Ысқақова Шырай
Қабдрахманқызы
Гуманитарлық
ғылымдар магистрі, аға оқытушы
Қостанай мемлекеттік педагогикалық
институты
Қазақстан Республикасы
КҮРДЕЛІ СӨЗДЕРДІҢ
ҚАЗАҚ ТІЛ БІЛІМІНДЕ ЗЕРТТЕЛУІ
Қазақ тіл білімінде күрделі сөздерге байланысты
терминдердің алғашқы нұсқалары мен
дереккөздері
А.Байтұрсынұлының
"Тіл -құрал" оқулығының Орынборда 1914 және 1925 жылдарда басылған нұсқаларында берілген. Автор қазақ
тіліндегі сөз тұлғаларын беске бөледі : 1) түбір
сөз, 2) туынды сөз, 3) қос сөз,4) қосалқы
сөз, 5) қосымшалар. Бұл бөлу
оқулықтың екі басылымында бірдей болғанымен, 1925 ж.
басылымда күрделі сөздерге жататын қос сөздердің
анықтамасын бұрынғыдан кеңейтіп берген. "Қос
сөз дегеніміз -қосарынан айтылатын бір өңкей есімді
сөздер. Қос сөз екі түрлі болады, біреуі бір
нәрсенің көбін қамти атайды. Екіншілері
нәрселерді айыра атайды. Алдыңғысы -жалпылағыш
қос сөз деп, соңғысы жалқылағыш қос
сөз деп айтылады.
Жалпылағыш қос сөздер: аяқ-табақ,
төсек-орын, ер-тұрман, киім-кешек, жүн-жұрқа,
бақа-шаян, жер-су, түйе-мүйе, бұзау-мұзау т.б.
Жалқылағыш қос сөздер: жел-бау,
төсек-ағаш, жүк-аяқ, піспек-сап, шеге-балта,
қауға-шелек, Асыл-бек, Ес-құл, Төре-тай,
ер-батыр, есен-аман, Өмір-қожа, Шекті-бай т.б.[1: 182].
Бұдан әрі автор қос сөздердің жазылу емлесіне
тоқтап, жалпылағыш қос сөздердің арасы кішкене
сызықшамен айырылып жазылады (аяқ-табақ, киім-кешек,
ер-тұрман т.б.) жалқылағыш қос сөздердің
арасы сызықшамен айрылып та, айрылмай да жазылады.
Қос сөзде екі сөз бірыңғай болса,
мәселен екеуі бірдей жуан я жіңішке айтылатын болса, онда екеуі
айрылмай тұтас жазылады (басқұр, қолқап, Балжан,
желкесер, айбалта, Алтынбай, Тасболат, Баймырза).
Қос сөзде екі сөз бірыңғай болмаса,
мәселен бірі жуан ,бірі жіңішке сөз болып келсе, онда аралары
сызықшамен айырылып жазылады (жел-бай, төсек-ағаш,
жүк-аяқ, Тілеу-бай, Ес-құл, Төре-тай, жан-темір,
Мұрат-бек, Мал-келді, Меңді-қара, Жіті-қара) [1: 183].
Бұл айтылған пікірлерге қарағанда,
А.Байтұрсынұлы қазақ тіліндегі сөз
тұлғаларының бірі ретінде қос сөздердің
аталуын (терминін) жасалуын, жазылу емлесін негізінен дәл басып
көрсеткен. Сонымен бірге келтірілген мысалдарға
қарағанда автор қос сөздердің тек есімдерден
болатын түрлерін көрсеткенін және біріккен сөздерді
қос сөздер деп танып, оларды жалқылағыш қос
сөздерге жатқызғанын көреміз.
Проф. Қ.Жұбанов қазақ тіліндегі сөз
тұлғасының түрін алты "арысқа"
бөліп қарайды: 1) түбір сөз, 2) қосымшалы
сөз, 3) кіріккен сөз, 4) қиюлы сөз, 5) қосар
сөз, 6) қосалқылы сөз [2: 151]. Осы аталған
сөз тұлғаларының үшеуі (кіріккен сөз,
қиюлы сөз, қосар сөз) күрделі сөздерге
тікелей қатысты.
