Қазақстан Республикасының қазіргі таңдағы инновациялық жағдайы

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университеті, Астана қ,. Қазақстан Республикасы

Хамзин Т.М.

 Хаусова Ж.Б.

 

“Қазақстан Республикасының 2003-2015 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму стратегиясының жүзеге асырылуы- Тәуелсіз Қазақстанның кемел келешекке ұмтылғандығының айғағы”.

Н.Ә. Назарбаев

 

 

Қазақстан Республикасының қазіргі жағдайы инновациялық саясатты әзірлеу елдің дамуының басым бағыты екенін көрсетуде. Жаһандық және жергілікті нарықтарда бәсекелестіктің қатал өрістеуіне байланысты әртүрлі жаңалыққа түрленген ғылыми жетістіктер жеке фирмалар үшін, тұтас салалар мен экономика үшін қажеттілікке айналуда.

Бүгінгі экономиканың өзекті бағыттарының бірі инновациялық жобаларды тәжірибе жүзінде жүзеге асыру мен талдауды инвестициялау болып табылады. Инновациялық кәсіпорынның бәсекеге қабілеттілігін анықтаушы негізігі экономикалық ресурстардың бірі, сол себепті бәсеке- жоғарғы табыс алу мақсатында өткізу нарығы үшін күресті көрсететін, кәсіпкерлік қызметтің дамуына, экономиканың үдемелі өсуіне, тұтынушының мұқтажын толық қанағаттаныдыруға және ғылыми-техникалық әзірлемелерді өндіріске жылдам ендіруді қамтамасыз ететін құбылыс[1, 208].

Қазақстанның инновациялық дамуды ынталандыру соңғы жылдары ерекше қолға алынып жатыр. Мемлекеттің белсенді саясатының басты мақсаты өндірісті модернизациялау және инновацияны қалыптастыру болып табылады, осы мақсатқа жету арқылы Қазақстанның экономикасы «шикізат» экономикасынан білім экономикасына өте алады.

 

Сурет 1. ҚР 2004-2012 жылдардағы инновациялық өнімдердің ЖІӨ-дегі үлесі

1-суреттен көріп отырғанымыздай 2005 және 2006 жылдары ҚР ЖІӨ-дегі инновациялық өнімдердің үлесі 1,58% және 1,53% дейін жетті. Бұл жоғарғы көрсеткіш. Ал 2008-2009 жылдары бүкіл әлемдік дағдарыс жағдайында бұл көрсеткіш ең төменгі 0,51% дейінгі деңгейге түсті. Инновацияның алға қарай дами бастауына 2010 жылы 19 наурызда  Қазақстан Республикасы Президентінің жарлығымен бекітілгіен ҚР ҮИИД бағдарламасын үлкен итермелеуші күш болды. 2009-2012 жыдары 0,51% -дан 1,25 %  дейінгі көтерілді[2].

 Алдымен, инновацияны аз уақыт ішінде толық дамыту мүмкін емес екендігін түсінген жөн. Бұған АҚШ, Еуропа  елдері және Азияның дамыған елдеріндегі тәжірибелер дәлел бола алады. Олар инновация және техника салаларында әлемдік көшбасшы болу үшін ондаған жылдар емес, одан да ұзақ уақыт жұмсады.

Мысалы, Жапония  өзінің тарихында инновация және технология салаларында  «дамушы ел»  ретінде саналды. Тек XIX ғасыр ортасында ғана Жапония үкіметі Батыс елдерінен артта  қалушылығын қысқарту мақсатында шаралар қолдана бастады.  тек жарты ғасыр өткен соң технология және білім саласындағы сәтті жүргізілген реформалар нәтижесінде 1915 жылы Жапонияда ұлттық ғылыми-техникалық жүйе қалыптасты. Оның сәтті нәтижелерін беруі XX ғасырдың аяғына сәйкес келді.

Көбінесе Қазақстанның  инновациялық экономиканы қалыптастыру ерекшеліктері Финляндиямен сәйкес келеді.  Екіншідүниежүзілік соғысқа дейін қазіргі таңдағы Қазақстан секілді Финляндия да шикізат экспорттаушы ел ретінде танылды. Соғыстан кейін Финляндия аз ғана халқы бар ауылшаруашылығына төселген ел болды. Басқа елдермен салыстырғанда индустрилизация кеш басталды және негізінен шикізат саласында, орман шаруашылығында және ауыр өнеркәсіп саласында жүргізілді. 1960 жылдардан бастап экономиканы қайта құру жұмыстары басталды.  Ал қазіргі таңда Еуропалық одақ елдері ішіндегі технологиялық  дамуы жағынан көшбасшы ел екені бәрімізге белгілі.

Бұл елдердің тәжірибесі Қазақстанға білімге негізделген экономиканы қалыптастыру үшін алда ұзақ жол күтіп тұрғанын көрсетеді. Алайда бұған керекті іргетас қаланып қойғаны белгілі.

Соңғы жылдары ұлттық иновациялық экономиканың институтционалды қаңқасын құрап қойды. 2010 жылы ҚР ҮИИД бағдарламасын қабылдаған соң инновациялық экономикаға өту жолына түстік. Жапония, Оңтүстік Корея, Қытай елдерінің тәжірибелері көрсеткендей индустриялизацияға өтпей инновацияға өту мүмкін емес. Инновация алдымен өндірістен келіп шығады, содан соң ғана басқа сфераға тарайды.

