Филол.
ғыл. докт., профессор Ғ.Қ. Хасанов
М.
Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік
университеті, Қазақстан
Ішкі синтагматиканың сыртқы синтагматикаға әсері
Ф.де
Соссюр, З.Харрис, Дж.Лайонз тіл элементтері арасындағы
мағыналық байланыстың түрлерін атағанымен,
оның тілдік ортада қалай айқындалып, орындалатынын болашақтың
еншісіне қалдырған. Синтагматиканы, негізінен, синтаксистың
аумағында алғаш қарастырғандықтан орыс тіл
білімінде де синтаксистің көлемінде ғана ерекшеліктері
зерттеле бастады. Дегенмен, бұл мәселе осы көлемнен
кеңейіп, лексика, фонетика, морфология салаларының сұрақтарын
да қамти бастады.
Жүйелік
байланыстар ерекшелігінің басты орын алған жері сөз
мағыналарының коммуникативті акті кезінде құбылуында
және контекст аясындағы қолданысқа түскендегі
жағдайы. Бұл үрдістің лексика элементтері
арасындағы мәндік қатынас ерекшелігіне деген әсері
күрделі мәселені ұшпағын шығарды. Тілдік
элементтердің көлбеулі түрде бір-бірімен мағыналық
байланысқа түсу ерекшелігі жалпы мәтіндегі ортақ бір
байланысқа түсетін элементтердің тұтас
инструкциясының ерекше мағыналық қатынасы зерттелмей
жатқан күрделі сұрақтардың бірі. Бұлардың
арасында ішкі бір мәндік байланыс бір логикалық мәнді
қуалай отырып, барлық мәтіннің бөліктерін
біртұтас бөлікке тартып, сөздердің мағынасын
ашады. Ортақ тұтастыққа синтагматикалық
қатынас деген атау берсек, бұл күрделі мәселені шартты
атау ретінде белгілегендей боламыз, алайда бұндай сөздер байланысын
бұл аталым мәні толық ашып бере алмайтыны аян. Бұл
мағыналық байланыстың басты бөлшегі зат,
құбылыс пен оның адам санасындағы бейнесі.
Кез келген
сөз тіркесі, сөйлем немесе күрделі мәтінді алсақ,
сол мәтін құраушы адамның санасында зат,
құбылыс бейнесі үнемі сақталып, ойда тұрады. Сол
себепті, заттар не құбылыстар кезектесіп, қолданылып жатады.
Автор жадында үнемі сақталып тұрғандықтан зат,
құбылыстар бейнелері тілдің жүзеге асу, сөйлеу
процесіндегі қатынас немесе мәтін, оның ішінде,
сөйлемдерде айқындық дәрежесіне енеді. Түгел жалпы
мәтінді қақ жарып, ортасында қимыл-қозғалыстың
кезектесуіне әсер етуші ішкі мағыналық қатынас
өтеді. Бұл байланыстың үлкен түрі, ал
сөздер арасындағы синтагматикалық қатынас сөздердің
бір-біріне тартылуынан көрінеді. Мысалы, торғай – жырлау; бантик –
қыз бала; ит – қарғыбау; ит- итақайына дейін басыну;
ескерткіш – гүл шоқтары;
дастархан – тамақ т.т.
Аспан
кеңістігі сияқты сөздер легіне толы тіл әлемінде екі
сөздің бір-біріне тартылу құбылысы осы
синтагматикалық байланыстың тіл логикасында жатса керек. Бұл
қатынастың тілдегі басты жүйелердің бірі екендігін
алғаш байқап, сөз еткен ғалым У.Вейнрейх болатын. Ол
бұл байланыстың семиотикаға да, лексикология мен синтаксиске
де ортақ болып келетін қасиеті бар екендігін аңғарады.
Бұған В.Г.Гак та қосылады, оның пікірінше, «барлық
тілдерде синтаксис семантикалық сипатта болады, өйткені
олардың элементтері мен категориялары сыртқы әсерлермен
қарым-қатынасқа үнемі түсіп отырады, ал семантика
синтаксистің сипатта болады, себебі жалғыз сөздің жеке
тұрып, мәнін мағыналық құрылымының
қолданысқа түсу сипатын айқындау мүмкін емес»
[Гак,1972,367].
