Нурымбетов Е.Ш.  МЕТОДИЧЕСКИЕ РЕКОМЕНДАЦИИ ДЛЯ ДИРИЖЕРА ОРКЕСТРА КАЗАХСКИХ НАРОДНЫХ ИНСТРУМЕНТОВ

 

*228153*

Музыка и жизнь/1. Музыка: Изучение и преподавание

Нурымбетов Е.Ш.

Ассоциированный профессор Западно-Казахстанского государственного университета имени М.Утемисова

МЕТОДИЧЕСКИЕ РЕКОМЕНДАЦИИ ДЛЯ ДИРИЖЕРА ОРКЕСТРА КАЗАХСКИХ НАРОДНЫХ ИНСТРУМЕНТОВ

 

Нұрымбетов Е.Ш.

М.Өтемісов атындағы БҚМУ-нің қауымдастырылған профессоры

ҚАЗАҚ ОРКЕСТРІНІҢ ДИРИЖЕРЫНА ҚАЖЕТТІ ӘДІСТЕМЕЛІК КЕҢЕСТЕР

 

            ХХ ғасырдың 30-шы жылдарынан бастау алатын оркестрмен күй орындау жанрының негізін қалаушы, қазақтың тұңғыш дирижеры, академик – Ахмет Жұбановтың оркестрге шығармаларды лайықтап, өңдеп түсіретін аспаптандырушы және әрлеуші екенін тарихтан білеміз. Өзі ұйымдастырған әлемге әйгілі Құрманғазы атындағы мемлекеттік Академиялық халық аспаптары оркестрі қазақтың ән-күйлерін орындап дүние жүзін шарлады.

         Репертуарында Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сейтек, Дина, Қазанғаптың күйлері, халық әндері мен Қазақстан композиторларының және шетел классиктерінің бес мыңнан астам шығармалары бар бұл ұжым – еліміздегі кітапханасы ең бай «Әкем» (Академиялық) оркестр саналады. Әрине, 80 жылдық тарихы бар Құрманғазы атындағы оркестрдің мұндай биік белестерге жетуіне – А.Жұбановтан бастап, Ғ.Матов, Л.Хамиди, М.Жаппасбаев, М.Төлебаев, Л.Шаргородский, Ж.Қаламбаев, Қ.Мусин, Н.Тілендиев, Ш.Қажығалиев, В.Глущенко, А.Искандер, А.Мырзабеков, М.Әубәкіров, И.Рык, Г.Сафонцев, А.Жайымов, Т.Абдрашев, Қ.Ахмедияров, Ж.Бегендіков, Ж.Темірғалиев, Ж.Бекентуров, Д.Үкібай, Е.Нұрымбетов, А.Жүдебаев сынды дирижерлер мен Е.Брусиловский, С.Мұхамеджанов, М.Қойшыбаев, Е.Рахмадиев, Б.Жұманиязов, Ғ.Жұбанова, М.Сағатов, Н.Меңдіғалиев, К.Күмісбеков, Е.Үсенов және тағы басқа көптеген композиторладың қосқан үлестері өте зор.

          Қазақтың домбыра күйлерін «төкпе» және «шертпе» деп бөлетін болсақ, олардың құрылысы мен орындалуы әр өңірдің өз домбырашылық мектебіне байланысты ерекшеленеді. Жалпы шертпе күйлерді орындағанда бәріне бірдей төмендегідей ұқсастықтарды кездестіреміз:

·            Ең біріншіден, күйдің әуенінде жалғыздауыстылық басым;

·            Күй тақырыбы екі шекте кезек жүріп, ауысып отырады;

·            Төкпе күйлер сияқты – бас буын, орта буын, кіші және үлкен саға сияқты нақтыланған формасы жоқ;

·            Оң қолда сұқ саусақпен және басқа саусақтарды біріктіріп, топтастырыла немесе саусақтарды бірінен кейін бірін тізбектей шерте төмен қағылады;

·            Оң қолмен жоғары қағыс қаққанда сұқ саусақты басқа саусақтардың демеуімен, кей кездерде бас бармақпен ойнайды;

·            Сол қолдың 1,2,3,4 саусақтары жиі, басбармақ сирек қолданылады;

·            Сол қолдағы 3,4 саусақтармен пернені бір мезгілде қатар басу әдісі пайдаланылады.

Ал төкпе күйлерде, соның ішінде Батыс Қазақстан домбырашылық мектебінде – бас буын, негізгі буын, орта буын, кіші саға, үлкен саға, қорытынды бөлім сынды нақтыланған формада жазылады.

Ақын Несіп Қалымбетова жырлағандай: 

«Күй дегенім - қиял, сезім шеруі

Қасиетті домбыраның әдемі айтып беруі,

Күй дегенім - күйзелістің дүмпуі

Шектен шердің шығуының бір түрі» демекші, қазақ күйлерін тыңдағанда адамның ішкі жан-дүниесінің серпілісін, қиял-сезімін, ішіндегі күйзеліс шерін ақтарған жанның қалпын елестетесіз.

