Ысқақова Шырай Қабдрахманқызы
Гуманитарлық
ғылымдар магистрі, аға оқытушы
Болысова Сымбат
Балтақызы
Қазақ тілі мен әдебиеті
мамандығының 4-курс студенті
Қостанай мемлекеттік педагогикалық
институты
Қазақстан Республикасы
ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕГІ МӨЛШЕР
МӘНДІ СӨЗДЕРДІҢ МАҒЫНАЛЫҚ,
ҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖҮЙЕСІ (Ғ.МҮСІРЕПОВ
ШЫҒАРМАЛАРЫ НЕГІЗІНДЕ)
Әлемнің
тілдік бейнесін танудағы негізгі
ұғым-түсініктердің біріне мөлшер мазмұн да
кіреді. Мөлшер-адамдардың дүниетанымын меңгеру мен
бейнелеудегі басты ұғым іспетті. Кез келген заттың,
құбылыстың белгілі бір өлшемі, мөлшері болады.
Өлшемдік
атауларды, өлшемдік ұғымды білдіретін сөздерді
қарастыру бүгінгі күні қазақ тілі үшін
ғана емес, түркі халықтары үшін де өзекті
мәселе. Өлшемнің есепке қатысты түрлі
мағыналық реңктегі сөздер мен сөз тіркестері
күнделікті тұрмыста, ақын-жазушыларымыздың
шығармаларында жиі қолданылады. Ғ.Мүсірепов шығармаларынан тұрмыс-салтымызға,
әдет-ғұрпымызға, өндіріске, өлшемдік
бағыттағы ұғымдарға, басқа да тіршілік
салаларына байланысты мөлшер, өлшем атауларын жиі кездестіруге
болады. Жазушының шығармашылығы мөлшер мәнді
сөздерді қарастыруда ерекше қызығушылық тудырады.
Өйткені шебер қаламгердің кез келген шығармасында
қазақ халқының ұлттық мәдениеті мен
өмірге көзқарасы суреттеледі. Кестелі тіліміздің
көрікті бейнесі Ғабит Мүсірепов шығармаларында
лайықты сипат алып, ұлттық ерекшеліктерімізден кең
ауқымда мағлұматтарды алға тартады.
Қазақ
халқы төңкеріске дейін ұзақ уақыт
көшпенділік дәуірді басынан өткізген. Олар жаз - жайлауда,
қыс – қыстауда, күз – күзекте, жер-жерге
көшіп-қонып жүргенде уақыт мерзімін,
ұзындық пен көлемді қалай өлшеп білген деген ой
пайда болады. Сол заманда біздің халқымыз уақытты
сағатпен, көлем мен салмақты таразымен, ұзындық
пен кеңістікті метрмен өлшеуге әлі дағдыланбаған,
үйренбеген кезі еді. Мүмкін, сол кезде бұл
өлшемдердің көшпенділік тұрмысқа соншалықты
қажеті де болмаған шығар. Сол заманның
тұрмыс-тіршілігіне лайық өз өлшемдері болғандығын
тілдегі өлшемдік ұғымды білдіретін көптеген
сөздер арқылы танып білуге болады.
Мөлшер
категориясы, лексикалық деңгейде өлшемдік ұғымды
білдіретін сөздер мен сөз тіркестері түркітануда,
қазақ тіл білімінде әртүрлі сөз таптарына
қатысты айтылып жүр. Мөлшер мағынасын білдіретін зат
есімдер, морфологиялық көптік категория (көптік жалғау,
көпше түр, мөлшер, сандық категориясы), сын есімдер
аясында қарастырылып жүр.
Қазақ ғалымдары мөлшер,
өлшем мағынасын білдіретін сөздер жайында көптеген
зерттеулер жасаған. Ә.Ысқақов,
Ә.Болғанбаев, Қ.Жұбанов, Т.Ахтанов,
К.Қ.Күркебаев, А.Тұрышев, Ә.Хасенов, Л.О.Асқар, С.Кенжеахметов
және т.б. ғалымдардың еңбектерін ерекше атап
көрсетуге болады. Ғалымдардың мөлшер, өлшем
мағынасын білдіретін сөздерді мағыналық топтарға
жіктеуінде өзгешеліктер бар.