Семантикалық
байланыс санадағы қатынастың бейнесі. Тілдегі
жүйелердің осындай ерекшелігі үнемі даму үстінде
болғандықтан, оның синтагматикасының түрлену
аумағы үлкен, ал құбылу дәрежесі
әрқилы болуы мүмкін. Мінеки, осындай салдардан
лексикологиядағы парадигматикаға семантикалық синтагматика
мәселесі туындайды. Семантикалық синтагматикадағы
сөздердің бір-біріне тартылуы, бір-бірін табуы, жақындауы,
үнемі қатар қолданып, бара-бара бір мағыналық
бөлшекке айналуы, бекіп, қатаң құрылымға тұрақталуы
- терең тарихи процесс. Бұлардың әрқайсысы
көлемді жеке зерттеу тақырыптары, сондықтан
синтагматикалық байланыс мәні, оның қолданыста болуы –
талдауды қажет етеді.
Синтагматикалық
қатынастың басында сөздердің бір-біріне тартылу процесі
тұрады. Сөйлемдегі немесе мәтіндегі әртүрлі
заттар, құбылыстар арқылы басты зат не құбылыс
өзінің сипаттауын алады, бұл сипаттау, суреттеу реалды
ситуациядағы қатынастардың бейнесі арқылы
айқындалу дәрежесіне енеді. Енді не мәтін, не сөз
тіркесуі жағдайында бұл заттар мен құбылыстар
мәні өздерінің басты бөліктері арқылы
бөлініп, қатынасқа түсе бастайды. Мәселен: ит – күзетші синтагматикалық
байланысында парадигматика әлсірейді де, синтагматикалық байланыс
нығайып, семалар арқылы тіркеседі. Лексикалық немесе синтаксистік
байланыс теңесетіндей дәрежеге түседі, сондықтан «ит»
сөзіндегі үлкен мағыналық бөлік немесе кіші
семалар шоғыры өзі үйлесетін сөздермен
мағыналық байланысқа түсе береді. Дегенмен, басты зат
не құбылыс өзінің басқарушы жағдайын
ұстап тұра береді, ал кіші мағыналық баланыстар адам
ойында соңынан жүзеге асатындай дәрежеде
қолданысқа даяр тұрады.
Бұлар
өз алдына қалыптасқан модельдер жүйесін
құрайды да, сол үлгілер арқылы семантика
синтаксистеніп, тіркескендей қалыпты қабылдай бастайды.
Мәселен: «балгер» сөзін алайық; балгер – бал ашу тіркесімі
(қалыпты денотаттық байланыс); балгер – үміттену,
үміттің көзі (сигнификаттық қатынас); балгерге
үміттенді; балгер – бақсы (қалыпты морфемдік қатынас),
сонымен бірге, таза формалды-семантикалық байланыс. Бұнда солғын
синтагматика орын алған, ал жасырын синтагматикалық қатынас
байқалмай тұр. Балгер – ақша табу (жағымсыз коннотация
айқындық сипатта); балгер – құмалақшы
(парадигмалық қатынас айқындалып, синтагматика
байқалмайды, немесе солғын тартуы мүмкін, өйткені синонимиялық
қатар құрау өрісі орын алған); балгер –
күнә (ислам дінінде күнә, тек аллаһ қана
пенденің өмірін алдын-ала болжау мүмкіндігіне ие).
Бұнда жасырын синтагматика, яғни ойда тез құралатын
мағыналық байланыстан алыс жатқан қатынас бар. Балгер –
жауырыншы (қалыптаспаған, көнеленген парадигматикалық
қатынас болуы тиіс, алайда жуыспайтын мағыналық
құрылымға ие жеке дара сөздер тіркесі
синонимиялық қатар құрап тұр.
Бұлардың мағыналық құрылымы бір-біріне
тығыз, жақын деп айта алмаймыз. Дегенмен, бір ортақ семантикалық
өріс ішінде әлсіз семанткалық қатынасқа ие болу
арқылы байланысып тұр). Балгер – құмалақ салу
(формалды-семантикалық қатынас); балгер – тас салу, балгер – карта
ашу, балгер – қорғасын құю, балгер –
қорықтық құю, балгер – түс жору, балгер –
шаймен бал ашу, балгер – майшаммен бал ашу т.т. Бұлар семантикалық
қатынастан тұратын тіркесімдер. Мысалы: балгер қой жауырынын отқа қыздырып, бал ашты
десек, осындағы отқа
қыздыру лексикалық тіркесімі балгер сөзімен
синтагматикалық байланысқа түспейді, себебі тек жауырыншы
ғана отқа қыздырады. Таза формалды қатынас,
семантикалық байланыс құраушы итеративті семалық
құрылым мына тіркестерде ғана нақтыланады. Мысалы: бал ашу, үмітпен келу, еңбегін
төлеу, сеніп келу, сенбей келу, күнә деп қарау,
жоқ іздеп бару, түс жорыту, құмалақ салу,
қасиетті адам, қорғасын құю, арқасы бар т.т.
