История/Всеобщая история

Кауменова Алтынгуль

А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ, «Тарих»мамандығының 3 курс студенті

Ғылыми жетекшісі: Ералина А.Е.,аға оқытушы

А.Байтұрсынұлы атындағы ҚМУ, Қостанай қ.

 

Қазақстандағы жәрмеңкелердің тарихы мен қызметі (ХІХ-ХХ ғғ. басы).

 

       Қазақстанда сауда қатынасының, әсіресе жәрмеңке саудасының дамуы революцияға дейінгі қазақ ауылының әлеуметтік-экономикалық тарихында маңызды орын алатын мәселелердің бірі. Бұл мәселені қазіргі таңда зерттеудің тарихи маңызы жоғары, өйткені егемендігін алғанына аса көп уақыт болмаған еліміздің экономикасы нарықтық қатынас жүйесі бойынша дамып келе жатқан кезеңде халқымыздың өткен тарихынан сауданың даму жолын біліп, тәжірибесін пайдаланудың артықтығы жоқ. 

Жәрмеңкелер қазақ даласына сауда капиталының енуіне қолайлы жағдай жасады және ол жәрмеңкеге қатысты уездердің ғана емес, округтардың да шаруашылық өміріне белгілі әсер етті. Жәрмеңкелерде дала қазақтарына айырбасқа Ресейге қарасты Тобыл, Том, Қазан қалаларынан, Орта Азиялық Бұқар, Ташкент қалаларынан халықтық тұтыну тауарлары әкелініп, сауда кең дамыды. Ресей мен Орта Азия хандықтарындағы сауда қатынастарының бір қалыпқа түспеуі қазақ жерінің транзиттік сауда көпірі ретінде ролін арттырды.

     Қытай мен Моңғолия саудагерлері де орыс-қазақ сауда байланысында елеулі рол атқарды. Көшпелі халық өзінің бар байлығы – төрт түлік малы мен одан алынған өнімдерін айырбас саудаға түсіріп, өзінің күнделікті тұрмыс қажеттілігін аша білді. Бірте-бірте Ресей, Батыс Қытай, Моңғолия мемлекеттерімен айырбас сауда байланыстары жанданып, бұл ХIХ ғасырдың 30-жылдарында қазақ даласында алғаш заңды негіздері қалыптаспаған бейресми дала жәрмеңкелерінің өмірге келуіне әкелді. Сауда байланыстарының сан-салалы күрделі тамыры сонау ғасырлар қойнауында қалған Ұлы Жібек жолында да жатыр. Ұлы Жібек жолы күйрегенмен, оның маңыздылығы мен тәжірибесі қазақ даласы үшін өз мағынасын ғасырлар бойы жоймай, өз жалғасын тапты.

    ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарының ортасында қазақ халқының Ресей құрамына қосылу процесі аяқталды. Бұл процестің аяқталуы қазақ даласында патша үкіметінің тек саяси билігін ғана үстем етіп қана қойған жоқ, сондай-ақ, қазақ көшпелі қоғамының шаруашылығын капиталистік жолмен дамып бара жатқан Ресей экономикасымен тығыз байланыстыра түсті. Осылайша, қолөнердің, сауданың, жалпы алғанда ауыл шаруашылығының дамуына өте тиімді жағдайлар жасалынды.

    Белгілі зерттеуші С.Н. Велецкий өз еңбегінде «құлжалық қырғыздар өздерінің жетісулық руластарымен үнемі байланыста болды және қазіргі уақытта Қарқара жәрмеңкесін мал және мал өнімдерімен ірі қамтамасыз етушілер» –деп көрсетті [1, 120-121-б].     Сауданың дамуы халықтардың өзара араласуына әкелді. Қазақ жерінен пайда тапқан орыстар бірте-бірте қазақ жеріне қоныс аударып, тұрақтана бас­тады. Осы кезеңде жылдам бой алған орыс бекіністері сауда жандануының негізгі орынына айналды. Құлжамен сауда ісін дамыту үшін орыс көпестері оңтүстік жәрмеңкелердің көбеюіне күш салды. Сауда алғаш орыс қалалары мен бекініс пункттерінде және казак-орыс станицаларында ғана жүргізілсе, кейін орыс көпестері шағын керуенмен жақын жерлердегі қазақ ауылдарына шықты және тауарларын малға, мал өнімдеріне айырбастап отырды. Айырбас сауда баламасы – ісек қой болды. Оның бағасы 1 сом күміспен бағаланды. Қазақ байларының малы мен мал шаруашылығы өнімдерінің көпшілігін рынокқа шығаруы, айырбас саудаға мықты ден қоюы және орыс көпестерінен ақшаға тауар алып, оны өз ауылдастарына арзан малға айырбастауы жергілікті жердегі маусымдық сауда айналымына қомақты үлес қосты. Кейінірек саудаға орта дәулетті шаруашылықтар да араласа бастады. Бекініс шептері салынған аумақтағы қалалар ірі сауда орталықтарына айналды. 