Жазушы шығармаларынан
мөлшер, өлшем мағынасын білдіретін сөздерді
мағыналық топтары бойынша талдау барысында, көптеген
ғалымдар мен зерттеушілердің еңбектері қарастырылды.
Соның ішінде мөлшер мәнді сөздерді
ғалым Ә.Болғанбаев пен С.Кенжеахметұлының
еңбектері негізге ала отырып, мынадай бес топқа бөлініп,
қарастырдық. Олар:
·
адамның
дене мүшесіне қатысты мөлшер, өлшем мағынасын
білдіретін сөздер;
·
ұзындық,
қашықтық өлшемдері;
·
салмақ
өлшемдері;
·
мерзім
және мезгіл мағынасын білдіретін мөлшер мәнді
сөздер;
·
көлем
мөлшерін білдіретін сөздер;
Адамның дене мүшесіне
байланысты мөлшер, өлшем мәнді сөздерді қолдану
түркі тілдерінің лексикасында ерекше орын алған.
Халқымыздың сөздік құрамынан орын алған бай
өлшемдік ұғымдар ішінен адамның дене мүшелерімен
байланысты пайда болған сөздер легі ұзындықты,
салмақты, қалыңдықты, биіктікті аңғартады. Адым,
құлаш, сүйем, қар, қадам, кісі бойы, қол
созым , иек асты, бір табан лексемалары ұзындық мағынасын
аңғартса, қарыс, сере, елі, бармақ, шынтақ заттың
қалыңдығын, әсіресе жылқы малының
арық-семіздігін нақтылауда пайдаланылады. Алақандай,
білектей, жұдырықтай, тобықтай, тырнақтай
атаулары заттың көлемін, ауқымын білдіру мағынасында
жұмсалады [1, 142]. Жазушы шығармаларынан терілген адамның дене
мүшесіне байланысты мөлшер, өлшем мағынасын білдіретін
сөздерге: бір ауыз, алақандай, адым, құшақ,
кере құлаш және т.б. сөздерді жатқызамыз.
·
Менің
Игілік деген бір ауыз орысшам бар, сол өзіме жетеді (4, 38).
·
Ол
бір алақандай, бие-бауы жоқ, тақыр ғой! – десе,
Игілік оларға: (4, 15).
·
Ушаков
аяғын кере-кере адымдап, бұрышқа барып
бұрылды (4, 213).
·
Сібірдің
бармақтай ақ шолақ сұлысына тұмсығы
еркін тиген қыр аттары бір жетіде бөртіп шығыпты (4, 125).
·
Сорайған
жалғыз баған орнатып, басына бір құшақ
шөп байлап қойыпты(4, 165).
·
Екінші – бұрынғы Қазымбет пен қазіргі
Қазымбеттің арасында кере құлаш айырма бар (5,
57).
Тіл білімінде
ұзындық, арақашықтық мөлшер мәнді
білдіретін сөздер барлық мөлшер және
өлшемдердің бастауы болып табылады. Өйткені
қашықтықты белгілі бір
жердің, затты нысанның ұзындығын өлшеу
басқа мөлшерлі сөздерге қарағанда ертерек пайда
болған. Қазақ ғалымдарының көпшілігі
ұзындық, арақашықтық мөлшер мәнді
білдіретін сөздердің көпшілігі ата-бабаларымыз өмір
сүрген уақытта шаруашылық әрекеттерінің
түрлерімен, пайдаланған еңбек құралдарымен
байланысты болып келеді деген тұжырымға келеді.
