Э.Т.Ахметова, Қ.С.Телқожаева

Алматы энергетика және байланыс университеті, Алматы қ.

 

ПРИБОР ЖАСАУ МАМАНДЫҒЫНЫҢ ҒЫЛЫМИ - ТЕХНИКАЛЫҚ МӘТІНДЕРІНДЕ КЕЗДЕСЕТІН ТЕРМИНДЕРІНІҢ ЖАСАЛУ ЖОЛДАРЫ

 

Егеменді қазақ елінің әдеби тілінің негізгі көрсеткішінің бірі ғылым тілі екендігі дау туғызбайды, ал ғылымның негізгі тірегі, “…ғылым тілінің жон арқасы” деп академик Ө. Айтбайұлы терминологияны атайды: “Терминология – ғылым мен техника тілін дамытатын лексиканың бірден-бір күрделі қабаты”. [1].

Радиотехника, электроника ғылымдарының негіздерін физика, химия, математика құрайтындықтан, бұл салалар бойынша жазылған әдебиет мәтіндерінде бұл пәндердің терминдері жиі кездеседі.

Қ. Жұбановтың физика терминдерінің қалыптасуы туралы ойлары әлі күнге дейін өзекті десек, қателеспейміз. Мысалы, интернационал сөздер мен қазақтың төл сөзін қосарлап алған аэрошана, инфрақызыл, ультракүлгін секілді үлгімен жасалған сөздер баршылық. Олар: электрқозғалтқыш, телебақылау, наноқұбырлар, оптожұп, көпкаскадты, магнитсозылмалы, токтұрақтандырғыш, фазаайналдырғыш, фазаығыстырушы, спектржазу, магнитөткізгіштік т.б.

Сонымен қатар, ғалым қазіргі кезде өте өнімді сөзтудырушы жұрнақ болып тұрған – м жұрнағы арқылы өлшем, бұрын –м-ды-лық болып, үш жұрнақ қабаттасып жасалып жүрген “серпімділік”, “өткізімділік” деген сөздерді өткізім, серпім түрінде алғанын айтады. [2,353]. Шынында да, ғылым тілінде басы артық жалғаулардың қолданылуы орынсыз боп табылады.

Сондай-ақ – у жұрнағы жалғанған сөздерді орыс тілінен дұрыс аударып алу мәселесіне де назар аударады. Түрлену, қанығу, ұлғаю, сыну, шағылысу сияқты сөздер тап осы күйінде қазір де қолданылуда.

Қазақ ғылым тілінің толық қалыптасуына тікелей әсер етуші фактор ретінде терминдердің дұрыс жасалуы оның өміршеңдігінің кепілі екендігін профессор К. Хұсайын былайша түйіндейді: “Тілді зерттеудің, дамытудың теориялық негізі тіл білімі болса, осы тіл біліміндегі мемлекеттік тілдің өміршеңдігін қамтамасыз етуге жауапты саланың бірі – терминология”. [3].

1.      ҒТМ-дегі терминденудің семантикалық тәсілі

“Қазақ грамматикасында” лексика-семантикалық тәсіл былайша сипатталады: ”Лексика-семантикалық тәсілде сөздің құрамы, тұлғасы ешбір өзгеріске түспейді, өзгеріс тек сөздің мағынасында ғана болады. Сөз дыбыстық, морфемдік құрамын сақтай отырып, тілдегі бұрын қолданылып жүрген мағынасының орнына жаңа мағына қосып алады да, тілде жаңа мағынасында қолданыла бастайды. ” [4,207].

Терминолог – ғалым Ш. Құрманбайұлы “Қазақ лексикасының терминдену үрдісі” атты жұмысында қазіргі қазақ тіліндегі терминология саласының жағдайы жайлы егжей-тегжейлі зерттеу жүргізген. Автор термин сөз бен оның жасалуына негіз болған термин емес сөздің мағыналарын құрайтын ортақ семаларды анықтауға болады, ал семалар ортақтығы термин сөз бен оның жасалуына негіз болған жалпы қолданыстағы сөз мағыналарының арасындағы байланысты көрсетеді деген пікір айтады.[5,65].