сөздердің бір-бірімен байланысқа түсуі бір
семантикалық қоршаудағы сөздердің айналымынан
тұрады. Мұндағы басты зат, құбылыс «балгер»
сөзіндегі жүйелік қатынастардан туындаған соң
бұл сөздер тобы, өзара бір мәндік байланысқа
ұшырап, бір-біріне мағына жағынан тартылып тұр. Тартылу
– синтагматикалық категория. Сондықтан сөздер
мағыналарының оң (жағымды), теріс (жағымсыз)
полюстеріне қарай қатынасатын байланыстардың ішіндегі кіші
жүйелік қатынас түрі болады. Тартылудың түпкі
негізінде логикалық іс-әрекеттің келіп, жүзеге асуы
жатыр.
Бұл
іргетастан барып, ішкі синтагматика мәселесі келіп шығады. Ішкі
синтагматикалық қатынастың дамуы күрделі, бірақ
қызғылықты процесс. Бұнда В.Г.Гак көрсеткендей,
итеративті (семалық) байланыс сөздердің бір-біріне
тартылуынан басталады, ал моносемияның полисемантизмге айналуында
семалық байланыс жоғалып, сол жағына
құрылымындағы семалардың өздерінің
көшуі орын алады. Сондықтан бұл жасырын синтагматиканың
парадигмалық қатынасқа да араласатынын көрсетеді.
Лексемалар
өзгермегенімен семемалар құбылып, синтагматикалық
қатынасқа түсіп, сөз парадигмалары синтагмалық
байланысқа қабаттаса қолданылады. Бұл туралы «Орыс
тілінің семантикалық өрісі» атты еңбегінде айтқан
В.П.Абрамовтың пікірін келтірсек: «Синтагматикалық қатынас
парадигматикалық қатынас тудырады. Байланыстың
синтагматикалық ұйымдасуы
парадигматикалық байланысқа қарағанда тілдің
қолданыс аясына біртабан жақын тұрады. Синтагматикалық
байланыстан тілдің логикалық бірліктері, ал парадигматикалық
байланыстан сөйлеу бірліктері туады» [Абрамов,2003,100].
Синтагматиканың жасырын түрде келіп, мағыналық
байланыстың ішінде таза синтагматикалық қатынас тудыратын
семалық құрылым байланыс сипатына енуі парадигмалық
мәндік қатынас сияқты кейіпте көрінеді. Бұл
оның алғашқы сипаты, ал басты зат, құбылысты
білдіре бастауынан жасырын синтагматиканың тілге енуі көрініп
отырады. Мысалы: «тас» сөзін алалық; басты денотаттық семасы
«қатты», ал оның формасы, салмағы, түсі айрықша логикалық
негіз құрай алмайды. Сигнификаттық бөлігі нейтралды,
коннотацияда екі сөзге ортақ синтагматикалық байланыс
құрай алмайды. Енді сөзді тілдік айналымға енгізіп,
радиалды полисемия шегіне айналдыралық: тас бауыр тіркесіміндегі тас
сөзіндегі «қаттылық» семасы жұмсақ орган
бауырға ауыса кетті. Негізінде, «бауыр» жағымды семадан
тұрады. Содан антонимдік парадигматикалық қатар
түзелді; бауыр-бауырмал-тас бауыр.
Нейтралды семалар итеративті байланыс арқылы көшпей қалады,
ал «басыңа ұрғандай немесе көзің тірелгендей»
синтагматикалық қатынасты алайық; «тас
қараңғы». Мұнда нейтралдылық қалып сол күйінде,
алайда «қаттылық» семасы дамып басқа сипатқа енген. Тас бауыр, тас қараңғы,
тас жүрек бір-біріне әбден тартылып, «бауыр басып», бекіп,
қалыптасқан, тұрақты сөз-синтагмалар. Бұлар
өз алдына синтагматикалық қатынасқа негізделген
сөздер легін құрайды. Бірақ оларды аралас парадигмасы
бар сөздер тіркесімі деп те алуға болады. Сонда жасырын
синтагматикадан идиомалық құбылыс басталатын
қағиданың жаны бар. Бұл, әрине, сөз
мағынасындағы ақпараттың көлеміне де байланысты
болады. Сонда жасырын синтагматикаға сөздердің түсу
негізінде ақпарат, ой дәрежесі, іс-әрекет, гнесиологиялық
бейне, жалпы логикалық негіз жатса керек.
