І курс магистранты Тәжібаева Ә.С.

Қазақстан Республикасы, Қарағанды қ., Болашақ университеті

Екі сыңары да мағынасыз қос сөздер туралы түсінік

Тіліміздегі  екі  сыңары да  мағынасыз  қосарлама  сөздердің  саны  да аз емес.

Екі  сыңарының да  мағынасы жоқ  қосарлама  сөздердің  кейбір  компоненттері  бір ғана  сөздің емес,  бірнеше  сөздің  құрамында  кездесіп  отырады. Мысалы:  анда-санда,  оқта-санда,  оқта-текте,  оқтын-оқтын  дегендердің  санда  формасы  алғашқы  екі сөзде,  оқта  (оқтын)  формасы  соңғы  үш  сөзде  қатысып  тұр.  Оны  төмендегі  мысалдардан  байқауға болады:

Қадырбайдың  көбінше  өзі  сөйлеп,  қонақтардан  оқта-текте  ғана  жұт  жайын,  кәрілер жайын  сұрастырды. (М.Ә.).

Өлкеге  сыймайтын  малдың  орнына  анда-санда  көрінетін,  шашылып  жатқан  бесті-онды  ғана  қара  бар. (М.Ә.).

Оқта-санда  күле қарап,  жалт  етіп  қалғанда,  әлдеқандай  көп  шұғылалы,  мол сәуле  төккендей  болады. (М.Ә.).  

 «Қазақ  тілінің  түсіндірме  сөздігінде»  екі  компоненті  бірдей  мағынасыз  қос  сөздердің  саны – 70 шақты.  Бұл  топқа  тән  түсініксіз  сыңарлардың  кейбіреулерінде  тіпті  ешқандай  да  мағына  жоқ  болса,  қайсыбірінде  әлдеқандай  мағына  азды-көпті  сезіліп  тұрады.

Мәселен,  ағыл-тегіл  қос  сөзін алсақ,  осындағы  ағыл  да,  тегіл де  ақ  (ағу),  төк  (төгу)  етістіктеріне  -ыл-іл  жұрнағы  жалғануы  арқылы  жасалған.  Мысалы:  Дохолдай  да  ештеңесін  жасырмай,  өзінше  ағыл-тегіл  «сыр»  ақтарды. (Қ.Жұм.).

Біздің  халықтың  түсінігінде  «ақ»  сөзі  қасиетті  ұғым.  Ақ бата,  ақ  тілек,  ақ  жол  деген  тіркестер  бар.  Ал наурыз  мейремында:

Ұлыс  оң болсын,  Ақ  мол болсын , - деп  жатады.

Сонымен  қатар  «аста-төк»  деген  де  қос  сөз бар.  Бұл  «тегіл»  сыңарының  түбірі  «төк»  екендігін  дәлелдей  түседі.

Көктемнің  ескегі  соға бастасымен,  маңайдың  қары  ас та төк  тез  кетті. (М.Ә.).

Қос  сөздердің   қазіргі  кезде  түсініксіз  болып  немесе  мағынасы  жоқ  сияқтанып  көрінген  сыңарлары  мынадай  екі  түрлі  жолмен  пайда  болған:

Біріншіден,  әуел-баста  дербес мағынасы  бар  белгілі  бір  сөз  екі  рет  қайталанып,  бірте-бірте  оның  я  бірінші,  я екінші  компоненті  бастапқы  өз  мағынасын  біржолата  жоғалтумен  бірге,  дыбыстық  жағынан  да  тиісті  өзгеріске  ұшыраудың  нәтижесінде  өзіне  тән  дербестігінен  айрылып,  тек  өзгермейтін  компонентке  қосақталып  жұмсалатын  қосалқы  я  қосақтама  мүше  ретінде  қалыптасқан.

Екіншіден, әуел-баста  дербес мағынасы  бар  басқа-басқа  екі  түрлі  сөз  ұдайы  қосарланып  жұмсала-жұмсала  жүріп,  бірте-бірте  бір  сыңары,  бірде  екеуі де  бірдей  өз  мағынасын  я біржолаты,  я жартылай  жоғалтып,  бастапқы  өз  дербестігінен  айрылып,  не  тек 

мағыналы  компонентке,  не  бір-біріне   қосарланатын  қосалқы  сыңар  ретінде  ғана  жұмсалатын  болып  қалыптасқан [6, 121-122-б.].