Автор кіріккен түбірлерге "өлі түбірлі не өлі
қосымшалы сөздер сияқты, ішкі жігін бүгінде
жоғалтып, бірігіп кеткен сөздердің бірсыпырасы, түбір
мен жалғаудан құралмай, өңшең
түбірлерден құралған" сөздерді
жатқызады. Мысалы: ашудас -ашу+тас, күндіз -күн+ дүз
(жүз, бет),аяз -ай+юз, белбау-бел+бау, қаралат - қар +ала
+ат. Осындай екі түбір, үш
түбірден құралып тұрып, бір түбір болып кеткен
сөздерді кіріккен түбірлер дейміз" дейді [2: 155-156].
Бұдан ары автор кіріккен сөздерді көне және
жаңа деп екіге бөледі. Ерте құралып, арасының
жігін жоғалтып кеткен сөздерді кіріккен сөздердің
көнесі деп қарайды. Мысалы :қаралат, аяз. Ал жаңадан
құралып, әлі жігін жоғалтпағандарын кіріккен
сөздердің жаңасы деп қарайды. Бұған
қолғап, күнбағыс, айғабақ, белуар
сияқты сөздерді жатқызады. Автор бұл сияқты
кіріккен сөздерді тұтас күйінде тұрып, жалғасып
кіріккендіктен жалғаулы кіріккен сөздер деп атайды [2: 156-157].
Ал егер кіріккен сөздер (тұтас тұрып жалғаспай,
жарықшақталып, қиюы келтіріліп барып кіріксе" оларды
қиюлы кіріккен сөздер деп атаған. Қиюлы сөздер
құрылысы жағынан : а) буын қиюлылар (Қазатком
-Қазақстан атқару комитеті) , ә) әріп
қиюлылар (ХКС -Халық Комиссарлар советі), б) аралас қиюлылар
(буын мен әріптің аралас қысқартуынан жасалған :
Қаз ПИ). Автор "қиюлы сөз жасау амалын қазақ
тілінің Октябрьден бері тапқан олжасы" деп есептейді. [2:
157-158]. Келтірілген мысалдарға
қарағанда автордың қиюлы сөздер деп
отырғаны осы күнгі грамматикалардағы
қысқарған сөздерге сай келеді. Ал кіріккен
сөздердің жаңасы деп анықтағаны осы күнгі
зерттеулердегі біріккен сөздер ұғымына, ал кіріккен
сөздердің көнесі дегені қазіргі кезде біріккен
сөздердің бір түрі
кіріккен сөздерге сәйкес келетін сияқты. Автор қалайда
көне кіріккен сөздердің табиғатын, жасалу жолын, жазылу
емлесін дәл басып анықтаған.
Қ.Жұбанов аталған еңбегінде қосар
сөздерді (қос сөздерді) бес арысқа (топқа)
бөліп қарастырады:
1) Теңдес қосар. Екі тең сөз
қосақталуынан жасалады. (мәндес -бала-шаға,
қыз-қырқын, қайшы мәндес).
2) Сөздес қосар. Екі
тең сөз бір қосақталмай, бір сөздің
өзі екі қайтара айтылуынан жасалады. Мысалы: сатыр-сұтыр,
даңғыр-дүңгір, жарқ-жұрқ,
ұзын-ұзын, жылы-жылы, бара-бара, қарап-қарап т.б.
3) Матаулы қосар. Қосақталған сөздердің
арасында матастырып тұратын дәнекері болады (қолма-қол,
жүзбе-жүз, көзбе-көз т.б.)
4) Тіркеулі қосар. Өздігінен айтылмайтын бір сөз
екінші бір сөздің артынан тіркесе
қосақталады (жылқы-мылқы, шай-пай, астық-мастық
т.б.)
