Насиева Назым Қажымұратқызы, филол.ғ.к.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақстан

 

Тарихи трагедиядағы кейіпкер мінезі.

Әдебиет әлемінде жарқырай көрінген Мұхтар Әуезов шығармашылығының алғашқы жылдарында-ақ «Еңлік-Кебек», «Қарагөз», «Жетім», «Қилы заман», «Қорғансыздың күні», «Қараш-қараш оқиғасы», «Хан Кене» сынды шабытпен жазылған туындыларды әкелді.

         Қаламгердің 20-30 жылдардағы шығармаларын сол тұстағы оның қоғамдық, қайраткерлік қызметінен бөлек алып қарастыруға болмайды. Кез келген қаламгер шығармашылық жолының алғашқы қадамын баспасөзден бастайтыны анық. М.Әуезов те жазушылық жолын публицистикадан, газетке мақала жазудан бастаған болатын. Ең алғашқы мақалаларының өзінен-ақ Мұхтардың өз өмірінің болашағын халықпен тығыз байланыста қарағанын көруімізге болады. Оның бойында ұлт-азаттық сарындар да осы кезеңде қалыптаса бастады.

         Алғашқы көркем туындыларында елдің тұрмыс-тіршілігі, әлеуметтік жағдайлары суреттелінсе, 20-жылдың ортасына қарай қазақ даласындағы өтіп жатқан түрлі өзгерістерге орай ұлт тағдырына деген алаңдаушылығы шығармаларында жиі көрініп тұрды. Оның қаламынан туған «Хан Кене», «Қилы заман», «Түнгі сарын» шығармалары қатерге толы сол кезеңде тарихи оқиғаларды еш бүркемесіз, батыл көрсете алған бірден-бір шығарма болды.

         Елін, халқын ойлаған М.Әуезов қылышынан қаны таман сол бір сұрапыл заманда алдында не күтіп тұрғанын білсе де, шындықты бұрмаламай жазды. Хан, сұлтан, би турасында жазғандарды қатал сынға алып, қуғынға ұшыратып жатқан кезде Мұхтардың қазақтың соңғы ханы Кенесары жайлы шығарма жазуы үлкен ерлікпен пара-пар еді. «Хан Кене», «Қилы заман» шығармаларының өмірге келуі жазушыға атақ-даңқпен қатар қуғын-сүргін әкелді.

          «Әлемге танылған «Абай жолы» эпопеясына дейінгі отыз жасар Мұхтар қаламынан туған Алаш ұранды әдебиеттің азаттық идеясын көтерген туындылар болатын» - деп, ғалым Р.Нұрғали өз бағасын берген болатын.

  М.Әуезовтің драмалық шығармаларын зерделей қарағанда оларда автордың қаһармандық мінезге ерекше назар аударғанын аңғару қиын емес.

Пьесада кейіпкерлердің көпшілігі өмірде болған, тарихи оқиғаға қатысқан белгілі адамдар. Сондықтан шығарма оқиғаларының деректік дәлдігі күшейген.

Көркем образ ешуақытта өмірдегі бар прототиптің көшірмесі бола бермейтіні айтылып жүр. Осы орайда тарихи адамдардың бейнесін суреттегенде жазушының өзіндік фантазиясын дамытуға мүмкіндік алатыны да белгілі. Автордың тарихи адам туралы жинаған документтері өзінен-өзі ол адамның көркем характерін айқындайтын негіз бола бермейтінін есте ұстаған орынды.

Мұхтар Әуезов кейіпкерлер образын жасауда деректік ақпарларға, сонымен қатар оларды дамытатын өзіндік фантазиясына сүйенген, сондықтан Кенесары және басқа да пьеса кейіпкерлері көркемдік тұрғыдан жаңа сападағы образ дәрежесіне көтерілгенін атап өту қажет. Пьесадағы қарама-қарсы қойылған характерлердің іс әрекетінен тартыстың мәні, маңызы байқалады. Адамдар арасындағы түрлі қайшылықтар тартысты тудырады. Ол драманың өзегі болып табылады.

Сахновский-Панкеевтің айтуы бойынша: «Драмадағы әлеуметтік конфликт таптық антогонизмді көрсетумен шектеле алмайды, драма арқауы – болмыстағы бүкіл қайшылық атауы».

