Филогия ғылымдарының кандидаты, профессор Қабатаева К.Т.,
І курс студенті Балықова
Лейла
Қарағанды қ., Қазтұтынуодағы
Қарағанды экономикалық университеті
Ана тілі –
бабам тілі, өз тілім
Ұлтымыздың
ұлы ұстазы – Ахмет Байтұрсынов: «Сөзі
жоғалған жұрттың өзі де жоғалады», - деген
екен. Қазірде дүниежүзінде екі мыңға жуық
ұлттар мен ұлыстар болса, соның әрбір оныншысының
ғана өз мемлекеттік құрылымы бар екендігі –
ғұламаның сөзінің дәлелі.
Тіл –
ұрпақтар арасын жалғар алтын көпір, ақыл
ойдың түйінін танытар асыл қазына. Біздің тіліміз
кешегі өткен дана Абайдың, жыры семсер Махамбеттің,
шындықтың дәл өзіндей Бауыржанның, ұлы
Мұхтардың, сөз зергері Ғабит Мүсіреповтың
тілі екенін мақтаныш сезіммен айта аламыз.
Тіл –
ұлттық мәдениетіміздің бір бөлігі. Ол –
табиғаттың адамға берген сыйы. Тілсіз қоғам
болмақ емес. Тіл тағдыры – ұлт тағдыры.
Ұлтымыздың бүгінгі, ертеңгі болашағы – ана
тіліміздің өсіп, өркендеп даму деңгейіне байланысты.
Халқымыз: «Бас кеспек болса, тіл кеспек жоқ», «Қылыштан
өткір – тіл», - деп сөз құдіретін ежелден жоғары
бағалаған. Ана тіліміз талай ауыр ғасырды басынан кешірген.
Халқымыз тілін аттың жалында, түйенің қомында
жүргенде де жоғалтпаған.
Халық:
«Өнер алды – қызыл тіл»,- деп тіл өнерін қол
өнерінен де, ерліктен де жоғары санайды. Тіл – ақылдың
көрінісі, бірліктің кілті. Тілсіз жерде бірлік те жоқ, тірлік
те жоқ. Тілдің сондай сырын, сиқырлы күшін жіті
аңғарған халық: «Тіл тас жарады, тас жармаса, бас
жарады. Қылыш жарасы бітеді, тіл
жарасы бітпейді» деп тасқын сумен, алмас қылышпен қатар
қояды.
Қазақстан
Республикасының «Тіл туралы» заңының 4 – бабында:
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі –
қазақ тілі. Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл
аумағында қоғамдық қатынастардың
барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң
шығару, сот ісін жүргізу және іс қағаздарын
жүргізу тілі. Қазақстан халқын топтастырудың аса
маңызды факторы болып табылатын мемлекетік тілді меңгеру – Қазақстан
Республикасының әрбір азаматының парызы»,- делінген.
Бірақ, өкінішке орай, қазіргі таңда қазақ
тілі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтеріле алмай отырғаны
әркімге анық мәселе.
Тәуелсіздігімізді алғаннан бері қанша жыл өтсе де,
біздің тіліміз әлі күнге дейін өзекті
мәселелердің бірі болып
келеді.
Ахмет
Байтұрсынов: «Тіл – адамның
адамдық белгісінің зоры, жұмсайтын
қаруының бірі», - деген. Ал біздің көптеген жастарымыз
сол қаруынан қол үзіп отыр. Бұл жерде мен өз
тілін білмейтін қазақ жастары жайлы ой қозғағым
кеп отыр. Абай атамыз айтқандай:
«Қисынымен
қызықты болмаса сөз,
Неге айтсын
пайғамбар мен оны алласы»,- демекші, менің замандастарым өз
тілдерін біле тұра, оны шұбарлайды. Ал кейбіреулері мүлдем
өз ана тілін білмейді. Білмей тұра, оны үйренуге де ұмтылмайды. Сонда ол кім болғаны?
«Сөзі жоғалған жұрттың өзі де
жоғалады», - деп Ахмет Байтұрсынов ағамыз айтқандай,
ондай жастардың жұртынан,
ұлтынан айрылғаны.
Қазақ
қашанда жасқа сенім артып, жас өскінді бетінен
қақпай өсірген. Ата жолын қуу, әкенің ісін
жалғастыру дәйім перзент парызы саналған. Яғни біздерге
сенім артылады. Мемлекеттілік құру, демократиялық
үрдістерді орнықтыру, нарықты экономикалық қадам
басу сынды ел тағдырын түбегейлі өзгерткен іргелі істердің баршасы біздер
үшін жасалып жатыр. Сондықтан ағаларымыз бен
аталарымыздың ойлағанын жалғастыра әкету біздерге
жүктеледі. Егер біздер қазақтың көк туын
желбіретіп, ең шың биікке алып бармасақ,
тәуелсіздіктің тағдыры қиын болады. Міне, көріп
отырғанымыздай елдің болашағы жастар қолында
болғандықтан, олардың жағдайының
жақсылығы, қоғамдық-саяси белсенділігінің
жоғарылығы, патриоттығы, интеллектуалдық
дәрежесінің биіктігі назардан тыс қалмауы тиіс. Елбасымыз
мұны әркез айтып, нақты тапсырмалар беріп жүр.