Тіл білімінде, ұзындық,
арақашықтықты білдіретін мөлшер мәнді
сөздер, басқа мөлшер ұғымды білдіретін
сөздерге қарағанда ауқымы кең. Жазушы
шығармаларында да, өнімді қолданысқа түскен
мөлшер мәнді сөздер деп, ұзындық,
арақышықтық мағынасын білдіретін өлшем,
мөлшер мәнді сөздерді айта аламыз.
Шақырым ұзындық
өлшемін білдіретін ертеден бері қолданылып келе жатқан атау. Шақырым-бір мың метрге
тең қашықтық өлшемі,километр (ҚТТС., 896). Шақырым
басына бір аттан арқандап
кетсеңдер, Байжекең аржағын сөз де қылмайды, -
деді Игілік Ушаковқа қарап, күліңкіреп қойып: (4,
44).
Саржан – 1.Циркуль
тәрізді бір, екі метрлік жер өлшеу құралы. 2.Осы
құралмен өлшенетін, арасы үш кезге (2м 12 см-ге)
тең ұзындық өлшемі (ҚТТС., 675). Жыраның
бойын елу саржаннан өлшеп, артель басына бөліп бөліп
берген қазақ жігіттері бір кезде өзінің ана тілінен
туса да қазір ұмытылып кеткен «артель» дегенге
үйрене алмай, өздерін «қос» деп атайды (4, 236).
Өткен ғасырларда шығыс елдерінде
қолданылған ең төменгі салмақ өлшемі «мысқал», ал ең
үлкен салмақ өлшемі «батпан»деп есептелген. Ауыз әдебиеті мұраларынан
қару-жарақ салмақтарын айқындайтын батпан, пұт, мысқал
атауларын жиі кездестіруге болады [2, 63]. Жазушы шығармаларанда
салмақ өлшеміне қатысты өнімді қолданыс
тапқан мөлшер мәнді сөздер – пұт
Пұт – салмағы 16
килограмға тең ауырлық күші (ҚТТС., 681). Екі
мың пұт кеннен сегіз жүз пұттай
қара мыс түсті (4, 72).
Халықтық
өлшемнің бір түрі – уақыт өлшемі.
Уақытқа деген көзқарас халықтың
тұрмыс-тіршілігіне, салт-дәстүріне, материалдық
басқа да құндылықтарына байланысты
қалыптасқан. Жазушы шығармаларында мынадай мезгілдерге
қатысты тіркестер қолданылған: кеше түс ауа,
күн көтеріле бергенде, түс ауа, тал түсте,
шаңқайтүсте.
·
Кеше
түс ауа жұбын жазбай шұбалып құлаған
сәнді көш, бүгін міне күн көтеріле бергенде
кешегі ізімен кейін қарай қайта шұбап кетті (4, 51).
·
Кеше
түс ауа
жұбын жазбай шұбалып құлаған сәнді
көш, бүгін міне күн көтеріле бергенде кешегі ізімен
кейін қарай қайта шұбап кетті (4, 51).
·
Тал
түсте
бадырайып тұрып, өрт жіберіп, өзі қарады да тұрды,
- деді, Омар (4, 92).
·
Екі
қайсардың бірі Жұман бай, ойдағы-қырдағы
Сармантайды жыйып алып, шаңқайтүсте Бұқпа
көліне жетіп еді (4, 94).
·
–Түс
ауа
бітеді ғой (5, 125).