Бұрын тілдік қолданыста бар сөздер жаңа бір құбылысқа атау болуы үшін ол өзінің негізгі тура мағынасынан келтірінді – ауыспалы мағынаға көшеді.

Семантикалық тәсіл бойынша жасалған терминдер біз талдайтын оқулықтарда да кездеседі. Мысалы, қазір энергетика және байланыс салаларындағы әдебиетте жиі қолданылатын көз сөзі ,,Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде“ 9 түрлі мағынада қолданылатыны көрсетіледі. Соның біріншісі ғана- оның тура мағынасы – көру мүшесі.

Осы көз сөзі біздің қарастыратын мәтіндерімізде ауыспалы мағынада, нақты айтқанда “белгілі бір нәрсенің алынатын орны, қоры” деген мағынада қолданылатынын мына мысалдардан анық байқауға болады.

“Кезекті әріпті кодалау хабар көзінен логикалық Иi схемасына импульсты және импульстік қорек көзіне (ИҚК) импульс беруден басталады”. [6,72].

2 Терминжасамның аналитикалық тәсілі

Қазақ тілінде аналитикалық тәсіл жиі қолданылатын, өнімді тәсіл болумен бірге, оның іштей бірнеше түрі бар : 1) сөзқосым,2) тіркестіру, 3) қысқарту.4) қосарлау.

                        2.1 Сөзқосым тәсілі.

            Бұл тәсіл арқылы жасалған туынды сөздер біріккен (кіріккен) сөздер деп аталады.

            Ғылыми-техникалық терминжасамда да біріккен сөздерден жасалған терминдер молынан кездеседі. Олардың көбісінің алғашқы түбірі қазіргі кезде аударылмай алынып жүрген халықаралық сөз: электржабдық, электронсызба, фазаыдыратқыш, фотокедергі, ультрақысқа, электрқұрылғы, термореттегіш, телеорталық, магнитөткізгіштік  т.б.

Мұнымен қатар, қазақтың екі немесе үш түбір сөзінен бірігу арқылы жасалған терминдер де кездеседі: Ұзынтолқындық, аратісті, сүйірбағытты, бейнебастиек, бейнеүнжазба, шалаөткізгіш, дауысзорайтқыш, екісатылы, жарықсезгіштік, жылуалмасу, көпарналы, толқынжол, дыбысалғыш, таржолақтылық, төменжиілікті, ширектолқынды, шыныталшықты бумасым, жылутұрақтандырғыш т.б.

              2.2 Тіркестіру тәсілі

Тіркестіру тәсілінде күрделі сөз екі немесе одан да көп дербес сөздің тіркесуінен жасалады. Олар тіркесті күрделі сөздер деп аталады.

Тіркесті күрделі сөздердің сыңарлары емле бойынша бөлек жазылып қалыптасқанымен, сыңарлары мағына дербестігін жоғалтып, біртұтас мағынаны білдіреді. Бұл әдіс арқылы жасалған терминдер де ғылыми терминденуде жиі қолданылады.: модульді үйлестіру тәсілі, белсенді  ауқымды түрлендіргіштер, аналогты электронды өлшеу аспаптары, арна бейімдеуіші, түзеткіш аспаптар, иілгіш баспалы платтар, үйлесімді генератор, саралау шынжыры, дискілік шағын өлшеуіш  т.б.

Демек, жоғарыда келтірілген мысалдарға сүйене отырып, ғылыми терминдердің тіркесу арқылы жасалуы  прибор жасау саласындағы өте өнімді тәсіл деп түйіндеуге болады.

2.3 Қысқарту тәсілі

Біз қарастыратын әдебиеттерде, әсіресе оқулықтарда жиі кездесетіні – графикалық шартты қысқартулар.