М.Әуезов пьесасындағы кейіпкерлер әртүрлі әлеуметтік күштерді танытады, яғни хан Кене және оны жақтаушылар; ханға қарсы күштер; халық. Әр кейіпкердің өзіне шақ тілі, өз орны бар және әрқайсысы өз мінезіне сай әрекетке араласады.

Трагедияда Кенесары сұсты, алған бетінен қайтпайтын, ойлаған ісін жүзеге асыратын, ызалы, ызбарлы жолбарыс кейпінде көрінеді. Пьесаның алғашқы шымылдығы Қасым Абылайұлына беріліп жатқан ас үстінде көпшіліктің Кенені ақ киізге орап, хан көтеруімен ашылады. Қазақ халқының салт-дәстүрі, ата ғұрпы сондай бір шеберлікпен көрсетіледі.

Хан Кене тарихта шын мәнінде туған елінің тәуелсіздігін көксеп, соған ұмтылған ер тұлға екені баршамызға белгілі. Қазақ даласын отаршылдықтан сақтап қалуға ұмтылғандығын тарихи еңбектерден білеміз. І Николай патшаға жазған хаты да Кенесарының кім екенін дәлелдей түседі. «Барлық қырғыз халқына қысымды тоқтату үшін және тыныш өмірдің рақатын көруді қамтамасыз ету үшін Сізден, ұлы патша, біздің өмірімізге қол сұқпауыңызды, сегіз диуанды және басқа да даламыздағы қоныстарды жоюды Сізден өтінуді бақытым деп санаймын. Құрметпен мөрін басқан Кенесары Қасымов». -деп жазылған бұл жолдар оның өр тұлғасын, қайсар мінезін, жуынгер келбетін бүгінгі біздің ұрпаққа танытатын жанды дерек.  М.Әуезов Кенесары бейнесін сомдарда хан мінезінің осы қырларына нақты тоқтала кеткен. Пьесада 10 жылға созылған көтеріліс оқиғалары толық қамтылмайды, себебі драманың жанрлық шарттары оны көтермейді де. Жазушы Кенесары басындағы маңызды, тартысқа толы кезеңдерді дөп басып таңдай білген. Ол – Кененің хан сайлануы, халық күйзелісі, азаттық аңсауы, көтеріліс, жорықтар, елшілерлің хабары, бас кейіпкер өмірінің трагедиялық сәті.

Пьесадағы Кенесары – халық қамын ойлаған азамат, тұтастыққа, бірлікке шақырған күрескер, айтқанынан қайтпайтын өр мінезі тағы бар. Ол негізінен барлық көріністерге қатысады, кейіпкерлердің барлығы дерлік Кенесарының жанында топтасқан, яғни пьесаның композициялық-сюжеттік құрылымында басты орынды алады. Кенесарының қаһармандығы оның жеке басының қасиеттеріне ғана емес, ел, жер, халық қамын ойлап, алдағы күннен зор үміт күтуінде.

Драматургтің «Хан Кене» пьесасы – көркемдігі, шыншылдығы жағынан таңдаулы шығармаларының бірі. Жанрлық сипаты жағынан трагедияға жататын бұл шығарманың өн бойы әлеуметтік – тарихи, қоғамдық – саяси шайқастарға толы.

«Трагедияның тағы бір маңызды сипаты басты кейіпкер үлкен қателік жіберіп, зор адасуға ұшырайды. Бұл - әлеуметтік жағдайлар мен қоғамдық қарым-қатынастар тудыратын, кейіпкердің өз еркінен тыс, оның идеал мұраттарын күйретіп,  мақсатына жеткізбей мерт қылатын зауал іспетті, тағдыр, жазмыш бұйрығы тақылеттес ерекше ситуациялардан шығады».

Кенесарының тәуелсіз қазақ хандығын орнатамын деп күресуі, бірақ сол биік мақсатты жүзеге асыруға саяси-әлеуметтік жағдайлардың сәйкес келмеуі трагедиялық халдер туғызатын негіз болып табылады. М.Әуезов Кенесары қозғалысының қырғыз жерінде өткен ақырғы кезеңін, бұл тұстағы қасіретті шындықтарды көркемдік жинақтау заңдылығына орай көрсете алған.