     Қазақ   жерінен орыс көпестері елтірі мен кілем, тері-терсек, жүн, май және басқа да мал өнімдерін айырбастап, әрі сатып алды. Жергілікті тоқымашылар тоқыған қазақ шекпені орыс көпестерінен үлкен сұраныс тудырды. Ешкінің салалы түбіттері де өтімді тауарға айналып, одан атақты «Орынбор шәлісі» тоқылды. Қазақтардың сұранысында Ресейдің балта, пышақ, қазан, темір ошақ, ағаштан жасалған ыдыс-аяқ, шай мен қант, кенеп, былғары, мақта-мата және металл бұйымдары, ине-жіп, айна, әшекейлік бұйымдар тәрізді заттар болды. Қазақстанға әкелінетін тауар мен шығарылатын тауар көлемі алғашқы кезеңде шамалас болғанымен қазақ тауарларының аздаған артықшылығы болған. 

    Қалалардағы айырбас сарайлары жәрмеңкелік сауданың ірі орталықтарына айналды. Сауда нүктелері тек қалаларда ғана емес, бекініс пункттері мен қазақ-орыс станицаларында қазақтар тығыз орналасқан жерлерде, темір жол бекеттері бойында ашылды.

XIX ғасырдың екінші жартысынан бастап қазақтардың шаруашылық мұқтаждықтарына неғұрлым ыңғайлы жәрмеңкелік сауда кең етек ала бастады. Олардың ішіндегі ең ірісі — Семей облысындағы Қарқаралы уезі Қоянды (немесе 1948 жылы негізін салушы көпес С.Ботовтың есімімен аталған) жәрмеңкесі болды.

    XIX ғасырдың соңында оның сауда айналымының көлемі 3 млн сомға дейін жетсе, Орал облысында Ойыл, Темір жәрмеңкелері, Ақмола облысындағы Петров (Атбасар станицасы), Константинов (Ақмола уезі), Тайыншакөл (Петропавл уезі), Жетісу облысында ең ірі — Қарқара жәрмеңкесі, Сырдария облысында — Әулиеата жәрмеңкесі болды. XIX ғасырдың 80- жылдарынан 1909 жылға дейін тек Семей облысында 15 жөрмеңке (Екатеринск, Шар, Семей, т.б.) болды.

Мұнда мал мен мал шаруашылығы өнімдері сатылды. Қазақстанға орыс өнеркәсіп өнімдері, тоқыма тауарлар (мақта-мата бұйымдары), өңделген тері, металл бұйымдары (ауыл шаруашылығы құралдары), қант, сабын, керосин, галантереялық тауарлар, тұрмыстык заттар әкелінді. Орталық Азиядан кептірілген жемістер, киім, мата, қалы кілемдер, Қытайдан шай, маталар тасылды [2, 579-580-бб.].

    Жәрмеңкелерде сауда операциялары  айырбас түрінде немесе ақша түрінде жүрді. Орыс көпестері жәрмеңкелерден ете үлкен пайда түсірді. Патша үкіметінің қазақ даласындағы сауда саясатының тонаушылық, отаршылдық сипаты болды. Дегенмен қазақтардың табиғи томаға-тұйық шаруашылығының ыдырауына жол ашты.

Жәрмеңкелер жылдың төрт мезгілінде өткізілді. Сондықтан оларды маусымдың жәрмеңкелер деп атайды. Қазақтар үшін, әсіресе жазда өтетін жәрмеңкелердің маңызы зор болды. Бұған алыс аудандардан жылқы, ірі қара, қой, ешкі және мал шаруашылығы өнімдері: тері, жүн, киіз, май, мүйіз, жылқының қылын әкеліп өткізіп, өздеріне қажетті заттарға, үн, шай, ыдыс-аяқ, т. б. айырбастады.

