БАЛАЛАРДЫҢ СУРЕТ САЛУ МҮМКІНШІЛІГІН АРТТЫРУ ЖОЛДАРЫ

 

Педагогика ғылымдарының кандидаты Б.Б.Жолдасова

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ

Түркістан қаласы, Қазақстан Республикасы

 

Елбасымыз  Н.Ә. Назарбаевтың «Қазақстан халқының әл-ауқатын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты  мақсаты»  атты  Жолдауында  білім берудің  басты міндеті – 2010 жылға дейінгі  білім беруді дамыту  жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны орындай  отырып, осы саланың сапалы  қызмет көрсету  аясын кеңейту екендігін  айтты [1]. Бұл Жолдаудан  біз бейнелеу өнері  сабағын жаңа көзқараспен оқыту жүйесі қазіргі талапқа сай келмей отырғандықтан  білім беру  саласына  тағы да маңызды  талап қойылып отырғанын байқаймыз.

Бастауыш сыныптағы оқушылардың өнерді қабылдауы  тұрғысынан  білім деңгейлерінің  әр сатылы  болуына байланысты олардың  сурет салу мүмкіншіліктерін  анықтауда оқытудың жаңа әдіс-тәсілдерін  қолдану іс жүзіне асырылуы керек.

Бастауыш сыныптағы бейнелеу өнері сабақтары жас ұрпақтарды шығармашылық іс-әрекетке баулу және шығармашылық іс-әрекет барысын түсінуге бағытталады. Қазақстан Республикасының жалпыға міндетті білім стандарты негізінде жасалынған бастауыш сыныптағы бейнелеу өнері бағдарламасының мақсаты:

         1. Қоғамдық өмірге белсене араласуға қабілетті, білімді, тәрбиелі азаматтарды  дайындау;

2. Жасжеткіншектердің дүниетанымын қалыптастыра отырып, олардың көзқарасына дұрыс бағыт беріп, эстетикалық талғамын дамыту, эстетикалық тәрбие беру.

3. Бейнелеу заңдылықтарын меңгеру арқылы оқушыларғы  қоршаған ортаны тануға, логикалық ойлауға үйрету.

4. Балалардың бейнелеу өнері жайлы алғашқы дағдылары мен ептейліктерін меңгерту.

5. Оқушылардың шығармашылық іс-әрекетін дамыту, өмір шындығы мен кеңістікті ойлауын, образдық елестетуін және қиялын дамытуға  дұрыс бағдар беру.

6. Бастауыш сынып оқушыларын Қазақстан бейнелеу өнерінің шығармаларымен таныстыру арқылы қызығушылығын қалыптастыру.

Осы айтылған мақсат міндеттерді тереңірек таныстыратын болсақ олар мынандай бағыт-бағдарларды қамтиды [2]:

1. Бейнелеу өнерін бастауыш сыныпта оқыту ең бірінші жалпы білім берушілік мақсатын көздейді. Негізгі міндет адамның ой өрісін кеңейту, қоғамның жан-жақты білімді мүшесін тәрбиелеу болып табылады. Көпшілік қауым бастауыш мектептегі  бейнелеу өнерін жалпы білім беретін пән емес, ол арнаулы пән деп қарастырады. Бұл дұрыс емес. Жалпы білім беретін мектеп математиктерді, химиктерді, ақындарды композиторларды дайындамайтыны сияқты суретшілерді де дайындамайды. Мұндай мамандар арнаулы оқу орындарында дайындалады. Жалпы білім беретін мектептегі әрбір пән жеке-жеке және бірлесе отырып оқушылардың жан-жақты дамуына ықпал етуге тиіс. Бейнелеу өнері адамның дамуына өте көп мүмкіндік туғызады. Бұл істе әсіресе сурет салудың орны ерекше. Сурет салу заттардың формасын, дүниені тануға және оны ұқыпты бақылауға үйретеді, ойлауға  және эстетикалық мәдениетінің дамуына көмектеседі. Сурет өнері көру қабілетін, кеңістікті ойлауды дамытып, бейнені елестету қабілетін арттырады. Ол нақты есептеуге, табиғат әсемдігін тануға үйретеді, ойлау мен сезу икемділігін арттырады.

2. Бастауыш мектепте бейнелеу өнерін оқыту мақсаттарының бірі- көркемдік білім мен қатар  эстетикалық тәрбие беру. Эстетикалық тәрбие-өмірдегі, табиғаттағы, өнердегі, ғылымдағы және қоғамдағы әсемдікті оқушылардың қабылдауын тәрбиелеу. Эстетикалық тәрбие беруде адамның шығармашылық қызметіндегі рөлі өте ауқымды. Өмірге деген эстетикалық қатынас адамға жігер беретін алғашқы негіз болып, еңбектің рухани қанағатқа жеткізетін қуаныш көзіне айналуына ықпал етеді.

