Досмаханова Л.Д.Тараз мемлекеттік педагогикалық институты ПЕДАГОГТАРДЫҢ КӘСІБИ ҚҰЗЫРЕТТІЛІГІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ
Қазақстан
Республикасы мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартында жалпы
орта білім берудің ұлттық деңгейдегі басты
мақсаты – еліміздің әлеуметтік, экономикалық және
саяси өміріне белсенді қатысуға дайын, құзыретті
тұлғаның қалыптасуына ықпал ету деп анық
көрсетілген.
«Құзырлылық – тек
кәсіби білімі емес, тұлғаның жалпы мәдениеті мен
шығармашылық әлеуетін дамыту қабілеті» - деп Т.Г.Браже
[1] түйіндейді. Сондықтан бүгінгі ұстаз тек
кәсіби білімін толықтырып қана қоймай, үнемі
шығармашылықпен жұмыс жасауы қажет.
Кәсіби
құзыреттілікті зерттеуде Н.В.Кузьмина [2]
арнайы-педагогикалық, ғылыми-педагогикалық,
әлеуметтік-психологиялық құзыреттілік,
әдістемелік құзыреттілік, дифференциалды-психологиялық
және аутопсихологиялық құзыреттілік сияқты
түрлері ретінде, А.А.Реан [3] дифференциалдық-психологиялық
құзыреттілік, А.К.Маркова [4] мұғалімнің
педагогикалық қызметін жүзеге асыру үшін қажетті
білім, білік, дағды және қабілеттіліктің,
психологиялық сапалардың жүйесі, Е.М.Павлютенков [5] білім
және мұғалімнің
тұлғалық қасиеттерінің негізінде
педагогикалық қызметті орындау формасы ретінде
қарастырған.
Құзыреттілік
ұғымы белгілі бір салада тұжырымдар жасауға
мүмкіндік немесе құқық беретін адамның
қабілеттілігі мағынасында қолданылады. Бұл
қабілеттіліктің негізін білімділік, хабардарлық және
іс-әрекет тәжірибесі құрайды. Осы арқылы
құзыреттілік ұғымының жинақтаушылық
сипаты айқындалады. Сондай-ақ,
құзыреттілік – ол тұлғаның оқыту және
әлеуметтену үрдістері барысында меңгерген білім мен
тәжірибеге негізделген, оның жалпы қабілеті мен
іс-әрекетке даярлығы ретінде айқындалатын,
тұлғаның қасиеті. Құзыреттілік
ұғымы қазіргі таңда елімізде, шетелде де білім
берудің нәтижесі ретінде қолданылады.
Кәсіби
құзыретті маман психологиялық-педагогикалық және
арнайы білімдерді меңгеруі қажет, сонымен бірге ол білімдерін
нақты бір жағдайларды пайдалануы тиіс. Кәсіби
құзыреттілік педагогтың өз ісінде шебер болуын
анықтайды дейуге болады.
Кәсіби
құзыреттілікті зерттегенде ғалымдар көбінесе
кәсіби құзыреттіліктің жеке жақтарына мән
береді. Мәселен, Н.В.Кузьмина құзыреттіліктің арнайы
педагогикалық, ғылыми-педагогикалық, әдістемелік
және тағы басқа түрлеріне зер салған [2].
А.А.Реан [6]
дифференциалдық-психологиялық құзыреттілікке, ал
Т.Б.Руденко – дидактика-әдістемелік құзыреттілікке [7] аса көңіл аударған.
Педагогтың
кәсіби іс-әрекетінің сапалары, оның шеберлігі мен
кәсіптілігі, педагогикалық қабілеттері мен
талаптары жайындағы мәселелерді зерттей келе, Н.В.Кузьмина
педагогикалық қызметкерлердің маңызды
сипаттамаларының ішінен, олардың еңбегінің
табыстылығына әсер ететін, кәсіби құзыреттілікті
бөліп көрсетеді. Педагогикалық
құзыреттіліктің негізгі элементтері ретінде ол
төмендегілерді атайды: оқытылатын пән саласындағы
арнайы құзыреттілік; оқушылардың білім, білік,
дағдыларын қалыптастыру тәсілдері саласындағы
әдістемелік құзыреттілік; оқыту саласындағы
психология-педагогикалық құзыреттілік; білім алушылардың
түрткілері, қабілеттері мен бағыттылығы
саласындағы дифференциалдық- психологиялық
құзыреттілік және аутопсихологиялық
құзыреттілік. Арнайы құзыреттілік оқытылатын
пән, мамандық саласындағы терең білімдерді,
біліктілікті және өндірістік іс-әрекеттегі тәжірибені
қамтиды; нақты өндіріспен байланысты техникалық,
шығармашылық міндеттерді шешу тәсілдерін білу.
