Ысқақова Шырай Қабдрахманқызы

Гуманитарлық ғылымдар магистрі, аға оқытушы

Қостанай мемлекеттік педагогикалық институты

Қазақстан Республикасы

 

ГОВОРЛАРДАҒЫ СЫҢАРЛАРЫ АТРИБУТИВТІ ҚАТЫНАСТАҒЫ КҮРДЕЛІ  ЗАТ Е СІМДЕРДІҢ   ГРАММАТИКАЛЫҚ   ҚҰРЫЛЫМЫ

 

Говорларда сыңарлары атрибутивті қатынастағы күрделі зат есімдер көп кездеседі. Атрибутивті байланыс– зат, процес мағынасындағы сөз бен оның әртүрлі белгілерін (сапасын) көрсететін сөздің тікелей бірігуін, тіркесуін білдіретін неғұрлым тығыз синтаксистік байланыс түрі.

Атрибутивтік қатынастағы күрделі зат есімдердің өзіне тән жасалу үлгілері (типтері) бар, бірақ олардың өнімділігі әртүрлі. Күрделі зат есімдердің жасалуында: «зат есім+зат есім», «атау септіктегі зат есім+тәуелдеу тұлғасындағы зат есім», «ілік септіктегі зат есім+тәуелдік тұлғадағы зат есім», «зат есім+сын есім», «сын есім+зат есім», «сан есім +зат есім» үлгілері арқылы жасалған сөздер көп кездеседі. Күрделі зат есімдер жасайтын үлгілер де, солар арқылы туған күрделі сөздердің көлемі де  көбірек

 «Зат есім+зат есім» үлгісімен изафеттің 1 түрі арқылы жасалған күрделі зат есімдер мол кездеседі. Мысалы: тайжақы (Ақс.) «тай, құлын терісінен тігілген жарғақ, тыс киім», тасаяқ (Орда) «кішкентай тәрелкесі бар фарфор шыныаяқ», тасқорық (Жезқ., Қост.) «қойшылардың тас салып пісіретін сүті, қорықтық», тасқұман (Орал; Сарат.) «аққұман», жертөбе (Маң.) «жер үй», мәдембоз (Ойыл) «бөз, жұқа мата», шаңырақ салма (Ад.,Бөр) «кішкене киіз үй», қой теңге (Қош.) «бір теңге» (қойдың бағасы), қанжыға сауда (Моңғ.) «қолма-қол сауда», тайәке (Мер.) «нағашы ата», тайәже (Шу) «нағашы әже, апа», өрекөстек (Түрікм.) «алдыңғы бір аяғы мен артқы бір аяғын өрелеп байлайтын шідер», құлақбас (Больш.) «шыныаяқ» т.б.

«Зат есім+тәуелдеу тұлғалы зат есім» үлгісінде изафеттің 2-түрі арқылы жасалған күрделі зат есімдер аз емес. Мысалы, шай сөзінің мал шайы (Орда) «тас шай», түрген шайы (Чап.) «қағазшай», потынас шайы (Чап.) «бүршікті грузин шайы», пәміл шайы (шай) (Түрікм.) «қағазға оралған 250 г. тақта шайы»; бас сөзінен: қой басы (Орда) «тақыр жер», құт қара басы (Маң.,Түрікм.) «қу қара басы, жеке басы», ошақ басы (Маң.) «той жабдығын басқарушы», су басы (Жанг.) «шығырдың үлкен дөңгелегі», үшбасы (Больш.,Қош.) «тамтығы, қалдығы». Сойылған малдың үшбасы ғана қолға тиді (Қош.).

«Ілік жалғаулы зат есім+тәуелдік тұлғалы зат есім» үлгісі. Изафеттің осындай 3-түрі арқылы жасалған күрделі зат есімдер говорларда аз емес: қиырдың қылаңы (Маң.) «ойламаған жерден тап болу», жиынның рухы (Қыт.) «жиында көтерілген саяси шешімдердің мазмұны», жүзінің жұдырығымен (қарау) (Қыт.) «ызғар шаша, сұстана қарау», қолының үстімен (Түрікм.) «тілмен, сөзбен», қолының ұшында (жасау) (Қыт.) «оп-оңай істей салу», ақымақтың шай қалтасы (Қыт.) «алдауға түсетін нағыз ақымақ адам»; қатыстылық мәнінде: көлдің бұлағы (Об.) «көлдің саласы», жердің бас-аяғы (Маң.) «алыс жер», құралдың малы (Моңғ.) «тәркіленген, кампескеленген», мамидың даласы (Қарақ.) «мидай дала», Әндірейдің қазынасы (Қыт.) «көп дүние, ырғын байлық».

