ҚАЗАҚ
ТІЛІНДЕГІ ҮСТЕМЕ ҚҰРЫЛЫМДАРДЫҢ ТҰРЛАУЛЫ
МҮШЕЛЕРГЕ ҚАТЫСТЫЛЫҒЫ
Жукеев Т.Б.
Қарағанды
экономикалық университетінің доценті, филология
ғылымдарының
кандидаты
Қазақ тілі
синтаксисінде терең зерттелмей келе жатқан саланың бірі –
үстеме құрылым. Үстеме құрылым синтаксистік
құрылыстың өзіндік бір ерекшелігі болып есептеледі.
Үстеме құрылым
деп негізгі айтылыммен бірігіп синтаксистік тұтастық жасайтын,
соңғы бөлік алдыңғы, негізгі бөлікке
грамматикалық жағынан да, лексикалық жағынан да байланысты,
тәуелді боп тұратын және үстеме бөлік негізгі
сөйлемнің мазмұнын кеңейтіп, мағыналық
жағынан толықтырып тұратын бірлікті айтамыз.
Үстеме құрылым
екі компоненттен тұрады: негізгі бөлік (сөйлем) және
үстеме бөлік. Бұл екі компоненттің орны
тұрақты: бірінші негізгі компонент айтылады да, соңынан
үстеме компонент айтылады. Жазба әдебиетімізде де дәл солай.
Негізгі бөлік пен үстеме бөлік айтылғанда, үзіліс
арқылы бөлінеді де, интонацияның ерекше түрімен
сипатталады. Үстеме құрылымның интонациясы туралы орыс
тіл білімінің зерттеушісі И.И.Мещанинов былай дейді: «Үстеме
құрылымның тағы бір өзіне тән ерекшелігі
бұл құрылымның ритмикалық-мелодикалық
жағы болып табылады. Біріншіден, үстеме
құрылымның алдында дауыстың төмендеуі
байқалады, екіншіден, негізгі ой айтылғаннан кейін
интонациялық кідіріс болады, үшіншіден, үстеме бөлік
ерекше интонациямен айтылады» [1, 7].
Үстеме құрылым
жазба тілге уақыт өте келе ауызекі сөйлеу тілінен келіп
енген. Олай дейтініміз – жазба тіл мен ауызекі сөйлеу тілі
жақындап, біріндегі құбылыс екіншісіне ауысып жатады.
Бұл күнде үстеме құрылым жазба
әдебиеттің нормасына ыңғайланып қалыптасуда.
Үстеме құрылым
құрмалас сөйлемнің салаласына да, сабақтасына да
ұқсамайды. Оның өзіне тән ерекшелігі бар.
Салалас сөйлем
компоненттері бір-бірімен тең құрамаласады да, сабақтас
сөйлем компоненттері бірі екіншісіне бағына
құрмаласады. Бірақ екеуінде де айтылатын ой санада алдын ала
белгілі болады. Сөйлеуші сөйлеу процесінде айтатын ойын алдын ала
жоспарлап, оны салаластыра айта ма, жоқ сабақтастыра айта ма,
ойдың материалданатын сөйлем-сұлбасы пайда болады. Ал
үстеме құрылымды айтқанда, үстемеленетін ой
санада әлі жоспарланбайды. Ол ой тек негізгі сөйлем айтылып
жатқанда, не айтылып болғаннан кейін санаға келеді.
Құрмалас сөйлем
синтаксисінің негізгі объектісі жеке ойды білдіретін жай
сөйлемдердің өзара тіркесіп бір бүтінге айналуы, сол
арқылы күрделі ойды білдіру жолдары мен тәсілдері болады. Ал
үстеме құрылым синтаксисінің негізгі объектісі жеке
ойды білдіретін сөйлемдердің тіркесуі емес, алдыңғы
негізгі сөйлемге мағыналық жағынан да,
грамматикалық жағынан да тәуелді, көмекші
сөйлемнің тіркесіп, бір бүтінге айналуы, сол арқылы
ерекше мағыналық және экспрессивтік-стилистикалық бояу
беріп, негізгі сөйлемнің мағынасын күрделендіру,
кеңейту жолдары мен тәсілдері боп табылады. Басқаша
айтқанда, құрамалас сөйлем синтаксисі жеке ойды
білдіретін жай сөйлемдердің өзара тіркесіп,
құрамалас сөйлем болуын тексерсе, үстеме
құрлым синтаксисі дербес сөйлемге көмекші синтаксистік
құрылымның тіркесуін, байланысуын тексереді. Жоғарыда
негізгі сөйлем мен үстеме сөйлемнің арасында
үзіліс болады дедік. Ол үзіліс әр түрлі тыныс белгілері
арқылы таңбаланады: нүкте, үтір, леп белгісі,
сұрақ белгісі, көп нүкте.