Әдістемелік құзыреттілік оқытудың әр
түрлі әдістерін меңгеруден, дидактикалық
әдістерді, тәсілдерді білуден және оларды оқу барысында
қолдана алудан, оқу үрдісіндегі білімдер мен икемдерді
меңгерудің психологиялық механизмдерін білуден тұрады.
Психология-педагогикалық құзыреттілік педагогикалық
диагностикамен иеленушілікті болжайды, білім алушылармен педагогикалық
тұрғыдан орынды байланыс орната алуды, педагогикалық
диагностика нәтижелерінің негізінде жеке жұмыс жүргізу;
жас ерекшелік психологиясын, тұлғааралық және
педагогикалық қарым-қатынас психологиясын білу; білім
алушыларда таңдап алынған мамандыққа, пәнге
тұрақты қызығушылықты ояту және дамыта алу.
Дифференциалдық-психологиялық құзыреттілік білім
алушылардың тұлғалық ерекшеліктерін, ұстанымдарын
және бағыттылықтарын анықтауды, адамдардың
эмоционалдық жағдайын анықтай алуды; басшылармен,
әріптестермен және оқушылармен өзара қатынасты
тиісті орната алуды қамтиды. Аутопсихологиялық
құзыреттілік өз іс-әрекетінің, өз
қабілеттерінің деңгейін сезіне алуды болжайды; кәсіби
өзіндік жетілудің тәсілдері туралы білуді; өз
жұмысында, өз кемшіліктерінің себептерін көруді;
өзіндік жетілуге деген талпынысты білдіреді.
Кәсіби
құзыреттілік мәселелері отандық және шетелдік
ғалымдардың еңбектерінде қарастырылады. Кәсіби
құзыреттіліктің қазіргі түсіндірмелері алуан
түрлі болып келеді. Шетелдік әдебиеттердегі кәсіби
құзыреттіліктің бүгінгі күндегі «терең
білім», «міндеттерді барабар атқару жағдайы», «іс-әрекетті
табысты орындау қабілеті» сияқты бар анықтамалар бұл
ұғымның толық мағынасын нақтылап ашпайды.
Кордуэлл М. «Психология А дан Я дейін » атты
анықтағыш-сөздігінде адам құзыреттілігінің
бірнеше түрлеріне анықтама береді: когнитивтік
құзыреттілік – мәселелерді шеше алу және
қойылған мақсаттарға жете алу қабілеті;
әлеуметтік құзыреттілік – басқа адамдармен
қарым-қатынасты сақтай алу қабілеті, физикалық
құзыреттілік – «мен нені істей аламын (немесе істей алмаймын)» -
жүгіру, футбол ойнау және т.б. [8].
И.А.Колесникованың
көзқарасы бойынша, кәсіби-педагогикалық
құзыреттілік, оның абыройы мен жетістіктерін қамтитын
және қоғамдағы нақты бір тарихи жағдайларда
қабылданған нормаларға, стандарттарға және
талаптарға сәйкес педагогикалық қызметтерді
атқаруға даярлығы мен қабілеттілігін анықтайтын,
педагогтың интегралдық кәсіби-тұлғалық
мінездемесі ретінде қарастырылады [9].
М.И.Лукьянова,
кәсіби құзыреттілікті жетілдіру мәселелерін жалпы
көкейтесті ете отырып, білім беруді ізгілендіру және
қоғамдастыру идеяларының таралуына байланысты және
жалпы кәсіби құзыреттіліктің өзіндік ішкі
құрылымына қатысты оны барынша маңызды деп санай келе,
оның ішінен психология-педагогикалық құзыреттілікті
бөліп қарастырады. Кәсіби құзыреттіліктің
құрылымында маңызды және өзіндік ішкі
құрылым бола тұрып, психология-педагогикалық
құзыреттілік, өзін басқа адамдармен ерекше бір
жағдайларда ерекше түрде өзара әрекеттесу
қабілеттілігі ретінде байқатып, педагогтың мүмкіндіктерін
білдіреді. Психология-педагогикалық құзыреттілік деп ол,
педагогикалық іс-әрекетке және білім беру үрдісінде
оқушылармен тиімді өзара әрекеттесуге кәсіби
дайындығы жоғары деңгейдегі тұлғаның
белгілі бір қасиеттерінің жиынтығын санайды және
оның негізгі бөліктері ретінде психология-педагогикалық
бағдардың үш блогын бөліп көрсетеді: 1)
сауаттылық, яғни жалпы кәсіби деп атауға тән
білімдер; 2) педагогикалық іс-әрекетте, өзара
әрекеттестікті ұйымдастыруда мұғалімнің өз
білімдерін пайдалана алу қабілеті ретіндегі дағдылар; 3)
педагогикалық іс-әрекет үрдісінің өзінен
ажыратылмайтын кәсіби маңызды тұлғалық
қасиеттер. Автордың айтуынша, құзыреттіліктің
аталған түрінің маңызды сипаттамасын, өз
ісінің басты құндылығы ретінде оқушыға
бағдарланғандық, сонымен қатар өзін-өзі
тану және өзін-өзі өзгерту, оқу-тәрбие
іс-әрекетінің тәсілдерін, тұлғаның даму
заңдылықтарын ескере отырып оқушыларға әсер ету
әдістерін өзгерту қажеттіліктері құрайды. Ал
құзыреттіліктің жүйе жасаушы элементі болып,
мұғалімнің кәсіби маңызды
тұлғалық қасиеттері саналады [10].