      Бұлардың ішінен рынок үшін арнайы өндіретін ұлттық сауда буржуазиясы өсіп шықты. Қазақтардың арасынан шыққан саудагерлерді: ұсақ, орта және ірі деп үшке бөлуге болады. Мәселен, XIX ғасырда қазақ байларының, алыпсатарларының, саудагерлерінің, приказчиктерінің, делдалдардың ірілі-ұсақты жалпы саны 40 мыңға жеткен. Дегенмен ресейлік және ортаазиялық сауда буржуазиясының бәсекелестік әсерінен қазақ буржуазиясы әлсіз болды. Ұлттык капитал толығымен қалыптаса алмады. Революцияға дейінгі Қазақстанда жергілікті рыноктардың бірігуі негізінде ұлттық рынок қалыптасып үлгермеді. Оған отарлық езгі, жекелеген аймақ арасындағы экономикалық байланыстардың әлсіздігі, ру қатынастарының сақталуы әсер етті.

   Қазақстан мен Қытайдың шекаралас аудандарында сауда-экономикалық ынтымақтастық ұлғайды. Қазақ-қытай сауда орталықтары ретінде Омбы, Петропавл, Семей, Көкшетау, Верный және т.б. калалар өсіп-көркейді. Қазақстан жері арқылы жүргізілетін орыс-қытай сауда қарым-қатынастары Құлжа, Айгүн, Пекин, Петербург келісімдері негізінде жандана түсті.

  Капиталистік қатынастар Қазақстан жерінде тереңдей түсті. Қазақстанның экономикалық жағдайы Ресеймен тығыз байланыста еді. Өнеркәсіптің дамуы, қалалардың экономикалық өмір орталықтарына айналуы, акционерлік қоғамдардың пайда болуы және ауылшаруашылық жүйесіндегі басқа да өзгерістер банктік мекемелердің желілік кеңеюін тездетті.

     Қала мен селоның арасындағы экономикалық байланыс сауда арқылы әсіресе, жәрмеңке саудасы арқылы орнады. Қазақ даласындағы жәрмеңке саудасының ролі туралы Дала генерал-губернаторы 1883 жылғы патшаға берген есебінде былай деп жазады: «Жалпы алғанда географиялық орналасуы жағынан біздің Орта Азиямен сауда жолымызда жатқан, мемлекеттің құрамына кіретін Дала генерал-губернаторлығы өте кең өлкені алып жатыр,    Даланың көшпенді тұрғындары сауда керуендерін жүк тасымалдайтын көліктерімен қамтамасыз етіп, сауданың өрістеуіне жағдай жасайды, өздерінің қойларын, жылқыларын, ірі қараларын сату арқылы мемлекеттің азық-түлік қорын молайтуда. Ал мал шаруашылығының өнімдеріне Еуропалық Ресейдің шығыс губернияларынан, Сібірдің жақын маңдағы аймақтарынан зауыт өнеркәсібінің тауарларын айырбастап алады. Бір жарым миллиондай көшпелі тұрғындар Ресейдің ауыл шаруашылығы, қолөнер және мануфактуралық өнеркәсіптік өнімдерін өткізетін орасан зор тұтыну рыногы болып табылады» [3,4-п.].

    Жәрмеңке саудасы таза мал шаруашылығы дамыған қазақ даласы үшін басты маңызы бар сауданың түрі болды. Өйткені көшпелі қазақ ауылының тұрғындары үшін өте ыңғайлы болды. Олар мал мен мал шаруашылығының өнімдерін өздеріне аса қажетті галантериялық, мануфактуралық, темір және басқа бұйымдарға айырбастап ала алды. Алысқа бармай, жақын маңда ашылған жәрмеңкелерден бар қажетті бұйымдарын табуға тырысты.

       Жәрмеңкелер саудаға түсетін заттардың сипатына қарай көктемде, жазда, қыста, күзде өткізіліп тұрды. Тауар айналымының қуаттылығы жағынан жазғы жәрмеңкелер бірінші орында тұрды. 

