Филологические
науки/8.
Родной язык и литература
Филогия магистрі Келмағамбетова
Ш.С.
Қазтұтынуодағы
Қарағанды экономикалық университеті
Символизм
ағымының қазақ әдебиетіндегі даму
өрісі
Бүкіл
қазақтың саяси-әлеуметтік, мәдени-ғылыми,
тарихи-эстетикалық ой-пікіріне қозғау салып, серкелік
жасайтын құдіретті күш қазақ халқының
шығармашылық рухы, сөз өнері. Тым әріге
бармай-ақ алты алашты ауызға қаратқан,
қас-дұшпандарын алыстан-ақ қалтыратқан Абылай
ханды оң жолға бастап, ақ батасын берген, терістігі болса,
бетіне шыжғырып басқан, халық мүддесін жеке
пиғылдан жоғары қойып, қазақтың дана да
көркем сөзін мемлекеттік деңгейге шығарған
Бұқар жырауды еске алайықшы. Бұл -
қазақтың рухы басылмаған, өзінше ойлап пішуден
қалмаған дәуірінің жемісі еді.
Заман бір
қалыпта тұрмайтынын Шоқан, Ыбырай, Абайлар анық
байқады да, қазақ көгінде еуропалана бастаған
жарық жұлдыздар болып жарқырады. Жалғанның
жартысындай қазақ даласында Батыс пен Шығыс кездесіп,
оның ішінде орыс пен қазақ мәдениеттері бір-бірімен
жанасуы арқасында ұлы ағартушы-демократтарымыз сахнаға
шықты. Олардың сөздері мемлекеттік деңгейге
көтерілмегенімен, елді жаңа өріске бастағаны даусыз.
Шоқан Еуропа білімімен жетілуге бастап, Ыбырай өзі ашқан
мектептер мен жазған оқулықтарында осы идеяны нақты
жүзеге асырса, Абай соны эстетикалық норма жасап,
қазақтың жаңа жазба әдебиетінің негізін
қалады. Сыншыл реализмнің өріс алар арнасын айқындады.
Әдебиет пен мәдениеттегі жетекші бағыт саналып, назар
айрықша бөлінді, кейіннен өкіметтік саясат пен
өзімізден шыққан әсіре жарамсақтардың
жандай-шаптығы негізінде бұл бағыттың өн бойына
қона бермейтін, тіпті жараспайтын моншақтар зорлықпен
тағылып, жәреуке сөздердің астында қалдық,
жан-жақты ойлана қарауға мұршамыз келмеді.
Ал осылармен
қатар, тіпті оларға рухани аға болған Дулат, Шортанбай,
Мұраттардың қазақ әдебиетінде «зар заман»
күйін шерткенін қазір ешкім жоққа шығара алмайды.
Әрі-беріден соң жаңаша жарқыраған
жұлдыздарымыздың дараланып шығуына олардың белгілі
дәрежеде жағдай жасағаны, кешегі мен бүгінгіге
көпір болғандығы, ағартушылықпен қатар
азатшылдық идеясын қарғыс-лағынетпен жеткізгені,
қарсы ойларын таратқаны, оны халық ұйып
тыңдағанына енді қалайша мән бермейміз. Соны сол кезде
көре-біле тұрып, бұрылып кеткенімізге қайран
қалмасқа болмайды. Тапшыл көзқарастың тепкісі
күшті, қимылы ожар болған соң замана теперішін
көп көрген момын қазақтың жасқаншақ
зиялылары, әсіресе ғұламалары саясатшылдыққа
салынып, айтқан ыңғайына жығылғанын көріп
отырмыз.
Ал осымен
қатар ХІХ ғасырдың екінші жартысында ислам мен християн
діндерінің «қансыз соғысы» мықтап жүрді.
Шоқындыруға құмарланғандар інжіл мен
таураттың отызға тарта аңыз-әпсаналарын кітап
қылып шығарумен қанағаттанбай, нақты іске
кірісті.
