арналарын қоғамдық сананың түрлері мен категориялары арқылы жүйелеудің маңызы зор. 

         Қоғамдық сананың тарихи сатысындағы тәрбиелік ұғымдардың маңызы да елеулі. Түркі тайпаларының тотемдік және шамандық нанымдары қоғамдық сананың осы кезеңінде туып қалыптасқан. Оның іздері қазақ халқының кейінгі тұрмыс – тіршілігінен де көрініс тапқан. Мысалы, балаға ат қою, жыл қайыру, мүшел, жер-су, күнтізбе, төрт-түлік пірлері, ата-баба дәстүрлерін ардақтау, құда түсу, қалыңдық айттыру, үйлену, той жасау, қонақ күту, өлген адамды жерлеу, жоқтау, бата беру, т.б. салттары, түрлі сөз тіркестері мен қанатты сөздер, толып жатырған ырым, ұғым, әдет, кәде, жоралғылар соның айғағы. 

Баласағұн білімді түпсіз тереңге теңей отырып, ойшыл: «Кісі көңілі түпсіз терең, ойласаң, білім  - інжу, түбінде анық қойма сан. Кісі інжуді шығармаса теңізден ол не тас, не інжу болсын, пайдасы не тегінде» дей отырып, ол білім жолына жас кезден бастап түсуі керек – деп педагогикалық ой түйеді.

Баласағұн үлкен демократ ретінде танылды. Қоғамдық құрылымның парасаттылығын бостандық, тәуелсіздік анықтайды, әрбір адамның өз пікірін, еркін білдіретін мүмкіндігі болуы керек, осыдан келіп, буырқана сыртқа шығатын шығармашылық, яғни жеке адамның бостандығы шығады дейді.

Ғұлама ғалым Ибн Сина адам дамуындағы еңбектің маңызы мен мәнін көрсетуде ерекше орынға ие. Орта Азияны мекендеген халықтар арасындағы жалшылық пен кедейліктен құтылудың жолы еңбек етуде деп біледі. Еңбек пен әділеттіліктің жалынды жаршысы болған Ибн Сина өз заманында осындай батыл да, дұрыс пікірлер айтқан. Орта ғасырдың ұлы ғалымы табиғат пен қоғам құбылыстарының өз замандастарына белгісіз көптеген құпияларын ашты, адамның ақыл ойын фанатизм мен жоққа сенушіліктен құтқаруға тырысты, табиғатты танып, оны адамзат қызмет еттіруге ұмтылды.

Ибн Сина жалпы халыққа бірдей білім берілсін, бірдей тең оқысын деген пікірлермен ұштасты. Бұл оның ағартушылық көзқарасын дәлелдейді. Сол кездің өзінде-ақ педагогиканың өзінің мәртебесі ұлы чех педагогы Ян Амос Коменскийдің «Ұлы дидактика», «Аналар мектебі» еңбектерінде педагогиканың теориялық мәселелерін толықтыра отырып, он биікке көтерді.

Педагогикалық теорияны Ж.Ж.Руссо оқудың қызықты да белсенді әдістерін іздестіру, еңбек тәрбиесін, оқу мен тәрбиені табиғатпен ұштастыру мәселелерімен байланыстырды. Оның негізгі педагогикалық теориясы «Эмиль» атты романында баяндалды.

Адамды жетіле түсуге, бақытқа, молшылыққа жетелеуді көздеген Әл-Фараби әділеттілікті халықтар достығын насихаттауда, мәдениетті, жасауда барлық адам бірдей екенін уағыздаған ізгіліктік идеялары, оның өз заманындағы Шығыс елдерінің, әрі дүние жүзі халықтарының көкейкесті жағдайларымен үндесіп жатады. Сондықтан да оның энциклопедиялық мол мұрасы біздің қазіргі ХХІ ғасырдағы әлеуметтік қмір мен мәдениеттің ішіне кіріп, ұласып кетеді. Әл-Фарабидің: «бақытқа жету жолында барлық халық бір-біріне көмектесетін болса, жер беті түгелімен берекеге толады», - деген сөзі тап бүгін де өте мәнді.

Данышпан Абай Құнанбаев айтқандай, «Адам бол» атты ізгіліктік идеясы сонау Қожа Ахмет Иассауиден қазақ халқының бойына сіңген өзіндік философиясы тән. Иассауидің басты еңбегі «Диуани хикмет» (Ақыл кітабы) рухани және ізгіліктік бағытта жазылған.

Әл-фараби өзінің пәлсапалық пайымдауларын негізінен идеалистік бағытта өрбіткенімен, оның еңбектерінде сол дәуірдегі ғылым жетістіктерін қорытындылайтын материалдық, прогрессивті идеялар бар еді. Ол дүниенің мәңгілігін мойындап,табиғат құбылыстарын детерменистік принципі бойынша түсіндірді. Оның  ғылыми  материалдық  теориялары, әсіресе, оның  таным мәселесі мен логика ғылымы туралы айтқандарында, сондай-ақ адамның жан қуаттарының әр қилылығын түсіндіруде ерекше байқалады. Психология саласында «Жанның  мәні  туралы», «Түс көру туралы  сөз», «Жан  туралы», «Ақыл  және ұғым», «Жасөспірімдердің  ақылы  туралы  кітап», «Ересектердің  ақылы  туралы  кітап», «Темперамент туралы»  жазды.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.     Назарбаев Н.Ә. Тарих толқынында. – Алматы, 1999.-296б.

2.     2011-2020 жылдары Қазақстан Республикасының білім беру жүйесін дамытудың Мемлекеттік бағдарламасы//www.edu.gov.kz

3.     Тәжібаев Ә., Сәтбаева Ш. Шәкәрім Құдайбердиев. Алғы сөз//Құдайбердиев Ш. Шығармалары. – Алматы, 1988.-14б.

4.     Бержанов Қ. Педагогика тарихы. – Алматы, 1989. – 187б.

5.     Жарықбаев Қ.Б. Развитие психологической мысли в Казахстане. – Киев, 1982.