Манабаева А.Ш.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің доценті, педагогика ғылымдарының кандидаты

Буртибаева А.К.

 Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің

аға оқытушы, педагогика ғылымдарының магистрі

 

Үйірме сабақтарында студенттердің ұлттық қолөнерге қызығушылығын арттыру ерекшеліктері

 

В статье раскрыты основные положения организации кружковых занятий студентов по декоративно-прикладному искусству. Участие студентов в творческих выставках являются результатом плодотворной работы на кружковых занятиях, что обеспечивает даьнейшую успешную работу в образовательных учреждениях.

 

Қай халықтың болмасын ұлттық мұрасы, халықтың қазынасы - қолөнері болып табылған. Қазақстан Республикасының Білім беру туралы Заңы - Республика азаматтарының білім алуға конституциялық құқын қамтамасыз етуге бағытталып отыр [1]. Халық шеберлері ұлттық қолөнер бұйымдарын жасау арқылы сол халықтың этикалық және мәдени ұлттық дәстүрін көрсете білген. Қарастырылып отырған мәселе халқымыздың қолөнерінің бір ғана қырын ала отырып, қазақ қолөнерінің ұлттық ерекшелігімен сол қолөнердің заман ағымымен дамып келе жатқандығы негізгі арқау болады.

Атадан балаға жалғасып келе жатқан ұлттық қолөнерді өткен ғасырда жоғалтып ала жаздап, егеменді ел болғалы өз мәдениетімізді, салт-дәстүрімізді, рухани сән-салтанатымызды, ырым-наным, әдет-ғұрып, тұрмыс-тіршілік болмысымызды қайта жандандырып, қазақ қолөнері кайтадан ел арасына, білім ордасына бірте-бірте тамаша үлгілерімен еніп, студенттерге жан-жақты білім мен тәрбие беруге, жаңаша еңбек етуге талпындырып отыр. Осының бәрі халықтық педагогика негізі болып табылады. Қайта жаңғырып, жастар тәрбиесіне арқау болып отырған халықтық педагогика – жалпы қауымға ортақ әлеуметтік қозғалыс. Халықтық педагогика кешегі ойшылдар мен сал-серілерден, шешен-билерден, ақын-жыраулардан мирас болып қалған құнды тәрбие құралы [2].

Қазақ халқының қолөнерінің арнасы өте кең. Бұған айғақ өз еліміздегі жүн, мата, ағаш, сүйек, металл өңдеу, тері ұқсату мен етікшілік, тас өңдеу, тоқымашылық тағы да басқа сияқты салаларымыз дамып жетілгенін атасақ та жеткілікті. Ертедегі қолөнер шеберлері, ұсталар, зергерлер, әшекей бұйымдар мен қолөнер туындыларын, түрлерін жасап қана қоймай дер кезінде балаларына жастайынан оның қыр-сырын тәрбие ұғымдарын, жасалу жолдарын түсіндіріп, көрсетіп отырған. Дана халқымыз болашақ ұрпағына мұра қылып қалдырған. Қазақстан Республикасы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасында Қазақстандағы мәдени мұраның қазіргі жай-күйіне, сан ғасырлық дәстүрлерді сақтау мен одан әрі дамыту жөніндегі шараларды жетілдіруге аса зор мән берілген. Бұның өзін Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев өзінің ұлттық мәдениетімізді дамыту жолындағы үндеуінде «Ұлттық мәдениетімізді ұлықтап, бар мен жоғымызды түгендеп, жүйелеп келер ұрпаққа аманаттау «Мәдени мұра» бағдарламасының басты мақсаты – деп, атап көрсетті [3].

Қолөнер ғасырлар бойы дамып, жетіліп, уақыт сынынан сүрінбей өтіп, қалыптасып келе жатқан халық шығармашылығының сарқылмас қайнар көзі, халқымыздың мәдениетінің айнасы. Ол талай ғасырлар елегінен өтіп, түрленіп, жаңарып, атадан-балаға қалған мұра ретінде бізге тап-таза күйінде жеткен дәстүрлі де қастерлі өнер.