Пьесадағы кейіпкерлер тағдыр-таланы, өмірлік тәжірибелері әр түрлі адамдар. Бауырлары Ержан, Наурызбай, Бопай бар қиындықты бірге көтеріп, бірге бөліссе, Ағыбай, Бұқарбай, Жоламан; Бұғыбайдай батырлар оның қолдап, қорғаушысы, айнымас, азбас сенімді серіктері саналады, намысына-намыс қосқан, күш-қуатын, сенімін арттырып, жігерін жаныған да осылар болды. Жантөре, Шотай, Балғожалар – Кенеге қас би-төрелер. Өзінің зұлымдықтарымен ел ішіне іріткі салмақ, Кенесарының хан сайланғанын көре алмай, пасық ой, қара ниетке берілген жандар. Бұлардың ішіндегі кеуделісі Жантөре қазақ халқының бірлігіне, елдігіне сенбейді. Өзінен асқан ешкім жоқтығына күмәнданбайды, сондықтан патшадан шен алып, әскер жиып келіп, билікті өз қолына алмақшы. Драматург тек Кененің жеке басын ғана емес, бүкіл халықты менсінбей, мұрнын шүйіріп отырған төрелердің бейнесін сәтті шығарған.

Пьесада өзіндік бар болмыс бітімімен оқшауланып көрінген кейіпкер – Науан батыр. Кененің кіші шешесінен туған інісі Наурызбайдың бойынан төре тұқымына тән астамдық, батырлық пен қайрат, қызу қандылық байқалады. Халық ақындарының  дастандарында жырланғандай Наурызбайдың ерен қимылы пьесада ұзақ суреттелмейді, дәріптеп айтылмайды. Оның қимыл-қозғалысы, іс әрекеті сахна шартына орай суреттеліп отырады. «... Бұл сөзі, ісі, әрекеті, сезім түйсігі, ой байламы бір-ақ арманға, бір-ақ жолға – қазақ елінің еркіндігі үшін күреске арналған хас батыр».- деп сипаттама береді академик Р.Нұрғали. Кей тұстарда Наурызбай әпербақан, ұр да жықтың адамы боп көрінеді, ал шын мәнінде ол қулық, сұмдыққа бармайтын, тік мінездің адамы. Билік орнықтырудың бірден-бір құралы – күш көрсету, тізе бүктіру деп біледі. Ақылға салмай көп жағдайда қарапайым халықты қырып, Кенесарыға қарсы қойған тұстары да аз болмаған. Қызу қанды Наурызбай көп жағдайда тереңнен ойламай, сабырлылыққа бармай жатады. Осының салдарынан бас қолбасы Бұғыбай екеуінің арасында бітіспес жаулық орнайды. Автор кейіпкер мінезіндегі осы тұстарды дөп бере білген.

Автор пьесаның өн бойында кейіпкерлерінің барлығына өз бойына ықшам әрекет жасатады, өз характеріне сай сөз береді. Кей кейіпкерлер бір көріністе көрініп, кейіннен сахнаға шықпағандарымен олардың бейнесі, мінездері анық суретеледі. Пьеса прологында шартты түрде алынған бірінші, екінші, үшінші жігіт, бірінші, екінші, үшінші шал, жалпы көпшілік – халық психологиясын, оның толқуын, тілектестігін танытады. Ұлы шығарма «Қенесары-Наурызбай»  дастанын тудырған Нысанбай жырау пьесада қаһарман ретінде берілген. Шығармада әйел кейіпкер екеу-ақ: бірі – Кененің немере ағасы Ержанның қызы Қарашаш, екіншісі – Кененің апасы Бопай. Қарашаш шариғат жолын бұзып Наурызбаймен көңіл қосады, бірақ пьесада екі жастың арасындағы ыстық сезім анық көрінбейді. Қарашаштың да мінез қырлары анық байқалмайды.