Сонымен қатар, жүзеге асырылып жатқан реформалар елдің инновациялық инфаструктурасын жандандырды. Шетел елдерінің тәжірибесіне сүйеніп, инновацияны дамыту сұрақтары бойынша «Технологияны дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ мамандандырылған институты құрылды. Ол аймақтық технопарктерді, венчурлық қорларды және конструкторлық бюролармен жұмыс жасайды. Жыл сайын коммерциализация оффистерінің саны артып жатыр. Еліміздің инновация жүйесіндегі инновациялық дамуының басты көрсеткіші ретінде Инновациялық технологиялар паркі және Назарбаев университеті саналады.

Және тағы да бір инновация саласындағы басты оқиға 2012 жылы  «Индустриалды-инновациялық мемлекеттік қызметті қолдау туралы» заңының қабылдануы. Бұл заңды қабылдау арқылы әлемдік тенденцияға сәйкес инновация саласындағы терминдер жетілдірілді, мемлекеттік органдардың құзіреті нақтыланды, индустриалды-инновациялық жүйенің құрамы жасақталып, индустриалды-инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары бекітілді[3].

              «Индустриалды-инновациялық мемлекеттік қызметті қолдау туралы» заңға сәйкес Технологияны дамыту жөніндегі ұлттық Агенттік инновациялық қызметті қолдау бойынша құралдардың жалғыз ортақ  операторы болып табылады

              Технологияны дамыту жөніндегі ұлттық Агенттіктің құрылған сәтінен бастап, 3000-нан астам инновациялық проектілер ұсынылып, оның 535-і қолдауға ие болып жүзеге асырылды[4].

              2010-2013 жылдары тиімді инновациялық инфраструктура құрылды. Оның құрамына қазір 8 технопарк, 4 салалық конструкторлық бюро, 21 офистік коммерциализация, 4 аймақтық коммерциализация орталығы, 4 халықаралық технологиялар трансферті енеді.

              Инновацияны қолдау құралдарының жүйесі енгізілді, оның құрамына проекталық және венчурлық қаржыландыру, инновациялық гранттар,  коммерциализация офистерінің қызметі,салалық конструкторлық бюроның қызметтері, инновациялық конкурс және халықаралық трансферт орталықтардың қызметтері кіреді.

              Мемлекет басым бағытты салаларға инновациялық гранттар бөліп, инновациялық проектілерді ортақ қаржыландыру шартын ұсынды. Бұл проект иесіне өзінің проектісін мемлекеттік қаржыландыру мүмкіндігін ие болады.

Инновациялық грант бағдарламасы іске асырылған сәттен бастап  1300 –ден астам жоба ұсынылып, оның 200-ден астамына грант бөлінді.

Кіші және орта инновациялық компанияларды және технологиялық парк бойынша жобаларды қолдау мақсатында 2010 жылдан бастап технологиялық бизнес-инкубаторлардың қызметтері ұсыныла бастады. Осы бағыт бойынша 2010-2013 жылдар аралығында 108 жоба жүзеге асырылды.

Салалық конструкторлық бюро индустриалды-инновациялық қызмет субъектілеріне  өндірісте жаңа немесе бұрынғы тауарды жетілдіру мақсатында қызмет жасайды. 2010-2013 жылдары аралығында машина жасау кәсіпорыны саласында 394 конструкторлық-технологиялық құжаттама жинақталымы жасалынып 64-і сатып алынған. Нәтижесінде 178 жаңа тауар түрі пайда болды.

2011 жылдан бастап аймақтық коммерциализация офистерінің жүйесін жасау басталды. Соның арқасында еліміздегі жетекші ЖОО-да 21 коммерциализация офистері пайда болды. 2012 жылы Алматы, Қарағанды, Орал, Өскемен және Астанада бес аймақтық коммерциализация офистері құрылды.

Сонымен, қорытындылай айтсақ, Қазақстандағы өндірістік және инновациялық саясаттың векторы әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына қосылу мақсатына жетуге бағытталған.

Өндірістік кәсіпорындарды қайта құрылымдауда және модернизациялауда, еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру, өндіріске инновацияны енгізу өнеркәсіп секторында қайта құрылымдауға және жаңа технологиялық деңгейге көтеруге алып келеді.

Өндіріс саласындағы сәтті жүзеге асқан жобалар Қазақстанды келесі салаларда табысқа жетізуга мүмкіндік жасайды. Бұлар - өндірісті және инновацияны дамыту, инновациялық ортаны қалыптастыру, Қазақстанның әлемдік экономикадағы сынақтарға жауабы, мемлекет, бизнес, ғылым ара қарым-қатынасын арттыру.

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. С. В. Ильдеменов, А. С. Ильдеменов, В. П. Воробьев, «Инновационный менеджмент»  «Инфра-М», 2002 г.-208 с.

2. http://www.stat.gov.kz  Қазақстан Республикасы статистика агенттігінің ресми сайты

3. 2012 жылы 9 қаңтардағы ҚР «Индустриалды-инновациялық мемлекеттік қызметті қолдау туралы» заңы

4.  http://www.natd.gov.kz/  «Технологияны дамыту жөніндегі ұлттық агенттік» АҚ ресми сайты