Енді  екі  сыңары  да  мағынасыз  сөздердің  құпиясын  ашып  көрейік.

Алай-түлей. Ә.Нұрмағанбетов  «алай-түлей»  қос  сөзі  жайында:   «Якут  тілінде  «түлүн»  біздің  мағынаға  жуықтайды.  Ерте  кездерде  біздің  тілімізде  де  «алайдың»  да  «түлейдің»  де  өз  алдына  дербес  мағынасы  болғандығын  байқаймыз» [17, 14-б.].

Р.Сыздықова  «Сөздер  сөйлейді»  еңбегінде  былай  деп  көзқарас  айтады:  «Ала» -  көп  мағыналы  сөз.  Оның  бірқатар  мағыналары  бұл  күнде  көмескіленіп  кеткен.  Соның  бірі -  ала  сөзі қатысқан  жерде  «өлтіру,  қырып-жою,  бүліншілік  ұғымының  болуы.

Ала  сөзін  мағынасы  ұрыс-соғысқа,  бейберекеттікке,  бүліншілікке  қатысты біраз  сөздер  мен  фразаларда  ұшыратамыз.  Мысалы:  алапат,  аламан,  ала  сапыран,  ала  топалаң,  ала  қырғын,  алаулау,  алаш»  [21, 23-б.].

М.Қашқари  сөздігінде:  «Ала  сөзінің  бір  мағынасын  «недобрые  помыслы»  [19, 22-б.]  деп  к-рсетеді.

Осы  айтылғандардан  шығатын  қорытынды  «ала»  сөзі  бүліншілік  ұғымын  береді.  Қос  сөз  құрамындағы  «алай»  да  солай.  Мысалы: Шатынаған  аяз  болсын,  алай-түлей  боран  болсын  күніне  жиырма бес  шақырым  жүрмеген  кіреші  жүк  алар,  жүгін  түсірер,  кезегінен  айрылып,  тағы  бір  күнін  өлтіреді (Ғ.Мүс.).

Қос  сөздің  екінші  сыңарына  келетін  болсақ,  ғалым  Ә.Болғанбаев:  «Жеке  сөздер  ретінде  қолданыстан  шығып  қалғанымен,  мақал-мәтел  мен  фразеологиялық  тіркестердің  құрамында  әлі  де  қолданыла  беретін  біренше  көнерген  сөздер  бар.  Солардың  бірі  түлен  түрту  (бір  пәлеге  ұшырау).

Ешкіні  түлен  түрткенде,

Шопанның  таяғына  сүйкенер (мақал)»  [23, 181-б.].

Сонда  осы пікірлерді  ой  таразысына  салсақ,  алай-түлей  сөзі  бүліншілік,  бір  пәлеге  ұшырау  мағынасын береді.  Қазіргі  қазақ  тіліндегі  мағынасы  да осындай  болып  тұр.

Алба-жұлба.  «Қазақ  тілінің қысқаша  этимологиялық  сөздігінде»  алба-жұлба  қос  сқзі  туралы  былай  делінген:  Қос  сөздің  бірінші  сыңары  моңғол   тілінен  енген  де,  екінішісі  -  сөзді  қосарлап  айту  заңдылығынан  жасалған.  Моңғол  тілінде  улбо  деп  бұрынғы  кездерде  әскери киімнің  бір түрін  атаған.  Сыртқы  түріне  қарағанда  ол  түрлі  түсті  жібектен  тігілетін,  арасына  жылқының  қылымен  аралас  мақта  салатын,  өзі  жеңіл  сыртқы  киім  болған.  Әуелде  жалпы   ала-құла  киміді  білдірсе,  кейіннен  бұл  сөз  жыртық,  құрақ  киім  деген  ұғымға  ие  болып  кеткен  тәрізді [18, 34-б.].

Ал  біздің  ойымызша,  бұлардың  алғашқы  түбірлері  «алу, жұлу»  етістіктері.  Ерте  кезде  қолданылс  да,  қазір  өлі  жұрнаққа  айналған  қосымша  сақталып  келген.

Үсті-басы  менің  үстімнен  де  жаман,  ит  талағандай  алба-жұлба,  шоқпыт-шоқпыт, -  деп  Есбике  әлі  көзінің  жасын  тыя  алмай  отыр. (М.Ә.).