Қазіргі кезде қазақ оркестрімен жұмыстанатын дирижер төмендегі талаптарды орындағаны абзал. Әзірліктің басталуына он бес минөт қалғанда барлық музыканттар өз орындарына жайғасып, аспаптарының бұрауын түсіре бастайды. Оркестрдің инспекторы артистерді түгендеп, сырнайшыға  құлақкүй келтіруге белгі береді. Сахнада артық жүрістер мен дыбыстар мүлдем тоқтатылады. Аяқтарын нық басып, тұғырға дирижер көтеріледі. Музыканттармен сыпайы амандасып, жұмысына кіріседі.

Дирижер қолдарының әрбір қимылын жіті қадағалап, мұқият тыңдап отырған музыканттар оның барлық талап-тілектерін орындауы тиіс. Алдын-ала таңдалып, бекітілген концерттік бағдарламаға енген – халық композиторларының күйлері, Қазақстан композиторларының халық аспаптары оркестріне арнайы жазылған шығармалары, қазіргі заман композиторларының ән-күйлері және шетел композиторларының классикалық шығармалары алғаш рет көрермен назарына ұсынылатын болса, музыканттарға партитяларын көзбен оқуға (читка с листа) мүмкіндік беру керек. Бұрын орындалмағанына қарамастан музыканттар нотаны бірден жүргізіп ойнау шеберліктерінің жоғары және ұжымның кәсіби деңгейінің биік, мүмкіндігінің зор екенін осындай сәттерде көрсетеді. Әрбір кәсіби қазақ халық аспаптары оркестрінің әзірлігі осылай өткені дұрыс.

Француздың әйгілі дирижеры Шарль Мюнш: «Дирижер атану оңай емес, ондай атаққа тек нағыз суреткер ғана жете алады» – депті. Ал белгілі орыс дирижеры А.Пазовский: «Дирижер болу үшін, ең алдымен, нағыз музыкант болу керек» – деп қысқа қайырыпты. Сайып келгенде, екі мықтының да ойы бір жерден шығып отыр. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, домбырашы, дирижер Тілеуғазы Бейсембек «Шамғон Қажығалиев» атты монографиясында ұстазының дирижерлық портретін осылай суреттейді:

         Дирижер Қажығалиев нағыз суреткер ғана емес, ол – оркестр деген үлкен бір ұжымдық аспаптың табиғатын терең білетін, сол аспапта шебер ойнай алатын дарынды музыкант. Ал, ол аспап – «пернелері» мен «шектері» өз алдына ойлай алатын, сезіне білетін музыканттардан тұратын көп дауысты, сансыз бояулы үлкен бір әлем. Қажығалиевтың бір қасиеті: ол – осы тылсым әлемнің сырына қанық, өзін еркін сезініп, ұжымның тыныс-тіршілігін танып, онымен біте қайнасып кете алады. Алайда, ұжымның еркіне беріліп, оның ырқына көніп кетпейді. Қайта оркестрдің сезіміне әсер етіп, шығармашылық өнердің отын лаулатып, оны өзіне баурап алады. Сонда оркестр дирижердың сілтеген қолына ілесіп жүре береді. Бұл, әрине, – үлкен өнер адамына ғана тән, дирижердың ерік күші мен шығармашылық талпынысының нәтижесі. Осы екі қасиет дирижердың оркестр алдындағы беделін орнықтыра түседі.

         Дирижер Қажығалиевтың оркестрмен жүргізген дайындық жұмысы – оның бұған дейінгі, үйдегі егжей-тегжейлі жұмысының жалғасы. Дирижер жаңа дүние болсын, тіпті бұрын орындалған шығарма болсын, оның әрбір нотасы мен нюанстарын жетік біліп, характерін тауып, тұшынып, ой елегінен өткізбей оркестр алдына шықпайды. Ал композитордың стилін түсініп, музыкасында не айтайын дегенін табуға дирижерға оның сергек қиялы, көркем ойлау қабілеті мен ақындық сезімі көмекке келеді. Автордың ойын терең түсінуі ғана дирижердың музыкаға шынайы интерпретация жасауына септігін тигізеді. Шығарманы ойша түсініп, түйсіну мен оны оркестрге ойнатып, құлақпен естіп, көңілмен сезіну – екеуі екі түрлі дүние. Оркестрдің ойыны, аспаптардың ойнау шеберліктері көңілдегі көркем ойды жеткізе ала ма? Не жетіспеді? Қай жерінде кемшілік болды? Осындайда оркестрдің ойынына ұшқыр ойлы, жедел талдау жасау, оны оркестрге жете түсіндіріп, дәлелдеу, тіпті мойындату – дирижердың қабілетіне байланысты. Дирижердың есту және есте сақтай білуі, темпераменті мен қанатты қиялының самғау биіктігі, көкірек сарайының көркем ойларға жомарттығы, селт еткен дыбысқа сезімінің сергектігі сияқты табиғаттың өзі сыйлаған қабілеттерінің көрінер тұсы осы. Оркестр аспаптарының тембрін есту, дыбыстың сан түрлі бояуын көңіл көзімен көре білу – дирижердың мықты қаруларының бірі. Содан да Қажығалиев аспаптардың динамикалық мүмкіндіктерін толық пайдаланып қана қоймай, олардың бояуларының да қанық болғанын талап етеді. Сонда ғана партитура жалаң дыбыстар жиынтығы болудан қалып, дыбыстардың сансыз бояуы көркем полотно (сурет) жасап, әр нотаға жан бітіп, шығарманың бетіне қан жүгіреді. Аспаптардың техникалық мүмкіндіктері мен дыбыс бояуларының молдығы сол аспаптарды өз қолымен жасатқан Қажығалиев үшін ешқашан құпия болған емес. Оның көп ізденісінің, ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде өмірге келген төрт сырнайдың төрт түрлі тембрін айтпағанда, олардың әр регистрдегі дыбыс бояуларының палитрасы маэстроның санасында сайрап жатты.

