Туткышева Ғ.Т., Ахметова И.А., Медиева С.Х., Нурланова С.С.

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті,

Қарағанды қаласы

Білім беруді ізгілендірудің теориялық негіздері

 

       Гуманизмнің негізі және оның тәлім-тәрбиелік маңызы туралы құнды ой-пікірлер туралы қазақ даласындағы ұлы ғұламалар әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұни, Қ.А.Яссауи және т.б. ағартушылар Ы.Алтынсариннің, Ш.Уәлихановтың, А.Құнанбаевтың, қазақ зиялылары А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев т.б. болашақ ұрпақты адалдық, парасаттылық, шыншылдық сынды қасиеттерге тәрбиелеудегі халық даналығын жоғары бағалағандығы және соған талпынғаны да аңғарылады.

      Еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттарына сәйкес білім беру жүйесін дамыта отырып, әлемдік білім кеңістігіне ықпалдастырудағы негізгі бағдар – адамды қоғамның ең маңызды құндылығы ретінде танып, оның рухани жан-дүниесінің дамуына, көзқарастары мен шығармашылық әлеуетінің, танымдық біліктілігі мен мәдени құндылықтарының жоғары деңгейде дамуына, жеке тұлғасының қалыптасуына жағдай жасау.

      Тәуелсіз Қазақстандағы жаһандану үдерісі әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар алдына түбегейлі реформалау міндетін қойып отыр. Әлемдік өркениетке ену жағдайында түбірлі әлеуметтік-экономикалық және саяси өзгерістердің негізінде ұлттық мәдениет пен руханиятты жаңғыртудың мүмкіндіктерін толық жүзеге асыру қажеттілігі туындап, педагогика ғылымын әрбір халықтың ұлттық ерекшелігіне сай жетілдіру мәселесін қарастыру көзделуде.[1.18-22]

       Білім берудің жаңа бағыттарының басты ерекшелігі – оқытудың нәтижесін алдын-ала болжап, оқушылардың қызығушылықтары мен ізденімпаздығы негізінде білімі мен біліктерін жетілдіріп, оны сана «сүзгісінен» терең зерделей отырып, шығармашылық әлеуетін үнемі дамытуға және рухани толысуға ұмтылысын қалыптастыруды бағдар тұтады.

      Еліміздің әлемдік білім кеңістігіне бағдар алуының басты өзегі – 12 жылдық білім беруге көшу мәселесі көкейкесті тақырыпқа айналуда. Жаңа білім парадигмасы балаға оқу қызметінің субъектісі ретінде қарап, шығармашылық қызығушылықтары негізінде білімге құндылық бағдарын қалыптастыра отырып, танымдық және рухани қажеттіліктерін қанағаттандыруды және жан-жақты дамыған, шығармашыл жеке тұлғасын қалыптастыруды көздейді. Соңғы жылдары оқу-тәрбие процесіндегі жеке тұлғаны дамытуға бағытталған оқытуға үлкен мән берудің өзі еліміздегі өзгерістердің маңыздылығын көрсетеді.

        Қазіргі кезеңдегі білім берудің жаңа парадигмасы жағдайында жеке тұлғаның шығармашылық бағыттылығын қалыптастыру-оқушының оқу-танымдық іс-әрекеттегі шығармашылық қызығушылығына тікелей байланысты. Шығармашылық қызығушылық–тұлғаның ізденімпаздық қабілет сапасын дамытудың негізгі өзегі болып табылады. Ежелгі дәуір философтары (Аристотель, Демокрит, Платон, Сократ, шығыстың көрнекті ойшылдары Әл-Фараби, Махмуд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, Ибн-Сина, Қ.А.Иассауи), жаңару кезеңінің ағартушылары (Я.А.Коменский, Дж.Локк, Ж.Ж.Руссо, И.Г.Песталоцци, А.Дистервег т.б.),орыс педагогтары (К.Д.Ушинский, А.С.Макаренко, В.А.Сухомлинский т.б.), қазақтың ағартушылары (Ш.Уәлиханов, Ы.Алтынсарин, А.Құнанбаев, Ш.Құдайбердиев, А.Байтұрсынов, М.Жұмабаев, М.Дулатов, Ж.Аймауытов т.б.) еңбектерінде адамның дара мүмкіндіктерін ашу, ішкі рухани күштерін дамыту мәселелеріне ерекше мән берілгені анықталды.

       Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің басым міндеттері ретінде ұлттық және жалпыадамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіптік шыңдауға бағытталған сапалы білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау, азаматтық пен патриотизмге, өз Отаны-Қазақстан Республикасына сүйіспеншілікке, халық дәстүрлерін қастерлеуге тәрбиелеу, отандық және әлемдік мәдениеттің жетістіктеріне баулу, қазақ халқы мен республиканың басқа да халықтарының тарихын, әдет-ғұрпы мен дәстүрлерін зерделеу атап көрсетілген.

«Ешкімде саған дос та емес, дұшпан да емес, әрбірі сенің Ұстазың», «Жоғарғы дәрежелі рухани ізденіс пен шабыт оқушы мен мұғалім  арасындағы қарым қатынасты ерекшелендіреді, өзара сенімділік ұялатады, ал білім –ақылмен жүректі жылытатын шынайы,  қарқынды сиапат береді, себебі сүйіспеншілік ол адамның жан-дүниесіне апарар бірден-бір жол– деп, Ш.А. Амонашвили ізгілікті  жоғары бағалайды.

       Білім беруді ізгілендіру процесі білімнің, ғылымның ізгілендіру мәніне, ол адамдарға бағыт, рахат әкеле ме немесе жоқ па деген сұрауларға жауап іздейді. Ол сауалға ізгіліктіліктің құрамындағы қоғамдық бағыттар және оның мазмұнын айқындау арқылы іздейміз. Білім беруді ізгілендіру мәселесі К.Оразбекова, С.Қалиев, Р.Төлеубекова, А.Бейсенбаева, Қ.Жарықбаев, Н.Дүтбаева, Ж.Сәрсенова, А.А.Қалыбекова және тағы басқалардың зерттеулерінде кездеседі. [2.10-11]

       Қазақстан Республикасының Білім туралы заңына сәйкес «әр баланың жеке бас ерекшелігіне қарай интеллектуалды дамуы жеке тұлғаның дарындылығын, талантын, қабілетін дамыту» сияқты өзекті мәселелер қарастырылып отыр. Әр оқушының болашағы оның қазіргі алған білімінің сапасына,көлеміне, дәрежесіне тікелей байланысты.

      Қазіргі заманғы философиялық, педогогикалық зерттеулердің концептуалды бағыттарымен сәйкес білімді жаңартудың негізгі принциптері гумандық, демократиялық және білімді гуманитарландыру принциптері “гуманистік парадигманы”орындауға бағытталған. Сол себепті білімді гуманитарландыру идеясы білім беру мазмұнын ізгілендіру ойларымен тығыз байланысты және технократиялық құндылықтардан азат қоғамдық санаға қайта бағдарлауына бағытталған. [3.55-57]

       Қазақстан Республикасында білім беруді гуманитарландыру тұжырымдамасында жастарға гуманистік тәрбие беру мәселесі жалпы адамзаттық құндылықтармен мазмұнында қалыптастырылуы тиіс делінген. Ал, гуманистік көзқарас гуманитарлық мазмұнды білім негізінде қалыптасады, олар әлем бейнесін негіздеу қызметін атқарады, ол ғылыми білімнің әр түрлі өрістерін, гуманистік жемтану негізінде интеграциялау XXI ғасыр адамының қалыптасуы үшін толық құнды негізді құрайтын ескермесе болмайды. Ол мазмұн бойынша “гуманистік адами көзқарастар жүйесіндегі рухани құндылықтарды мойндауға икемделу, сол арқылы бостандыққа,бақытқа ұмтылудың жағымды әрі ізгілікті әрекеттерін жүзеге асыруға қабілетті болу” – деген анықтаманы тұжырымдауға болады. [4.20-21]

Сонымен білім беру процесінде ізгілікті көзқарасты қоғамдық өзгеріс, даму туындатып отыр. Білімнің ізгілендірілуі білім берудегі жаңа бағыттарды айқындайды: оқушылардың белсенділігін арттыру, білімнің өзі үшін қажеттігін сезіндіру, оқу ісінде демократиялық көзқарастың орын алуы, оқушыны әрекет субъектісі деп тану және т.б. Білім беруді ізгілендіру адамның жеке тұлға ретінде дамуына бағытталған.

 

Қолданылған әдебиеттер:

1.     Баласағұн Ж. «Құтты білік».Орта ғасырдағы түрік ойшылдары. Жиырма томдық. 5-том. Астана: Аударма, 2005.-528 бет.

2.     Қазақ даласының ойшылдары (ХІ-ХІІ.)-Алматы: Ғылым, 1995.

3.     Амонашвили Ш. Трактат "Школа жизни" .- М.: Изд. дом Ш. Амонашвили,    1998.

4.     Петров В. Ф. Возможен ли гуманистический подход к глобализации? // Международная жизнь, 2007.- N5.- С. 10-16.