«Зат есім+есімше» үлгісімен жасалып, заттанған күрделі зат есімдер де баршылық. Су серпер (Қарақ.) «киіз үйдің есігіндегі су ағар жері», оқжатар (Қарақ.) «мылтықтың оқ жататын қорабы», қасық ұстатар (Сар.,Тал.) «май құятын құрал», жеркөтермес (Маң.) «қой ауруының бір түрі», жасы тоқтасқан (Байғ.) «жасы тоқтаған (адам)», жанды жұтқан (Түрікм.) «жүрек жұтқан (адам)», ұйқыашар (Түрікм.) «ойын-сауық, сауық кеш», тісбасқан (Түрікм.) «жасы келген, көпті көрген (адам)», қолкесер (Моңғ.) «мал сойған адамға беретін ет», түйетартар (Қарм.) «су жиегінде, өзен-көлдерде жер астына қарай су соратын оқпан», құсқонбас (Түрікм.) «тікенекті өсімдік», құсқонар (Жуа.) «дақылды егістің басы», алақан соқпақ (Об.) «жастар ойыны», атсоғар (Іле) «қамшы», құлынембес (Моңғ.) «басы жұмыр қырлы биік өсімдік», күлге шөгер (Арал) «будан нар буралардың бірінен туған азғын түйе», күнтимес (Маң.) «қойдың құйыршығы».

«Сын есім+зат есім» үлгісімен жасалған күрделі сөздер говорларда көптеп кездеседі. Олардың әртүрлі тұлғадағы алғашқы сын есім анықтауыш сыңарлары кейінгі сыңарларының түр-түс, қатыстық, сапалық белгілерін білдіреді: көземелі ине (Жанг.) «жуан ине, тебен», көзді кісі (Қарақ.) «екі көзі су қараңғы соқыр адам», көзгелдек шыны (Моңғ.) «кішкене кесе», ұзын мұрын (Ауғ.,Ир.) «бекіре балық», тірі қызық (Арал) «өте қызық», қалғыншы күн (Қош.,Больш.) «соңғы күн, ақырғы күн». Енді қалғыншы күндерде мына жұмыспен шұғылдан (Қош.), қалеті сөз (Мер.) «жалған сөз», қалмақы әрем (Қарақ.) «қамыстан жасалған мал қора», қалшеке ер (Жам.) «алды-арты жалпақ ер», қарабүрге (Орал.,Чап.) «кішкене сазан», қарашылы төбе (Түрікм.) «ертеде билік жүргізетін адамдар отыратын төбе». Бұл ауылдың қарашылы төбесі – Көшкін ақсақал (Красн.), қараңғы үй (Түрікм.) «абақты, түрме». Ол елді қанқақсатып жүріп, ақыры қараңғы үйге түсті (Красн.), қоңыраулы шашбау (Түрікм.) «екі қоңырауы бар шашбау». Қоңыраулы шашбауды жас қыздарға тағады (Красн.), қою сүт (Қоғ.) «сиырдың екінші сауған  иінді сүті», сарбалақ (Қ.ту.) «шала піскен бидай», қуысқұлақ (Арал) «күрек», тікаяқ (Түрікм.) «шыны аяқ», тік мата (Шу) «жол-жол мата», тік оқ (Ырғ.) «шығырды айналдыратын ағаш», уақай сөз (Аман.) «ұсақ-түйек сөз», ұзын қоржын (Қош., Больш.) «сыйлық, тарту», «күйеу баланың қайын жұртына әкелетін тарту-таралғысы», ұлы шілде (Маң.) «шілде айы», ұлтілік (Қ.орда) «қалыңдау етіп тілінген қауын», қызтілік (Қ.орда) «жұқалау етіп тілінген қауын», қызыл жұдырық (Арал) «шөп машинаның тетігі», қызыл қазан (Жән., Орда) «мосыға ілетін кішкене қазан», қима жаулық (Сарат.) «шағын үш бұрышты жаулық», қиық сәске (Жуа.) «түске жақын мерзім», дүлегей теңіз (Сайр.) «телегей теңіз», атайман суық (Орын.) «қатты суық», сабық құлақ (Арал) «салпаң құлақ», алаңқы жер (Жанг.,Ұлы.) «шөбі сирек, ала-құла жер», алашапқын (Мер.) «әуре-сарсаң», алашолаң (Қарақ.) «дақпырт, алыпқашпа сөз», ала шатыраш (Маң.) «ала, алалау», ұлтанды сөз (Красн.) «ақылға қонымды сөз», жалғыз қазық (Жанг.) «тік ін».

