Нургожина Акилгек Кобландиевна

 

«Құқықтану» мамандығының 1 курс магистранты

Маңғыстау Гуманитарлық-Техникалық Университеті

 

БАЛАНЫҢ БІЛІМ АЛУ ҚҰҚЫҒЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

 

Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттк саясатының негізгі басымдығы болып табылады.

Қазақстан Балалардың құқықтарын қорғау саласында барлық негізгі халықаралық құжаттарға қосылды. Бұл дегеніміз Біздің еліміз Балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғаудың тұрақтылығына кепілдік беретін, құқықтық, демократиялық және зайырлы мемлекетті қалыптастыру жолымен жылжуға ниеттенетінін дәлелдейді.

Қазақстан Республикасында тәуелсіз және егемен мемлекет болғаннан бергі өткен уақыт аралығында демократиялық құндылықтарға бағдарланған қуатты заңнамалық құжаттар тобы қалыптастырылды. Олар:

1. БҰҰ Бала құқықтары туралы 1989 жыл 20 қарашадағы конвенциясы;

2. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995 жыл 30 тамыз);

3. «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2002 жыл 8 тамыздағы N 345 Заңы;

4. Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Қазақстан Республикасы Кодексі (2011 жыл 26 желтоқсан);

5. «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шiлдедегi N 319 Қазақстан Республикасының Заңы;

6. «Кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың профилактикасы мен балалардың қадағалаусыз және панасыз қалуының алдын алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (2004 жылғы 9 шілдедегі N 591 Заңы);

7. «Мемлекеттік жастар саясаты туралы»  2015 жылғы 9 ақпан Қазақстан Республикасының Заңы;

Көрсетілген заңнамалық құжаттарда мемлекеттік мекемелердің, жергілікті атқарушы органдардың балалар құқығын қамтамасыз ететін мемлекеттік саясатты жүзеге асыру болып табылады.

Қазақстанда білім мекемелерінде бала құқығын қорғау халықаралық нормалармен, қазақстандық заңнамалармен, білім ұйымдарының ішкі құжаттарымен де реттеледі.

«Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңының 15 бабына сәйкес әрбiр баланың бiлiм алуға құқығы бар және Қазақстан Республикасының бiлiм туралы заңдарына сәйкес оған тегiн орта бiлiм, бастапқы кәсiби бiлiм және конкурстық негiзде тегiн орта кәсiби және жоғары кәсiби бiлiм алуға кепiлдiк берiледi[1].  Тегiн жалпы орта бiлiм немесе бастапқы кәсiби бiлiм алғанға дейiн баланы мемлекеттiк бiлiм беру мекемесiнен шығару, шығарудың жалпы тәртiбiн сақтаумен қатар тек қорғаншы және қамқоршы органдарды хабардар ете отырып қана жүргiзiлуi мүмкiн. Арнаулы педагогикалық тәрбиенi қажет ететiн кемтар балаларға мемлекеттiк бюджеттен белгiленген стандарттар деңгейiнде олардың бiлiм алуына кепiлдiк беретiн қосымша қаражат бередi. Мемлекет балалардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк қорғауды қажет ететiндерiнiң күтiп-бағу шығынын толық немесе iшiнара көтередi. Олардың бiлiм алу кезеңiнде әлеуметтiк көмектiң мөлшерлерi мен көздерiн Қазақстан Республикасының Yкiметi белгiлейдi.

«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 49 бабы бойынша бiлiм алушылар мен тәрбиеленушiлердiң:

1) мемлекеттiк жалпыға мiндеттi бiлiм беру стандарттарына сәйкес сапалы бiлiм алуға;

2) бiлiм беру ұйымы кеңесiнiң шешiмi бойынша жалпыға мiндеттi мемлекеттiк бiлiм беру стандарттары шеңберiнде жеке оқу жоспарлары, қысқартылған бiлiм беретiн оқу бағдарламалары бойынша оқуға;

3) оқу жоспарларына сәйкес баламалы курстарды таңдауға;

4) өзiнiң бейiмдiлiгi мен қажеттерiне қарай қосымша бiлiм беру қызметтерiн, бiлiмдердi ақылы негiзде алуға;

5) бiлiм беру ұйымдарын басқаруға қатысуға;

6) қайта қабылдануға және бiр оқу орнынан басқасына, бiр мамандықтан басқасына немесе оқудың бiр нысанынан басқасына ауысуға;

7) Қазақстан Республикасының Үкiметi белгiлеген тәртiппен бiлiм беру ұйымдарында ақпараттық ресурстарды тегiн пайдалануға, оқулықтармен, оқу-әдiстемелiк кешендермен және оқу-әдiстемелiк құралдармен қамтамасыз етiлуге;

8) спорт, оқу, акт залдарын, кiтапхананы тегiн пайдалануға;

9) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты жұмыспен қамту саласындағы жағдай туралы ақпарат алуға;

10) өзiнiң пiкiрi мен сенiмiн еркiн бiлдiруге;

11) өзiнiң адамдық қадiр-қасиетiнiң құрметтелуiне;

12) оқудағы, ғылыми және шығармашылық қызметтегi табыстары үшiн көтермеленуге және сыйақы алуға құқығы бар[2].

Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы Қазақстан Республикасы Кодексіне  сәйкес, бала отбасында өз мүддесіне қатысты кез-келген сұрақтың шешілуі кезінде пікірін білдіруге, сондай-ақ, сот талқылауында тыңдалуына құқылы. 10 жасқа толған баланың пікірі, мүддесіне қайшы келген жағдайдан басқа, есептелуге міндетті[3].

