Насиева Назым Қажымұратқызы, филол. ғ.к.

С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, Қазақстан

«Шоқан Уәлиханов» пьесасы жайлы.

 

         Сәбит Шоқан мұраларын алғашқы іздеп – зерттеуші десек артық айтпаймыз. Шоқан Уәлиханов тағдыры Сәбит Мұқановты тым ертеде-ақ қызықтырған. Ең алғаш Шоқан есімін бала күнінде естиді. Кейін «Өмір мектебінің» 1-кітабында «Хан ордасынан» Шоқан суреті мен қолжазбасын көргендігін жазған. Бала қиялында Шоқан тұлғасы әбден орнығады. Кейін Ленинградта оқып жүрген кезінде СССР Ғылым академиясы архивінен Ш.Уәлихановтың қолжазбалары мен өміріне байланысты деректер сақталған  «23-фондыны» тауып алады. Осы кезеңнен бастап Сәбит қиялындағы Шоқан бейнесі жанды образға айналып сала береді. Жазушы Ленинградтан келгеннен соң да Шоқан жайлы ізденулерін тоқтатпайды. Ұзақ жылдар бойы зерттей, үңіле қараған Сәбит ең алдымен  тақырыптың  психологиясын барлай пьеса жазудан бастады. Сол қажырлы еңбегінің арқасында ол ең алдымен пьеса, кейін роман-дилогия тудырды.

        Сәбитті Шоқан бейнесі  көркем образ ретінде қатты қызықтырған, сол себепті ол ұзақ та күрделі ізденудің барысында Шоқан өмірінің бір кезеңінен сыр шертетін алғашқы шығармасын жазған. «Ариаднаның арқауы» деп аталған бұл  пьеса 1941 жылы жазылып аяқталады. 1945 жылы «Искусство» баспасынан көрнекті жазушы, әдебиетші Шкловскийдің аударумен «Нить Ариадны» [1] деген атаумен орыс тілінде басылып шығады. Шығарманың атауы фольклорлық сипатта алынған. Көне грек мифологиясында  «Ариаднаның жібі» жайында аңыз бар. Драматург өз туындысына осы атауды беруі кездейсоқ емес. Ол өзінің бас қаһарманы Шоқанды қоғамдағы шытырманнан алып шығуды басты мақсат етіп ұстанған.

        Бірақ бұл пьесасына көңілі толмаған драматург Шоқанның азаматтығын, ғылыми енбегін толық ашу мақсатымен пьесаны қайта қарайды, сөйтіп «Шоқан Уәлиханов» драмасы дүниеге келеді. Пьеса қазақ академиялық драма театры сахнасында 1956 жылы 12 майда қойылды. Шығарма орыс тілінде 1944 жылы, қазақ тілінде 1954, 1955 жылдары  жарияланады. ҚР Мемлекеттік Орталық мұрағатының архивінде «Нить Ариадны» пьесасының бір нұсқасы, «ШоқанУәлиханов» пьесасының қазақ тілінде 1943-1944 жылдары жазылған 4 нұсқасы, 1954-1958 жылдары жазылған бір нұсқасы сақталған [2].

Пьеса нұсқаларын жарық көркен жылдар бойынша ретімен саралай отырып, мынадай қорытынды жасауға болады. Ең алғаш Шоқанды бас қаһарман етіп алған «Нить Ариадны» пьесасынан кейін көп ұзамай, ұзақ ізденудің, ойланып-толғанудың нәтижесінде «Шоқан Уәлиханов» (“Ариаднаның арқауы”) деп аталған пьесаның жаңа нұсқалары дүниеге келеді. Бұл жылдары жазылған пьесаның 4 нұсқасы сақталғаны жөнінде жоғарыда айтып өттік. Енді тікелей осы нұсқаларға тоқталайық.

Біреуінде: «Шоқан Уәлиханов» пьесасы. Алматы. 17.10.1943 жыл. 2 сағат 40 минут. 4 актылы, 9 картиналы трагедия. 1-набросок (шығарманың ұрығы) деген жазулар бар. Қатысушылардың жалпы саны-32.

