Сайлыбаева Қ.Ә., Әбдібекова Ж.Ә.

Тараз қ. М.Х.Дулати атындағы Тараз Мемлекеттік Универсиететі.

 

ӨЗІН-ӨЗІ БАСҚАРУ ЖҮЙЕСІ  НЕГІЗІНДЕ  СТУДЕНТТЕРДІҢ  ҰЙЫМДАСТЫРУШЫЛЫҚ  ҚАБІЛЕТТЕРІ

 

Адамның тұлға ретiнде қалыптасуы, iс-әрекет барысында белсендi түрде өзгерiп және iс-әрекеттi де өзгертетiн табиғиәлеуметтiк орта сол тұлғаның күрделi арақатынасы арқылы жүрiп жатады. Өзгеру барысында әсiресе еңбек iс-әрекетi үрдiсiнде, адамдар бiр-бiрiмен белгiлi қоғамдық байланыс және қарым-қатынасқа түседi. Адамның тұлға ретiнде қалыптасуы, негiзiнен қоғамда қалыптасқан қарым-қатынас жүйесiмен анықталып, сол тұлғаның осы қатынас шартына орай iс-әрекетiнiң қалыптасуына және сол қоғамның басқа мүшелерiмен қарым-қатынасынабайланысты болады [4].

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына жолдауында ұлттың бәсекелестігінің маңызды факторы – сауаттылық делінген. Сонымен қатар, Президенттің жолдауында: «Білім реформасы – бұл Қазақстанның бәсекеге сәйкестілігін қамтамасыз ететін маңызды құрал. Бізге заман талабына сай экономикалық және қоғамдық модернизация талаптарына жауап беретін білім беру жүйесі қажет» деп атап өтілген [1].

ЖОО берілетін білім болашақ мамандардың жоғары деңгейдегі руханилығын мен адамгершілігін, жан-жақтылығын яғни тұлғалық сапаларын қалыптастырумен қатар олардың кәсіби біліктілігінің қалыптасуын қамтамасыз ету керек. Білім берудегі мақсаттар мен міндеттердің өзгеріске ұшырауы кәсіби біліктілікті қалыптастыруда жаңа тәсілдерді қолдануды талап етіп отыр. Кәсіби біліктілікке болашақтағы мамандықтың кәсіби іс-әрекетінің ерекшеліктерін игеру және оларды тиімді жүзеге асыра білу қабілеттері кіреді. Кәсіби біліктілік сөзі жалпы болғанымен, ол сәтті карьера жасауға көмектесетін, қандай да болмасын мамандыққа қажет қабілеттердің ерекшелігі арқылы нақтылана түседі. Дамыған елдерде (АҚШ, Австралия т.б.) жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің мәліметтеріне сәйкес, жұмыс берушілер университет түлектеріне ең алдымен инициативалықты, екінші – қойылған міндеттерді өзбетімен шеше алуды, әрі қарай – икемділікті, топта жұмыс жасай білуді, жазбаша және ауызша түрде қарым-қатынасқа түсе білу қабілеттеріне ерекше мән беріп, ал пән бойынша игерген білімдеріне қойылатын талап соңғы критерийлер екендігі анықталды. Осы тәрізді жүргізілген зерттеулерді талдай отырып,  бүгінгі таңда жұмыс берушілердің жас мамандарға қоятын әлдеқайда маңызды талаптары анықталған. Олар:

·        адамдармен қарым-қатынас құру;

·        білімінің және тәжірибелік  дағдыларының жоғары деңгейде болуы;

·        заман талабына сай құрал-жабдықтарды қолдана білу;

·        өзбетімен білім алуға қабілеттілік;

·        шешім қабылдай білу.

Бүгінгі таңда ЖОО түсуге бел буған мектеп түлектері ЖОО түскенге дейін болашақ мамандығы туралы және жұмысқа орналасу перспективалары туралы  алдын-ала ойланады. Сонымен бірге болашақ мамандар жақсы мамандық алып шығумен қатар жан-жақты білім мен дағдыларды алып шығуды көздейтіндігін айта кеткен жөн.

Дәл осы жерде студенттік ұйымдар мен бірлестіктер (студенттік өзін-өзі басқару органдары) туралы сөз қозғауға болады. Аталған үрдісте студенттер топтық ұжым құрылымында берілген тапсырмаларды  орындай отырып, өздерінің ұйымдастырушылық қабілеттерін дамытады және ұжымдағы адамдармен қарым-қатынас дағдыларын игереді. Іскерлік қарым-қатынас үрдісінде конфликтілік ситуацияларды болдырмаумен қатар олар басқа адамның жағдайын түсінуді, жанашырлық танытуды, өз әрекет қоршаған ортадағы адамдардың реакцияларын есепке ала отырып реттеуді үйренеді. Мұндай жағдайда оқыту ақыл-ой қабілеттерін дамыту баспалдағы болса, ал өмірдің өзі өзара қарым-қатынасты және адамдармен өзара әрекеттесу білігін дамыту құралы болады. Осындай қарым-қатынас үрдісіне енгізілген студент өзбетті өмірге дайын, адамгершілік жағынан пісіп жетіліп, кейін өз еңбек іс-әрекетінде басшымен және әріптестерімен іскерлік қарым-қатынасты дұрыс құра біледі деп айтуға болады. Сонымен  қатар студенттерді болашақ өмірге дайындаудан гөрі, әртүрлі істерге толы шын өмірмен өмір сүруін қамтамасыз ету маңызды. Тұлғаның кәсіби сапаларының қалыптасуы мұнсыз мүмкін емес. Тек осындай жолмен оқыту мен тәрбие біріктіріліп, студенттің әрекет қылығы барлық адамгершілік-моралдік  нормаларға сәйкес болатындығына сенім мол.

ЖОО студенттік өзін-өзі басқару жүйесінде іске асырылатын әлеуметтік жағынан белсенді студенттерді қалыптастыру студенттерде азаматтықты, адамдардың құқықтары мен бостандықтарын сыйлауды, қоршаған ортаға, Отанға, отбасына деген сүйіспеншілікті, патриоттық және ұлттық сананы дамытудың маңызды бағыты болып табылады.

Студенттердің қоғамдық қозғалысын шоғырландыру,  қоғамның әлеуметтік- экономикалық өзгерістерінде студенттердің әлеуетін барынша толық пайдалану, студенттер проблемаларын шешу мақсаттарында жүргізілетін Қазақстан Республикасының жастар саясаты бағыттарының бірі ретінде қаралуы мүмкін.

Өзін-өзін жақсы тани алған тұлға өзгені де басқара алады. Өз бойындағы жоқ қасиеттерді өзгеден іздеп, болмаса ұқсап бағып, орай келсе ортаға салу арқылы белгілі бір топты бастайды немесе басқарады.Солардың өзін-өзі басқару. Студенттік өзін-өзі басқару жүйесі  Қазақстан Республикасында жастарымыздың бойында лидерлікті дамытуға үлес қосатын бірден-бір жүйе болып табылады.

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.            Бейсенбаева, Айтманбетова Б.Р. «Тәрбиенің жалпы әдістері»

2.            Махмудов Н. «Мектепте проблемалық оқытуды ұйымдастыру» 1981 ж. Алматы.

3.            Махмудов Н. «мектептегі тәрбие жұмысының теориясы мен әдістемесі» 1999жыл Алматы.

4.            Мухина В.С.  Психология дошкольника  М,  Просвещеие,  1975г.