Байбатшаева С.З. Оқушыларға қосымша білім беруде музыкалық тәрбие берудің педагогикалық негіздері

 

*227467*

 

ОҚУШЫЛАРҒА ҚОСЫМША БІЛІМ БЕРУДЕ МУЗЫКАЛЫҚ ТӘРБИЕ БЕРУДІҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ НЕГІЗДЕРІ

 

Байбатшаева С.З.

 

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты,

 Шымкент, Қазақстан

 

Тәрбие - күрделі әрі ұзақ процесс. Оған белгілі бір дәрежеде білім, тәжірибе, шеберлік қажет. Ондай болмаған жағдайда тәрбие саласында белгілі бір нәтижеге қол жеткізу қиындыққа түседі. Сондықтан да біз тәрбиені шығармашылық жұмыстарының жемісі деп білеміз. Тәрбие, сонымен бірге педагогикалық әрекетте

-  мәдени құбылыс;

-  педагогикалық ыкпал ету;

-  балалардың әрекетін ұйымдастыру;

- қарым-қатынас құралы ретінде жан-жақты қарастырылады.

«Қазақ халқының ұрпақ тәрбиелеу жөніндегі сонау ғасырлардан келе жатқан тәжірибесін, қазақ хандығы құрылған кезеңнен (XIV -ХҮғ.ғ.) бастап қарастыру, тарихи - әлеуметтік тұрғыдан алып қарағанда дұрыс емес. Өйткені, кешегі өткен тарих беттері - Шығыс мәдениетінің көзі болып саналатын Ұлы даланы мекендеген түркі тектес тілдес халықтардың, одан әрі ғұндар мен сақтардың бір елді, бір жерді мекендеп, оны сыртқы жаулардан корғап, бір тілде сөйлеп, бір дінге сеніп, әлем мәдениетінің қалыптасуына теңдесі жоқ үлес қосып, бүгінгі түркі халықтарына ортақ мәдениет пен тарихтың көне бастауы болғанын бүгінгі ұрпақ өмір тәжірибелерінен көріп отыр. Зерттеуші ғалымдар А. Қасымжанов, Ж. Алтаевтың : «Біз тарихқа XIV ғасырдын басынан бастап «қазақ» деген атпен енсек те, мыңжылдык мәдениеті, философиясы, әдебиеті, тарихы бар халықпыз...» деген ғылыми тұжырымдары жоғарыдағы айтылып кеткен ойларымызға дәлел болып тұр»,- деп ой тұжырымдаған ғалым - зертеушілеріміз (Қалиев С., Молдабеков Ж., Иманбекова Б.) қазақтың халықтық педагогикасынның тарихын адамзат дамуының қоғамдық құрылыс кезеңдеріне сай, сегіз кезеңге бөліп қарастырған..

Алғашқы қауымдық құрылыс кезіндегі тәрбиеден бастау алып, жаңа заман тудырған салт-дөстүрлерге дейін қарастырылып, толығымен түркі халықтарының ұлы ғалымдары Фараби, Фердоуси, Ибн Сина, Бируни, Низами, Науаи, Қашқари, Иассауи, Баласағұн және т. б . төрбие туралы еңбектеріне тоқталып әрбіріне талдау жасаған.

Ыбырай Алтынсарин, Абай Құнанбаев, Шоқан Уәлиханов, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Сәкен Сейфуллин, Мұхтар Әуезов т. б. қазақтың зиялы қауым өкілдерінің ұлттық сана-сезім мен тәлімдік идеяларын дәріптеген.

Тәуелсіздіктің әсері қоғам дамуының барлық салаларын қамтып, жаңаша мазмұнды, әлемдегі озық тәжірибеге негізделген жүйенің қалыптасуына зор ықпал етті. Қазақ халқының тарихына, мәдениетіне, дүниетанымына, ұлттық қасиеттеріне қатысы бар, бұрын-соңды жарияланбаған немесе саясатқа байланысты қайшы деп кезінде жауып тасталынған туындылар мен шығармалардың беті ашылды. Ұлттық сана-сезім қайта жаңғырып, жаңаша рухани көтерілу процесі басталды. Білім беру мен тәрбие мәселелеріне көзқарастар мен талаптар өзгерді, нәтижесінде жаңа идеялар дүниеге келді.