2-нұсқаның жазылған жылы, аяқталған уақыты көрсетілмеген. Кейіпкерлер санында өзгешелік бар, сонымен қатар персонаждарды нақтылау байқалады: Киндерман – Гасфорт болып, Дюгамельдің аты- жөні Яков Гансович болып өзгертілген. Жаңа кейіпкер - Шыңғыстың сұлтан кезіндегі писары Карас Карасович Тарапанов тыңнан қосылған. Киндерманның жұбайы – Любовь Леопольтевна, Дюгамельдің жұбайы – Светлана Андреевна оқиғаларға араласпайды.

3-нұсқа араб әрпімен  жазылған. Шығарманың өсе бастауы деген белгі бар. Кейіпкерлер саны - 27. Алғашқы нұсқадағы Майдельдің аты- жөні Николай Леонович болып өзгертілген.

4-нұсқа шығарманың ересекке айналуы. 5 актылы, 7 картиналы тарихи драма. Қатысушылар саны - 24. Алдыңғы нұсқалардағы Айтуған – Айша, Күлбай – Құлтай болып  өзгертілген. Тыңнан татар кемпірі -  Әби қосылған. Нұсқаның соңына «24. 02. 1944. 11 сағ.50 мин. «Гранд - Отел» номер 110. Москва», - деп қол қойылған.

Әр нұсқаның басына шығарманың дамып, өсіп жетілуі жайында белгі соғып отыруы жазушының туындыларына мұқият қарағандығын көрсетеді. Әрбір нұсқасына тың өзгерістер енгізе отырып, Сәбит шығарманың толыққанды болып шығуына көп күш – жігерін салған. Жазушының шығармашылық лабораториясына үңілген сайын қаламгердің өз қолымен жазылған, қолтаңбасы бар бұл нұсқалар жазушының ерінбей – жылықпай, сондай мұқияттылықпен қарағандығын көрсетеді. Жалпы жазушы өз туындыларына сыни көзбен қарап, оларды әрдайым өңдеу үстінде болған. Пьесаның өңделуі бұл жылдармен тоқталып қалмайды. Жазушы жалықпастан 1950 жылдардың басында пьесаны қайта қолға алады. Үздіксіз ізденіс жазушы қаламынан «Шоқан Уәлихановтың» тағы бір нұсқасын тудырады. 1953 жылы аяқталған пьесаның соңғы парағына былай деп жазылған: «Ух, аяқталады ма, жоқ па?1952 – 1953 жылдар».

Сәбит Мұқанов мұнымен де тоқталмай, Шоқан Уәлиханов пьесасының тағы бір нұсқасын жазады. Араб алфавитімен жазылған ол пьеса 1954 жылы 11 – қаңтарда аяқталыпты. 4 актылы, 9 суретті тарихи трагедия республика журналдарында қазақша, орысша жарияланды [3].

        Ең алғаш рет пьеса 1955 жылы Шымкент театрының сахнасында қойылды. Бірақ спектакльдің алғашқы нұсқасында  біршама кемшіліктер болды, сол себептен пьесаның бұл нұсқасы кейіннен әбден өңделіп, жаңарып қайтып сахнаға шықты. «Шоқан Уәлиханов» Шымкент театрының сахнасында» [4] атты мақалада пьесаның алғашқы қойылымы жөнінде мынадай пікірлер бар:

«… Біздің ұлттық драматургиямызды тағы бір тың шығармамен молықтырған С.Мұқановтың бұл жаңа пьесасы өзінің шынайлылығымен, көрсетілген оқиғаның тартылымдылығымен  көрушілерді билеп әкетеді»,- дей келе шығармаға сыни көзбен қарап, олқы тұстарын да көрсетеді.

«Шымкент театры сахнасында республика бойынша бірінші қойылған «Шоқан Уәлиханов» спектаклінде  кемшіліктер де бар. Ең алдымен спектакльді біраз қысқарту керек, өйткені онда көрушінің назарына пьесаның негізгі желісінен басқа жаққа алып кететін жайлар бар, бұдан спекталь жақсарып, жинақтала түспекші деп ойлаймыз. Шоқан ролінде ойнаған Қ. Шанин, Гасфорттың ролін орындаған артист Сағидолла Ерғалиев, Фридерикс – Досмағанбетов, Айжан – Бикен Серікбаева, Катерина –Айша Абдуллиналар көпшілік сүйіспеншілігіне бөленіп, спектакльде нанымды шешім тапқан образдар. С.Мұқанов пьесасы Семей, Жамбыл, Қарағанды. Гурьев театрларының да сахнасында қойылды. Бірақ бұлардың барлығы да Шымкент театры спектакльдерінің көркемдік деңгейіне көтерілмеді», - деп Қазақ театры тарихының ІІ – томында пікір айтылған [5; 300] .