5) Қосақты
қосар. Сөздің алдында бір буын қосылып айтылады
(қып-қызыл, қап-қара, ұп-ұзын т.б.) [2: 159-162].
Қ.Жұбанов
жоғарыда жіктеп көрсеткен қосар сөздер
қазіргі грамматика оқулықтарында қос сөздер деп
аталып , ал олардың Қ.Жұбановтағы бес
түрі қайталама және
қосарлама қос сөздер деп, тек екі топқа
бөлінген. А.Ысқақовтың авторлығымен
жарық көрген
"Қазіргі қазақ тілі. Морфология" (1974) деп
аталатын жоғары оқу орындарына арналған оқулықта
Қ.Жұбанов жіктеуіндегі теңдес қосар сөздер
қосарлама қос сөздерге
сыңарлары өзара мәндес, сыңарлары қарсы
мәндес, бір сыңары мағынасыз қос сөздер деп ,ал
сөздес қосар сөздер, матаулы қосар сөздер,
тіркеулі қосар сөздер, қосақты қосар сөздер
- бәрі де қайталама қос сөздерге
жатқызылған.
Қазақ ғалымдарының ішінде қазақ
тіліндегі біріккен сөздерді арнайы зерттеген - Г.Н.Жәркешова. Ол
1949 ж. осы тақырыпқа кандидаттық диссертация
қорғады, оннан аса мақала жариялады."Халық
мұғалімі" журналының 1951 жылғы 8 нөмірінде
жарияланған мақаласында
біріккен сөздердің бірнеше тұлғалық белгілері бар
екенін көрсеткен [3].
1960 ж. ол "Біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің орфографиялық
сөздігің" шығарды. Автор еңбегінің
кіріспесінде түркі тілдерін зерттеуші ғалымдардың біріккен
сөздер мәселесіне ерекше көңіл бөлгендігін,
ертеректегі Мелиоранский, Будагов, Катанов, Казамбек сияқты
ғалымдардың еңбектерінде біріккен сөздер
жайындағы мәліметтер өте тапшы екендігін, кейінгі
түркітанушылардан А.Н.Кононовтың "Грамматика турецкого
языка" (М., Л., 1941 ж. )
еңбегінде түрік тіліндегі бірнеше біріккен сөздің
этимологиясын ашқандығын, А.Боровков пен Э.В.Севортяннің
біріккен сөздерді түркі тілдеріндегі сөзжасам амалы деп
қарап, бұл мәселенің әлі зерттелмегенін, жалпы
алғанда, біріккен сөздер жайында сүйенерлік күрделі
зерттеулер жоқтығын айтады [4: 3-4].
Автор бұдан ары біріккен сөздердің қалыптасу
ерекшеліктеріне тоқталған. Э.В. Севортяннің пікіріне
сүйене отырып, біріккен сөздердің түп төркіні
сөздердің сөйлемдегі алатын орнына қарай синтаксистік байланыстан
туып қалыптасқанын, оған дәлел ретінде
қазақ тілінде анықтауыш пен анықталатын сөз,
толықтауыш пен толықталатын сөз, пысықтауыш пен
пысықталатын сөз бірігетінін (асқазан, қолғап,
баспасөз; қаптесер, алжапқыш, күнбағар;
түрегел, бассалу, айналсоқ ) осылардың ішінде ең басымы
анықтауыш пен анықталушы сөздердің бірігуі екенін
көрсеткен. Дегенмен ең қиын мәселе біріккен
сөздер мен сөз тіркестерін айыру екенін атап көрсеткен [4:
4-6] . Бұл еңбекте біріккен сөздердің басты белгілері
ретінде олардың көбінесе аффикссіз екі түбірден бірігетіні
(балажан, еңбекақы) кейбір біріккен сөздердің арасында
