Қазақстандағы дін және мәдениет
Мансурова А. М.
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, Астана қ-сы,
Адамзат тарихында дінсіз мәдениет
болмаған. Алғашқы қоғамдық
құрылымнан бері қарайғы уақытта пайда
болған мәдениеттердің барлығы да діни сенім негізінде қалыптасқан.
Ал, сенім жүйесі ең жоғары деңгейдегі имани,
фәлсәфи негіздерді қамтитын ислам діні осы дінге
қосылған халықтардың мәдениетіне орасан зор
ықпал жасаған, түбегейлі өзіндік қалыпқа
салған... Дін – әлеуметтік құбылыс, сондай-ақ
қоғамды қалыптастыратын ұйытқы ретінде адамзат
өмірінде аса маңызды рөл атқарады. Кейбір идеологиялар
мен саяси ағымдар діннің осы рөлін пайдаланғысы келеді.
Бүгінгі күні дүниежүзінде орын алып жатқан саяси,
әлеуметтік, мәдени және экономикалық
уақиғалардың негізінде діни факторлардың бар екенін
айту жаңсақтық болмас. Әсілі, дін – осы салаларға
бағыт-бағдар беретін күштің бірі, тіпті, ең
бастысы. Қоғам құрылымының анатомиясында
діннің алатын орны ерекше. Қоғамдарды басқа
қоғамдардан ажырататын ең негізгі қасиеттің бірі
– осы діннің өзі болып табылады.
Мәдениет дегеніміз – осы
дүнияуи және рухани қатынастардың ғасырлар бойы
етене араласуы нәтижесінде қалыптасатын нәрсе.
Сондықтан, заман өзгеріп мәдениеттің кейбір
тұстары өзгеріске ұшырағанымен, қоғам
өз мәдениеті мен оның өзегін сақтап
қалуға тырысады. Ислам дінінің көшпелі руларға
бөлінген араб қоғамында пайда болғаны белгілі. Дегенмен, ислам діні
негізінен отырықшылықты, қалалық мәдениетті
уағыздайды.
Қазақ халқының
тарихына қарайтын болсақ, ірілі-ұсақты рулар мен
тайпалардың басын қосқан күш осы ислам діні
болған. Даламызға арабтардың Орта Азияны бағындыруы
нәтижесінде енген ислам дінінің тізгінін, міне, екі жүз жылдан астам уақыт бойы
тізгіндеп келеміз. Ислам
қауымдастығына қосылмаған түркі тайпалары болса
мүлдем басқа мәдениет тобына қосылып, мүлдем
басқа қоғамдарға айналған. Демек, әр
халықтың мәдени ортасын анықтайтын басты фактор – дін.
Алайда, кешегі жетпіс жылдық
Кеңес Одағының күрмеуінде болған
қазақтар діннен біршама алыстады. Дінсіздендіреміз деген
Кеңес Одағы ұлттық мәдениетімізден,
дәстүрімізден айыра алмады. Ал,
дәстүріміздің
қайнар көзі дінде жатыр емес пе?! Мұсылман
халқымыздың басты қасиеттерінен меймандостық,
ағайынмен тату болу, Ораза айт пен Құрбан айт кезінде
кешірімдесу, араағайыншылық, қайырымдылық ислам
дінінің мұсылман үмметіне уағыздаған
қасиеттері.
Мұсылмандар негізінен бір
мемлекеттің туының астында біріккен басқа тілдегі және
діндегі халықтарға, олардың мәдениетіне
хошкөрушілікпен қараған.
Біздің қазақ
халқы –мұсылман, діні – ислам екендігін Елбасшымыз
Н.Ә.Назарбаев үнемі биік мінбелерден тектен текке айтып
жүргені жоқ. Сан ғасырлар бойы исламдық жолды
ұстанған ата-бабаларымыз осы дінге лайықтап өз
әдет-ғұрып, салт-дәстүрін, наным-сенімін
қалыптастырған, әрі оны ұрпақтан
ұрпаққа жалғастырып отырғанын жоғарыда
айтып өттім.
Өкінішке орай, кешегі
«қызыл империя» ата-бабаларымыз қасиеттеген, түпкі табиғи
болмысына айналдырған ислам дінін мансұқтап,
ұрпақтарына құбыжық еткен атеистік тәрбие
сәл болмағанда алтын діңгегінен ажыратып,
мәңгүрт ете жаздады. Құдайға шүкір,
қазір тәуелсіздігіміз өз қолымызда, егеменді елміз.
Халқымыз ислам дінімен қайта қауышып, көпшілік
имандылыққа бой ұруда.
Қазіргі жаһандану
дәуірінде «бәле қайда деме, бассаң аяқ астында»
дегендей, бізді сақтануға шақыратын мәселелер жетерлік.