Және де сөз тіркестерінің бас әріптерінен қысқарған түрі өте-мөте мол кездеседі:

Теңгерілмелік күшейткіш (ТК), жұмыс атқару нүктесі (ЖАН), пайдалы әсер коэффиценті (ПӘК), Интегралдық жүйелер (ИЖ), үлкен интегралдық жүйелер (ҮИЖ) аса үлкен интегралдық жүйелер(АҮИЖ), микропроцессорлар ( МП. )

Қазір жоғары технологияға қатысты мұндай қолданыстар тек орыс тілінен енген сөздермен ғана шектелмейді. Мысалы, қазіргі кезде техника, медицина т.б. салаларда жиі қолданылатын лазер сөзінің өзі - ағылшын тілінен аударғанда “жарықтық электрмагниттік толқындарды күшейту” деген мағына беретін сөз. (Light amplification by Stimulated emission of radation ).

            Тілші-ғалымдардың қысқарған сөздер жайлы пікірлерінің қайшылығына қарамастан, олардың әдеби тілде, әсіресе ғылым тілінде жиі қолданылатыны даусыз. Біз қарастыратын ҒТМ-де де олар өлшем атауы ретінде (Гц, А, Ом, В, Вт, м, см, км), күрделі атауларды қысқартып айту әдісі ретінде (лазер, СД – сәулелі диод; АТС – автоматты телефон станциясы т.б.) қолданылады.

Демек, ғылыми терминжасамда сөздердің қысқару арқылы жасалуының да өзіндік орны бар екендігіне талданған мысалдар арқылы көз жеткізуге болады.

3 ҒТМ -дегі терминденудің аффикстік тәсілі

Қазақ тілі жалғамалы тіл болғандықтан, сөзжасамның синтетикалық тәсілі қазақ тілінде негізгі тәсілдердің бірі боп саналады.

Бұл тәсіл арқылы туынды сөз жасау үшін екі тілдік бірлік қатысуы керек: 1) лексикалық мағыналы сөз, 2)сөзжасамдық жұрнақ. Зерттеу нысанына сәйкес алынған мысалдар мен терминологиялық сөздіктен алынған атаулар техника саласының терминдерінің де көбісінің синтетикалық тәсіл арқылы жасалатынына көз жеткізеді.

Қазақ тіліндегі терминологияның қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан А. Байтұрсынұлының енгізген көптеген терминдері тұйық етістік – қимыл атау (есім) тұлғасында келеді: аңдау, әсірелеу, көріктеу т.б. Біздің қарастыратын радиотехника, байланыс салаларының терминологиясының өнімді тәсілдерінің бірі ретінде дәл осы әдіс көрініс беруде десек еш қателеспейміз. Бұған прибор жасау саласында оқытылатын оқулықтарда кездесетін мысалды молынан келтіруге болады: Реттеу, дәлдеу, туралау, жаймалау, бұрмалану, бүркеу, бейнелеу, жаңғырту, баптау, айыру, ажырату,  қоспа жалату, тұйықталу, ауытқу, дәнекерлеу, перделеу, пішімдеу, сәулелену, тармақтау, қанығу, тіркеу, тыну, хабарларды жалғау т.б. . [7].

Қазіргі терминжасамда ең өнімді тәсіл ретінде көзге түсіп жүрген жұрнақтар: –м, -ым, ім. Бұлар мынадай атауларда кездеседі: айналым, орам, өлшем, құрылым, созылым, көрсетім (индикация) т.б.

Сонымен қатар, техника саласында бастауыш, баяндауыш терминдерінің үлгісімен жасалған терминдер де баршылық. Мысалы: Жалғауыш, пішіндеуіш, орауыш, санауыш, дыбысқармауыш, есептеуіш, торуылдауыш, құрауыш, кодалауыш, іздеуіш, қадауыш, нысаналауыш, өлшеуіш, хабарлауыш т. б.