не соңында қосымшалар бар екені (жаздыгүні,
күздігүні, отағасы, қосағасы ), қос
сөздердегідей бір сөздің қайталануы, (жүре-жүре,
көре-көре), я сөздің екі сыңары да мәнсіз
(апыл-тапыл, жым-жылас, оқта-текте) болып келуі біріккен сөздерде
кездеспейтіні, біріккен сөздердің орнын ауыстыруға
көнбейтіні, біріккен екі сыңардың бірі жуан,бірі
жіңішке болып келсе, онда олар буын үндестігіне бағынбайтыны
(көкқұтан, қаптесер, еңбекақы,
Ботагөз, Сарыөзек), бірақ кейбір біріккен
сөздердің аралығында дыбыс үндестігі сақталатыны
(көкала-көгала, алаөкпе-алөкпе,
Қазанқап-Қазаңғап), біріккен
сөздердің екі я үш сөзден бірігіп, бір ғана
мағына беретіні және ол сөздердің жалаң
қосындысы емес, жеке сөздердің мағынасы түгелдей
не жартылай жойылған жаңа мағыналы сөздер екені
(асқазан, бозбала), біріккен сөздердің дара сөздер
сияқты сөйлемнің бір ғана дара мүшесі
болатындығы көрсетілген [4: 5-8]. Еңбектің
соңында біріккен сөздер мен сөз тіркестерінің бес
мыңдай сөзден тұратын сөздігі берілген [4: 27-125].
Қазақ тіл білімінде қос сөздер жайында арнайы
монографиялық зерттеулер болған жоқ.
Қазақ тіліндегі күрделі сөздер (біріккен, кіріккен
сөздер, қос сөздер т.б. туралы пікірлер, тұжырымдар
қазақ тілінің жоғары оқу орындарына
арналған грамматикаларында берілген.
1954 ж. шыққан "Қазіргі қазақ тілі"
атты тұңғыш ғылыми грамматикада морфологияның
жалпы бөлімін жазған А.Ысқақов қазақ
тіліндегі сөздерді тұлғасына қарай бес түрге
бөледі: 1) түбір сөздер, 2) туынды сөздер, 3) біріккен
сөздер, 4) қос сөздер, 5) қысқарған
сөздер [5: 190]. Бұл бөлудегі соңғы үш
түрге автор күрделі сөздер деген терминді
қолданбаған, тек "бірікпеген күрделі сөз"
деген ұғымды ғана қолданған [5: 194].
Автор екі сөзді біріктіріп айту сөзден сөз
тудырудың бір амалы ретінде арғы заманнан келе жатқан,
әбден орныққан жол екені, олардың
көпшілігінің төркінін қазіргі кезде ажырату
қиынға соғатынын (абжылан, тілмар, шалап, мұрып....),
бірнеше сөзден бірігіп жасалған жаңа сөздердің
қазіргі әдеби тілде молаюда екенін (шекара,
демалыс,еңбеккүн) біріккен сөздердің
құрамындағы кейбір морфемалар жұрнақ
категориясына ауысқандығын (жар-нама, баян-дама, дәлел-деме)
атап көрсеткен [5: 192-193].
Бұдан ары сөздердің бірігу жолдары мен түрлеріне,
біріккен сөздердің белгілеріне тоқталған. Автор
біріккен сөздердің жасалуында тек синтаксистік байланыс,
сөздердің сөйлемде алатын орны бірден-бір жол болды деген
тұжырыммен келіспейді. Мысалы: ағайын (аға +іні), шекара
(шек+ ара), қолғанат (қол+қанат) т.б. ешқандай
синтаксистік байланыс арқылы бірікпегенін айтады. Әркім,
әрқалай,әлдекім, тоқсан, сексен т.б. біріккен
сөздерде осы сияқты.