Халық педагогикасы оқу-тәрбие жұмыстарына енгізу жолдарын ғылыми тұрғыда белгілеу мақсатында жергілікті жерлерде әр түрлі бағыттарда семинар-мәжілістер, пікір алмасу іс-шаралары, сондай-ақ, мұғалім-ұстаздардың заман талаптарына сәйкес білімдерін жетілдіру мәселелері қызу қолға алынды.

Мектеп, қосымша білім беру ұйымдары, балабақшалар мен арнаулы орта және жоғары оқу орыңдарында ескі педагогикалық тәжірибелердің орнына жаңаша, ұлттық тәлім-тәрбиенің қағидаларына негізделіп жазылған «Қазақтың салт-дәстүрлері» (М. Смайылова, М. Оразаев), «Қазақтың тәлім-тәрбие тарихы» (Қ. Жарықбаев, С. Қалиев), « Атамекен» (М. Құрсабаев), «Елім-ай» (М. Балтабаев) музыкалы-этнографиялық, «Кәусар бұлақ» (3. Ахметова), «Мұрагер» (А. Райымбергенов) және басқа да көптеген ғылыми-тәлімдік бағдарламалар басылып шығып, оқу -тәрбие жұмыстарына енгізіле бастады.

«Педагогика ғылымы тәрбиенің мақсатын жеке адамды жан-жақты дамыту, әділетті қоғамды өз қолымен құратын және оны қорғай алатын азамат етіп тәрбиелеу деп қарастырады.Тұлғаны жан-жақты жетілдіріп, дамыту деген ұғымды оқу мен жастардың практикалык еңбегінің тікелей байланысы, дененің және ақыл-ой дамуының біртұтастығы деп түсіну керек».

Тұлғаны барлық жағынан дамытып тәрбиелеу, жас ұрпақты қоғам құрылысына белсене катысуға әзірлеу міндеттері де мектеп арқылы жүзеге асыралатын болса, мектепте білім және тәрбие алу барысында жас түлектердің ақыл-ойы дамиды, адамгершілік қасиеттері калыптасады, ой еңбегіне төселеді, рухани өмір байлығын меңгереді, эстетикалық сезім, талғамы артады.

Оқушылардың қалыптасып дамуы үздіксіз сипатта болатынын ескере отырып, оның іске асуы тек сабақ жүйесінде ғана емес, сабақтан тыс жүргізілетін әртүрлі тәрбиелік әрекеттермен ұштасады. Ол әлбетте сыныптан тыс және мектептен тыс болып бөлінеді.

Сыныптан тыс тәрбие жұмысы - тұлғаның әлеуметгік қалыптасуын қамтамасыз етуде оған жағдай туғызатын мұғалімдердің басшылығымен ұйымдастырылған және сабақтың мақсатымен өзара байланысты болып келетін тәрбие жұмысының дербес түрі. Ол әртүрлі тәрбие әрекеттерінің жиынтығы ретінде балаға кең көлемде тәрбиелік ықпал ете алады.

Біріншіден, оқудан тыс әртарапты әрекет баланың сабақта мүмкін болмайтын жан-жакты дара қабілетін ашуға ыкпал етеді.

Екіншіден, сыныптан тыс әртүрлі тәрбие жұмысының түрімен айналысу баланың жеке әлеуметтік тәжірибесін жандандырып жетілдіреді, оның адамзат құндылықтарына негізделген білімдерін байытып, кажетті практикалық іскерлігі иен дағдысын қалыптастырады.