Ішкі ой
желісі бір сөзден бір сөзге беріліп, лексикалық тіркесімге
айналып, тіпті, сөйлем аясына сыймай мәтінге ұласып жатады.
Жасырын синтагматикалық жүйе адам ойының схемасы ретінде осы
категорияларға ұласып, дами беретіні сөзсіз. Сондықтан
синтагматикалық қатынас тек мән қуу емес, ой
желісінің берік мағыналық тұтастық
құрап орнығуында жатыр. Осыдан барып, жасырын синтагматика,
лексикалық тіркесімділік, күрделі синтаксистік
тұтастық, мәнмәтін болып жіктелуі мүмкін. Жасырын
синтагматика тіл деңгейінен үнемі шығып, ойға, ойды
құраудың еншісіне кетіп қалады.
Бүгінде тілдегі мән, ой, ойлау
сөздер тобының жинақталуын қарастыратын когнитология
ғылымындағы басты категория – концепттердегі жасырын
синтагматиканың көріну дәрежесін айқындау өз
алдына жеке мәселе. Жоғарыда айтылған «балгер» сөзінде
айтылған «құмалақ салу, бал аштыру, түс жорыту»
сөз тіркестерінде халқымыздың мәдени өмірінің
суреті көрінеді. Бұл жасырын синтагматиканың
ұлттық мәдениет әсерінен өзгеріп,
құбылып, идиомаланып, әртүрлі ерекшелікке ие болуын
көрсетеді. Ендеше, лингвомәдениеттану ғылымындағы
зерттеу нысандары болатын сөз бірліктерінің мағыналық
байланыс ерекшелігін зерттеу синтагматикалық қатынастың
тағы бір ерекшелігін ашары сөзсіз.
Құрылымдықтан
антропологиялық тіл біліміне ауысу жүргенімен солармен бірге
сөз бірліктерінің синтагмемалық қатарлар
құрау мәселесі де бірге болатыны анық.
Антропологиялық лингвистикаға когнитология,
лингвомәдениеттану, когнилингвомәдениеттану ғылымдары
құрылымдық лингвистикадан кейін дамып, мынадай категорияларды
зерттеуді мақсат етеді. Бұлар: фреймдер, фигуралар, сценарийлер,
ойсурет, схема, концепт, культурема т.т. Фреймдер когнитологияға
құрылымдық семисиологиядан ауысып отыр. Бұның
негізінде сөз бірліктерінің семантикалық
синтагматикасының ой желісі жатыр. Бұған
Е.К.Войшвиллоның сөзі дәлел болады: «Нысандардың
өмірдегі іс-әрекеттері логикадағы диспозиционалды делінетін
ұғымға келеді. Бұл ұғым белгілі бір
жағдайларға заттар мен құбылыстардың белгілі бір
түрде үйлесіп, жақын тұрып, көрінуінен
байқалады. Мысалы: «қозғалыс» балық жүзеді, жылан
жорғалайды, құс ұшады, от жанады, ағаш
өседі т.т.» [Войшвилло,1967,133]. Сондықтан когнитивтіліктің
құрылымдарына: когнитивті механизмдер, когнитивті процестер,
когнитивті операциялар, когнитивті білімдер жиынтығы жатады.
Бұлардың бәрінде дерлік мәндік байланыстар жасырын
түрде келіп отырады.
Ал
сыртқы синтагматика когнитологияда ғаламның тілдік бейнесінен,
оның концептуалды жүйесінен көрінеді. Бұлардың
ішінде жасырын синтагматика да болады.