Біріккен сөздерді сөз тіркестерімен шатастырмас үшін,
мынадай үш белгіні негізге алу қажет дейді: 1) сөздің
семантикалық белгісі
(мағынасы), 2) сөздің грамматикалық белгісі, 3)
сөздің фонетикалық белгісі. Бірінші белгі бойынша біріккен
сөздер семантикалық жағынан бір лексикалық
мағынаны білдіруі шарт, біріккен сөздердің мағынасы
құрамындағы жеке сөздердің мағыналарының
қосындысы болмауға тиіс. Осы тұрғыдан көк ала,
қара ала дегендерді біріккен сөздер деу қиын, себебі
бұлардың құрамындағы сөздердің
мағыналары сақталып, бір бүтін мағына емес,
қосынды мағыналар ғана туып тұр. Екінші белгі бойынша
біріккен сөздер сөйлемде әрдайым дара мүше
қызметін атқарады, себебі олар белгілі бір сөз табына тәуелді. Ал, үшінші белгіге
арнайы тоқталмаған [5:
193-196].
1954 жылғы "Қазіргі қазақ тілінде"
қос сөздер жайында кең мәлімет берілген. Екі
сөзді қосарлап айту сөзден сөз тудырудың ерте
заманнан белгілі, құнарлы тәсілі екендігі сипатталып,
қос сөздердің мағыналық ерекшеліктерінің 9
түрі көрсетілген (жинақтық, жалпылық, топтау,
болжау, амалдың қайталап келетінін т.б.).
Қос сөздер сөз топтарына қатыстылығы
жағынан барлық сөз таптарынан да жасала беретіні
айтылған. Қос сөздердің мағыналық,
тұлғалық құрамы жағынан жеті тобы талданған.
Олар: мәндес (ел-жұрт); қайшы мәндес
(дос-дұшпан); қайталама (тау-тау, көре-көре);
қайталама (қолма-қол, жайдан-жай); үстеме буынды
(қып-қызыл); еліктеуішті (ат-мат, кісі -місі) жеке
тұрғанда дербес мағынасы жоқ компоненттерден
тұратын (анда-санда,елең-алаң) қос сөздер.
Бұдан ары қос сөздердің дыбыстық
ерекшеліктері (буын құрамы, дыбыс үндесуі), қос
сөздердің түсініксіз сыңарлары (жігіт-желеу, дау-дамай,
тері-терсек т.б.) талданған [5:
196-203].
1954 ж. "Қазіргі қазақ тілінде" сөз
тұлғасының бір түрі ретінде қысқарған
сөздерге түсінік берілген. Сөздердің
қысқарып бірігу жолы
Қазан революциясынан кейін орыс тілінің әсерінен туғаны
айтылып, сөздерді қысқартып қолданудың үш
түрлі жолы көрсетілген: 1) орыс, қазақ тілдерінде
құрамындағы сөздердің толық
түрінің де, қысқарған түрінің де
тіркесу реттері бірыңғай келетін сөздер, мысалы: ҚазССР
- Қазақ Советтік Социалистік Республикасы, МТС - машина-трактор
станциясы т.б.; 2) Қазақ
тілінің өзіндегі сөз тіркесу заңына лайық
қысқартылған сөздер, мысалы: ССРО - Советтік Социалистік
Республикаларының Одағы; 3) орыс тіліндегі сөз тіркесу
заңына лайық қысқартылған сөздер: кқлхоз,
совхоз, местком т.б. [5: 203-204].
Күрделі сөздер туралы бұдан кейінгі зерттеулер
А.Ысқақовтың "Қазіргі қазақ тілі.
Морфология" (1974 ж.) атты жоғары оқу орындарына
арналған оқулығында берілген.
Автор қазақ тіліндегі сөздерді тұлғасына
(құрамына) қарай ең әуелі жалаң
сөздер және күрделі сөздер деп екі топқа жіктеп,
күрделі сөздерді іштей біріккен сөз, кіріккен сөз,
қос сөз деп бөледі [5:
90-91]. Күрделі сөзге "кемінде екі я онан көп
дара сөзден (жалаң я туынды түбірлерден) құралып,
ритм ырғақ жағынан бір ұдай, лексика-
семантикалық жағынан біртұтас, лексика- грамматикалық
жағынан бір бүтін тұлға болып бірлесіп
тұрақталған құрама сөзді (я сөз тіркесін) айтамыз деп
анықтама береді [5: 97 ].