Үшіншіден, сыныптан тыс түрлі тәрбие жұмысы оқушыларда әрекеттің әр түріне қатысты қызығушылығының дамуына, оған белсенді қатысуына деген құлшынысын тәрбиелеуге нәтижелі ыкпал ете алады. Бүгінде бала өзінің бос уақытын қандай іске арнауды білмей жатса, соның негізінде жастар арасында қылмыстың көбеюіне әкеледі. Сондықтанда бұл өзекті мәселеге айналуда. Төртіншіден, сыныптан тыс,әртүрлі тәрбие жұмысының формасы тек қана баланың өзіндік дара қабілетін ашуға ықпал етпейді, сонымен бірге оқушылар ұжымында өмір сүруге үйретеді. Яғни, оқу, еңбек әрекеттеріне және қоғамдық пайдалы істерді атқаруға ынтымақтастыққа ,бір-біріне қамқор болуға, өзін басқа жолдастарының орныныа қоя білуге тәрбиелейді. Тіпті оқудан тыс әрекеттің қандай да бір түрі болмасын, танымдық, спорттық, еңбек, қоғамдық пайдалы, оқушылардың өзара ынтымақтастық тәжірибесін белгілі бір салада байытады, Қорытындысында үлкен тәрбиелік нәтижеге қол жеткізуге ықпал етеді. Мысалы,сыныптың тазалығын ұжым болып атқару , өзара міндеттерін бөлісу тәжірибесін меңгереді, спорттық ойындарда « бірі бәрі үшін, бәрі бірі үшін» деген қағиданы терең түсінеді сол сияқты бірігіп мерекелік кеш ұйымдастыру , театрға бару т. б. іс-әркеттердің балаларға берері көп.

Бесіншіден, сыныптан тыс тәрбие жұмысын ұйымдастыру мен өткізуде уақытқа қатысты қатаң шектеу болмайды. Сынып жетекшісі оның формалары мен әдістерін, құралдары мен мазмұнын және бағытын таңдауда ерікті болады. Бұл, бір жағдайда оған өзінін көзқарасы және сенімі тұрғысында әрекет етуге мүмкіндік берсе, екінші жағдайда, оның жауапкешілігін арттырады. Бұған қосымша, одан шығармашылық белсенділік талап етіледі.

Алтыншыдан, сыныптан тыс тәрбие жұмысының нәтижесінде күнделікті бақылау мүмкіндігінің болмауы. Себебі, онда тек жалпы жетістік пен оқушылардың жеке дара даму деңгейін бақылауға ғана мүмкіндік береді. Соған сәйкес қандай да бір форма немесе әдістің нәтижесін бірден анықтау өте көп қиындықты туғызады. Мұндай ерекшелік мұғалімнен табиғи жағдайда жұмыс жасауды, балалар мен карым-қатынаста немқұрайлылыкқа жол бермеуді кажет етеді.

Жетіншіден, сыныптан тыс тәрбие жұмысы окушылардың мүмкіндіктеріне сай қолдары бос уақытта (үзілісте, сабақтан кейін, мейрам немесе сенбі, жексенбі күндері, демалыстарында) ұйымдастырылады. Сонымен катар, оған кең көлемде ата-аналар мен жұртшылықтың өкілдері қатыстырылады.

Сыныптан тыс тәрбие жұмысының мақсат және міндеттері: сыныптан тыс тәрбие жұмысы мектептегі тәрбие жұмысының құрамдас бөлігі болғандықтан, ол тәрбиенің жалпы мақсатын орындауға бағытталған - балаға қоғамда өмір сүруге қажетті әлеуметтік тәжірибені меңгерту және қоғамдық тұрғыдан қабылданған құндылыктар жүйесін калыптастыру. Соған орай оның негізгі мақсаты - сабақ үстінде жүзеге асыратын тәрбие міндетін толықтыру және тереңдету, олардың қабілеттерін неғұрлым толык апшу, белгілі бір нәрсеге қызығушылығы мен ынтасын ояту, қоғамдық белсенділігін шыңдау, бос уақытын дұрыс ұйымдастыруды көздейді.

 

ӘДЕБИЕТТЕР

 

 

1. Қазақстан Республикасының "Білім туралы заңы" 27.VII – 2007ж. Алматы.2007.

2. С. Ұзақбаева «Халықтық педагогикадағы эстетикалық тәрбие» Алматы, 1993

3. Касенова Р., Танкешова Ф. Мектептегі музыкалық тәрбие әдістемесі. – Шымкент. 2001.

4. Балтабаев М.,  Өтемүратова Б.  Елім-ай. Алматы: Рауан, 1993. - 86 б.

5. Райымбергенов. Ә. «Мұрагерлер» жалпы білім беретін  мектептің  5 сынып оқушыларына арналған бағдарлама Алматы: Атамұра 2005.

6. Ш.Б.Құлманова, М.Оразалиев, Б.Сүлейменова «Музыка» Жалпы білім беретін мектептің 1-сынып оқулығы  Алматы «Атамұра» 2008 ж.;