Ресей
оқу ағарту министірлігінің 1870 жылғы жарлығы
бойынша, бұратаналарды орыстандыру мақсаты ашық айтылып, оны
жүзеге асыру үшін мынадай да тәсіл қолданылды. «На
первое время для ускорения киргизов учителей этих школ назначить из киргизов с
обязательством преподовать детям русскую грамоту, говорить с ними по-русски,
отнюдь не допускать грамоты по-киргизски, запретить писать, таким путем,
искоренить из обращения киргиз из грамоты» деген нұсқауларды,
Алектровтар айрықша сақтықпен жүргізсе, надан, ожар
шенеуліктер мейлінше анайылықпен орындай бастағанда,
қазақтардың көбі мардымды түсінбеген, тұтынбаған
мұсылманшылыққа ауып, ислам діні «жеңіске» жеткен
болатын. Соның нәтижесінде қазақта нәзирашыл
кітаби ақындар поэзиясы өркендегені тарихқа белгілі. Олар
құранның аят-хадисін ғана емес, пайғамбарлар мен
сахабаларға қатысты әпсаналарды қазақ
әдебиетінің бір ағымы боларлық деңгейге жеткізе
білді. Оған қазақ аузындағы хисса-хикаяттар нақты
мысал. Шығыс әдебиетінен, әсіресе діни
ағартушылық рухта жазылған шығармалардың
әсері дүнияуй (светский) әдебиеттің ықпалынан
артық болмаса, төмен бола қоймағаны белгілі.
Дәстүрлі
поэзияның өкілдері, әсіресе ХІХ ғасырда айрықша
өріс алған ақындар айтысы мен сал-серілердің
өнерпаздығы «Қазан төңкерісіне дейін поэзиядан
басқа жанры болмады» деп
кемсітетін, сөйтіп, жетілмеген өнер санатында санайтын, осыны
санаға тез ойландырмай сіңіру үшін өзгелер де,
өзіміз де өршелене айтатын қазақ әдебиетінен
талай ағым, бағыттың тарамданып шығатынын анық
көрсетеді. Бұл тек идеялық тұрғыдан ғана
емес, көркемдік ізденіс, эстетикалық таным-білік жағынан да
айрықша мән беруді тілейді. Олай болса, буырқанған дүниенің
әлем-тапырығын шығарған, адамзат тарихында
айрықша кезең есептелетін ХХ ғасырдың
қазақтың рухани мәдениетіне әкелген олжаларын
жаңаша пайымдайтын уақыт келді, туды.(1;77-79)
ХХ ғасыр қазақ даласына да
жаңа дәуірдің жаршысы болып келді. Абай дәстүрін
дамытып, жалғастырған ізбасар ақындар
Шәкәрәм, Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт,
Мағжандар тарих сахнасына шықты. Осы кездегі Ресейдегі саяси
әлеуметтік өзгерістердің қазақ жеріне
жаңғырып жетуі қоғамдық әлеуметтік
ойдың өрісін кеңейтті. 1905 жылғы алғашқы
орыс революциясының әсерінен қазақ даласына келген
ағартушы демократтар әсері болды. Жоғарыдағы
ақын-жазушылар бастаған қазақ ақын-жазушылары
ұлттық сана-сезімді оятар бағыт-бағдар іздеді. Оны
әрқайсысы өзінше тапты, өз пікірлестерін бір
бағытқа түзеді.
ХХ
ғасырдың басы – қазақ халқының тарихында
ұлы өзгерістермен үлкен асулар кезеңі, яғни,
айбынды да айлалы саяси күрес, ащы ыза мен кекке толы көтерілістер
дәуірі болды. Дәл осы тұста қазақ арасында
оқу-ағарту жұмыстары өркен жайып, қазақ
зиялылары алдыңғы қатарға шыға бастады.
Қазақ тілінде кітап бастыру, газет-журнал шығару жолға
қойылды. Халықтың сана-сезімі оянып, руханияттың басты
көзіне айналды.
Қазақ
жазба әдебиетінің өткен ғасыр басындағы
әдеби ағым-бағыттары турасындағы көзқарастарды
қарастырғанда, бүгінгімен салыстырғанда олардың
айтылған мерзімдеріне көңіл бөлу аса қажет.
Өзімізге белгілі, «кемелденген социализм» дәуірінде жазылған
әдеби зерттеулерде ғасыр басындағы шындықтар
бұрмаланып келді.
Біз осы
уақытқа дейін пайдаланып келген әдеби зерттеулерде ХХ
ғасыр басындағы қазақ ақын-жазушыларын
идеялық әдеби ағым-бағыттарына қарай мынадай
топтарға бөлді. 1) ағартушы ақын-жазушылар, 2)ағартушы
демократ ақын-жазушылар, 3) буржуазияшыл-ұлтшыл
ақын-жазушылар.
Тарихымыздың,
оның ішіндегі әдебиетіміздің ақтаңдақ
беттері аршылғалы ХХ ғасыр басындағы әдеби
ағым-бағыттар айқындалып, сол
ағым-бағыттардың көш басшысы болған ақын-жазушылардың
шығармашылықтары кең түрде зерттеліне бастады.
Абай негізін
қалаған жазба әдебиеттің ең бір шырқау
биікке көтерілген тұсы – ХХ ғасырдың бас кезі.