«Шоқан Уәлиханов» пьесасының жоғары көркемдік дәрежеде сахнаға шығу 1956 жылдың мамыр айы болды. Пьесаны Қазақ академиялық театры ұжымы сахнаға шығарды. Автордың тікелей араласуымен істелген өңдеулердің нәтижесінде шығарма көркемдік- идеялық мазмұны жағынан тереңдей түсті. Бірақ, бұл алғашқы нұсқа Шоқанның өлімімен аяқталғындықтан, «мұндай шешім Шоқан бейнесін майдалап жіберумен бірге, жалпы пьесаның әлеуметтік мазмұнын әлсірете түсетін. 1958 жылғы қойылымда мұның бәрі қайта өңделіп, Шоқанның өлімі мен Айжанды ұрлап әкету көрінісі мүлде қысқартылған. … Бұндай мазмұнды көркем шешім әрі Шоқан бейнесінің әлеуметтік бояуын қалыңдатып тұр» [5; 301] .

Пьеса бірнеше дүркін театр сахналарында қойылып, өзінің мәңгі өлмес асыл туынды екендігін дәлелдеп береді. Сол жылдары газет- журнал беттерінде жарияланған мақалаларда бір ауыздан «Шоқан Уәлиханов» пьесасын көпшіліктің жоғары дәрежеде қабылдағаны жайында айтылып жатты. 1956 жылы пьеса қойлымынан кейін іле Е. Бекмахановтың [6], Қ. Мұхамеджановтың [7], Ж. Мұзапаровтың [8], Хайруллинаның [9],  Шәріпованың [10], Қаратаевтың [11],  Б.Аманшин мен М.Дүзеновтың [5], Ж.Байтанаева, Ғ.Жынысбаевалардың [4] мақалалары шықты. С.Мұқанов пьесаны өңдеу, аудару барысында режиссерлермен, артистермен хат алысып тұрған. Сол сияқты тікелей пьесаның авторына алғыс айтып жолдаған хаттар, жеделхаттар ҚРОММ-нда  [12] сақтаулы тұр.

Мәскеу қаласында іс сапармен жүрсе де Сәбит Мұқанов пьесаның Қазақ академиялық театры сахнасында қойылуын жіті бақылап отырған. Туғандарына жолдаған мына бір жеделхаты пьесаның жоғары дәрежеде өтіп жатқандығынан хабар береді.

«Москва. Муканову.

Чокан идет аншлагом. Жантурин исполняет роль отлично. Коллектив также. Зрители приглашают автора на авансцену.» [13]

Осы сияқты жеделхаттар күн құрғатпай ағылып келіп жатты. «Шоқан Уәлиханов» пьесасы күні бүгінге дейін театр репертуарынан берік орын алып, көпшілік қуанышына бөленіп келе жатыр.

«С.Мұқановтың «Шоқан Уәлиханов» атты пьесасы - өзіндік көптеген ерекшеліктері бар шығарма. Өйткені, бұл пьесадағы идея, конфликт және мұндағы әрекеттің негізгі линиясы басты геройдың тағдырымен ұштасып жатады.» [14;21]

Драматург Шоқанды әр ортада көрсете отыра қоғамдық әлеуметтік маңызы зор тартысты көтереді, ол өзі өмір сүрген дәуірдің әділетсіз жақтарын қатты сынап, қараңғы ескі дүниені қиратуға бар күш- жігерін жұмсайды. Бірақ Шоқан сол ескі күшпен батыл күресуге дайын емес болатын. Шоқан біраз уақытқа дейін адасады, ол қазақ өмірін жақсарту үшін патшадан рақым күтумен болады. Осы ойларын жүзеге асыру мақсатымен елге сұлтан да болғысы келеді. Осы сияқты жайттарды шебер түрде нанымды етіп суреттей отыра, драматург Шоқан басындағы күрделі хал-жағдайдың сырын ашқысы келеді. Шоқанды өзі өмір сүрген дәуірге қарсы қоя отыра, заманның неше түрлі тартыс тудыратын арналарын ашады. Сол арқылы қоғамдық - әлеуметтік маңызы зор тартысы көтеруге ұмтылғаны көрініп тұр. Пьесада тартыс үш бағытта өрбиді. Біріншісі, Шоқан мен ауыл байларының арасындағы тартыс; екінші, Шоқан мен ауыл байларының арасындағы тартыс; үшінші, Шоқан мен Айжан сүйіспеншілігіне негізделген тартыс.