         Десек те, «өнер адамының бойында бір пайыз дарын болса жеткілікті, қалғаны еңбекпен келеді» – деп П.Чайковский айтқандай дирижерлық биікке Қажығалиев оқығаны мен тоқығаны, көргені мен білгені арқылы жетті. Дарынды да, тәжірибелі, асқан шебер дирижерлармен кездесіп, олардың оркестрмен жұмыс істегенін көру – әркімге қона бермейтін бақыт. Ол – бір уақыттың ағымы, тағдырдың сыйы. Ал, ұлы мәртебелі тағдыр өзінің сүйген құлына ғана осындай мол сый ұсынатыны белгілі. Алайда сол сыйды толық қабылдап алу үшін де зерек зерде, өткір көз, құйма құлақ, ұшқыр қиял керек болатын. Үздіксіз ізденіс пен талмайтын талпыныс қана табиғат сыйын олжалауға, үлкен табыстарға жеткізетін еді. Сол қасиеттердің дер кезінде Қажығалиевтың бойынан табылғанын уақыт көрсетіп отыр» [1; 8-11, 111-119].

Қазақтың біртуар кәсіби дирижеры Шамғон Сағадинұлы Қажығалиевтың портретін ғажап суреттеген авторға шексіз ризашылығымызды білдіре отырып, әрбір ұжым жетекшісінің алдына осындай мақсат-міндеттер жүктелетінін айтқымыз келеді. Ш.Қажығалиевтың өмір жолы мен шығармашылығы оркестр басқаратын кез-келген дирижерға үлгі-өнеге! «Абыз – дирижерға» қарап, бой түзеуіміз керек!   

Жоғарыда айтылған ұлы тұлғалардың өмірлік тәжірибесіне сүйене отыра, күйді қазақ халық аспаптары оркестрімен орындағанда дирижерге төмендегідей ақыл-кеңестер ұсынылады [2; 5-15]:

·        Ең алдымен, күй табиғатына көңіл бөлу. Домбыраға арналған шығарма болғандықтан, осы аспаптағы негізгі әуен-тақырып не айтқысы келеді? Автордың ойындағысын, ішкі жан-дүниесінің тебіренісін тыңдарманға оркестр музыканттары арқылы жеткізетін дәнекер бола білу;

·        Негізгі тақырыпты ойнайтын аспапқа басқа аспаптарды бағындырып, яғни, солоға өз дәрежесінде құлпыртып ойнауына мүмкіндік беру. Екінші пландағы сүйемелдеуші рөл атқаратын барлық топты ансамбльдік ойынға жұмылдырып, композитордың ойын бір арнаға тоғыстыру;

·        Әрбір аспаптың диапазоны мен мүмкіндіктерін және тембрлік ерекшеліктерін ескеру;

·        Әуенді өрбітетін әрбір аспап, қызықты оқиға айтып отырған сөзге шебер шешен сияқты, қалыпты, бірізділікті жүйені сақтағаны жөн.

Қорыта айтқанда, ұжымның әрбір мүшесі алдындағы партиясындағы жансыз ноталарды ғана ойнамай, жан-тәнімен түсініп, қолынан келгенше қомақты үлестерін қосып, жетекші талаптарын бұлжытпай орындайтын болса, тыңдарманның жақсы бағасын алып,  көңілінен шығары анық. «Нашар оркестр болмайды, жаман дирижер болады» - деген қағиданы ескере отыра, кез-келген мүмкіндігі шектеулі ұжымды да жарқыратып көрсететін немесе керемет кәсіби оркестрді жақсы жағынан көрсете алмайтын да – дирижер. Сондықтан дирижердің ролі – орасан зор.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.    Тілеуғазы Бейсембек. Шамғон Қажығалиев: Монография. Алматы: Өлке, 2007.

2.    Еркін Нұрымбетов. Теректі толқыны. Балалар халық аспаптары оркестріне арналған партитуралар (Әдістемелік құрал). Алматы, 2012.