Бұл тұста қазақ әдебиетіне бірі кеш, бірі ерте
қос арнадан нәр алған, батыс пен шығысты тел емген,
Абай туын биікке көтерген Шәкәрім,
Мәшһүр-Жүсіп, Ахмет, Міржақып,
Сұлтанмахмұт, Мағжан сынды әдебиет алыптары келді.
Бірінің қанатын кеңге жайып, алыс-жақынды биіктен шала
бастаған, екіншілерінің әдебиет биігіне енді қанат
қаға бастаған тұсы – осы. Оларды біріктіретін де,
ерекшелендіретін де бір ғана ұлы күш – ұлтын ояту атты
ұлы арман. Осы асқаралы мақсатқа жету жолындағы
сан тарау соқпақты әрқайсысы өз ой-өрісі
межесінен таңдады, таңдағанын нақты сара жол деп
таныды.
Осынау сара
жолды таңдауда сан қилы кереғар пікірлер туындап,
арыстарымызды сан қиырға салған адасулар да болды. Ендеше
бұл кезеңнің әдебиеті – қоғамдық ой
санадан туындаған қарама-қайшылықты
көзқарастар жемісі.
Жалпы ХХ
ғасыр бас кезіндегі әдебиетке тән басты ерекшелік – ұлт
қамы қай бағыт ақын-жазушысының шығармашылығы болмасын
ортақ тақырып ретінде көрініс табуы. Олар өз
ұлтының өзге өркениетті елдердің қатарынан көрінуін аңсап,
ел тілегінен шығып, әдебиеттің ұлттық рухын
шырқау биікке көтерді. Қазақ халқының
алдында тұрған асқарлы мақсаттарды
әрқайсысы әл-қадырынша, ой-өрісінің жеткен
қырынан тани отырып, негізгі мәселе ретінде қоя білді. Осы
кезеңдегі әдебиетке тән тағы бір ерекшелік -
әлеуметтік-саяси мәселелерді көп көтергендігі.
Отаршылдық талқысы езіп-жаншып, жері талан-таражға
түскен, халқының тоз-тозы шыққан, бірліктен
кетіп, берекесінен айрылған елінің қара түнектегі
жағдайы қай бағыт ақын-жазушыларының
шығармашылығында болмасын ортақ тақырып ретінде
көрініс тапты. Мәселен діни-ағартушы Мәшһүр-Жүсіп
Көпеевтің
Байланып
қорыққандықтан жүрді тілім,
Қазағым,қайран
жұртым, халқым елім.
Мұжық
кеп,қара шекпен крестьян,
Жеріңді
қылмады ма тілім-тілім, - деп, қазақ жағдайына
жүрегі қарс айырылса, ағартушы-демократ С.Торайғыров:
Сұмдар
салған жүректе
Аз ба
біздің жарамыз?
Тепкісінде
басқаның,
Қор боп
жүдеп барамыз, -
деп, ұлтының қасіретті
ең негізгісін нақты атай отыра, елін серпілтер ой-идеяны
өзіндік өршіл үнмен көтереді. Бұл
құбылысты Абайша терең сезіне жырлаған
ұлт-азатшыл бағыттағы А. Байтұрсынов:
Қазағым,
елім,
Қайқайып
белің,
Сынуға
тұр таянып.
Талауда
малың,
Қамауда
жаның,
Аш
көзіңді, оянып, -
деп,
халықтың мүшкіл халіне себеп болған басты
жағдайлардың түп-тамырын көре біліп, ұлт санасын
«ояту» идеясын алға тартады. Міне, осы тұрғыдан алғанда
ХХ ғасыр басындағы әдебиеттің басты белгісі – ең
алдымен азаттыққа ұмтылу, соған «ояту» әдебиеті болғандығында
деп тануымыз керек. Бірақ «оятудың» жолын әрбір өнер
иесі өз көзқарасы арқылы айқындады.
Мәселен, бірі (ағартушы-демократтар) оны тек
ағартушылықта, әлеуметтік теңсіздікті жоюда,
соған қол жеткізуде деп білсе, үшіншілері
(діни-ағартушылар) адамгершілік тәрбиесінің негізі
діни-рухани бостандыққа насихаттауда деп ұқты.
Әдеби
ағымды әр қоғамдағы таптық жағдай
туғызады. Әрбір әдеби ағым әр дәуірдегі
идеологиялық күрестің әдебиеттегі көрінісі.