О.В.Симен-Северская,
әлеуметтік қызметтегі маманның педагогикалық
құзыреттілігінің қалыптасу үрдісін зерттей келе,
оны кәсіби құзыреттіліктің маңызды
құрылымдық бөлігі ретінде қарастырады және
оны, педагогикалық бағдарланған кәсіби
іс-әрекетті атқаруға қажетті білім, білік,
дағдыларды және ұстанымдарды қамтыған,
біріктірілген тұлғалық-әрекеттік құрылым
ретінде түсіндіреді.
Кәсіби
құзіреттіліктің көрінуіне белгілі бір
жағдайлардың әсері зор. Кәсіби
құзіреттілікке ие болу дегеніміз сол жағдайға
өзінің бар білімі мен тәжірибесін бейімдеу. Білімді
адамдардың нақты жағдайларда қажет болған
жағдайда сол білімін қолдана алмайтындығын күнделікті
өмірде кездестіруге болады. Осылайша, құзыретті тудыру
үшін олар көрінетіндей, нақты жағдайлар тудыру
қажет.
Кәсіби
құзыреттілік -
тұлғаның оқу-танымдық үрдісіне
өз бетімен қатысуна және оны еңбек іс-әрекетіне
дұрыс ендіруге даярлауға бағытталған оқыту
барысында меңгерілетін білім мен тәжірибеге негізделген
тұлғаның іс-әрекет жасау қабілеті және
даярлығы.
Кәсіби
құзыреттілік – белгілі бір іс-әрекетті сапалы және
өнімді түрде орындауда қажет болатын белгілі бір заттар мен
үрдістерге қатысты белгіленетін
тұлғаның өзара байланысқан сапаларының (білімі, іскерлігі ,
дағдылары, іс-әрекет
тәсілдері) жиынтығы.
Қазіргі
таңда білім деңгейін арттыру барысында әлеуметтік
педагогтың шеберлі болуы өте қажет болып табылады.
Сондықтан да, жас ұрпақты оқыту және
тәрбилеу барысында әр педагог, психолог өзінің шеберлі,
яғни кәсіби құзыреттілігін арттыра түсетін
жағдай туғыза отырып, білім нәрін сусындатып,
оқушының білім деңгейін жетілдіре білуі қажет.
Бұл өз кезегінде еліміздің білім деңгейін
жаһандандыра отырып, жас ұрпақтың болашақта парасатты,
бiлiктi, мәдениеттi, бiлiмдi және дүниетанымы жоғары
болып, елiмiздiң мәртебелi азаматы болуына үлкен әсерiн
тигiзерi сөзсiз.
Пайдаланған әдебиеттер тізімі
1. Браже
Т. Г. Гуманитарная
культура взрослых: развитие в процессе непрерывного образования. – СПб. :
Тускарора, 2006.
2.
Кузьмина.
Н.В. Педагогическое мастерство учителя как фактор развития способностей
учащихся.//Вопросы психологии.№1. 2009.20б.
3. Бордовская Н.В., Реан А.А. Педагогика. – М., 2000.
4. Маркова А.К. Психология
профессионализма.– М.,
Международный гуманитарный фонд “Знание”, 1996.
5. Кузьмина Н.В., Реан
А. А. Проблемы повышения профессионализма педагогов // Вопр. психол.
— 1989. — №5. — 185 — 186б.
6. Сластенин В.А.
Мищенко В.А. Руденко Н.Г. Некоторые аспекты формирования технологической
культуры учителя // Педагог. — 1999.
7. Колесникова И.А. Психолого-педагогическая
компетентноть как научно-педагогическая проблема // Известия Южного отделения
Российской академии образавания. Выпуск 1-Ротов н/Д., 2001.
8. Лукьянова М.И. Психолого-педагогическая
компетентность учителя /Педагогика, №10, 2001.
9. Симен-Северская О.В. Формирование педагогической
компетентности специалиста социальных работы в профессиональной подготовки в
вузе. Автореферат дис.к.п.н. – Ставропаль, 2002.
10. Кенжебеков Б. Сущность и структура профессионалной компетентности
специалита //Высшая школа Казахстана №2, 2002.