Үстеме
құрылымның нүкте арқылы келуі: Өлік Игіліктің шапанын жамылып,
Игіліктің пәуескесінен түскені де аңыз ғой. Аңыз болғанда қандй!
(Ғ.Мүсірепов).
Үстеме
құрылымның үтір арқылы келуі: Екі жағы да кімнің кім екенін
жете түсіндіре алған жоқ, жете түсініскен де жоқ (Ғ.Мүсірепов).
Үстеме
құрылымның леп белгісі арқылы келуі: Мәңгіден бері жинала берген
бітеу жара бір жарылмай қояр ма! Өзі
жарылды (Ғ.Мүсірепов).
Үстеме
құрылымның сұрақ белгісі арқылы келуі: Ал өлім атаулыда
мән-мағына бола ма? Болғанда
қандай! (Қ.Жұмаділов).
Үстеме
құрылымның көп нүкте арқылы келуі: «Қақаған суық,
қатаң тәртіпке төзе алмай, сол жақта
ішқұса болып, буынып өліпті», - дейді, не демейді ... Алайда шындық еді
(О.Бөкеев).
Үстеме сөйлем негізгі
сөйлемнен бөлініп шыққан қосымша сөйлем.
Осы негізгі сөйлемнен бөлініп шыққан, не қосымша
үстемеленетін үстеме сөйлемді негізгі сөйлеммен
тұтастырып, біріктіріп тұрған – логикалық екпін. Осы
екпіннің арқасында үстемеленетін, не негізгі сөйлемнен
бөлініп шыққан мүше өзіне мағыналық
салмақ алады. Негізгі құрылымнан кейін үзіліс болады:
дауыстың төмендеуі, үзіліс. Бұл үзіліс
үстеме құрылымды қабылдауға дайындайды.
Үстеме құрылымға осындай екпіннің түсуі –
үзілмелілік және бір тұтас сипат береді. Үстеме
құрылым негізгі бөлікке синтаксистік жағынан да,
лексикалық жағынан да тәуелді болып тұрады. Мысалы: Ауылдағы қалған үйлердің
көбі кішкене, 3-4 қанат жыртықтау қара үйлер. Малшы-қосшының үйлері
(М.Әуезов).
Мысалдағы үстеме
бөлікте негізгі сөйлемнің баяндауышы (үйлер) қосымша меншіктік анықтауышты (малшы-қосшының)
үстемелей қайталанған. Яғни үстеме бөлікте
үйдің кімдердікі екені нақтыланған. Үстеме
құрылым матаса байланысқан сөз тіркесінен тұрады.
Осы жағынан келгенде, бұл құрылым грамматикалық
жағынан да, лексикалық жағынан да негізгі сөйлемге
тәуелді.
Қазақ тілінде
үстеме құрылым құрамында барлық
сөйлем мүшелері жұмсала береді. Сөйлемнің
тұрлаулы немесе тұрлаусыз мүшелерінің негізгі
сөйлемде болмай, үстеме сөйлемде болуы; бастауыш не,
баяндауыштың үстеме мағынамен қайталануы; негізгі
сөйлемдегі белгілі бір мүшенің (тұрлаулы,
тұрлаусыз) мағынасын кеңейту, нақтылау т.б.
Тұрлаулы
мүшелердің ішінде бастауыштан гөрі баяндауыш жиі
жұмсалады. Мұның себебін сөйлемнің актуалды
мүшеленуінен іздеу керек. Ремада темаға қарағанда
әр уақытта актуалды ақпарат болады. Мысалы: Аспан мырс етіп күлді. Күлді де терезеден ақшағырмақ далаға қарап,
үнсіз жатты (О.Бөкеев).