Автор күрделі сөздердің қай-қайсы болсын
әуел бастағы жай сөз тіркесінен
шыққандығын, олардың қалыптасуында
әрқилы синтаксистік тәсілдер: жай сөз тіркестері
компоненттерінің бірігуі немесе жарыспа, қабаттаса
қосарлануы, болмаса әуелгі еркін сөз тіркесінің
тұрақты тіркеске айналуы қызмет еткенін, күрделі
сөздер бірден қалыптаспаған, ұзақ сонар
процестерден өткен тарихи құбылыс екенін көрсеткен.
Бұдан ары күрделі сөздердің жасалуына әсер еткен
факторларға: мәселен, күрделі сөздер
компоненттерінің арасында болатын ассимиляция, диссимиляция,
үндесу, сіңісу, сусу т.б.
заңдылықтарынан көрінетің фонетикалық
факторға (бүгін, биыл, әкел, әпер, сөйт, жекжат, жексұрын), әуелгі жай
сөз тіркестерінің идиомалану, лексикалану, делексикалану
құбылыстарынан көрінетін лексика-семантикалық
факторға (қырғи қабақ болу, атүсті
қарау; теміржол, қосаяқ , аққу, аққұтан;
түрегел, былтыр, ішқыр) , қайталану, қосарлану я
тіркесу арқылы көрсететін грамматикалық факторға (тау-тау,
үлкен-үлкен ; аяқ- табақ, бүгін-ертең)
тоқтап, соңғысында жаңа лексикалық мағына
тумайды, тек грамматикалық деп мағына өзгереді, сол себепті
бұл процесі грамматикалану деп аталады деп тұжырым жасайды. Автор
күрделі сөздердің грамматикалануының бес түрлі үлгісін
көрсетті [5: 97-101 ].
Күрделі сөздерді топтастыру мәселесінде
А.Ысқақовтың тұжырымдары мынадай. Автор
құрамындағы компоненттерінің орындары берік, грамматикалық жағынан мүшеленбейтін, лексика-семантикалық жағынан
біртұтас мағына білдіретін фразеологиялық
тұлғаларды (идиома мен фразаларды) күрделі
сөздердің қатарына жатқызады. Белгілі бір сөз тобына тән бір тектес
сөздерден сабақтаса құралған күрделі
сөздерді күрделі есімдер (күрделі зат есім, күрделі сын
есім, күрделі сан есім, күрделі үстеу т.б. ) деп топтайды. Компоненттерінің ара
қатынастары өзгеше болғандықтан, күрделі
етістіктерді аналитикалық етістіктер (бере бер, тұра тұр) және
есім мен көмекші етістіктен тұратындарын құранды
етістіктер (ән сал, қызмет
ет) деп жіктейді [5: 102-107 ].
Автор біріккен, кіріккен сөздер мен қос сөздерді
бұлардан бөліп, жеке талдаған.Біріккен сөздердің
жоғарыда айтылғандай фонетикалық, лексика-семантикалық,
грамматикалық факторлар негізінде сөз тіркестерінің белгілі
заңдылықтарына лайық жасалатынына, олардың не
сабақтаса, не салаласа құралатынына тоқтаған.
Біріккен сөздердің мағыналық жағын талдауға
көбірек көңіл бөлген. Бірқатар біріккен сөздің
мағынасы компоненттерінің мағыналарының
жиынтығына сай келмейтіні (білезік, қарлығаш,
биыл,ендігәрі), бірқатарының мағынасы
өзінің құрамындағы компоненттерінің мағыналарының жиынтығына
жуық болатын (жаздыгүні, қыстыгүні,
құсбегі, атбегі), біріккен сөздердің
бірсыпырасының құрамындағы компоненттері әуелгі
мағыналарын жоғалтып, жаңа бір мағынаны білдіретіні (белбеу, бәйшешек, отағасы, тоқсан,
өйткені) көрсетілген [5: 108-109 ].