Әдебиеттегі
ағым-бағыт мәселесін анықтау белгілі бір кезең
әдебиетінің мәнін ашуда аса маңызды. Көркем
шығармаларда қолданылатын шығармашылық әдіс
тәсілдермен тығыз байланысып жатқан осы бір мәселеге
қатысты ХХ ғасырдың І жартысында қазақ
әдебиетінде қандай ағым бағыттар болғанына, оны
сол тұстағы және кейінгі әдеби ой-пікір қалай
танып білгеніне назар аудармасқа болмайды. Себебі ол белгілі
дәуірдегі ақын-жазушылардың ізденістерін, көркемдік
биіктерге жетуге деген ұмтылысын айқындайтын нақты құбылыс
болып табылады.
Әдебиет
энциклопедиясының сөздігінде бұл екі ұғымға
мынадай анықтама беріледі: «Направление и течение литературные понятия
обозначающие совокупность фундаментальных, духовно-содержательных и
эстетических принципов, характерных для творчество многих писателей, ряда
группировок и школ, а также обусловленные этими важнейшими принципами
совпадание и соответствия программно - творческих установок, тематика, жанров и
стиля» (4;232).
Академик
З.Қабдолов «Сөз өнері» монографиясында әдеби
ағымды әдеби стильмен салыстырып, түсінік береді:
«Байқап қарасақ, стиль – бір жазушыға тән
творчестволық ерекшелік болса, ағым – бірнеше жазушыға
тән творчестволық бірлік: стиль - әр жазушының дара
қасиеті болса, ағым - әр алуан жазушының ортақ
сипаты; стиль – жалқыға тән ұғым болса,
ағым – жалпыға тән таным; стиль әр жазушының
әдеби беті болса, ағым әр жазушының әдеби
бағыты» (5; 335)
Ағым
мен бағытқа қатысты әдебиеттанушы ғалым
К.Ахметовтың пікірі мынадай: «Әдеби бағыт пен ағым –
көптеген жазушылардың, топтар мен мектептердің шығармашылығына тән рухани
және эстетикалық ұстанымдардың, сондай-ақ, осы
ұстанымдардың өзара сәйкестігіне негізделген
бағдарламалық-шығармашылық мақсаттардың,
тақырыптардың жиынтығы» (6; 236).
Бұл
терминдерді түрліше түсіндіріп, түрлі мағынада
қолдану әлі де жиі кездесіп жүр. Кейде оларды
бір-бірінің орнына қолданса, кейде ағымды әдеби
мектеппен немесе топпен теңестіреді, бағытты көркемдік
әдіспен немесе стильмен бірдей түсіну де ұшырасады. Осы
тұста айта кеткен жөн, ағымдар мен бағыттардың
күресі мен алмасуы кезінде әдеби үрдістердің негізгі
заңдылықтары айрықша анық байқалады.
Қысқа
қайырар болсақ, бағыт көркемдік мазмұнның
рухани – эстетикалық терең мәнін белгілейді. Бұл
үлгідегі көркемдік мазмұн мәдени – көркемдік
дәстүр бірлігінен, қаламгерлердің дүниетаным
ұқсастығынан және олардың алуандығы
өмірлік проблемалардың ортақтығымен, түптеп
келгенде, дәстүр тудырып отырған әлеуметтік,
мәдени, тарихи жағдайлардың ұқсастығынан
шығады. Дегенмен бір бағыттағы әр
қаламгердің дүниетанымы, проблемаға
қарым-қатынасы, оларды шешу жолдары мен тәсілдеріне
қатысты түсінігі, идеялық және көркемдік
концепциялары әр түрлі болуы әбден мүмкін. Соған
орай бағыттың әдеби мектептер мен топтардан
айырмашылығы айқындалады.
Әдеби
мектептер мен топтардың мүшелерін идеялық-көркемдік
таным бірлігі яғни бағдарламалық-эстетикалық тұтастық
топтастырады. Ал бір бағытта бірнеше ағым, мектептің болуы
ұшыраса береді. Демек, ағымдар бағыттың алуан
түрлері болып табылады.
Әдебиеттер:
1.
Әдебиеттану сөз өнерінің сырлары. Алматы, «Мектеп»,
2003
2.
Әбдиманұлы Ө. ХХ ғасыр бас кезіндегі
қазақ әдебиеті. Алматы, «Қазақ университеті»,
2002.
3.
Қалижанұлы У. Қазақ әдебиетіндегі
діни-ағартушылық ағым. – Алматы, «Білім», 1998.
4.
Қабдолов З. Сөз өнері. Алматы, «Санат». 2002
5.
Тілешов Е. Суреткер және көркемдік әдіс. Алматы, 2005
6.
Волков А. Очерки русской литературы конца ХІХ и начала ХХ века. Москва,
1955.
7.
Әуезов М: Әдебиет тарихы. – Алматы: Ана тілі, 1994.