1-сөйлемдегі тема – Аспан, рема – мырс етіп күлді. Келесі сөйлемде 1-сөйлемдегі
рема темаға айналады да, темаға сүйене отырып, рема айтылады.
2-сөйлемде тема – күлді де,
ал сөйлемнің басқа бөлігінің барлығы рема
болады (қарамен ерекшеленген). Осыай тізбектеліп кете береді.
Қалыпты сөйлемде
бастауыштың тобы тема болады да, баяндауыштың тобы рема болады.
Үстеме құрылымдар әр уақытта рема болады, немесе
реманың құрамына кіреді.
Бастауыш – баяндауышпен
синтаксистік байланысқа түсіп, предикаттық
қатынасқа негіз болатын мүшенің бірі. Сондықтан
ол, негізінен, тема болады да, сол сөйлемде хабарланатын ой рема болып
табылады. Ал үстеме құрылымдағы үстеме бөлік
әр уақытта рема болып табылады. Яғни ол негізгі
сөйлемге қосылып отырған тың, жаңа хабар.
Сондықтан бастауыш өте сирек үстемеленеді.
Бастауышты үстеме құрылым. Бірден мысал келтірейік: Енді соты ғана қалды ғой. Әскери сот. Әскери сот
деген не? Ресейде бұл күні бұрын белгілеген
үкімнің жарияланатын орны ғой. Кәдімгі белгілі
жазаның ... Ату, асу, каторга – жазаның мөлшері осы
үшеуі (Х.Есенжанов).
Мысалдағы Енді соты ғана қалды ғой
деген негізгі сөйлемге Әскери
сот деген тіркес үстеме болып тұр. Негізгі сөйлем мен
үстеме бөлікті біріктіріп, қалыпты сөйлемге айналдырып
көрейік: Енді әскери соты
ғана қалды ғой. Авторға, әрине, осылай етіп
жазу белгілі. Алайда оның субъективтік-коммуникативтік мүддесіне
жүгінсек, әскери сот
тіркесіне ерекше екпін (актуализация) керек болып тұр. Олай дейтініміз –
жазушы бұл коммуникативтік бөліктен ары қарай үстеме
бөлікке (әскери сот)
сипаттама беру арқылы хабар әсерін күшейте түседі.
Бұл жерде бастауыш өзі жеке үстеме бөлікке шығып
тұрған жоқ, ол өзімен бірге анықтауышты бірге ала
қайталанып тұр.
Негізгі сөйлемде
бастауыштың болмай, оның үстеме құрылымда
айтылуына мысал келтірейік: Мектепке де
бірге келген екен. Дубенко (Газеттен).
Жоғарыдағы мысалда
негізгі сөйлем құрамында бастауыш жоқ, бастауыш
үстемеленіп тұр. Бұл сөйлемді қалыпты
сөйлемге айналдырып, екеуін салыстырып көрейік: Дубенко мектепке де бірге келген екен.
Қалыпты сөйлемде бастауыш өз орнында
тұрғандықтан, ерекшеленбейді. Ал үстеме
құрылымда бастауыш негізгі айтылымнан бөлініп шығып,
үзілмелілік сипат алады және өзіне мағыналық
салмақ артады.
Негізгі сөйлемде
бастауыштың болып, үстеме сөйлемде оның нақтылана
түсуі: Атасы – комбинатта
бағбан. Оспан (Газеттен). Мысалда негізгі
сөйлемдегі бастауыш – атасы,
үстеме сөйлемде нақтылана, анықтала түскен.
Негізгі құрылымда бағбанның аты белгісіз болса,
үстеме құрылымда оның есімі аталған.
Баяндауышты үстеме құрылым. Баяндауыш әр
түрлі жағдайда үстемеленеді: негізгі сөйлемдегі
баяндауыш қосымша мағынамен қайталанады, ойды дамытады,
кейіпкердің психологиясына, жай-күйіне баға береді.
1) Қосымша мағынамен
қайталанатын баяндауыштар: Көмір
мен мыстың туар күні жеткен екен, мың Игілік, екі мың
Байжан басып отырса да туады. Туды, міне!
(Ғ.Мүсірепов).