А.Ысқақов кіріккен сөздердің қалыптасуы тілдің дыбыс жүйесіндегі
әрқилы заңдылықтарына байланысты
болғандықтан, олардың
күрделі сөздердің басқа түрлерінен
ерекшелеп, өз алдына категория деп таниды, бірақ біріккен
сөздер сияқты кіріккен сөздердің жасалуына тіл
практикасындағы семантикалық заң таяныш болады деп
есептейді [5: 110-111 ].
Қос сөздерді А.Байтұрсыновтың жалпылағыш
және жалқылағыш деп бөлгені,
Қ.Жұбановтың қосар сөздер деп атап, олардың
бес түрін көрсеткені бұдан бұрын айтылды. Ал
А.Ысқақов қос сөздерді алғаш рет қайталама
қос сөздер және қосарлама қос сөздер деп
жіктеген. Осы жіктеу кейінгі грамматикалық зерттеулер мен
оқулықтарда түгелдей дерлік қайталанып келеді.
Автор қос сөздердің компоненттері семантикалық
жағынан я бірдей, я парапар болады да, синтаксистік жағынан я ұқсас, я тепе-тең келеді, ал дыбыстық
жағынан үнемі парапар болуы шарт емес дейді. Сөзді
қайталап қолданудан сөздің неше алуан формалары жасалып,
мағыналары түрленгенімен, лексикалық түсінігі
өзгермейді, яғни жаңа мағына тумайды, тек
грамматикаланады. Ал, сөзді қосарлап қолданудан әрі
лексикаланған әрі грамматикаланған мағына туады деп
тұжырымдайды. [5: 112-113 ].
Бұдан ары автор қос сөздердің аталған екі
түрінің фонетикалық, морфологиялық, семантикалық
сипаттарын талдаған [5: 113-116; 122- 124; 126- 128 ].
Бұдан ары А.Ысқақов қос сөздердің
шығу, қалыптасу төркініне тоқтап, оның үш
түрлі жолын көрсеткен. 1. Қайталама қос сөздер
айтылатын ойға әрқилы экспрессиялық, эмоциялық
т.б, мән беру мақсатымен әуелде белгілі қос
сөздердің бірқатары, біріншіден, белгілі бір төл
сөзге басқа рудың не тайпаның болмаса
қарым-қатынаста болған басқа
халықтардың тілдеріндегі
балама сөздерді жарыстыра, қосарлап қолдану әдетінен
пайда болған (бала-шаға, жылау-сықтау, ем-дом т.б.)
екіншіден, қосарлама сөздердің бір алуаны сөйлемдегі
бірыңғай мүшелердің, айқындауыш мүшелердің
логика-формалық интонациялық райға қарай өзара
орайласып, бір-бірімен үнемі жұпталып айтылу машығынан пайда
болған (аман-есен, әке-шеше, іс-әрекет т.б. ) деп
тұжырымдайды. [5: 128-129 ].
Сөйтіп, проф. А. Ысқақовтың зерттеулерінде
қазақ әдеби тіліндегі күрделі сөздер,
олардың түрлері, жасалу жолдары, мағынасы мен қызметі
туралы қазақ тіл білімінде қалыптасқан теориялық
тұжырымдар ары қарай дамытылып,
негізінен бір жүйеге келтірілген деуге болады.
Проф. К. Аханов күрделі сөздің мынадай басты белгілерін
көрсетеді: 1.Күрделі сөз кемінде екі түбірдің
(немесе негіздің) бірігуінен, тіркесуінен, қосарлануынан,
қысқаруынан жасалады. 2.Күрделі сөз жасайтын
сыңарлар семантикалық, морфологиялық, синтаксистік
жағынан тұтасып, бір ғана ұғымды білдіреді. 3.