Әрине, осы міндетті болашақта іске асырушылар - жастар. Жастар
мемлекетіміздің, қоғамымыздың ажырамас бөлігі,
тіпті ажырамас бөлігі емес сол мемлекеттің негізгі, соны алға
жетелеуші, дамытушысы. "Асыл тастан, ақыл жастан" деген
нақыл сөзді қазағымыз бекерден бекер айтпаған.
Қазақстан
Республикасының Президенті Н.Ә. Назарбаев айтқандай:“Жастар -
бұл ұрпақ қоғамының өндіргіш
күштерінің нақты даму деңгейі және
өндірістік қатынастардың тиісті құрылымы.
Бұл байланыс бар өндіргіш күштермен және
өндірістік қатынастармен қоғамда жастар рөлін
және орнын анықтайды“.
Осылай
Елбасы, ағаларымыз бізге сенім артып отырғанда біздің жастардың
өз мемлекеттік тілін сыйламауы қисынсыз дүние.
Біз,
жастар ел билеуде өз үлкен үлестерін қосып
отырған ағаларымыздан әрдайым үлгі алуымыз керек.
Мысалы Қазақстан Республикасы Үкіметінің Премьер –
министрі Карим Масимовтан. Ол
мемлекеттік тілді жетік білмесе де,
қазақ тілінде өз ойын жеткізуге тырысады. Ал ел қамын
ойлап жүрген азаматымыздың
уақыты санаулы болса да, ол қазақ тілін меңгеруге уақыт табады.
Халқымыздың
ғасырлар бойы аңсаған тәуелсіздігін
нығайтудың, ұлтымыздың тұтастығын
сақтап қалудың негізгі алғышарттарының бірі – ана
тіліміздің мерейін көтеру, пайдалану аясын кеңейту.
Қазақ
тілінің мемлекеттік тіл дәрежесіне жете алмауы бұл
өзекті мәселе. Бірақ қандайда болмасын
мәселенің шешімі бар. ХХІ ғасыр – ақпарат заманы,
кім жақсы ақпараттандырылған
болса, дүниенің кілті сонда. Сол себептен мен бұл
мәселенің шешу жолдарының бірі ретінде –
Бұқаралық Ақпарат
Құралдарын ұсынамын. Заңға
сәйкес теледидардағы
бағдарламалардың 50 пайызы қазақ тілінде өтуі
тиіс. Бірақ мемлекеттік тілдегі бағдарламалар мен кинофильмдер
түнгі 12 – ден бастап адамдар
ұйықтап, демалатын кезде немесе олар жұмыста болатын
уақытта өткізіледі. Бұл заңға сәйкес 50
пайызы орындалады, бірақ
қисынсыз уақытта.
Осыған қарамастан, қазіргі заман ақпаратқа
тәуелді болғандықтан мен қазақ тілін
үйретуде олардың
көмегі зор деп сенемін. Менің ұсынатын шешу жолдарым:
·
Теледидарда қазақ тілін үйрететін бағдарламалар
санын және сапасын көбейту және олардың
өткізілетін уақытының тиімді болуын қадағалау;
·
Интернет желісіне де қазақ тілін меңгеруге септігін
тигізетін сайт ашу;
·
Әртүрлі тасығыш таспаларға «Қазақ тілі»
сабақтарын жазу;
Әрине
бұл мақсаттарды жүзеге асыру үшін қазақ
тілі мамандарының санын көбейту керек және оларға мемлекет қол ұшын беріп,
қолдау көрсетулері қажет.
Бүгінгі
жаһандану дәуірінде өркениеттің заманауи жетістіктерін
бойымызға қабылдай отырып, әлемдік
ықпалдастықтың ішіне де кірдік. Осы ретте өткен
жылғы Елбасы Жолдауындағы әлемдегі бәсекеге барынша
қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясының
маңызы ерекше болса, Президенттің биылғы
Қазақстан халқына арнаған «Нұрлы жол –
болашаққа бастар жол» атты Жолдауы баршамыз үшін тағы бір тың
қадамдарға жол ашты. Біз енді әлеуметтік – экономикалық
жаңару мен саяси демократияландырудың жаңа кезеңіне қадам
басып отырмыз.
Тоқсан
ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсам, тілге деген
құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл
мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің
өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу
үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.
Сөзімнің
соңын Елбасының ана тілі туралы айтқан мынадай көрікті
ойымен аяқтағым келеді: «Дауға салса алмастай
қиған, сезімге салса қырандай қалқыған,
ойға салса қорғасындай балқыған,
өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі
қалқан болған , әрі жас отты да ойнақы Ана
тілінен артық қазақ үшін бұ дүниеде
қымбат не бар екен ?! Ғасырлар бойы қазақтың
ұлт ретіндегі мәдени тұтастығына ең негізгі
ұйтқысы болған – оның ғажайып тілі».
Әдебиеттер:
1.
«Қазақ тілі мен әдебиеті», Алматы-2014, №5
2.
«Қазақ тілі мен әдебиеті», Алматы-2015, №2
3.
«Орталық Қазақстан» газеті, 2014жыл, 25 қараша