Білім берудің мақсатын, міндеттерін жүзеге асыруда мектеп ұжымдары, әр мұғалім күнделікті ізденіс арқылы барлық жаңалықтар мен өзгерістерге батыл жол ашарлық қарым-қатынас жасаулары керек. Оқыту тұрлерін, әдістері мен құралдарын одан әрі жетілдіріп, тиімді тәсілдерді нәтижелі қолданудың жолдарын іздестірілулері қажет. Оның өзі уақыт талабынан туындауда.  Қоғамның дамуы адамдардың ой-санасының, мінез-құлқының өзгеруімен қоса сыртқы сымбат, келбетінің де жаңаруына ықпал етуде. Қазіргі заманда қолөнер бұйымдарын шығармашылықпен әзірлеу заман талаптарынан туындап отырған мәселелердің бірі деуге болады. Бұл осы салада қызмет етуші мамандарға қойылатын талаптардың да жаңғырып, күшейе түсуіне алып келуде. Жаңа талап, жаңаша ойлайтын, шығармашылық қабілеті дамыған, күнде жаңғырып, күнде өзгеріп отыратын бәсекелерге сәйкес туындылар жасай алатын мамандарға зәру. Осыған орай, тарихи археологиялық бағыттағы С.Агапов, М.Кыдырбаев, А.Ақышев, З.Ақайқызы т.б. еңбектерінде жалпы қазақ халқының мәдениетін сөз еткенде үй шаруасьшда қолданатын заттар мен бұйымдарға сипаттамалар беріп, мәнін пайымдайды [4-6].

Қолөнер адамның әсемдікке, нәзіктікке деген сезімін тербеп, сол салада табиғатты өзінше таңбалап, бедерлеп, сұлулықтың қабілетін арттырады. Ол арқылы біз зор эстетикалық  рухани тәрбие алып, әлемдік өнер шыңына қанат қағамыз. «Өнер жемісі - өмірге азық» демекші, жас ұрпаққа қолөнер арқылы жан-жақты берілген тәлім-тәрбие олардың өмір азығы болатынына күмән жоқ. Өйткені, қолөнер қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінің қайнар көзі болған, ғасырлар асылы өз қадір-қасиетін жоғалтпай жалғасын тауып келе жатқан асыл мұралар [7].

Ұлттық бағалы тұрмыстық бұйымдарымыздың бірі саналатын үй жасауы – кілем дейді халық, кілем – жайсаң төсеніш, жастық сәнді бұйым. Осындай ел аузына ілінген асыл қасиетін ол әлі де сақтап келе жатқан бағалы зат. Кілем бетіндегі сан қилы сәнді өрнектерге қарап отырсаңыз, тұнып тұрған халық шежіресін көргендей боласыз. Бір кезде өмір сүрген халықтардың тұрмысы, көшпелі елдің ағаш үйі, мал қорасы, ескі қорғандар, жүзім баулары – осының бәрі кілем бетінде бейнеленген. Кілемдегі суреттер қаншама шартты бейнеленгенімен ондағы өрнектерден өмір шындығын аңғару қиын емес.

Қолөнердің тәрбиелік мәні – оқыту кезінде өнерге деген, өзіне деген, өнерге деген көзқарасын, білімін, іскерлігін нығайту керек. Оқыту үрдісінде еңбектенуге, өнерге деген ықласын оятып, қаралып отырған мәселенің тәрбиелік мәнін анықтап беру қажет. Ғылыми тұрғыдан берілетін білім оқушыларға міндетті түрде түсінікті болуы керек.

Болашақ педагог мамандарына арналған  үйірме сабақтарда оқытудың негізгі міндеттері – білім беріп қана қою емес, білім мазмұны арқылы өмірге, болашақ еңбекке, адамдарға, айналадағы ортаға, дұрыс қарым-қатынасын қалыптастыру. Оқыту мен тәрбие бір-бірімен байланысты процесс. Үйірмеде тәрбиелік мәнін ескере отырып, сабақтарының барысында оқу және тәрбие міндеттерін шешеді.

Үйірме сабағында ұлттық тәрбие берудің міндеті жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыру болғандықтан, ұлттық қолданбалы қолөнерді үйірме сабағында тиімді етіп оқыта білу болып табылады.  

Студенттерге ұлттық тәрбие беруге шығармашылық іс-әрекеттерді меңгеру талап етіледі. Өйткені, көркем шығармашылық іс-әрекеттердің күнделікті пайдаланып жүрген оқыту әдістерінен айырмашылығы бар. Халық мұрасындағы қолданбалы қолөнері арқылы ұлттық тәрбие беру ұстанымының өзара тығыз байланыстығы. Демек, бұнда ұлттық тәрбие беруде бірінші орында студент тұлғасы тұрады және оның білім алудағы белсенділігіне баса назар аударылады.

Үйірме сабағында студенттерге ұлттық тәрбие берудің негізгі түрлері -тәрбие берудің дербес және топтау түрлері. Бұл жерде алға қойған басты мақсат студенттерге деген сенім, ұлттық қолданбалы қолөнерге қызығу мүмкіндіктеріне сүйеніп, ұлттық қадір-қасиет сезімін дамыту. Ал, оқытудың фронтальды түрлері, көбінесе бағыт беру, талқылау және түзету енгізуге ғана пайдаланылады.