        «Бұл пьесадағы конфликт басқа қазақ пьесаларындағыдай айқын көрініп тұрмайды, геройлардың әрекет-қимылдары сырттай сараң болғанмен, үңіле қарасаң күшті, жан-жақты екенін аңғарамыз» [15;21], - деген пікірді қостауға болады.

        С.Мұқанов өзінің бұл шығармасын трагедия деп атаған. Себебі таргедия жанрына тән қасиеттердің барлығы бұл шығарманың бойынан табылады. Мына пікірге де, жалпылай алғанда, ден қоюдың артықтығы жоқ сияқты.

        «… Бұл формада тіршіліктің сан алуан қайшылықтары, ғаламат тартыстар, құштарлықтар мен сезімдер шайқасы, ойлар мен идеялар қақтығысы ерекше зор пафоспен, әрі реалистік тереңдікпен бейнеленеді. Трагедиялық конфликт кейіпкердің тартқан азабы мен өліміне де сабақтас. Бұл-қосалқы, сырт сипаттардың бірі. Ал трагедиялық тартыстың өзегі әлеуметтік – тарихи, қоғамдық – саяси қабырғалы күштердің шайқасында жатыр» [15;13].

        «Шоқан Уәлиханов» драмасында драматург жалғыз Шоқан басындағы түрлі тартысқа толы өмірді ғана емес, бүкіл қазақ халқының басындағы қым-қуат трагедияға толы жайттарды қоса қамтыған. Қоғамдағы қарама-қайшы мүдделердің бітіспес айқасы, қарапайым халықтың жан айқайы арқылы үлкен маңызды тартысты көтереді.

        «Шоқан Уәлиханов» пьесасындағы негізгі тартысқа саяси сарындар жаңа ұлттық мазмұн беру үшін қолданылғанын арнайы  атап өту керек. Автор орталық пен шет аймақ арасындағы қоғамдық-саяси  текетірестің түп төркініне үңіледі, оған  кезең тұрғысынан жаңа мағына беруге  тырысқанын айғақтайтын дәлел жеткілікті. Автор бұратана деп есептелетін халықтың өзін-өзі тануы,  дамуға деген құлшынысына қарсы көзқарастың  пәлсапасына баса назар аударады. Парыз бен адамгершілік,  мансап пен ұждан арасындағы  күрделі қарама-қайшылықтарға  зер салуының есебіне үңілсек, авторға ХХ ғасырдың 50-60 жылдарының оқиғалары жаңаша пайымдауға әсер еткендей.

        «1962 жылы Шоқан образына жазушы ретінде емес, зерттеуші ғалым болып оралды. Көркем творчестволық мақсат жетегінде жүрген жазушының  кенет ғылыми еңбекке ден қоюын қалай түсінуге болады. Бұған ең алдымен жазушының Шоқан  Уәлиханов еңбектерінің академиялық басылымының  редакциялық жұмысына қатысуы себепкер болды деп білеміз» [16,338], -деген ұлы Мараттың сөздерінен біраз дүниенің жапсарын анықтауға болады.

        Шоқан жайында көрген-білгені, естігендерін,  көптен бері жинаған  ғылыми материалдарын қорытып, ой түйіндейді. Ғалым, оқымысты адамның қоғамдық ой мен ғылымға қосқан  зор үлесін көрсетуді алдына мақсат етіп қояды. Сөйтіп, жазушы қиялынан Шоқан Уәлихановтың өмірі мен шығармашылығына  арналған зерттеу еңбегі туады, кейін 1964 жылы қазақ әдебиетінің алыптары – Абай мен Шоқан өмірі мен шығармашылығына арналған «Жарқын жұлдыздар» деп аталатын еңбек те басылып шығады. Бұлардың барлығы да Шоқан жайлы романның алдындағы дайындық процесі болатын. Дайындық ұзақ уақытты қамтиды. 1966  жылы наурыз айында «Аққан жұлдыздың» [17] алғашқы беттері дүниеге келе бастайды. Небары бір жылдың ішінде романның алғашқы кітабы жазылып бітеді. [16;323]. Тынымсыз еңбектенудің арқасында «Аққан жұлдыздың» екінші кітабы да жарық көреді, бірақ алғашқы кітаппен салыстырғанда екінші кітап ауыр, қиын  жазылады. Шоқанның қып-қысқа ғұмыры 2 кітапқа сыймады.  Сәбит үшінші кітапты қолға алады. Ұлымен әңгімесінде ол Шоқан жайлы жазылып жатқан  дүиелер жайында: «Аса салмақты, ұлы тұлға ғой бұл! Жинаған материалдарым трилогияға сыймайды, кемінде әлі екі кітап жазуым керек», - деген екен.