Көди-сөди. Жақсы  киінген  балаларға  күндей де,  ұнатпай  да  қарап  тұрған  жұмыскер  балалары  көди-сөди  жанжал  басталып  кетуіне  де  қарсы  емес  еді. (Ғ.Мүс.).

Осы  мысалдағы  көди-сөди  қос  сөзінен  ұсақ-түйек  деген  мағынаны  түсінеміз.

Біздің  пікірімізше,  «көдидің»  түбірі  - көде.  «қазақ  тілінің  түсіндірме  сөздігінде»:  көде  -  далада  өсетін  қысқа  жапырақты  дәнді  өсімдік  деп  түсірдірілген [25, 304-б.].

Ал  «сөди»  сыңары   оның  варианты  деп  жорамалдаймыз.

Сыбай-салтаң.  Р.Сыздықова  бұл сөз жайында:  « Бұл сөз  сыбай-сылтаң  деген  қос  сөз  құрамында  айтылады.  Ілгеріректе  сыбай  сөзінің  жеке тұрып,  белгілі  бір  мағынаны  білдіргенін  байқаймыз.  Мысалы,  «Қобыланды»  жырында:

             Көп  қайырың  тиеді

             Еліңде  қоңсы, сыбайға –

Деп  келеді. Өткен ғасырда  құрастырылған  Н.И.Ильминскийдің  сөздігінде  «сыбай»  -  живущий  близ  чьего  аула деген  мәлімет бар. Сонда  сыбай  сөзі қоңсы  сөзінің  синонимі  іспеттес  болып  келеді. Оны  жоғарыдағы  мысалда  қатар  қолданылғаны  да  дәлелдейді.

Сыбай- субай  сөзінің  екінші  мағынасы  және бар. Л.Будагов  субай  сөзі  шағатай  тілінде   «салт,  бір  өзі,  қарақан басы»  (яғни  баласыз,  мүліксіз,  туыстарсыз)  ұғымы  бары  сезіледі.  Қырғыз  тілінде  бұл сөз  субай  тұлғасында  және  қолданылып,  малға қатысты  айтылса,  «төлсіз»  дегенді  (субай  жылқы  -  «ішінде  төлдері  жоқ  жылқы  үйірі»),  ал  адам  жайында  айтылса,  жалпы  «баласыз  әйел  немесе  бала-шағасын  ертпей  шыққан  әйел»  деген  ұғымда  жұмсалады:  субай  барамыз  деген  сөз  бала-шағасыз  және  артық  жүксіз  бір  жерге  кеткен  не  барған  ересектердің  айтатын  сөзі.

Қазақ  тілінде  біреудің  аулына  жақын келіп  қоныс  тепкен  адамның  сыбай  аталуында  да өз  руластарынсыз  салт,  дара  (бір өзі)  деген  мән бар.  Қоңсы  да  сондай:  бұрын  қоңсы  қону  деген  сөз  өз  аталастарынан  шығып,  өзге  атаның,  өзге  рудың  адамын  паналау  дегенді  білдірген.  Сыбай  сөзінің  «бір  өзі,  қарақан  басы»  деген  мағынасы  Қобыланды  сынды  аға-інісіз  жалғыз  бас  батырға  астындағы  тұлпарының:

             Ат  қылып  тәңірім  жаратты

             Сен  сықылды сыбайға –

      дегенінен  де  аңғарылады.  Қазіргі  әдеби  тілімізде  сыбай  сөзі  түсіндірме  сөздікке  жүгінсек,  «жақын,  аралас-құралас»  деген  мағынада  қолданылады  дейді,  бірақ  келтірілген  мысалдар  айтыс  өлеңдер  сияқты  халық  ауыз  әдебиетінен алынған.  Демек,  бұл  мысалдардағы  сыбай  сөзінің  беріп  тұрған  мағынасы жырларда  қолданылып  бұрынғы  мағынасынан алшақтамағанын  көреміз.  Қазірде  бұл  сөз  жеке-дара  сирек  қолданылады»  [21, 111-б.].

Тағы бір  қалың  топ -  сыбай-салтаң  әйелдер батысқа қарай  тартып барады. (М.Ә.).