Тарихи деректерден, ауызша әңгімелерден, жыр-дастандардан халық арасына есімі ерекше жайылған тұлғаның бірі – Бопай. Еркектерден асқан батырлығымен, кей тұста айрықша қаталдығымен аты шыққан. Пьесада қаралы желегін шешуге хақысы бар Бопай төремен емес, қарамен көңіл қосады. Оны естіп, көрген інісі Науан мен екеуінің арасында бітіспес тартыс басталады. Қарадан шыққан Бұғыбай батырмен уақыты жеткенде қосақ болатынын ашық айтқан Бопай өзі тұтанғалы тұрған оттың үстіне май құйғандай болады. Пьесада Бопай ер мінезді, намысшыл болып суреттелген. Хан Кене тобы қамауда қалып, әскер ыдырап, опасыздық көбейіп, сарбаздар қаша бастаған тұста, Бұғыбай Бопайды өзімен бірге алып кетпек болады. Ағасы Кененің жан жолдасы, үзеңгілес серігі деп есептеп, өзіне адал жар болатын жігіт деп санап жүрген Бұғыбайдан бұндай қылықты күтпеген Бопай оқыс қимылға барады. Ашу мен ызадан жарылардай болып, әрі ұят пен намыстан өртеніп кетуге шақ тұрған Бопай ұзап бара жатқан Бұғыбайды өз қолымен атып тастайды.

Пьесада бір-бір көріністе ғана көрінсе де  қырғыз батырлары Жаманқара мен Кәрібоз характерлері сомдалып, жақсы шыққан. Қарсы топ өкілдерінің әрекеттерінің мәні мен мазмұнын тереңірек ашуды мақсат тұтқан М.Әуезов елшілердің бойына сай сөз айтқызады. Ешнәрседен қаймықпай, шындықты беттеріне басып, мойнына салық қыла сөйлеген елшілердің өліспей беріспейтіні аян болады. Драматург бұл көріністі сондай бір реалистік шынайылықпен суреттеген, не қырғыз, не қазақ жаман демейді, тарихи қанды оқиғаны дәл, нақты көрсетеді.

Шығармадағы барлық кейіпкерлердің іс-әрекеті,  мінез-құлқы Кенесарының маңайына топталған. Кенесарының мінез қырлары түрлі жағдайда әр қырынан ашылып отырады. Ол бірде алды-артын ойлайтын дана, елдің қамын жеген батыр, жеңіс жолында ештеңеге қарамайтын қатыгез, төре мен қараны бөлмей жол-жораға, дәстүрге келгенде тек шындыққа ғана сүйенетін әділ адам ретінде көрінеді. Елі, жері үшін аянбай шайқасқан, халқының қамын ойлаған батыр тұлға. Ол өз басының мүддесі мен тілегінен гөрі халқының тілегін жоғары қояды. Драматург қаһармандық мінезге тән дәстүрлі қасиеттерге сүйене отырып, хан Кененің  образын сомдаған.

 Кенесары ханды халыққа таныту үшін М.Әуезов тарихи материалдарға сүйене отырып көркем образ сомдаған. Хан Кене шын мәнінде туған елінің тәуелсіздігін көксеген айбынды батыр, білікті қолбасшы. Бұған көптеген тарихи мағлұматтар айғақ.

Көркемөнер шығармасы өмірдің жалпыға бірдей қызғылықты жағдайын суреттегенде ғана мағыналы болатындығын Чернышевский баса айтқан болатын [28]. Пьесадағы оқиға шындық өмірден алынып, негізінен жалпы жұрқа бірдей қызғылықты мәні болса ғана,  оқушы мен көрушінің қызығушылығын оятады. Өмірдегі кез келген құбылыс драматугиялық шығармаға объекті бола алмақ емес. Пьесаға арқау болу үшін шындық өмір құбылысының өзінде драматизм болу керек. Дидроның «Драмада адам өміріндегі ең маңызды, өнегелі, дүйім жұртқа қызықты жағдай ғана бейнелеуі керек»,- деген сөзі орынды айтылған. Адам өміріндегі оқиға шығармада сол күйінде көрінуге тиісті емес, күрес үстінде ірі іс- әрекеттерді бейнелеуі керек. Себебі, көркемөнердің алдына қоятын мақсаты - өмірді көрсетіп қою ғана емес, Чернышевскийдің сөзімен айтқанда, «өмірді ұғындыруға да, өмір құбылыстарына үкім шығаруға да тиісті».