Түркілер
арасында исламның таралуындағы
Тараз
өңірінің рөлі
Г.С.Утепбергенова
Тараз қ-сы. М.Х.Дулати ат.ТарМУ
Түркілер
елінде Ұлы Жібек жолы бойында орналасып, Батыс пен Шығысты
байланыстырып тұрған, қазақ жеріндегі ислам мәдениетінің
алтын бесігінің бірі, бәлкім бірегейі болған Тараз
қаласы қытай, парсы, араб деректерінде жиі кездесетін атақты
қала болды. Тараздың қазақ елінің тарихында,
мәдени, ғылыми, рухани өмірінде алатын орны бөлек.
Қазақ
елінің тарихында ерекше орын алатын бұл көне қала ислам
өркениетіне де өзіндік үлес қосқан. Тарихты
зерделей отырып, Қазақстан территориясына исламның таралу
процесінде Тараз өңірінің айрықша рөл
атқарғанына көз жеткіземіз. Қазіргі қазақ
жерін мекендеген ұлыстардың мұсылмандыққа бет бұруы
осы тарихи қала түбіндегі 751 жылғы тарихқа «Талас
ғазауаты» деген атпен енген Атлах шайқасынан бастау алды.
Атлах шайқасы
қарсаңында Қытай империясы түріктердің ішкі
қырқыстардың кесірінен бұрынғы
күш-қуатынан айрылғанын пайдаланып, Жетісу өңірін
жаулап алған болатын. Империяның батысындағы шекарасы Шаш
қаласына дейін жеткен. Ол Орта Азияда да әлі арабтардың
ықпалына түсіп үлгермеген түрік және соғды
аймақтарын өзіне қаратып, жергілікті халыққа
зорлық-зомбылық көрсете бастайды. Қытай әскері
Шаштың түрік билеушісін талай рет бас идірді.
Ұлы
шайқас қарсаңында Таң империясының генералы Гао
Сянь-чжи Шаш қаласының қожасын «империяға жасаған
сатқындығы» үшін айыптап, түдүннің басын
алып, байлығын иемденеді. Басы алынған түдүннің
ұлы Тарбағатайды және Балқаш көлінің
шығыс жағалауынан Ертіске дейінгі Ұрынғыны мекендейтін
түркі-қарлұқтардан, сондай-ақ
Соғдыдағы араб гарнизонынан қолдау сұрайды. Осы
оқиғаның түркі-соғдылардың біржола арабтар
жағына шығуына түрткі болғандығын жаза келіп,
атақты тарихшы Л.Гумилев: «Өлтірілген марқұмның
ұлы Зияд ибн-Салих мұсылмандық отрядын ертіп келіп,
оған өзінің соғдылық достарын қосып, Талас
қаласын қоршауға алды. Гао Сянь-чжи қаладағыларға
көмектесуге аттанды, сол жаққа империя тәуелдісі
қарлұқтар жабғысы да өзінің атты әскерлерін
тартты. Имперліктер жағында ферғаналықтар,
қашқарлықтар, құшастықтар – барлығы
30 мың адам шабуылға шықты. Арабтар мен
соғдылардың саны белгісіз, бірақ сірә олар да
бұдан аз болмаған тәрізді. Екі армия 751 жылы шілдеде Талас
өзенінің маңындағы Атлах деген жерде кездесті.
Кескілескен шайқас екі жақ үшін де елеулі нәтижесіз бес
күнге созылды. Алайда шешуші сәтте қарлұқтар Гао
Сянь-чжи әскерінің тылына соққы берді, сөйтіп,
имперліктер күл-талқаны шыға жеңілді. Гао Сянь-чжи
Қытайға қашты», - деп жазады.
Зерттеулер Талас қаласын
Саманилықтар басып алып, ондағы христиан шіркеуін мешітке
айналдырған тәжіктер жорығынан кейін, Талас өлкесінде
мұсылмандық негізінен мықтап орын алды деп көрсетеді.
Таразда 893 жылы бой көтерген дәл осы мешіт қазақ
еліндегі ең алғышқы мешіттердің бірі
болғандығын ескерсек, Тараз қаласын ислам
өркениетінің Орталық Азиядағы алтын бесігі деп
айтуға толық негіз бар. Сондай-ақ осы уақытқа
дейінгі деректерде бірде Талас бірде Тараз аталып келген қаланың да
атауы осы жорықтан кейін біржола Тараз аталып кеткен. Оның себебі
Тараз атауы Талас атауына қарағанда парсы тілді самандықтар
тілінің фонетикалық заңдылықтарына сай келген.
Самандықтар
билігіне еніп, ислам дүниесінің орталық
қалаларының біріне айналғаннан кейін, Тараз қаласы парсы
және араб тілдеріндегі көптеген тарихи-әдеби
шығармаларға арқау болды. Мысалы, Тараз жайында ибн
Хордадбеһ, Құдама ибн Жағфар, Әл-Истахри, ибн
Хауқал сынды тарихшы ғалымдар қалам тербеген. Тараз
сондай-ақ өзіне тән ерекшеліктеріне сай парсы
ақындарының жыр шумақтарына арқау болды. Парсының
Рудаки, Фирдоуси, Әсади Туси, Фәррохи Систани, Горгани,
Мәсһүд Сәд, Сузани Самарқанди, Хақани,
Шерванди, Санаи, Дәқиқи, Әнвари сында ақындары
Тараздың аруларын, шеберханаларын, арғымағын, сәнді
базары мен киімдерін және батырларын өз бәйіттеріне
өзек еткен.