Кенжеахметұлы
С. «Ұлттық
әдет-ғұрыптың беймәлім 220 түрі» атты еңбегінде көлем өлшемдеріне
мынадай сөздерді кіргізеді:бір шымшым, бір шөкім, бір уыс,
қос уыс, бір тілім (нан), бір түйір, бір қолтық, бір
шүйке, бір құшақ, бір қап, бір шелек, бір қасық, бір тамшы, бір
арқа, бір шана, бір арба, бір табақ, бір шоқ (үкі,
тал), бір топ (адам), бір қарын, бір сандық, бір қалта... бір
отар, бір қора, бір үйір, оншақты, жиырма шақты... [2,
22]
Ал, Қабылдина
Ләйлә Мырзағалиқызы өз еңбегінде бұл
қатарды ұлттық тілдік бірліктер деп атайды: (бір)
үйір, (бір) табын, (бір) келе, бір (отар), бір
(құшақ),бүр (түйір) т.б.; [3, 7]. Ғабит Мүсірепов шығармаларында кездескен
көлем мөлшерлері мынадай:
Түйір – белгілі бір
заттың кішкене бөлігі (ҚТТС., 832). Барған үйінде
тіміскеленіп дағды алған көзі олай-бұлай жүйткіп
қалғанда, әлгі ақталған тарының бір
түйірін ала қашқан тышқанға да
ұқсап кетеді (4, 16).
Елі – саусақтың
жалпақтық өлшемі (ҚТТС., 223б). Бір елі ауызға,
екі елі қақпақ қоя алмай, жынды
атандым (4, 26).
Тостағандай
– тостаған сияқты дөп-дөңгелек,
үлкен (ҚТТС., 814). Тостағандай көзі
мөлдіреп, өз денесі өзін буындырды (5, 5).
Бастан-аяқ – 1.Басынан
аяғына дейін. 2.Бүге-шігесін қалдырмай, тәптіштеп
(ҚТТС., 113). Бастан-аяқ айтып берейін (5, 23).
Дүйім –
түгел, тұтас, тегіс (ҚТТС., 209). Ал дүйім
жұрт – бүкіл қазақ, бірнеше ұлт бір мешіт
салғаны рас екен деп мұны қалай ерлікке санасын (5, 88).
Қазіргі уақытқа дейін көп
мөлшер мәнді сөздер мен өлшемдеріміздің белсенді
қолданыста болуы, оның өміршеңдігінен, лексикалық
қабатымыздан айрықша орын алатындығынан хабардар етеді.
Мөлшерлік мәндегі лексикалық топқа енетін сөздік
қор жиынтығы адамның тұрмыстық жағдайына
деген қажеттілігінен туындаған. Мөлшер мәнді
сөздер қазақ халқының тарихи дамуының ұзақ
мерзімінің жемісі.
Қорытындылай
келе, жазушы шығармаларындағы халықтық мөлшер
мәнді сөздер тіл ғылымында алатын орны ерекше деуге негіз
бар. Ғ.Мүсірепов шығармаларындағы халықтық
өлшемдер, мөлшер мәнді білдіретін сөздер, оның
тілдік табиғаты – қандай да бір этностың жалпы әлем
туралы танымы, ұлттық дүниетаным тұтастығын
танытатын бірліктер. Халықтық мөлшердің сан алуан
түрлерін қолдануынан да жазушының шеберлік қыры
толыға түскен.
Пайдаланылған әдебиеттер
тізімі:
1. Авакова Р.А. Қазақ фразеологизмдерінің
семантикасы. Ф.ғ.д. ғыл. дәреж. дисс.А, 2003, 257б.
2. Кенжеахметұлы С. Ұлттық
әдет-ғұрыптың беймәлім 220 түрі.
Көмекші оқу құралы. – Алматы, «Санат» 1998. – 256
бет.
3. Қабылдина Ләйлә
Мырзағалиқызы. Мөлшер, өлшем, мағыналарының
функционалды-семантикалық өрісі. Ф.ғ.д. ғыл.
дәреж. дисс. Астана,2007.
4. Мүсірепов
Ғ. Таңдамалы шығармалар. Оянған өлке. –Алматы, 1955ж.
-503бет.
5 Мүсірепов Ғ. Көп
томдық шығармалар жинағы. 2-том. Повестер.
Құраст. Ә.Нарымбетов. –Алматы: Жазушы, 2002.264бет.
6. Қазақ тілінің түсіндірме
сөздігі/Жалпы редакциясын басқарған Т.Жанұзақов.
– Алматы: Дайк-Пресс, 2008. – 968 б.