Балалардың әсемдікке деген талғамын ояту үшін бейнелеу өнері пәнінің мұғалімі балалардың назарын өмірдегі сұлулыққа аударып,  оларды байқауға, сезуге, қабылдауға,  сүйене білуге, қуана білуге үйретуі тиіс.

З. Сурет салумен айналысудың ең басты міндеті - балаларға қоршаған өмір шындығын тануға көмектесу, олардың байқағыштығын дамыту, оларды дұрыс көре білуге үйрету. Сурет сабағында балалар қоршаған заттарды, олардың алуан түрлі формаларымен, түстерімен, өлшемдерімен және басқа да ерекшеліктерімен танысуға тиіс. Бұл таныстық зат туралы елестетулерінің нақты және толық болуына ықпал етіп, көру әсерін кеңейте түседі. Бейнелеу үдерісі оқушыға бұрын бірақ рет шала көрген затты терең зерттеуге мүмкіндік туғызады. Сурет  салу кезінде оқушы заттың формасын, құрылымын, пропорцияларын, түстер мен реңдік қатынастарын кеңістікте орналасуын зерттейді, сол арқылы оларды ұтымды да жан-жақты, терең де нақты қабылдауға үйренеді.

4. Мектептегі бейнелеу өнерін оқытудың бір мақсаты - сурет сала білу адамға кең көлемдегі іс-әрекет мүмкіндігін беретіндігін оқушыға ұғындыру. Мұғалімнің сурет сабағында оқушыларға    сурет    өнерінің    адам    өміріндегі    рөлі    ашып  көрсетілуі тиіс. Сурет салудың қарапайым бағдарын меңгеру адамға машина детальдарының суретін салуға, үй құрылысының жоспарын жасауға, қарапайым заттардың формасын салуға жәрдемдеседі. Кейде біз біреуге таныс емес, бір жерге қалай бару керектігін түсіндіру үшін жолдың бағыттарын суретке салып көрсетеміз.

5. Бейнелеу өнерін бастауыш мектепте оқытудағы басты тағы бір міндеті - оқушыларға реалистік суреттің қарапайым негіздерін, сурет салудың ептейліктері мен дағдыларын меңгеру болып табылады. Мұғалім балаға қарандашты қолға қалай ұстау керек екендігін, сызықты қалай жүргізу қажеттігін, қағаз бетіне заттардың көлемін қалай бейнелеу керектігін көрнекті түрде салып көрсетеді. Сонымен қатар ол сурет салуға қажетті әр түрлі материалдармен, құралдармен таныстырып, суретті қандай әдістемелік бірізділікпен орындау қажеттігі жайлы айтып түсіндіреді.

Бастауыш мектепте баланы сурет салудың техникалық тәсілдерін меңгертудің қажеттігі аз деп ойлау дұрыс   емес.   Шын  мәнінде   бала  мектепте  осы  тәсілдермен танысуы тиіс. Оқушы суреттегі тональдық қатынастар туралы түсінік алып, қылқаламмен қажетті бояу түсін алу үшін бояуларды араластыруға үйренуі тиіс. Мұндай техникалық дағдылар адамға еңбекте қажет іс-әрекеттер. Түсті көре білу және оны бояумен қағаз бетінде бере білу, жазықтың бетін тегіс етіп бояу халық шаруашылығының барлық саласында қолданылады.

6. Бастауыш мектептегі бейнелеу өнері сабақтарының міндеттерінің бірі – балаларға   жүмысты   ұйымдастыру,   жұмыс   жүргізу   тәртібін ойластыру, ойлау, саналы да жоспарлы жұмыс істеуге үйрету болып табылады. Сурет салу мақсатқа бағытталған жұмыс. Сурет сала отырып оқушы белгілі бір мақсатқа жетуге ұмтылады. Бірақ оның алдында көптеген кедергілер кездеседі. Олар кейде «Менің қолымнан келмейді» деп ойлайды. Бірақ ол бар қабілет мүмкіндіктерін жұмылдыру нәтижесінде белгілі үлгерімге жететіндігін түсіне бермейді.

Оқушының жұмыс үдерісіне ұмтылысын дамыта отырып бастауыш мектеп қабырғасында біз балаларды ертеңгі өмірге қажетті сапаларды тәрбиелеу іс-шараларын жүзеге асыруымыз қажет. Бастауыш мектептегі бейнелеу өнері зат формасы туралы анық та, нақты түсініктерінің жинақталуына жәрдемдесе отырып, айқын да нақты ойлауға ықпал етеді, сонымен қатар шығармашылық пен жаңадан ойлап табу қабілетін дамытуға көмектеседі.