«Сын есім+сын есім» үлгісімен жасалып, заттанған күрделі зат есімдер көп емес: ақдаңғыл (Жанг.) «шешен, ақын», ақжирен (Моңғ.) «шөлейт жерде өсетін ақ тікенді өсімдік», ақирек (Жезқ.) «омбы қар». Қия-қиғаш, кесе-кесе жатқан ақ иректердің үстінен ырғып түсіпті (Ғ.Мүсірепов), қарашұнақ (Түрікм.) «бидай сорты», ақұсақ (Мақт.) «ұсақ күріш», қызыл жалаңаш (Ауғ., Ир.) «тыр жалаңаш адам», қызыл жирен (Моңғ.) «тауда, шөлейт жерде өсетін қызыл тікенді өсімдік», қызыл жүйрік (Арал) «ау торын майлайтын май», көкқасқа (Ұрж.) «бетеге тұқымдас шөп», сарымелле (Қарақ.) «сап-сары, шикіл сары». Қарақалпақша мелле/мелли «сары».

«Сан есім+зат есім» үлгісімен жасалған күрделі зат есімдер көп кездеседі: үшақа: а) (Күрш.) «үш тармақты ағаш айыр»; ә) (Арыс) «айылбас, белбеудің айырбасы». Белбеудің үшақасы тиіп кетті (Арыс); үш ана (Түрікм.) «үш жүз». Қаратаудың басына үш ананың баласы қосылыпты (Тахта), үш аяқ (Қазт.) «шайдың шоғын салатын ыдыс», үшкәпір «амал, 12-13 және 18 желтоқсан аралығындағы қатты суық». Үшкәпір дейтін себебі тоқсанның кірісі, текенің бұрқағы, айдың үркермен тоғысы сияқты үш амал қабатынан келеді (Қарм.)., үш көсе (Фед.) «арбаға үш пар аттың жегілуі». Бескөз (Жам.) «матаның түрі», бесқасқа (Шу) «бес таспалы қамшы», бестақа (Түрікм.) «өкшесі аласа ер адам киетін етік». Бесаппазы (Моңғ.) «ағаш шелек», бесбақан (Моңғ.) «айыр», бірбазар (Қарақ.) «бір апта, бір жұма», бірбеткей: а) (Қ.ту.) «лапас, бастырма», ә) (Омбы) «жан-жағы ашық атқора», бірдүзме (Қараб.,Чап.) «ажарлы шыт мата», біркөнек (Қарм.) «бір адамнан басқаға саудырмайтын сүтті бие», біркөсек (Жаңг.) «бір қаптал тас шай», біртөбе (Қарақ.) «бір сыбаға, бір тілік ет», онсері (Түрікм.) «5 кг салмақ өлшемі», төрт четті (Моңғ.) «жылқы тісінің ортасындағы қара мөрінің алдыңғы  тқрт тісте тұруы», төрт асық (Қараб.) «асық ойыны», алтаяқ (Шу) «керегесіз, уық пен шаңырақтан тұрғызылған шағын киіз үй». Қыста, жайлауда алтаяқ тігіп отыратынбыз (Шу), жеті мүше (Түрікм.) «он екі мүше». Жеті мүшем сау болса, 2-3 айлықта барып қайтам (Таш.), алты ақлым (Қаз.) «алты құрлық жер».