               Ал  «салтаң»  біздің  ойымызша,  «салт»  дегеннен  шыққан.

Бал-бұл  қос  сөзінің  түсіндірме  сөздіктегі  мағынасы  -  бетіне  нұр  ойнап,  өңі  ажарлану.  Бізге  алғашқы  «бал»  сыңарының  түпкі  мағынасына  іздеу  салу  қажет.  Екінші  сыңары  біріншісінің қайталауы.  Біз  бұл қос сөздің  тек  «жану»  етістігімен  ғана  тіркесе  түсетінін  байқаймыз.  Ә.Нұрмағанбетов  осыны  негізне  ала  отырып,  оның  «жанумен»  тектестігі  бар деген  ойға  келеді.  Қырғыз  тілінде  «бал» -  айқын  қалыпта,  лапылдай,  жалындап  жану  мағынасын  береді [17, 41-б.].

Сөйтіп,  ғалым  «балдың»  алғашқы  мағынасы  «жанумен»  тектес  екенін  ашып  береді.

Үйге  Мәкіштің  өзі құрбылас  бал-бұл  жүзді,  сұңғақ бойлы  келіншек кірді. (М.Ә.).

Ығай-сығай. Енді  міне  ығай-сығай  өңшең  бір түсті  әдемі жылқыларды  көрген  соң,  қандайын біле  алмай, сасып  қалды. (Ғ.Мүс.).

Келтірілген  мысалдағы  ығай-сығай  қос  сөзінің  табиғаты  жайында Ә.Нұрмағанбетов:  «Якут  тілінде «ығай»,  туваларда  «сыңзып»  сөздері  біздің  тіліміздегі  маңызды  ұғымын  береді.  Ғалымның  болжауы  дұрыс  сияқты.

         Бұлан-талан.  Бұл  қос сөз жайында:  «Қырғыз  тілінде  «әбігер  болу,  абыржу»  сияқты  мағына  булаан,  якут  тілінде  -  тулуон  іспеттес  сөздерді  бере алады. Якут  тіліндегі  «тулуон»  сөзінің  дыбыстық  құрамы  жағынан  «бұланмен»  ыңғайластығын  екі  түрлі  себеппен  дәлелдей  аламыз.  Біріншіден,  түркі  тіліндегі  дыбыстар  сәйкестігінің  заңы,  екіншіден,  тіліміздегі  қос  сөздер  әдетте  үндесе  құралатын  дәстүр.  Осыдан:  булаар-тулуон / булан-талан / бұлан-талан  қос  сөзі пайда  болып,  мағына  жағынан  «әбігер-әбігер»  дегенге  бара-бар»  [17, 59-б.].

       Мысалы:  Бұлан-таланның  ішінде енесінен  айрыла  бастаған  құлындар  баладай  шырқырайды (Ғ.Мүс.).

Біз  де ғалымның пікірін құптаймыз.

Быт-шыты шығу.  Быты-шыты  шықты,  быт-шыт болды  деген  тіркестер  тілімізде  жиі  қолданылады. Жалпы  мағынасы  да  айқын -  «күл-талқан  болды,  парша-паршасы  шықты»  дегенді  білдіреді,  сондықтан  бұның  құрамындағы  быты  немене  шыты  немене  деп  жеке-жеке іздеп  ойланып  жатпаймыз.  Тіпті  әріден-беріден  соң  бұл  екі  сөз тырс-тырс,  күрк-күрк  дегендер  сияқты  еліктеуіш  қос сөз  болып  көрінеді.  Ал  еліктеуіш  сөздердің  көпшілігінің  дербес  лексикалық  мағынасы  болмайды,  олар  еліктеуден  «естуден, көруден,  сезуден т.т.)  туған дыбыстар  болып келетіні  белгілі.