     Ал, бейресми мәліметтерге қарағанда, Қарқара жәрмеңкесі ресми ашылғанға дейін Жетісу өңіріндегі шұрайлы атырап – Қарқара малды, қалың ел дауылдаған жайлау болғандықтан қазақ ортасында пайда іздеген саудагерлердің жыл сайын базар ұйымдастыратын жері еді. Уақыт өткен сайын бұл базарға алыс қалалардан келген көпестер тауарлармен байытып, оның атын әр тарапқа таныта бастайды. Осыны ескере келе Жаркент уезінің басшылары Қарқара өзеніндегі сауда-саттықты заңдастыру мақсатымен жоғарғы орындардан рұқсат сұрайды. Оны мына хаттан байқаймыз: «Дала генерал-губернаторы мырзаға! 15-ші мамырдан 15-ші тамызға дейін Жаркент уезіне қарасты Қарқара өзенінде жыл сайын жабағы жүн, мал және басқа да тоқыма өнімдерін сатуға және алуға Верный, Ферғана, Жаркент және басқа да жерлерден қазақтар жиналып 200-ге дейін үй тігіліп, үлкен және ұзаққа созылған сауда қыза түседі. Саудагерлер осы жерден екі айға созылатын жәрмеңке ұйымдастыруды сұрайды. Жәрмеңкеге бақылау жасау Қарқара өзенінен 50-60 шақырым ғана жерге орналасқан Нарынқол учаскесінің бастығына өте ыңғайлы. Жоғарыдағыларды жеткізе отырып және 1876 жылғы Заңның 558-ші бабына сай, Сіздің жоғары мәртебеңізді жәрмеңке ашуға мейірім етеді деп сенемін. Сіздің жоғары мәртебелі Бас штабыңыздың жазбаша хабарлама хатын күтемін». Ал, өз кезегінде Омбы қазыналық палатасы Қаржы министрі А.Ермаков қол қойған және директоры В.Ковалевский бекіткен хат алады. Онда былай деп жазылады: «Министрлер комитетінің ұсынысына орай, осы жылғы қаңтардың 29-ында Император тақсыр Жетісу облысындағы Қарқара өзенінде екі айлық жәрмеңке ашу және онда сауда жасаушыларды баж салығын төлеуден босату туралы әмір етті». Жәрмеңке ресми түрде 1893 жылы 29 наурызда ашылып, жұмыс жасау мезгілі 15 мамыр мен 15 маусым аралығы болды. Кейіннен 15 маусыммен – 15 тамыз аралығына ауысады. Қарқара жәрмеңкесінің алып жатқан аумағы 2.567.46 десятина жерді құрады. [4, 4-п,12-17 пп.].      1897 жылғы мәліметтер бойынша Жетісу облысында ірі төрт жәрмеңке болды. Олар: Нарын-Сергиополь, Атбашы, Алмалы және Қарқара жәрмеңкелері еді. Лепсі уезіндегі Нарын-Сергиопол жәрмеңкесі ресми түрде 1885 жылдың 1 мамырында ашылып, 1 мамыр мен 15 маусым аралығында жұмыс жасады. Орналасқан жері Сергиопол станциасынан 8 шақырымдай жердегі Нарын өзенінің бойы болып, жәрмеңкенің жылдық айналымы шамамен 78 мың сом құрады. Ал, Пржевальск уезіндегі Атбашы жәрмеңкесінің ресми жұмыс жасауы 1890 жылдың 12 қазанынан басталды. Жәрмеңкенің жұмыс жасау мезгілі 6-25 шілде аралығында, ал жылдық айналымы 5,2 мың сомдай еді. Қапал уезіндегі Алмалы жәрмеңкесі осы шамада жұмыс жасады. Жетісудағы ірі жәрмеңке – Жаркент уезінің Қарқара өзенінің бойына орналасқан Қарқара жәрмеңкесі болатын. 1897 жылы Қарқара жәрмеңкесінің жылдық айналымы 66253 сомды құрады. 