7. Оқушыларды өнердің даңқты шығармаларымен таныстыру бейнелеу өнерін бастауыш сыныпта оқытудың маңызды міндеттерінің бірі болып саналады.  Мұғалім өнер туралы әңгіме кезінде графика, кескіндеме, мүсін, сәулет, сәндік-қолданбалы өнердің түрлері туралы әңгіме қозғайды. Өнер туралы әңгіме оқушыларды адамзат мәдениетінің даму тарихымен, өнер шығармалармен, ұлы суретшілердің өмірі мен шығармашылығымен, өнердің дамуындағы белгілі кезеңнің стилімен, бұрынғы және қазіргі өнер адамдарымен таныстырады.

Оқушылардың  табиғи мүмкіншіліктерін, дербестік  ерекшеліктері мен психологиялық даму қабілеттерін, жас ерекшеліктеріне байланысты  білім деңгейін жоғарылату, шығармашылыққа деген талпынысын арттыру арқылы қабілеттігін қалыптастыра беру барысында мемлекеттік білім стандартына  тың әдістемелік өзгерістер, жаңа тақырыптар, қызықты құрастырулар енгізіп, қабілетті, дарынды, талпынысы бар оқушыларға жеке үйірме  сабақтарын ашуды, үйірме  бойынша жеке оқу бағдарламаларын  дайындауды, сол арқылы сапалы оқыту әдістемесін жасауды жүзеге асыру  қажет.  Осы  міндеттерді мектеп мұғалімі орындайтын болғандықтан бұл мақсатқа жету үшін пән мұғалімі өз пәніне аса жауаптылықпен қарауы керек. Жауаптылықпен қарау дегеніміз -  мұғалімнің бейнелеу өнері пәнін оқыту барысында жаңа әдіс-тәсілді қолдана білуі, оқу-әдістемелік әдебиеттерді пайдалануы мен үнемі сурет салуға  дағдылану арқылы бейнелеу тілін жан-жақты  меңгеруі. Әсіресе бейнелеу өнері пәнін   оқытатын мұғалімнің психология, педагогика  ғылымдарынан теориялық білімі терең,  шығармашылық деңгейі жоғары  болуы тиіс. Сонда ғана оқушылар  сурет салуды  үйреніп қана қоймай, жалпы адамзаттық құндылықтарды  меңгереді,  әсемдікті  түсіну  арқылы  мәдени мүмкіндіктерін арттыра алады [3]. 

Бастауыш сыныптағы бейнелеу өнері сабағында мұғалім оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатын қою арқылы, ол балалармен дұрыс жұмыс әдісін тандап алуы тиіс. Көптеген мүғалімдер өздерін қинамай -ақ өз оқушыларының шығармашылық қабілеттерін бетімен жібереді, сонан келіп әрбір оқушы өзінің шығармашылық қабілеттерін дамыту мақсатындағы тапсырманы өз бетінше орындауға талпынады. Сондықтан   бастауыш  мектепте    оқушының    шығармашылық жұмыстарын басшылық жасауға болатын, бағыттауға болатын іс-әрекет деп тану қажет.

Оқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту барысында мүғалім балалардың қиялын дамытуға көңіл бөлуі тиіс. Адам қиялы адамның көңіл күйімен байланысты, сонымен қатар өнердің өзі көңіл күйге әсер етеді. Сондықтан бейнелеу өнері мұғалімі оқушылардың елестетулерін жинақтау процесін реалдық өмір шындығынан бастап, қиялмен шығармашылықпен өмірмен байланысты жаңа елестетулерге дейін бағыттауға болады.

Оқушылар оқуға алғашқы қадам басқан күнінен бастап табиғат пен тірі жан-жануарларды адамдардың, жануарлардың, құстардың бейнесін жүйелі түрде сала бастайды. Бастауыш сыныптарға арналған оқу бағдарламасында да ең алдымен долбар жасау, ұзақ уақытты сурет салудан аз уақытты сурет салу  мәселелері қарастырылады. Алдымен құрылымын көрсететін сызбаны пайдалану оқушылардың саналы ойлау қабілетіне ықпалын тигізіп, сурет салудағы қиыншылықтарын жеңілдетеді [4]. 

Биылғы жылдың қаңтар-ақпан айында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің бейнелеу өнері және сызу мамандығы бойынша 3-курс студенттері Түркістан қаласының №23 қазақ орта мектебінде үздіксіз  педагогикалық  практикадан өтті. Екі апталық үздіксіз  педагогикалық практикаға жетекшілік ету   кезінде  болашақ мамандардың бейнелеу өнері сабағын  жүргізу жолдарын   бақыладым. Балалардың  сурет салуға  деген талпынысын  және олардың психологиясын  қаншалықты деңгейде түсінетіндігін анықтау мақсатында студенттердің бейнелеу өнері сабағын жүргізуге және сабақ тақырыптарын өздері таңдауына  рұқсат бердім. Маметалиев Шахбоз 2-сыныпқа еркін  тақырыпты орындағанда балалардың жеке-дара шығармашылық, сурет салу  қабілеттері мен деңгейі қандай екенін білу үшін еркін тақырыпта  тапсырма  берді.