Мағыналы  қос  сөздердің  әр сыңарының  өз  алдына  лексикалық  мазмұны  (мағынасы)  болатыны  да  белгілі.  Быт-шыт  қос  сөзі  көмекші  етістіктерсіз  жеке  қолданылмағанымен,  оның  екі  сыңары  да  мағыналы  сөздер  екені  көрінеді.  Быт  (бут)  сөзі  моңғол  тілінде  өзімен  тіркескен  етістікке  «барынша,  мүлде»  деген  сияқты  мән  беретін,  орыс  тілінің  раз-рас  - приставкаларының  қызметіне  ұқсас  келетін  үстеу  сөз  екен.  Мысалы,  бут  цохи  «талқанын шығару,  әбден  ойрандау»,  бут  ниргэ  «күл-талқан  ету»  деген  мағыналарда  қолданылады.  Тегі,  қазақша  күл-талқаны  шығу,  күл  паршасы  шығу  дегендердегі  күл  сыңары  да  оысндай  қызмет  атқаратын  сияқты:  талқаны  шығу  дегеннің  орнына  күл-талқаны  шығу  десек  «мүлде  талқандалу,  быт-шыт  болу»  деген  қосымша  мәнмен  атаймыз.  Айырмасы  моңғолдың  бут  (быт)  сөзі  етістіктің  алдында  тұрса,  қазақша  күл  деген  есіммен  тіркесіп  барып  көиекші  қабылдап,  күрделі  етістік  жасайды.  Ал шыт  сыңарын  әзірге  пәлен  тілдің мынадай  мағынадағы  сөзі  деп  айта  алмаймыз,  бірақ  әйтеуір  «талқан  (далу),  парша (парша)»   деген  мағыналық  реңкі  бар  сөз  екені  байқалады.

Түнде  жатқанда,  аяқ-қолым  қақсағанда  быт-шытым  шыққандай таңды-таңға  ұрамын. (М.Ә.).

Сөйтіп,  быт-шыт  қос  сөзін  күл талқан,  күл  парша  сөздерінің  тепе-тең баламасы  болар  деп  топшылаймыз [21, 62-б.].

Т.Айдаров  сыңарлары  мағынасыз  қос  сөздер  этимологиясы  туралы  былай  дейді:  «Парно-повторные  слова, в  обоих  компонентах  которых смысл  не  сохранился:  ыбылың-сыбылың -  дождливая  погода,  ненастье,  алғау-далғау  -  беспокойство, беспорядок,  сумятица,  ікір-шікір  -  мелочи,  подробности,  детали,  ібі-тәбі  -  степень,  состояние  готовности,  зрелости,  ақи-тақи  - до конца,  ебіл-дебіл  - наскоро,  торопливо,  быжықы-тыжықы  -  болтовня,  мелкие  разговоры.  Здесь  второй  компонент  образуется  изменением  одного  из звуков  первого.  Можно  пологать,  что  в  прошлом  оба  компонента  имели  определенный  смысл.»  [28, 165-б.] деп  екі  сыңары  да  күңгірт  сөздердің  бір  кездерде  мағынаға  ие  болғандығын  айтады.

Осының  бәрінен  шығатын  қорытынды,  негізінен, қос  сөздердің  тағы бір  құндылығы  бір,  не  екі  сыңарының  (қазір біз  мағынасыз  деп  атап  жүрген)  басқа  түркі  тілдерінде  мағыналы  болуы  түркі  тілдеріні  бір  ата тілден  пайда  болғандығын  дәлелдейді. Сондай-ақ,  бұл  сөздер  түркі  тайпалары  бөлінбей,  ыдырамай  тұрған  кезеңнен  қалған.

Пайдаланылған әдебиеттер

 1. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі. Морфология. – Алматы: Ана тілі,      1991. – 122 б.

       2. Нұрмағанбетов Ә. Қос  сөздердің құпиясы // Жалын. 1991.-14 б.

       3.Сыздықова Р. Сөздер  сөйлейді. – Алматы Мектеп, 1980-23 б.

 

4.Болғанбайұлы Ә., Қалиұлы Ғ. Қазіргі қазақ тілінің лексикологиясы мен фразеологиясы. – Алматы: Санат. 1997. -181 б.

       5.Қазақ тілінің қысқаша этимологиялық сөздігі. –Алматы, 1966.-34 б.

       6.Марғұлан Ә. Шоқан және Манас. – Алматы, 1971-304 б.

       7.Нұрмағанбетов Ә. Қос  сөздердің құпиясы // Жалын. 1991.-41 б.

8.Сыздықова Р. Сөздер  сөйлейді. – Алматы Мектеп, 1980.-62 б.

          9.Айдаров Т. Парные слова в казахских говорах Узбекистана //   165 б.

       10.Марғұлан Ә. Шоқан және Манас. – Алматы, 1971.-304 б.