Берліп отырған мысалда
негізгі сөйлем баяндауышы келер шақта айтылған болса,
үстеме сөйлем баяндауышы жедел өткен шақта үстеме
мағынамен қайталанған. Үстеме баяндауышқа сілтеу
есімдігі көмекші қызмет атқарған. Негізгі
сөйлемдегі келер шақтың үстеме сөйлемде
өткен шаққа айналуы, т.б. үстеме
құрылымның ықшамдылық, үнемділік
жағын атап өту керек. Өйткені негізгі ойға
қосайын деген қосымша мағынаны, ойды қосу үшін
тағы да алғашқы мәселелерді қайталап
жатпай-ақ, қысқа, ықшам түрде үстемеленеді.
Ойымыз дәлелді болу
үшін тағы да мысалдар келтіре түсейік:
Мәңгіден бері жинала берген бітеу жара бір
жарылмай қояр ма! Өзі
жарылды. Екі жағы да кімнің кім
екенін жете түсіндіре алған жақ, жете түсініскен де жоқ (Ғ.Мүсірепов).
1-мысалдың негізгі
сөйлемінде істің болатыны (келер шақта) хабарланса,
үстеме құрылымда сол істің болғаны (өткен
шақта) айтылады. Екі құрылымда екі түрлі
іс-әрекет, екі түрлі шақ айтылған. Негізгі
құрылымда хабарланған іс-әрекет үстеме
құрылымда дамытыла қайталанған.
2-мысалда да баяндауыш
қосымша мағынамен дамытыла қайталанған. Негізгі
айтылымда екі жақ адамдары іс-әрекетінің нәтижесіздігі
білдірілсе, үстеме сөйлемде сол әрекеттің, тіптен, іске
аспағандығы айтылған. Бұл құрылымда
үстеме сөйлемді негізгі сөйлеммен байланыстырып
тұрған тұлға – «де» демеулігі.
2) Негізгі сөйлемде
айтылған ойды дамыта қайталанатын баяндауыштар. Бұл
топтағы үстемеленетін баяндауыштар жоғарыда
талданғандай қосымша мағынамен қайталанбайды,
жаңа мағынамен, тың хабар қоса, басқа
тұлғадағы баяндауыштар үстемеленеді. Бірнеше мысалдар
келтіріп, ойымызды дәлелдейік.
Бұрынғыдай емес, бұйығы
тартқан. Қартайған (О.Бөкеев).
Бірлі жарымды малға қолы жетіп еді,
өзіңдікі деген ойға тырнағы ілігіп еді, жабыса кетті (Ғ.Мүсірепов).
Ойында еш нәрсе жоқ, күліп жүрген
қалпы. Әурелемек,
ойнамақ (Ғ.Мүсріпов).
1-мысалда негізгі
құрылымдағы бұйығы
тартқан тіркесі мен үстеме құрылымдағы қартайған деген етістіктер
синонимдер. Біріншісінде адамның сыртқы келбеті, оның
ағарған шашы, сақал-мұрты, жалпы әжімденген
бет-әлпеті көз алдымызға келсе, екіншісінде (қартайған дегенде)
адамның жас мөлшеріне сәйкес келген өмірдің бір
белесін елестетеміз.
Екі құрылымдағы
баяндауыш та есімшенің өткен шақ тұлғасы
арқылы (-қан, -ған)
жасалған. Үстеме бөліктегі баяндауышты негізгі бөлікпен
тұтастырып тұрған үзілмелі интонация. Негізгі
сөйлемді айтқаннан кейін интонацияда біраз үзіліс болады да,
үстеме бөлікті қабылдайды. Үстеме құрылым
интонациясы негізгі құрылым интонациясымен салыстырғанда
ерекше екпінмен айтылады.
Бұл мысалда бұйығы тартқан деген
негізгі бөлік пен қосымша бөлігіндегі қартайған деген баяндауыштарда статикалық бір
қалып та бар, даму, градация да бар.
2-мысалда үстеме
құрылым мен негізгі құрылымның арасындағы
қатынас – баяндауыштық. Үстеме құрылымда негізгі
бөліктегі әрекеттің нәтижесі берілген. Үстеме
сөйлем негізгі сөйлемнің мағынасын кеңейтіп,
дамытып тұр. Екеуі де көсемше тұлғалы күрделі
баяндауыш. Араларындағы үзілмелі интонация үтір арқылы
көрсетілген.