        Қарап отырсаң, осынау материалды жинап, сұрыптап, ой-елегінен өткізу қаншама еңбекқорлықты қажет етеді. Бірақ жазушы ойлаған ойын жүзеге асыра алмай кетті.  Шоқан туралы жазған еңбегінің 2 кітабы ғана аяқталды.

        «Творчестволық күшім кетіп барады. Ең болмаса «Аққан жұлдызды» аяқтай алсам жақсы болар еді», - деп мазасызданған  Сәбит текке бұлай демеген екен. Сөйтіп, Шоқан Уәлихановтың өмірі мен ғылыми ерлігі жайында айтылатын трилогия аяқталмай қалады. Қаншама қызықты да барынша кең ойлар оқырман жүрегіне жол таба алмай қалғаны өкінішті-ақ.

        Жазушының Шоқан өмірін көп жылдар бойы зерттегенінің сыры тереңде. Шоқан болған қалаларды, кітапханалар мен архивтерді түгел аралап, талай қағаз аударған, ой қортындылаған. Қашқар еліне де сапар шеккені, іс-әрекеттері мен ізденіс арналарын өзі біршама толық түрде айтып кеткенін білеміз. Шоқантану Сәбит үшін қызықты да, қиын жол болды. Ұлы азаматтың өмірін, еңбектерін артындағы ұрпағына жеткізуде Сәбит Мұқановтың еңбегі ұшан-теңіз.

 

Әдебиеттер:

 

1.   Муканов С. Нить Ариадны.- М.; Искусство, 1945.

2.   ҚРОММ 163.4 қор. № 1 тізбе. №34, №37, №39 істер.

3.   Мұқанов С. Шоқан Уәлиханов. - // Әдебиет және искусство, 1954. - № 7.

4.   Жынысбаева Ғ. «Шоқан Уәлиханов» Шымкент театрының сахынасында.- // Әдебиет және искусство, 1956 №5.

5.   Аманшин Б., Дүзенов М. . «Шоқан Уәлиханов» // С. Мұқановтың жаңа тарихи дамасы Қазақстаның академиялық драма театрының сахнасында // Қазақ әдебиеті, 1956  18 май.

6.    Қазақ театрының тарихы.- Алматы: Ғылым, 1978. б. 299.

7.   Чохан Валиханов. - // Казахстанская павда, 1956, 20 май.

8.    Мұхамеджанов Қ. . «Шоқан Уәлиханов» пьесасы.- // Социалистік Қазақстан, 1956. 20 май.

9.    Мұзапаров Ж. Шоқан туралы пьеса.- // Әдебиет және искусство, 1956. № 6.

10.        Зайруллина Ғ. Жаңа да жақсы пьесалар күтеміз. - // Оңтүстік Қазақстан, 1960, 13 ноябрь.

11.        Шәріпова З. Қадірлі драматург. //Социалистік Қазақстан, 1960, 13 ноябрь.

12.        Қаратаев М. Өрлеу жылы.- // Қазақ әдебиет, 1978, 1 январь

13.        ҚРОММ 163.4 қор. № 1 тізбе. №234, №303 істер.

14.        Ахметов З. Современное развитие и традиции казахской литератуы.- А,:Наука, 1978. – 327с..

15.        Нұрғали Р. Айдын.  – Алматы : Өнер, 1985.  – 399б.

16. Мұқанов М. Тағылы.- // Кәдімгі Сәбит Мұқанов.- Алматы: Жазушы, 1984. – 381б.

17. Мұқанов С. Аққан жұлдыз. Роман. 1 - кітап. – Алматы: Жазушы,                 1970. – 488б.