Үйірме сабағында жаңаша оқыту әдістерімен көркемдік білімін жетілдіру үшін пайдаланылатын әдістемелік құралдар студенттердің танымдылық іс-әрекеттерін жүргізе алатындай болуы керек. Бұрынғы дәстүрлі оқулықтар мұндай талапты қанағаттандыра алмайды, сондықтан, оқушылардың технологиялық білімін жетілдіру үшін жаңа типтегі оқулықтар қажет-ақ.

Тарихи жазба ескерткіштер мен археологиялық деректерге қарағанда, Қазақстан  жерінде қолөнер  кәсібі бұдан  екі жарым  мың  жыл бұрын, өзінің әрбір даму дәуірінде өшпес ізін қалдырып, талай тайпалардың шығармашылығы арқылы қалыптасып, мәдени  мұраға айналған [8].

Халықтың өмір тұрмысымен  бірге  біте  қайнасып  толып жатқан тұрмыс қажеттілігінен туындап, таңқаларлық  ғажайып  өнер  туындыларына айналған.  Қазақтың  киелі баспанасы – киіз  үйінен  бастап,  киім-кешегі,  ат әбзелдері, қару-жарақ, зергерлік  бұйымдар, музыка  аспаптары,  күнделікті тұрмысына  қажетті  әсемдік-сәндік  бұйымдары халық қолөнерінің туындылары  адамдарға  рухани ләззат, ел  тұрмыста сән  беріп,  қуаныш  сыйлаған.

Қазақ халқының қолөнері  деп  халық  тұрмысында   жиі  қолданатын тоқу,  тігу,  өру,  құрастыру,  мүсіндеу,  бейнелеу  сияқты   шығармашылық  өнер жиынтығын айтады. Шын мәнінде қолөнер түрлерінің  әрқайсысының талай  ғасырлық  тарихы  бар.  Халық шығармашылығының  қай  түрі  болса да,  халық өмірімен, қоғамдық тарихымен, күн көріс,  кәсібімен  тығыз  байланысты  екенін  көреміз.

Халық  қолөнер талай  ғасырлар бойы  дамып  қалыптасып,  жаңарып,  түрлене келіп, ата  кәсібі  мен ана  кәсібінің  атадан  қалған  мұра  ретінде  бірге  жеткен  дәстүрлі  де  қастерлі  өнер.

Қай өнер туындысын  алсақ  та,  сол  өнерді  тудырған  халықтың  тарихы  мен қоғамдық құрылымы, әдет-ғұрпы, салт-санасымен  үндесіп  қатар  өркендейді. Осы мәселелердің барлығы бойынша терең мағлұматтарды оқушылар үйірме сабақтарында алды.

Өнер  адам  баласын  әсемдік  пен  нәзіктікке, сұлулыққа  құштар  болуға  үйретеді.  Біз  ол арқылы  үлкен  рухани  эстетикалық  тәлім-тәрбие алып,  өнер  әлеміне  қанат  қағамыз.

Халқымыз көркемдік талғамды жоғары бағалаған. Сондықтан болар ұрпағына қалдырған  бай  мұрасы – тұнған ғибрат өнеге, ұрпақ  жалғастырған  байланыстырып тұрған халықтың өміршең тәжірибесіне толы. Әр  халықтың ұлт  екенін  дәлелдейтін  үш  арнасы  бар:  сөз  өнері,  қол  өнері,  саз  (музыка)  өнері.  Соның  ішінде  әрбір адам  өз  халқының рухани қазынасымен, оның ұлттық мәдениетімен,  әдет-ғұрпы, дәстүрлерімен  неғұрлым тереңірек  танысу  қажеттігі туындып отыр. Қазақстанда  қолөнеріне  тәрбиелеудің  қалыптасуы  мен  дамуы,  халықтың  сан  ғасырлық  тарихымен,  тұрмыс-тіршілігімен  және  мәдениетімен  тығыз  байлынысты.

Адамдардың киім-кешегінде, үй жайларында, қолөнер туындыларында  эстетикалық  талғам  мен  ұғымдардың  ерекшеліктері мен әдістері  көрінетіні  даусыз.

Үйірме сабақтарында шығармашылық міндеттермен қатар ғылыми-зерттеу мәселелері де шешіледі. Бұл процесс дәстүрлі халықтық қолданбалы қолөнерімен таныстырып олардың қызығушылықтарын арттыру жағдайында өтеді. Үйірме сабақтарында студенттерге шеберлік класстарын көрсетіп, шеберлермен кездесіп, көрнекілік құралдарды пайдалана отырып таныстыру қарастырылған.

