Право/6.Борьба с экономическими преступлениями

 

Орынбеков А.С., з.ғ.м., ҚҚЭУ оқытушысы

Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университеті, Қазақстан

 

ҚР ҚЫЛМЫСТЫҚ КОДЕКСІНІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ КОНТРАБАНДАҒА ҚАТЫСТЫ  НОРМАЛАРЫН ЖЕТІЛДІРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Қазақстан Республикасындағы қылмыстың өсу жағдайында қоғамға азаматтарға аса зор материалдық нұқсан келтіретін экономикалық контрабанда қылмыстарының қауіптілігі ерекше.

Экономикалық контрабанда қылмыстары қазіргі кезеңде көп орын алған, олардың түрлері де қылмыс саласында алып отырған орны ауқымды десек қателеспейміз, себебі бұл қылмыстар басқа қалмыстарға қарағанда яғни адам мен азаматтарға қарсы қылмыстардан кейін келтірер зардабы жоғары және түрлері де көп.

Контрабанда қоғамдық өмірдің барлық салаларына зиян тигізеді. Оның қоғамға қауіптілігі келесіден көрінеді:

-  мемлекеттерге, сонымен қатар олардың сыртқы экономикалық қызметіне зиян келтіріледі, себебі шығарылатын және кіргізілетін тауарларға бекітілген кедендік баждар мемлекеттердің ұлттық бюджетіне түспейді;

-  Контрабандамен айналысатындардың табысы артады, ал ол өз кезегінде олардың құқыққа қарсы қызметінің артуына алып келеді.

Экономикалық контрабанда (ҚР ҚК 234 б.), айналымнан алынған немесе айналысы шектеулі заттардың контрабандасы (ҚР ҚК 286 б.) мәселесінің өзектілігін бүгінгі таңда Қазақстанда оның артуы арқылы кері жақтарының және оның ұйымдасқан формаларының пайда болуынан  байқауға болады. Бүгінгі таңда контрабанда ұлттық қауіпсіздік саласына да зиян келтіреді.

Қазақстанда контрабанданың өсуіне тікелей немесе жанама түрде бірқатар әлеуметтік-экономикалық факторлар әсер етеді, жекелеп айтсақ: елдегі қиын экономикалық жағдай, өмір сүрудің төмен көрсеткіші; тауарлардың бағаларының әлемдік экспортқа және ішкі нарыққа сәйкес келмеуі; бұрынғы КСРО мемлекеттерінің арасында құрылған жаңа шекара бекеттерінде кеден инфрақұрылымының дамымауы; республика шекарасында бақылау жүргізу орындарының заманауи техникалық жабдықтармен төмен қамтамасыз етілуі; кеден органдарының мемлекеттік қызметкерлерімен ұйымдасқан қылмыстық топтардың байланысуы негізінде кең таралған жемқорлық; халықаралық деңгейде контрабандымен күрес бойынша республикалық қауіпсіздік қызметі органдарымен кедендік бақылау органының өзара іс-қимыл жасау мәселесінің шешілмеуі.

Қазақстан Республикасының кеден органдары контрабандаға қарсы қызмет жүргізуде маңызды рөл атқарады. Мәселен, 2013 жылы, Қазақстанның кеден органдары тауарлардың жалпы құны 10 млрд астам тұратын 645 қылмыстық іс қозғады. [1]. 

Қазақстанның кеден органдарымен құқық қолдану тәжірибесін жүзеге асыру үшін,  1997 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің ережелерін дұрыс талқылау маңызды рөл атқарады.  , ал ол үшін әрбір норма анық жеткілікті көрсетілуі тиіс және әрбір баптың мазмұны атауымен сәйкес келуі керек. Алайда, кеден органдары пайдаланатын Қылмыстық кодекстің баптары толық талаптарға сай емес. Мысал ретінде талқылап көрейік. Экономикалық контрабанданың құрамы ҚР ҚК 234 бабында көрсетілген:

«234-бап. Экономикалық контрабанда

1. Кеден одағының кедендiк шекарасынан кеден бақылауын жанай немесе одан жасырын, не құжаттарды немесе кедендiк теңдестiру құралдарын алдап пайдалану арқылы тауарларды немесе өзге де заттарды, осы Кодекстiң 286-бабында көрсетiлгендерiн қоспағанда, не декларацияланбаумен немесе күмәндi декларациялаумен ұштасқан кедендiк шекарадан өткiзуге тыйым салынған немесе өткiзу шектелген, кедендiк шекара арқылы өткiзудiң арнайы ережелерi белгiленген тауарларды, заттар мен құндылықтарды iрi мөлшерде өткiзу -

мүлкі тәркіленіп не онсыз, бес жүзден бір мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салуға, не бiр жылдан екi жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына, не жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салына отырып немесе онсыз үш жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Нақ сол әрекет:

а) бiрнеше рет;

б) адам өзiнiң қызмет бабын пайдаланып;

в) кеден бақылауын жүзеге асырушы адамға күш қолдана отырып;

г) аса ірі мөлшерде;

д) адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен жасалса, -

мүлкi тәркiленiп бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген әрекеттердi:

а) мемлекеттiк қызметтер атқаруға уәкiлеттi адам не оған теңестiрiлген адам, егер оларды өзiнiң қызмет бабын пайдаланумен қатар жасаса;

б) ұйымдасқан топ жасаса, -

мүлкі тәркіленіп, үш жылға дейiнгi мерзiмге белгiлi бiр лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан айрылып, үш жылдан сегiз жылға дейiнгi мерзiмге, ал а) тармағында көзделген жағдайда мүлкi тәркiленiп, жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Ескерту. Осы бапта көзделген әрекеттер, егер өткізілген тауарлардың құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен асса, ірі мөлшерде және егер өткізілген тауарлардың құны бес мың айлық есептік көрсеткіштен асса, аса ірі мөлшерде жасалған әрекеттер деп танылады[2].