Нақты біз қарастыратын сала терминдерінің жасалуының ең өнімді әдісі ретінде тұйық етістіктен жасалған түрін атасақ, одан кейінгі өнімді тәсілі:-қыш, кіш, ғыш, гіш жұрнақтары арқылы жасалуы: түрлендіргіш, таратқыш, дыбыс тұмшалағыш, дірілдеткіш, бөлгіш, тұрақтандырғыш, түзеткіш, жіктегіш, іріктегіш, бәсеңдеткіш, шектегіш, көрсеткіш, ағытқыш, қосқыш, шалаөткізгіш, реттегіш, тежегіш, үдеткіш т.б.

Сол сияқты -ма, -ме,-ба, -бе, -па, -пе тұлғалы терминдер де кездесіп отырады:

Жүктеме, түйіспе, қыздырма, орама, ағытпа, бүркеме, телеөлшеме( телеметрия), қима, шықпа, жайма, фототіркеме, жазба, ысырма т.б.

-қы, -кі, -ғы, -гі жұрнақтары арқылы да жасалады. Мысалы : Құрылғы, сүзгі, қондырғы т.б.

Терминдердің жасалуының алғашқы кезеңінде олардың жарыспалы қолданылуы әр тілде де кездесетін құбылыс. Оның жағымсыз жағы – бір мәтіннің ішінде немесе бір оқулықтың ішінде, болмаса бір саланың оқулықтарының әрқайсысында бір терминнің қазақ тілінде әртүрлі болып берілуі оқырманның (студенттің) материалды түсініп қабылдауына кедергі келтіреді. Оларды біртіндеп бір жүйеге салып, біріздендіру – терминология тұрғысынан қадағалауды қажет ететін процесс. Сондықтан біздің міндетіміз – осындай жарыспалы терминдердің терминком бекіткен нұсқасын ұсынып, терминнің біріздендірілуіне атсалысу. Ал терминнің біріздендірілуінің өте ұзаққа созылатындығын ескерсек, бұл алдағы уақытта өз жемісін міндетті түрде береді деп топшылауға болады. Мұндай біріздендірілген термин ретінде қазақ тілінің өз ұлттық қорынан алынған көз, кесте, тінтуір, жоба, жүйе, желі, қазан, қазандық, түйіспе сөздерінің қазір кең қолданысқа енгенін атауға болады. Демек, ғылымның көптеген салалары бойынша жүргізілетін ғылыми зерттеулерде, оқулықтар жазу барысында қолданатын термин сөздер мен сөз тіркестерін барынша ойластырып, сұрыптап барып пайдаланған абзал, сонда ғана олар ғылыми айналымға еніп, тұрақты қолданысқа түсуі мүмкін.

 

 

Пайдаланылған әдебиет

 

            1.  Айтбаев Ө. Ғылым қазақша сөйлер ме? // Тіл майданы. – Алматы: Арыс, 2000. – Б.114-126.

            2.   Жұбанов Қ. Қазақ тілі жөніндегі зерттеулер. – Алматы, 1999, Б.349-364.

            3.   Хұсайын К. Ш. Шетелдердегі терминологиялық зерттеулер нәтижесінен. //Терминологиялық хабаршы – 2002.- № 1. – Б. 44 – 47.

            4.   Қазақ грамматикасы. – Астана, 2002, 784 б.

            5.  Құрманбайұлы Ш. Қазақ лексикасының терминдену үрдісі: Фил.ғ.д.дис. – Алматы, 1998.

            6.  Б.Б. Ағатаева. Көпарналы тарату жүйелері: техникасы мен теориясы –Алматы: «Ғылым», 2004. – 160б.

            7. Ю. Н. Макаров, А. А.Панич « Перспективные технологии приборостроения» - Москва: Экономика, 2011. – 406с.

9. Г.Г. Раннев «Информационно – измерительная техника и электроника» - М, : Издательский центр «Академия», 2006. – 512 c.

10. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі. 5 том. – Алматы: Ғылым, 1980