Семантемалар,
семалардың иерархиялы жүйелік құрылым ретінде
логикалық каркас құрайды. Бұл ойлардың
жиынтық байланысында сыртқы, көбіне, синтаксистік
семантикаға жақын синтагматика орын алады. Семантемалардың
инварианты семасиологиядан когнитологияға ауысып, ғаламның
тілдік бейнесінің бір жүйесін құрайды. Ж.П.Соколовская
сыртқы синтагматиканың таза семантикалық категория
байқалатынын айтады. Әсіресе, семантемалардың комбинаторлы
өзгерісінде сыртқы синтагматикалық қатынас айқын
дәрежеде жүреді. Бұл туралы ол мынадай пікір келтіреді:
«Семантикадаңы логикалық каркасты семантикалық аксиома ретінде
қабылдау керек, өйткені семантикадағы барлық
қатынастарды мәндік қатынастар құрайды,
бұларды өз алдына иерархиялы семалардан тұратын
семантемалардың негізінде көреміз» [Соколовская,1979,94].
Кейбір
ғалымдар сыртқы синтагматиканы таза сөйлемдік бірлік ретінде
түсінеді. Олардың ойынша, сыртқы синтагматика сөйлемді
байланыстырушы механизміне, сөздерді байланыстырушы ғана
қызметке ие жүйелік байланыс. Мысалы, М.И.Жинкиннің ойынша
лексикалық синтагматика ол жасырын синтагматикадан тұрады, ал
сыртқы синтагматика синтаксистік қатынастарға негізделеді.
Лексикалық синтагматика сөздер мен лексикалық тіркесімдер
арасында болса, одан жасырын синтагматикалық қатынас
көрінеді, ал сөйлем және мәтін деңгейінде
сыртқы синтагматика тән болады. Сөйлемдер ішіндегі
синтагматикалық қатынас лексикалық синтагматикадан
тұратынын В.Г.Гак өз еңбегінде дәлелдеген болатын.
Мәселен, етістіктің сыртқы синтагматикалық байланысын
ол былай көрсетеді: «Жылан ініне жорғалады. Құс
ұясына ұшып келді. Бұнда жорғалау
(аяқсыз) – жермен, жерде; ұшу
(аяқсыз) – ауамен, ауада». Сонымен бірге, жылан ініне, құс ұясына тіркесімдеріндегі
жүйелік байланысты синтагмемалар арасындағы байланыс ретінде
көрсетеді. Оның үстіне, лексико-семантикалық
топтың ішіндегі синтагматикалық қатынасты көрсетеді
[Гак,1972,376]. Әрине, синтагмемалар қызметінде сыртқы
факторлар әсерінен қарапайым мағыналық
байланыстың туатынын жоққа шығармаймыз. Мысалы:
қызыл түс – қан; көгілдір – аспан; ақ –
қар; сары – дала; қоңыр – үй; жирен – жылқы;
шабдар – бие т.т. Сыртқы
синтагматикалық байланысқа семалық
құрылымның бір-бірімен тікелей байланысқа түсіп,
үйлесуін жатқызуға болады. Итеративтілікке жататын
бұндай байланыс тіл элементтерінің өн бойында
болғандығынан синтагмемалар сияқты сөздер тобы
қалыптасады. Мәтіндегі сыртқы синтагматикалық
байланысты аңғару үшін сөз бірлігін алып тастау
жеткілікті. Ал жасырын синтагматика бұндай тәсілге көне
қоймайды. Сыртқы синтагматикалық байланыс – лексикалық,
грамматикалық құралдар арқылы формалды
көрсеткіштен көрінеді. Бұған концептілердегі,
лингвокультуремалардағы сөздің сыртқы түр
және оның лексикалық мағыналарының байланысын
жатқыза аламыз. Парадигматиканың солғын көрініс табуына
да сыртқы синтагматикалық қатынас өз әсерін
тигізуі мүмкін. Н.З.Котелова, Ж.П.Соколовская еңбектеріндегі
лексикалық тіркесімділік термині осы сыртқы және ішінара ішкі
қатынасты білдіреді.
Қорыта
келгенде, лексикалық элементтер тіл жүйесінде логикалық
және мағыналық негізделген қатынас құрайды.
Бұл қатынастарды, шартты түрде, ішкі және сыртқы
синтагматикалық қатынастар деп атаймыз.
Пайдаланылған
әдебиеттер:
1.
Абрамов В.П. Семантические поля русского языка. – М., 2003
2.
Соколовская Ж.П. Система в лексической семантике. – Киев,1979
3.
Войшвилло Е.К. Понятие. – М., 1967
4.
Гак В.Г. К проблеме семантической синтагматики // Проблемы структурной
лингвистики. – М., 1972