Мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен

және азаматтық сектормен өзара қарым-қатынасы

Абіл Б.

Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті 1 курс магистранты

 

Қазіргі уақытта Ақтөбе облысының әділет департаментінің мәліметіне сәйкес өңірде 400-ден астам үкіметтік емес ұйым тіркелген, оның ішінде  100-ге жуығы белсенді жұмыс жасайды.

Оның ішінде балалар мен жастарды, әйелдерді қолдау, адам құқықтарын қорғау, білім беру, денсаулық сақтау, жастарды патриоттық тәрбиеге баулу, рухани-мәдени мұраны қорғау, салауатты өмір салтын насихаттауды жетілдіру бағытында үкіметтік емес ұйымдардың жұмыстары жетіліп, жақсы дамыған.

Облыстағы үкіметтік емес ұйымдар қазіргі таңда қоғам мүддесі үшін барлық деңгейдегі мемлекеттік органдармен анағұрлым тиімді байланыс орнатып, жұмыс жасауда.

Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысымен 2013 жылы жүргізілген әлеуметтік зерттеу жұмыстарының нәтижелері үкіметтік емес ұйымдар айналысатын мәселелердің басым көпшілігі әлеуметтік сипатқа ие екендігін көрсетті. Облыс тұрғындарының 46%-ы ҮЕҰ-дың қызметін пайдаланған. Бұл өңірдегі азаматтық институттар дамуының жақсы көрсеткіші болып табылады. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің басым бөлігі (78%) облыстағы ҮЕҰ туралы біледі немесе естіген.

Ақтөбе облысында мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынас жасаудың түрлі формалары қалыптасқан. Азаматтық сектор өкілдері жергілікті атқарушы органдар жанындағы 15 кеңес беруші-консультативтік органдардың құрамына еніп, түрлі әлеуметтік мәселелердің шешілуіне өз үлестерін қосуда.

Облыс әкімдігі жанында мемлекеттік органдардың және қоғамдық бірлестіктердің өзара іс-қимыл жасау жөніндегі Кеңесі жұмыс жасайды. Кеңес отырыстарында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер қаралып, құзырлы органдар үшін ұсыныстар әзірленеді.

Қазіргі кезде облыстық ішкі саясат басқармасы үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып облыстағы әлеуметтік мәселелерді шешуге және азаматтық қоғамды дамытуға септігін тигізетін  көптеген қайырымдылық, ерікті, мәдени-көпшілік шаралар, түрлі акциялар өткізеді.

Мемлекеттік органдардың үкіметтік емес ұйымдармен өзара қарым-қатынасының негізгі формасы – мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты жүзеге асыру болып табылады.

Сонымен қатар, 2013 жылы алғаш рет аудандық деңгейде мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс жүзеге асырыла бастады.

Осыған орай, 2013 жылы ауылдық жерлерде азаматтық қоғам институттарын дамыту, оларды қолдау мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тапсырысы аясында жоба жүзеге асырылды.

Жобаны орындаушы «Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдарының Ассоциациясы» заңды тұлғалар бірлестігі барлық аудандарда жаңадан құрылған ұйымдар мен бастамашыл азаматтарға азаматтық қоғам мен әлеуметтік серіктестікті дамыту мәселелері бойынша кеңестер беріп, әдістемелік көмек көрсетті, үкіметтік емес ұйымдардың негізгі қызметтері туралы көшпелі оқыту семинарларын өткізді.   

2013 жылғы 22 қазанда Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдарының VI конференциясы өтті. Конференцияға облыс әкімі А.Мұхамбетов, Қазақстанның Азаматтық Альянсының президенті Н.Ерімбетов, мемлекеттік органдардың, белсенді үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени орталықтар жетекшілері, кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, облыстық мәслихат депутаттары, бизнес-құрылым өкілдері, ардагерлер қатысты.

Конференцияда мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың және бизнестің өзара қарым-қатынасының проблемалары және  перспективалары қаралды, сондай-ақ V Азаматтық Форумға қатысатын делегаттар сайланды және Ақтөбе облысы үкіметтік емес ұйымдарының идеялары мен жетістіктерінің көрмесі ұйымдастырылды.

Сонымен қатар, конференция барысында облыстағы қоғамдық келісімді нығайтуға, өзекті әлеуметтік мәселелерді шешуге  белсене атсалысқаны үшін бірқатар үкіметтік емес ұйымдар жетекшілері облыс әкімінің сыйақысымен марапатталды.

Үкіметтік емес ұйымдардың қызметі газет беттерінде және электронды бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып тұрады. Облыстық ішкі саясат басқармасының тапсырысы бойынша тұрақты түрде облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газетінде «Азаматтық қоғам», «Третий сектор» арнайы айдары, қалалық «Ақтөбе радиосында» «Біздің іс – Наше дело» атты бағдарлама шығып тұрады. Сонымен бірге, «Ақтөбе қаласы  және Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдарының сайты»  жұмыс жасайды.

Қазіргі уақытта мемлекеттік органдардың алдында мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру кезінде салалық принципті кеңейту міндеті тұр.

Тұтастай алғанда, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар арасындағы қарым-қатынас тұрақты түрде жолға қойылған. Өңірдегі азаматтық қоғам интситуттарының дамуы қалыпты күйде.