3-мысалда негізгі сөйлемде
әрекеттің, жай-күйдің бұрыннан болып келе
жатқан тұрақтылығын білдірсе, үстеме
сөйлемде сол ойға қазық болып тұрған
субъектінің келер шақта істейтін іс-әрекеті айтылған.
Үстеме бөліктегі баяндауыш есімшенің келер шақ
тұлғасы арқылы жасалған. Үстемедегі баяндауыш
негізгі сөйлемдегі бастауышқа бағынған. Бұл
баяндауыш негізгі сөйлем бастауышымен қиыспаса, онда ол
үстемелік қызметінен айырылып, дербес сөйлемге айналар еді.
3) Негізгі сөйлемде
айтылған ойға, құбылысқа, жай-күйге
баға бере үстемеленетін баяндауыштар. Мысалы: Біреуге біреудің шын жаны ашырына иланбаймын. Көлгірсиді (О.Бөкеев).
Автор негізгі сөйлемде
өз пікірін білдіреді де, үстеме сөйлемде сол берілген пікірге
жаңа баға береді.
Қорыта айтқанда,
қазақ тіліндегі айрықша синтаксистік құбылыс –
үстеме құрылымдарды талдай келе, біз мынадай
қорытындыларға келдік:
1) Үстеме
құрылым құбылысы қазақ тілі
табиғатына тән құбылыс және ол көптеп
кездеседі. Үстеме құрылым жазба тілге уақыт өте
келе ауызекі сөйлеу тілінен келіп кірген. Олай дейтініміз – жазба тіл мен
ауызекі сөйлеу тілі жақындап, біріндегі құбылыс біріне
ауысып жатады. Бұл күнде үстеме құрылым жазба
әдебиеттің нормасына ыңғайласып қалыптасуда.
Үстеме құрылым
санада алдын-ала жоспарланбастан үстемеленеді. Яғни негізгі ой
айтылып жатқанда немесе айтылып болғаннан кейін қосымша ой
санаға келеді. Осы қосымша келген ой алдыңғы негізгі
ойға тіркесе айтылады. Бұл айтылғандар үстеме
құрылымның ауызекі сөйлеу тілінен шыққандығын
көрсетеді.
2) Үстеме
құрылым предикаттық қатынасқа сүйеніп,
негізгі сөйлемнен кейін орналасып, оған түрлі мағына
үстейтін, өзіндік дербестігі жоқ, негізгі сөйлемге
тәуелді бөлік болып табылады. Үстеме бөлік негізгі
бөлікті нақтылайды, қосымша мағына үстейді,
мазмұнын, мағынасын кеңейтеді, толықтырады және
негізгі ойды дамытады.
3) Үстеме
құрылым әр уақытта негізгі сөйлемнен кейін келеді
(орны тұрақты) және тұтас сөйлемді, не бір жеке
мүшені толықтырып, түсіндіріп, нақтылап тұрады.
4) Үстеме құрылымның
үстеме бөлігі негізгі бөліктің негізінде пайда болады
және оның коммуникативтік дербестігі болмайды. Ол негізгі
бөлікпен бірге айтылғанда ғана коммуникативтік дербестікке ие
болады.
5) Қазақ
тілінің синтаксистік құрылысында сөйлемнің кез
келген мүшесі үстемелене алады.
6) Негізгі сөйлем мен
үстеме сөйлем әр түрлі тыныс белгілері арқылы
бөлінеді. Олар: нүкте, үтір, көп нүкте,
сұрақ белгісі және леп белгісі.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1) Мещанинов И.И. Члены
предложения и части речи. Москва, 1945.
2) Ақынжанова А.Т.
Қазақ тіліндегі парцелляция құбылысы. Филол. ғыл.
канд. дисс. автореф. Алматы, 1999. 25 б.
3) Балақаев М.Б.,
Сайрамбаев Т.С. Парцелляция және оны аудару // Аударманың
лексико-стилистикалық мәселелері. Алматы: Ғылым, 1987.
4) Жақыпов Ж.А. Сөйлеу синтаксисінің сипаттары.
Монография. Қарағанды: ҚарМУ баспасы, 1998. – 159 б.
5) Әміров Р. Ауызекі
сөйлеу тілінің синтаксистік ерекшеліктері. Алматы: Мектеп, 1977. 92
б.