     1897 жылы Қарқара жәрмеңкесінде 66 253 сомның әртүрлі тауарлары сатылды. Олар малмен әртүрлі заттарды айырбас түрінде жүрді. Ташкент пен Верныйға 64 546 қой, 4444 жылқы, 4191 ірі қара, 1718 ешкі сатылған. Ал, Семейге 141 түйе терісі, 20819 елтірі, 490 ешкі, 1621 қой, 314 тері, 522 жылқы, 18545 пуд жүн, 145 пуд жылқы қылы, 395 пуд ешкі жүні және т.б. сатылды. Ал, 1908 жылы Қарқара жәрмеңкесінің жылдық айналымы 1 миллион сомға жетті [5,62-б.].   Қарқара жәрмеңкесінің 1897 және 1902 жылдардағы сауда айналымына қарасақ, былайша жүрген: [6,21-б.]  Сатылған малдар:                                             1897             1902

Қой:                                                                     64546 бас     5466 бас

Ірі қара:                                                               4191 бас       67181 бас

Жылқы:                                                              4444 бас       3006 бас

 

  Кестеден байқағанымыздай мал саудасының өтімді уақыты күз бен көктем кездері болған.

    ХІХ ғасырдың соңына қарай Жетісу облысы арқылы Қытай мемлекетімен сауда қатынасы қарқынды өсу жолында тұрған. Бұл елмен сауда Жаркент, Бақты, Ыстықкөл (Пржевальскі), Нарын кеден және Харгос кеден пункттері арқылы жүрген. Қытай тарапынан астық, күріш, көкөніс, жеміс-жидек, құс және құс өнімдері, балық, қант, арақ, шарап, сыра, дәрілік шөптер, иленген тері, шойын, темір, болат, сондай-ақ солардан жасалған бұйымдар әкелінген.

Жәрмеңкелерде мал, тері, жүн және т.б. өнімдер сатылатын. 1914 жылы Қарқара жәрмеңкесінің айналымы бірінші дүниежүзілік соғыстың басталуына орай 762 мың сомға дейін төмендеді, жәрмеңкедегі дүңгіршектер саны 229 болды. 

     Жәрмеңке құрылғаннан бастап, шека­ралық аймақта болғандықтан 1915 жылға дейін Ресей империясы Ішкі істер министрлігінің бақылауында болып, одан кейін жер мәселелері жөніндегі министрлік құзырына өтеді. 

  1916 жылғы Қарқара жәрмеңкесі мен ондағы көтерілісті жазушы М. Әуезов былайша көрсетеді: «1916 жылдың жазы еді. Жаз жауынды, мол сулы, қалың шалғынды, қызықты, қалың Албанның ертегідей бай сұлу жайлаулары: Үш мерке, Дөңгелек саз, Ұшқарқара, Сырт, Лабас – жайлау күндерінің жасыл торғын шымылдығы, көк жібек бесігі сияқты. Тіршілік, молдық, бақыт, байлық қызуымен буы аспанға шығып жатқан өмір жәрмеңкесін көрсеткендей. Жаз күндерінің жарастығы мен қызығы қыр баласын мас қылғандай жалынды, желікті. Шалқыған, көрнекті, мол дүниенің тірі пішінді белгісі сияқтанып Қарқара жәрмеңкесі қайнап жатқан. 

    Жәрмеңке ашылғалы айдан артық болса да, қызуы мен желігі әлі басылып солғындаған жоқ. Қайта күннен-күнге етек алып, өршіп, дәуірлеп келе жатқан. Жәрмеңке – тоғыз жолдың түйіскен жері. Бір шеті үлгілі орыс қалалары болса, екінші жағы: Құлжа, Қашқар, Хиуа, Бұхар, Самарқан, Ташкент. Бәр-бәрінен неше алуан қазына шүмектеп құйғандай болып, Қарқара жазығына ақтарылып жатыр. Жауын артынан Алатаудан аққан селдей болып, сауда пұлы іркілмей төгіліп жатқан. Талай сан қостармен келген мың-мыңдаған қойлар Қарқара жазығын быжынаған ақ құрттай басқанына бірталай замандар болған.

       Қалың рудың мол жиылған ортасы – Қарқара. Байлықтың ұлы өрісіне жеткен кең қолтық, мол қолды, аңқау ел: Албан, Бұғы. Жәрмеңке жыл он екі айда бір-ақ болады. Болғанда, молынан болады. Үш-төрт ай бұл жәрмеңке бойы аспан атып, дәурен сүреді. Сол кезде жылдық керегін Албан баласы осы жәрмеңкеден күреп алады...