Түркі
халықтарын исламдандырудың басты кезеңдерінің бірі
елімізде Қарахан әулетінің билік құрған
тұсы (Х-ХІІғғ.). Себебі ислам дәл осы
әулеттің билігі тұсында тұңғыш рет
мемлекеттік дін деп жарияланды. Осы кезеңнен бастап бұрын исламды
күшпен қабылдағысы келмеген Ер түріктің
ұрпағы ендігі жерде исламның рационалистік бағыты
саналатын Ханафия және Матурудия мазхабтарын жүрекпен, ақыл-парасатпен
қабылдай бастады. Қарахан мемлекетінің негізін
қалаған Ислам дінін қабылдаған көреген елбасы
Сатұқ Боғыра Хан болды. Мұсылмандық Абу
әл-Керім есімін қабылдаған ол 942 жылы Баласағұн
қаласын өзіне қаратып, қағандығын жария
етеді. Сатұқ Боғыра хан қайтыс болғаннан
соң, ел тізгінін баласы Мұса Тоңға Ілік хан алады. Ол
960 жылы ислам дінін Қарахан елінің мемлекеттік діні деп
жариялайды. Мұса белгілі ойшыл, ғұлама, сопы Әбіл Хасан
Мұхаммед Сұфйанұлы әл-Қаламати тарапынан арнайы
ислами тәрбиеден өткен еді. Осының нәтижесінде ол
Қарахан патшалығының билігіне қараған
аймақта Исламның таралуына орасан зор еңбек сіңірген.
Мысалы, бір ғана 960 жылы 200 000 үй түркі халқы
мұсылмандықты қабылдаған.
Қарахандықтар
өз көршілес тайпаларына жерді қолдануға берген кезде
бір ғана талап қойған – исламды қабылдаған кезде
ғана көршілер жерге уақытша иелік ете алған. Қарахандықтардың саяси
және әскери жеңістері Орталық Азия территориясына
исламның таралып қана қоймай, оның жергілікті халықтардың
бұқаралық идеологиясы ретінде ресми статусқа ие болуына
жақсы жағдай жасады.
Ислам діні
мемлекеттік дінге айналған Қарахан елінде бұрын-соңды
болмаған оң өзгерістер орын алады.
Қазақстанның оңтүстік аймақтарында
айтарлықтай мұралар қалдырған осы дәуірде
егіншілік, малшылық күшейіп, қолөнершілік және
сауда гүлденіп, өркендейді. Елде ислам өркениеті
әсерімен қалалық мәдениет гүлденіп, сәулет
өнерінің Айша бибі, Алаша Хан күмбезі, Әулие Ата
мазары, мешіттер мен медреселер, кітапханалар, моншалар және су
құбырлары сияқты осы күнімізге дейін жеткен үздік
мұралары жасалды. Тараз, Самарқанд, Бұхара және
Қашғар шаһарлары асқан дәрежедегі ислам
орталықтарына айналды. Қарахан мемлекетінде түркі тілі
алғашқы рет ғылыми түрде қолға алынып,
мұсылман әдебиеті түркі тілінде шыға бастайды.
Қашғарлық Махмұд жазған «Түрік
тілінің сөздігі» және Жүсіп
Баласағұнның «Құтты білігі» тағы да
басқа туындылар дүниеге келді. Бұған дейінгі етек алып
бара жатқан түрік тілін менсінбеушілік, жазба
әдебиеттің тек парсы немесе араб тілдерінде ғана жазылу
үрдісіне осы кезеңде шектеу қойылды. Түркі
тілінің аман-есен сақталып, бүгінгі күнге жетуі осы
түркі-мұсылман мемлекеттерінің
қамқоршылығының арқасында болған.
Тұран
халықтарының ҮІІ ғасырда исламмен танысқаннан
кейін адамзаттың ең жарқын өркениетін
қалыптастырғанын мақтанышпен айта аламыз. Тараз
өңіріндегі діни-рухани, мәдени, ғылыми ошақтардан
мұсылман әлеміне аты белгілі бірқатар майталмандар
шықты. Соңғы жылдардағы зерттеулер Тараздан орта
ғасырларда 50-ге жуық ойшыл парасат иелерінің
шыққанын көрсетіп отыр. Түркілер ислам мәдениеті
мен ғылымдары негізінде қалыптастырған әскери, саяси,
ғылыми, құқықтық жүйелер,
әдебиет туындылары түгелдей дерлік исламнан сусындаған
айрықша қазыналарымыз. Қала басқару, білім беру
жүйелері, ғылыми зерттеулер, қазылық билік,
көркемөнер және тіл ғылымдары, ғылымның
астрономия, медицина, химия сияқты салалары, әлеуметтік
қайырымдылық қорлары және рабаттар, денсаулықты
сақтау және сауықтыру шаралары, мұсылман (түрік)
моншалары, қолөнер туындылары, зергерлік өнер тағы
тағылардың көбі Тараз сияқты дамыған
мұсылман қалаларында дүниеге келген. Тараз ғасырлар
бойы түркі даласындағы ислам мәдениеті мен
өркениетінің ең беделді орталығы болды, исламдық
мәдениет нормаларының сіңісуінде маңызды рөл
атқарды.