Сабақ басталысымен студент балалардың  сурет салу мүмкіншілігін  анықтау мақсатында  алдымен  балалармен танысты, оларға  өздері ойланып,  қалаған  тақырыптарына қарай қандай  сурет  салғысы  келетінін  анықтап,  сол суретті  салуға  рұқсат етті.  Бұл әдіс  балалардың еркін түрде  өз қалаған тақырыптарын бейнелеу  мүмкіншіліктерін анықтау болатын. Тапсырма орындаған  оқушылардың  жұмыстарын талдау кезінде оқушы Н.Сәлімов салған суретінде өзінің туған жерін бейнелеген суреті өте әсерлі шыққан.  Туған жерінің  әсем табиғатын  анық және  шынайы бейнелеуі еліне, жеріне  деген  баланың  сүйіспеншілігін  аңғартқандай.

 Айнұр мультфильмдегі саяхатшы Дараның достарына көмектескені жайлы бейнелейді. Суреттегі көріністер жас балғынның көзқарасымен дұрыс салынған, түсті де орынды қолдана білген. Бұл қасиеті оның  мультфильм кейіпкерлерін  елестетіп  салуда  қабілетінің  жоғары екендін аңғартады.  Айдана қаладағы жаңадан салынған ғимараттың бірі этно-музейге барғанын  бейнелеген. Бояу түсін дұрыс қолдана білген,  бірақ зәулім ғимараттың  жан-жағын ешқандай  көрініспен  байланыстырмағаны, бос қалған кеңістік  оның   жұмысының аяқталмағандығын көрсететіндей әсер қалдырады.

Балалардың суреттерін қарап отырып, олардың сурет салу деңгейі  мен ойлау  қабілеттері  әр түрлі болатынына  көзіміз толық  жетті. Осындай әдісті қолдану арқылы жас жеткіншектердің салған суреттерінен  туған  еліміздің болашағы, табиғаты мен тыныс-тіршілігі  туралы  толық  мағлұмат алуға болады. Бұдан біздің аңғарғанымыз балалардың  қиял деңгейлері мен  болашаққа  деген  ойларының  жоғары екендігі. Таң қалатын  бір жай - бастауыш  сынып оқушыларының  сурет салудың жолдарын  және талаптарын мойындамайтындығына қарамай, суреттері арқылы адамға ой салатын  деңгейде үлкендерге әсер  қалдыра алуы. Олардың сурет салу техникасын үлкендердің  жұмыстарымен  салыстырмай сол күйінде қабылдауымыз керек. Сонда ғана олардың табиғи қабілетінің  жақсы дамуына көмектесеміз.

Бастауыш сынып мұғалімі балалардың сурет салу деңгейін  қадағалап, композиция құрастыруда ақыл беріп отыруы, тақырып аясында балалардың  алдына мақсат қоя білуіне көмектесуі, оқушылардың еңбектерін дұрыс бағалап, суретін  дұрыс аяқтауды үйретуі  ерекше маңызға ие

Қорыта айтқанда,  бастауыш сыныпта бейнелеу өнері сабақтарының нәтижелі болуында мұғалімнің сабақты дұрыс жоспарлауы, сабаққа алдын ала дайындығы, сабақтың әрбір кезеңін дұрыс ұйымдастыруы маңызды орын алады. Сонымен қатар, мұғалімнің оқытудың дидактикалық ұстанымдарын қолданумен тығыз байланысты. Бейнелеу өнері пәні мұғалімі өзінің  теориялық  білімін практикамен  байланыстырып, іс жүзінде  дұрыс қолдана  білсе, білім беру сапасы жоғары  болмақ.

 

 

Әдебиеттер тізімі

1 Назарбаев Н.Ә. «Қазақстан халқының  әл-ауқатын арттыру  мемлекеттік саясаттың  басты мақсаты» Халыққа Жолдауы. // Дала мен Қала №5. 8- ақпан, жұма. 2008.

2 Ералин Қ. Займоглу Ө. Бастауыш сыныпта бейнелеу өнерін оқыту әдістемесі. Оқу құралы. Түркістан. Тұран.  2009.-194 бет

3 Аманжолов С.А. Балалардың сурет салу мүмкіншілігін анықтауда суретші-ұстаздың білімділігі. «Білім саласындағы жаңа ақпараттық технологиялар» Х ғылыми-әдістемелік конференция материалдары. 2009 жыл, 13 ақпан. Астана: Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ, 2009. - 376 б.

4 Айдарова З., Дирксен Л. Бейнелеу өнері. Оқу құралы. –Астана: Фолиант, 2010. -216 бет.