Күрделі сөздің құрылымдық
тұтастығы берік сақталады, оның
сыңарларының арасына басқа бір сөз кіргізуге және
олардың орнын ауыстыруға болмайды. 4. Күрделі сөз
сыңарлары тұтас бір ауа түйдегімен үзіліссіз айтылып,
бір ғана дауыс екпінге ие болады
[6: 49-97 ].
Қазақ тіліндегі күрделі сөздерді және оларды
мектепте оқыту мәселесін Ж.Шәкенов [7:32] күрделі
сөздердің грамматикалық, семантикалық сипатымен бірге,
олардың фразеологиялық тұлғалармен арақатынасына
ерекше назар аударған. Оның пікірінше, күрделі
сөздердің фразеологизмдерден айырмасы мынадай: күрделі
сөздердің құрылымы екі, үш (сирек) сөзден
аспаса, фразеологиялық тұлғалар көп компонентті болып
келеді; күрделі сөздердің заттық, сапалық
ұғымды білдіретін түрлерінің бастапқы компоненті
көбінесе атау тұлғада тұрса, фразеологизмдерде
әралуан тұлғада келеді; күрделі сөздер атау
мағынада қолданылса, фразеологизмдер бейнелі мағынада
жұмсалады; күрделі сөздер белгілі бір сөз табының
құрамына кірсе, фразеологизмдер белгілі сөз табына жатпайды.
Қазақ тіл білімінде күрделі сөздердің жеке
сөз таптарындағы түрлері жайындағы зерттеулердің
негізгілері күрделі етістік пен күрделі зат есімдер байланысты.
Күрделі етістік жайын зерделеп, оның өзіндік ерекшелігін,
қалыптасу заңдылықтарын ашу, оларды ұқсас
аналитикалық формалардан ажыратып қарау проф. Н.Оралбаеваның
еңбектерінен басталады. Ол осы мәселелерге байланысты
"Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің
аналитикалық форманттары (1975 ж.)
[8 ] ."Күрделі етістік. Құранды етістік",
"Қазіргі қазақ тілінің сөзжасам
жүйесі" (1989 ж.) [9 ] т. б. еңбектер жарияланды.
Автор түркітануда күрделі етістік деген термин соңғы
кезге дейін кең мағынада қолданылып, зерттеушілер оларды
құранды етістіктер, күрделі етістіктер, аналитикалық
етістіктер деп әр түрде атап, оған сырттай
ұқсастығы бар аналитикалық формалы етістіктерді
де.фразалық тіркестерді де, құранды етістіктерді де жатқызып
келгенін айтады [9: 290-291 ].
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1 Байтұрсынов Ахмет.
Тіл тағылымы. А. : Ана тілі, 1992. -446 б.
2 Жұбанов Қ.
Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. Алматы: Ғылым , 1966.
-361 б.
3. Жәркешова Г. Қазақ тіліндегі біріккен
сөздер // Халық мұғалімі , 1951. №8.
4 Жәркешова Г. Біріккен сөздер мен сөз
тіркестерінің орфографиялық сөздігі. Алматы: Ғылым акад. баспасы , 1960. -125 б.
5. Ысқақов А. Қазіргі қазақ тілі.
Морфология. Жоғары оқу
орындарына арналған оқулық. Алматы : Мектеп, 1974. -408 б.
6 Аханов К. Тіл
білімінің негіздері. Алматы: Мектеп ,1973, -623 б.
7. Шәкенов Ж.
Қазақ тіліндегі күрделі сөздер мен күрделі
тұлғалар. Алматы, 1991.
8. Оралбаева Н.
Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық
форманттары. Алматы : Мектеп , 1975. -136 б.
9 Оралбаева Н.
Күрделі етістік // Қазіргі қазақ тілінің
сөзжасам жүйесі. Алматы: Ғылым , 1989. 290-320 б