Біздің ойымызша  «кедендiк шекара арқылы өткiзудiң арнайы ережелерi белгiленген тауарларды, заттар мен құндылықтарды iрi мөлшерде өткiзу» ұғымы олардың құны емес көлемі туралы айтылуы себебінен жағымсыз ойлар тудырады.

Келесі бап  - 286-бап. Айналыстан алынған заттардың немесе айналысы
шектелген заттардың контрабандысы

1. Кедендiк бақылаудан тыс немесе жасырын жасалған не құжаттарды немесе кедендiк теңдестiру құралдарын алдап пайдалана отырып, тауарларды, атап айтқанда есірткі заттарды, психотроптық, күштi әсер ететiн, улы, уландырғыш, радиоактивтi немесе жарылғыш заттарды, қару-жарақты, әскери техниканы, жарылғыш құрылғыларды, атыс қаруымен оқ-дәрiлердi, жаппай қырып-жоятын қарудың ядролық, химиялық, биологиялық және басқа да түрлерiн, жаппай қырып-жою қаруларын жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн материалдар мен жабдықтарды кеден одағының кедендік шекарасы және (немесе) Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы өткізу не заңсыз өткізу -

мүлкі тәркіленіп, бес жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

2. Дәл сол әрекет:

а) бiрнеше рет;

б) лауазымды адам өз қызмет бабын пайдалана отырып;

в) кеден бақылауын жүзеге асырушы адамға күш қолдана отырып;

г) адамдар тобының алдын ала сөз байласуы бойынша;

д) есірткі немесе психотроптық заттарға қатысты ірі мөлшерде жасалса, -
мүлкі тәркіленіп, жеті жылдан он екі жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

3. Осы баптың бiрiншi немесе екiншi бөлiктерiнде көзделген, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қоғамдастық (қылмыстық ұйым) жасаған әрекеттер -
мүлкi тәркiленiп, он жылдан он бес жылға дейінгі мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

4. Осы баптың бірінші, екінші немесе үшінші бөліктерінде көзделген, өте ірі мөлшерде жасалған, есірткі немесе психотроптық заттарға байланысты әрекеттер, -

мүлкі тәркіленіп, он бес жылдан жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға не мүлкі тәркіленіп, өмір бойы бас бостандығынан айыруға жазаланады [2].

Біздің ойымызша,  286 баптың атауы «Айналыстан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың контрабандысы» өте кеңінен түсіндірілуі мүмкін, бірақ бапта айналыстан алынған заттардың немесе айналысы шектелген заттардың барлық түрі көрсетілмеген. Бұл жерде есірткі заттарды, психотроптық, күштi әсер ететiн, улы, уландырғыш, радиоактивтi немесе жарылғыш заттарды, қару-жарақты, әскери техниканы, жарылғыш құрылғыларды, атыс қаруымен оқ-дәрiлердi, жаппай қырып-жоятын қарудың ядролық, химиялық, биологиялық және басқа да түрлерiн, жаппай қырып-жою қаруларын жасау үшiн пайдаланылуы мүмкiн материалдар мен жабдықтар тізіліп көрсетілген. Алайда, олардың қатарына порнографиялық және контрафактілі өнімдерді және т.б. жатқызуға болады.

Біз осы бапты және оның мазмұнын сәйкестікке келтіру керек деп есептейміз.

Қорыта келе, келесіні ұсына аламыз:

1. «Экономикалық контрабанда» 234 баптың 11 бөлігін жаңа редакцияда қарастыру керек:

«1. Кеден одағының кедендiк шекарасынан кеден бақылауын жанай немесе одан жасырын, не құжаттарды немесе кедендiк теңдестiру құралдарын алдап пайдалану арқылы тауарларды немесе өзге де заттарды, осы Кодекстiң 286-бабында көрсетiлгендерiн қоспағанда, не декларацияланбаумен немесе күмәндi декларациялаумен ұштасқан кедендiк шекарадан өткiзуге тыйым салынған немесе өткiзу шектелген, кедендiк шекара арқылы өткiзудiң арнайы ережелерi белгiленген құны бір мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мүліктерді өткiзу, -

жазаланады...»

2. 286 баптың «Айналыстан алынған заттардың немесе айналысы
шектелген заттардың контрабандысы
» атауы және оның мазмұнын сәйкестікке келтіру керек.  

 

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:

1. 2013 жылы ҚР кеден органдарымен 645 қылмыстық іс қозғалды /http://www.inform.kz/rus/article/2623899

2. 2014 жылдың 16 шілдедегі Қылмыстық кодексі. – Алматы: Норма-К, 2014.