Халықтық қолданбалы қолөнер ұлттық тәрбие көзі болып табылады. Оны халықтық педагогикадан туындайтын ұғымдарымен қатар зерттеу жұмыстарын жүргізіп жоба ретінде ұсынса дәстүрлі халық қолөнерінің негізінде ұлттық тәрбие беру мүмкіндіктерін қамтиды. Ол болашақ шығамашылық мамандықтарда оқитын студенттердің зерттеу нысаны ретінде қарастырылады. Ұлттық қолданбалы қолөнер қазіргі заманғы этнография, философия, өнертану, әдебиет, мәдениеттану, гуманитарлық пәндер арқылы зерттеу жұмыстары көкейтесті мәселелерін қамтып отыр.

Ұлттық қолданбалы қолөнерді үйірмеде оқыту барысында, халқымыздың үлгі-өнегесі, салт-дәстүрін ұрпақ санасына сіңіруде үлгі боларлықтай педагогикалық іскерлік, шеберлік шығармашылықпен еңбек ету қажет.

Ұлттық тәрбие -  білім беру арқылы жүргізіледі. Сондықтан, үйірме бағдарламасы мынандай міндеттерді шешуі керек:

– халықтың қолданбалы қолөнеріндегі біз кесте тігу өнері туралы түсінікті қалыптастыру. 

– халықтық қолданбалы қолөнерінде ұлттың мәдениетіне оқушылардың сүйіспеншілігін, қызығушылығын ояту:

– ұлттық қолданбалы қолөнер шеберлерінің еңбегімен таныстыру, біз кесте тігу әдісін күнделікті тұрмыста қолданылатын қарапайым ұлттық нақышта орындалған бұйымдарды жасауды үйрету, тағы сол сияқты.

Тәжірибелік және бақылау топтарындағы студенттердің дәстүрлі қолданбалы қолөнер туралы түсінігін және қалыптасқан ұлттық талғам деңгейлерін байқауға арналған тәжірибе қорытындыларын зерделей отырып, мынандай мәселелер анықталды.

- үйірмеде халықтық мұра, қолданбалы қолөнер туралы және олардың кейбір көп тараған түрлері туралы ғана мағлұматтар берумен шектеліп келген.

- қабылдау, сезіну, ұлттық, танымдық деңгейлеріне сәйкес адам өміріндегі халықтық мұра қолданбалы қолөнер туындыларының сәндік мәнері, маңызы туралы түсініктерді қалыптастыруға, ұлттық тәрбие құралы ретінде қолдануға мән берілмеген.

- ұлттық қолданбалы қолөнер бұйымдарының үлгілерін көрсету, ою-өрнектерді әшекейлеуге пайдалану сияқты сыңаржақ іс-әрекеттер деңгейінде ғана жүргізіліп келген. Ал, халықтық дәстүрлі қолданбалы қолөнердің ұлттық мәнін біртұтас қабылдау, сезіну, пайымдау, сол арқылы ұлттық талғамды қалыптастыруға мүмкіндік беретін іс-әрекеттер ойластырылмаған.

Осы мәселелерді қорытындылай отырып, үйірме сабақтарда сәндік қолданбалы өнерге студенттердің қызығушылығын, білімділік, ұлттық танымдылық сапаларының артуына, сабақтар мазмұнына, әдістемелік жүйесіне талдау жасаған соң тәрбие негізінде олардың талғам нышандарының нәтижелерін бекіту мақсатымен жалғасуы тиіс.

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1 Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы //Қазақстан, 1999 ж.

2 Интернет деректері. [Электронды ресурс] – Кіру режимі http://www.madenimura.kz/kk/government-program. (қолданған мерзімі 20.03.2015)

3 Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан-2030» стратегиялық бағдарламасы: Ел президентінің Қазақстан халқына Жолдауы. Алматы, 1997. – 17 б.

4 Агапов С. Кыдырбаев М. Сокровища древнего Казахстана. Алматы: Жалын, 1979. -252с.

5 Акишев К. Курган Иссык. Искусство  саков  Казахстана. Алматы, 1978. – 131 с.

6 Ақайқызы З. Ою - өрнек  ой  айтар. -Алматы: Рауан,  1996. – 48 б.

7 Мұқанова Қ. Этнология: оқу-әдістемелік құрал / Г.Мұқанова. – Алматы: Ғылым, 2005. - 96 б.