     Баяғы заманнан бері Албан жайлауын обырдай обып, тәтті, дәмдісін сіміріп жұтып, жонданып тұрған жәрмеңке бүгін ең ақырғы сағатына, өлім күніне жетті. Көп заманнан бері үлкен көнтерілі кеңдікпен шыдап келген ел, енді бұлқынып кеп, қатты тулады. Астын-үстіне көтеріп тастағандай, дүниесін ойран қылғандай болып тулады.

     Сонымен өмір бойы дұшпан ниетімен келген ескі жәрмеңке үлкен өрттің құшағына кіріп, қара түтіннің астында тұншығып, бықсып, жоғалып бара жатқан шақта қалың Албанның елі де үдере көшті. Салқар-салқар болып, айтқан қаздай тізіліп, ауа көшіп тартып берді» [7, 3-5 бб.]. 

Қорыта келе, ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында жәрмеңкелер сауда-саттықтың ерекше дамыған үлгісі ретінде Қазақстанның батыс аймағы экономикасының дамуына игілікті әсер етті. ХІХ ғасырдың                30 жылдары Ішкі Бөкей Ордасында негізі қаланып, кейін тұтастай батыс аймақта ашыла бастаған жәрмеңкелер тек сауда-саттық ісінде ғана емес, тұрақты экономикалық және саяси байланысты арттыруда, халықтың өнері мен мәдениетінің дамуында маңызды рөл атқарды.

   ХІХ ғасырдың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басында құрылып, қалыптасқан жәрмеңкелік сауда елдің экономикасында өзіндік терең із қалдырып, тарихи заңдылық арқылы дәуірден дәуірге жалғасып, қоғам дамуының белгілі бір кезеңінің тәжірибелерін зерттеу, еліміздің өткенін біліп, үйренудің, мемлекеттің болашағы үшін зор маңызға ие болды.

     Жәрмеңкелердің әлеуметтік-мәдени саладағы атқарған қызметін талдасақ,онда келесі тұжырымдар қалыптасады:

    Жәрмеңкелерде сауда-саттық жасалып қана қойған жоқ. Олар алуан түрлі рулар мен халықтардың өкілдері бас қосып, пікір алысатын, байланыс жасап тұратын орнына да айналды.

  Қазақ  және орыс халықтары өкілдерінің өзара тамыр-таныстығы да осындай жәрмеңкелерден басталатын. Жәрмеңкелерде ірі-ірі спорттық шаралар, ат жарыстары, ұлттық ойын түрлері өткізіліп тұратын. Қазақтардың әр түрлі руларының, кейде тіпті барлық жүздерінің өкілдері күш сынасатын жарыстар да өткізілетін. Жәрмеңкеге жиналғандар түрлі спорт ойындары мен жарыстарды тамашалайтын. Ақындар айтысқа түсіп, бақ сынасатын.

Ірі-ірі жәрмеңкелерде қазақтың бүкіл әлемге танылған атақты балуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлы өнер көрсетті. Жәрмеңкелерде қазақтың Ақан сері, Балуан Шолақ, Жаяу Муса, Майра Шамсутдинова, Әсет Найманбайұлы, Әміре Қашаубайұлы сияқты көптеген сал-серілері мен ақындары да жиі-жиі болып тұрған.

Саяси өмірдегі оқиғалар шиеленісіп қыза түскен кездері жәрмеңкелер өкімет билігінің жоғары органына жазбаша шағым түрінде петициялар жолдайтын орын да болып табылды. Мәселен, 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде Әлихан Бөкейхановтың басшылығымен атақты Қарқаралы петициясы жазылды.

Әдебиеттер:

1. Бекмаханов Е. Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында.-А.,1994.

2. Қазақстан тарихы.Т.3 – А., 2002.

3. ҚР ОММ. 64-қ.,1-т., 125-іс.

4. ҚР ОММ. 64-қ.,1-т., 125-іс.

5. Обзоры  Семиреченской области за 1908 год. Верный, 1910.   

6. Обзоры  Семиреченской облас­ти за 1897 год.Верный, 1898.  

7. Әуезов М. Қилы заман».- Алматы, 1979.