Еліміздіегі экономикалық қиындық көптеген келеңсіз
жайттердің бой көтеруіне жол ашып берді. Бір формациядан екінші
формацияға өту, әрине, көптеген
қиындықтарды қоса әкеледі. Бұл
қиындықтардан рухани біртұтастық қиналдырмай алып
шығаруы хақ. Ал, рухани күйзеліске ұшырау,
әртүрлі жіктерге бөлініп, дағдарысқа
ұшыратады. Қазіргі Қазақстан халқы рухани
дағдарыстарды басынан кешіруде. Алпауыт империялар ең алдымен
жаһандану дәуірінде кез келген елдің рухани бірлігіне
нұқсан келтіруді тектен текке көздемейді. Рухани
тұтастығынан айырылған елді өнбіс етіп алу ежелден келе
жатқан дәстүр. Әсіресе, ұйқыдан енді
оянған нәрестедей қазақ халқын азғыру,
соңына ерту оңайдың оңайы. Тәуелсіздігімізден
бергі он жыл ішінде жарты миллиондай қара көздеріміз басқа
діннің шылауында кетуі осыны айғақтайды. Дәл осылайша
үнсіз кете беретін болсақ, алдағы 15-20 жыл ішінде
қазақтың тең жартысы өзге діндерге өтуі
ғажап емес.
Сондықтан да, әлі де кеш
емес, мемлекеттік тұрғыдан маңыз беріп, дін саясатына ерекше
көңіл бөлу, мемлекеттің басым көпшілігі
мұсылмандардың (Қазақстан Республикасында қазір
мұсылмандар ресми дерек бойынша 70%) мүддесін, ауыз бірлігін
сақтайтын заңдар қабылдау, исламдық этикалы мектептер
мен жоғарғы оқу орындарында оқыту, миссионерлік
іс-әрекеттерге тыйым салу қажет. «Иегово куәлері»
үстіміздегі жылы Украинада конференция өткізіп, оған
Қазақстаннан барған 500 делегаттың 350-і
өзіміздің қара көздер екені көп нәрсені
білдірсе керек. Қаншама қара көздеріміз «кришна» дініне еніп,
мінез-құлықтары адамдық сипаттан алшақтап
кеткенін де жақсы білеміз. Ислам дінін үгіт-насихат етушілерден
гөрі өзге, дінімізге жат діндерді насихаттаушылар көп. Олар
қалалардағы көше-көшелерді, тіпті ауыл-ауылдарды
аралап, тегін діни кітаптарын таратып, жұртты азғыртып жүр.
Қайта, міне осы миссионерлердің өздері адам құқығын
бұзып, отбастарымызға ылаң салуда. Қазір
Республикамызда үш жүз елуден астам діни секталар мен ағымдар
білгенін істепм жатыр. Олардың қатарында исламдық
ағымдар мен «Ахмади» секілді теріс жолдағы ағымдар да бар.
Біздің қазақ сан
ғасырлар бойы ислам дінінің «Имам Ағзам» деп аталатын
Ханифилік жолды ғана ұстанып келген. Бұл жол нағыз
демократиялық, суниттік жол. Ханифилер өзінің
көнімпаздығымен, ізгілікті сипаттарымен ерекшеленеді. Мұны
жақсы біле білген ата-бабаларымыз осы ағымды ҮІІІ
ғасырдан бері нық ұстап, арасына жік түсірмей келген
еді.
Ислам дінінің берік орныға
қоймау себебін біз республикамыздағы жалпақшешейлік діни
саясаттан көреміз. Көпұлтты Ресейде зайырлы мемлекет бола
тұра, заңдарында ежелден келе жатқан христиан дінін
құрметтеп, оған басымдылық беретінін айдан анық
жазып көрсетеді. Ал, біздерде әлемдегі барша дін, ағым,
секталарға есік ашық.
Атамыз қазақ: «Ел боламын
десең, бесігіңді түзе», – деген. Бала шыр етіп жарық
дүниеге келген күннен имандылықты бойына сіңіру,
мектепте де жоғарғы оқу орындарында да мұны талассыз
жүргізіп отыру бүгінгі күннің өзекті
мәселесі.
Бұл көкейкесті
мәселелерді шешуге мемлекетіміз де, діни басқармамыз да,
бүкіл мұсылмандар да атсалысып, бір жағадан бас, бір
жеңнен қол шығару керек. Қазақстанды мекендейтін
мұсылмандар 70% астам. Әрине, бұл үлкен күш.
Бәріміз осы күшті біріктірсек, әділеттілік, имандық
жолын тез қалпына келтірер едік. Діни құндылықтарымыз
бен мәңгілік құндылықтарымыз рухани
адамшылық тәрбиеге,
дәстүр мен мәдениетіміздегі асыл қасиеттерімізге назар
аудармақ керек. Біз ар ұждан бостандығы, толеранттылық
пен діни төзімділік қасиеттерін
берік ұстануымыз керек.
Халқымыздың дәстүрі мен мәдениетіне
сәйкес келетін діни сананы
қалыптастыруымыз керек.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1. Нұралы Өсерұлы. Ислам және Қазақстан.
Руханият. – Алматы 2003 ж.
2. Нұртазина Назира Дәуітбекқызы. Қазақ
мәдениеті және ислам. –Алматы 2002 ж.
3.
Мұртаза Бұлұтай. Дін және
мәдениет.