Балалық шақты қорғау, бүгінгі күннің өзекті проблемаларының бірі ретінде, қоғамдық қауымдастықтың назарын өзіне көптен-көп аударады. Бұл әлеуметтік жетімдіктің, бақылаусыздықтың, құқықбұзушылықтың өсуімен, тәуелдіктің таралуымен байланысты. Діни ұйымдар мен тоталитарлық секталардың іс-әрекеттері, бұқаралық ақпарат құралдарының бақылаусыз әсері балалардың адамгершілік, психикалық және физикалық денсаулығына үлкен қауіп туғызады.

Балалар мен жасөспірімдердің инабаттылығын және психикалық саулығын сақтау жаһандану жағдайында маңызды проблема болып табылады.

Қазіргі кезде көп балабақшаларда тәрбиешілер балаларды тыныштандыру үшін мультфильмдер қойып отырғызып қояды. Оның мағыналы болуын және уақытының шектелуі болу қажет.

Біздің қоғамымыздың бір ерекшелігі баланың қызығушылықтары мен құқықтарына көп жағдайда эмоцианалдық деңгейде көңіл бөлумен сипатталады: онда сүйіспеншілік пен қамқорлық көрсету, қиыншылықтардан, өмірлік қиын проблемалардан қорғау болып табылады.

Балалардың құқықтарын жақсарту жағдайларының оң тенденцияларымен қатар белгілі бір проблемалары мен шешілмеген мәселелері бар. Мысалы, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары туралы Конвенциясының ережелерін насихаттау және түсіндіру бойынша қолданылған шараларға қарамастан, кейбір балаларда өзінің құқықтық дәрежесін құқығы шектелген адам ретінде өзін-өзі төмен бағалауы байқалады.

Балалар құқықтарын қорғау саласындағы маңызды халықаралық құжат - Бала құқықтары туралы конвенция болып табылады.

Жұртшылық пен балалар арасындағы Конвенция туралы хабардарлық деңгейі бұрынғысынша төмен күйінде қалып отыр. Білім беру саласында балаларды олардың құқықтарымен таныстыру факультатив сабақтар деңгейінде жүргізіледі, алайда мұндай сабақтарды міндетті түрде оқу бағдарламаларында нормативтік деңгейде бекіту тиімді болар еді[4].

Конвенция – ерекше, әлеуметтік ізгілік мағынадағы құжат, ол баланы тануды адамзаттың белгі ісі ретінде нығайтады, оны бұрмалауды болдырмайды. Ол балалардың мүдделік басымдылығын, мемлекет, қоғам, дін, ұрпақ мұқтаждығы алдында жариялайды. Онда әлеуметтік жағынан шектелген балалар: жетімдер, мүгедектер, босқындар, құқық бұзушыларды мемлекет пен қоғамның ерекше қорғау қажеттілігі айқындалған. Құжатта бала құқығының дербес субъектісі, толыққанды және толық құқылы жеке адам ретінде көрсетілген. Балаға мұндай көзқарас еш жерде, ешқашан болған емес. Оның тұжырымдары төрт негізгі талаптарға саяды, яғни баланың тіршілік етуі, дамуы, қорғануы және қоғам өміріне белсенді араласу құқытары қамтамасыз етіледі.

Тұтастай алғанда, баланың оның көзқарасын құрметтеуге, туылғанын тіркеуге, тиісті ақпаратқа қол жеткізуге, отбасының болуына, денсаулығы мен медициналық қызмет көрсетуге, білім алуға, бос уақыты мен мәдени қызметіне, кәмелетке толмағандарға қатысты сот төрелігінің іске асырылуына, азаптаудан және қатігездікпен қараудан қорғалуға, сондай-ақ панасыз балалар мен мүгедек балалардың ерекше қорғалуына құқықтарымен байланысты қалған мәселелер бойынша Қазақстан Комитеттің Ұсынымдарын орындау үшін ауқымды шараларды қабылдады.

Балалардың ең абзал мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында Қазақстан Республикасы бала құқықтарын қорғау мақсатын көздейтін неғұрлым маңызды конвенцияларға қосылды

Дегенмен, халықаралық стандарттармен кепілдік берілген, мемлекет тарапынан неғұрлым ауқымды көмекті және қолдауды қамтамасыз ететін бірқатар ұлттық заңнама нормалары бар. Атап айтқанда, Конвенцияның 28-бабы мемлекеттің тегін және міндетті бастауыш білім берумен қамтамасыз ету және тегін орта білім беру жөніндегі міндеттемесін көздейді, ал ҚР Конституциясының 30-бабына сәйкес Қазақстан Республикасында орта білім алу міндетті. Азаматтың мемлекеттік жоғары оқу орнында конкурстық негізде тегін жоғары білім алуға құқығы бар. Осылайша, заңнама Конвенция нормаларын кеңейте отырып, азаматтардың тек тегін бастауыш білім ғана емес, сонымен бірге тегін орта білім алуына да кепілдік береді.

 

 

 

Пайдаланылған әдебиеттер

1. «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 2002 жыл 8 тамыздағы N 345 Заңы // «Әділет» ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі

2. «Білім туралы» 2007 жылғы 27 шiлдедегi N 319 Қазақстан Республикасының Заңы // «Әділет» ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі

3. «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» 2011 жыл 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексі // «Әділет» ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі

4. БҰҰ Бала құқықтары туралы 1989 жыл 20 қарашадағы конвенциясы // «Әділет» ҚР нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық-құқықтық жүйесі