«Сан есім+есімше» үлгісімен жасалып, заттанған күрделі зат есімдер кездеседі: бірбайлар (Омбы) «үш бұрышты кішкентай бас орамал», бірқырқар (Жымп.) «күзге таман кеш туған кенже қозы», бірсалар: а)(Еңб.) «желқом ер»; ә) «қонақтың астына төсейтін кішкентай қалың көрпеше»; б) (Ұрж.) «дәрілік өсімдік». Бірсалар тауға шығады (Ұрж.); үштосар (Арал) «ескі мылтық атауы», біртуған (Қарат.) «асыл тұқымды түйе», орқазар (Сар.) «үйленуге байланысты ырым», желі қағар (Қыт.) «бие байлаған күні берілетін ас-су ырымы».

«Етістік+зат есім» не «зат есім+етістік» үлгілері бойынша жасалған аздаған күрделі зат есімдер кездеседі: бүктізе (Шу) «ат тағалайтын құрылғы», ұршоқпар (Аяг.) «қолшоқпар», туажат (Мер.,Түрікм.) «немелтайдан туған бала», жүрежат (Мер.) «туажаттан туған бала».

Қорыта келгенде, говорлардағы сыңарлары атрибутивтік қатынастағы күрделі зат есімдердің лексикалық құрамы, грамматикалық құрылымы, оның ішінде атрибутивтік қатынастағы зат есімдердің жасалу үлгілері (типтері) және олардың әртүрлі мағыналық белгілері мен қасиеттері талданды. Мұндай күрделі сөздердің анықтаушы–анықталушы сыңарларының арасында нақты атрибутивтік қатынас қазіргі кезде байқалмайды, себебі олар күрделі сөздердің қалыптасу заңдылығына сәйкес біртұтас ұғымды білдіретін тіл бірліктеріне айналып кеткен. Күрделі сөз сыңарларының атрибутивтік қатынасы туралы болжалмен шартты түрде айтуға болады.

Сонымен, говорларда сыңарлары атрибутивті қатынастағы күрделі зат есімдердің көп кездесетіні анықталды. Атрибутивтік қатынастағы күрделі сөздер тобының әрқайсысының өзіне тән жасалу үлгілері (типтері) бар, бірақ олардың өнімділігі әртүрлі. Күрделі зат есімдердің жасалуында: «зат есім+зат есім», «атау септіктегі зат есім+тәуелдеу тұлғасындағы зат есім», «ілік септіктегі зат есім+тәуелдік тұлғадағы зат есім», «зат есім+сын есім», «сын есім+зат есім», «сан есім +зат есім» үлгілері, арқылы жасалған сөздер көп кездеседі.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1 Ысқақов А.  Қазіргі қазақ тілі. Морфология.  Жоғары оқу орындарына арналған оқулық. Алматы : Мектеп, 1974. -408 б.

2   Қасым Б.Қ.  Сөзжасам: семантика.Уәждеме. Алматы:  КИЦОО  2003 7 -166 б.

3  Қазақ грамматикасы. Фонетика, сөзжасам, морфология, синтаксис. Астана, 2002. -783 б.

4 Оралбаева Н. Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам жүйесі. Алматы: Ғылым, 1989. 290-320 б.

5 Қасым Б.Қ.  Күрделі зат атауларының  мағыналық құрылымы және сөзжасамдық үлгілері . Алматы , 2000 -154 б.

6 Нақысбеков О.  Қазақ тілінің оңтүстік говорлар тобы. Алматы: Ғылым , 1982. -167 б.

7  ҚТДС - Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. Алматы: Ғылым, 1969. -426 б.; 1 кітап , Алматы: Ғылым, 1996. - 196 б.,  2 кітап , Алматы, Ғылым , 1999. -237 б.

8  ҚТАС - Қазақ тілінің аймақтық сөздігі. Алматы: Арыс, 2005. -821 б.

9  ҚТДС - Қазақ тілінің диалектологиялық сөздігі. Алматы: Ғылым, 1969. -426 б.; 1 кітап , Алматы: Ғылым, 1996. - 196 б.,  2 кітап , Алматы, Ғылым , 1999. -237 б.