Балабекова А.А. МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ҮШІН МУЗЫКА САБАҒЫНЫҢ АЛАТЫН ОРНЫ

 

*227468*

МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ ҮШІН МУЗЫКА САБАҒЫНЫҢ АЛАТЫН ОРНЫ

 

Балабекова А.А.

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институты,

 Шымкент, Қазақстан

 

Ұлы кемеңгер Мұхтар Омарханұлы Әуезов «Ел боламын десең, бесігіңді түзе» демекші шыр етіп дүниеге келген күннен бастап сәбиді ұнамдылыққа, әдемілікті сезінуге тәрбиелеудегі балабақшалар мен мектептерде жүретін музыкалы-эстетикалық пәндердің алатын орны ерекше. Кішкентайынан бастап өз тілінде сөйлеп, ұлттық рухани мұралардан молынан сусындап өскен жеткіншек болашақта толыққанды нағыз азамат болып қалыптасатынына ешкім шүбә келтірмесе керек.

Баршамызға аян музыка да ғылымның бір саласы, музыканың тілі арқылы біз табиғаттың әртүрлі көрінісін, жыл мезгілдерін, хайуанаттардың іс-қимыл әрекеттерін, адамның мінез-құлқын, қайғы-қуанышынжеткізіп білдіре аламыз.

Егер жас бүлдіршіндер кішкентай кезінен бастап музыканы шын ықыласымен тыңдап түсіне білсе, ән салып, би билеп, халқымыздың ұлттық аспаптарының бірінде ойнауды үйренсе, онда олар рухани ләззат алып өмірге деген көзқарасы қалыптасып, шынайы биік армандар мен мақсаттарға ұмтылып тәрбиелі азамат болып өсуі хақ. Ал, бұл міндеттерді жүзеге асыруда ата-ананың, балабақша мен мектептің атқаратын ролі зор.

Мектеп, музыка. Бұл екі ұғым бір бүтін. Асқақ ән, сазды күй – мектеп сәні. Сондықтан да қазір музыка сабағының мәні артып отыр. Жасөспірімдер өнерінің барлық саласында құлаш ұрып, әсемдік-әдемілік туралы түсініктерін байытып, бойдағы бар қабілеттерін танытып, талант гүлін ашуға тиіс. Музыка сабағын өткізгенде оқушылардың музыкалық-эстетикалық білім саласындағы түсінігін кеңейтіп, талғамын тәрбиелеп, музыканың құдіретті күшін, әсем сырын түсіндіру басты бағдар, түпкі мақсат болып алға қойылады.

Мектептегі мақсатты бағытталған және жүйелі қойылған тәрбие жұмыстары музыка сабағында іске асырылады. Пәннің аталуынан-ақ оның басқа пәндерден айырмашылығы бар екендігін байқауға болады. Баланың музыкамен айналысуындағы алғашқы қадамы мектепке дейінгі кезеңде басталады. Ол теледидардан балаларға арналған мультфильмдер мен музыкалық хабарларды көріп, музыканы тыңдау арқылы эмоционалды әсер алады. Ол музыка тыңдай отырып, ырғағына сәйкес қимылдар жасап, әуенін орындап қуанышқа бөленеді. Егерде бала мектепке дейін балабақшада тәрбиеленсе, онда баланың эмоционалды қабылдауы, музыкалық есту қабілеті, ән айтуы, музыкалы-ырғақтық қимылдар жасауы балаларға арналған аспаптарда орындауы сияқты бастапқы дағдылары дамиды.

Музыка сабағында оқушылардың пәнге қызығушылығы артады, белсенділігі нығаяды. Сонымен бірге оқушы ойын дамытып, өзіндік пікір айта алуға үйретеді. Оқушыны құрғақ жаттандылықтан аулақтатып, дербес ойлап, әрекет етуге жетелейді. Тәрбие беру ұтымды түрде жүргізіледі, сабақтың мазмұны байып, құндылығы артады, оқушылардың білімі молаяды. Егер мұғалім тақырыпты меңгертуде шәкірттерді ойландыруға, білімін толықтыруға, тұлғалық мәдениетін дамытуға көңіл аударса, келесі бір сабақты халқымыздың дәстүр-тұрмыс, салт-сана көріністеріне негіздеп, қазіргі жеткіншек жете біле бермейтін халықтық ұғым-түсініктерді, жөн-жоралғыларды бүгінгі өмірге жанастыра көңіл аудартса, сол арқылы танымдық мақсат қояды. Сөйте отырып, ұлттық тәлім-тәрбиені қадірлей білуге, адамгершілікке, ізгілікке, ұлттық тәлім-тәрбие беруге назар аударылады.

Музыкалық тәрбие жұмысы, бала-бақшадағы мектептегі, оқу-тәрбие іс-әрекетінің табиғи жалғасы әрі маңызды элементтерінің бірі ретінде, музыка  сабақтарында алған білім, іскерлік дағдыларын әрі қарай тереңдетіп жалғастырушы  құралы. Музыканы мәнерлеп орындауда музыкалық бейнелерді терең түсінгендік сезілуі тиіс. Осыған орай А.П.Чеховтың: «Адам бойында бәрі де әдемі болуы керек: денесі де, киімі де, жаны да, ойлары да» деген сөздерін еске сақтау абзал. Әлемді эстетика тұрғысынан танудың субъективті қыры ретінде эстетикалық сезімдер, әсемдікке деген көзқарас, бағалау, ой-толғаныстар, идеялар, яғни адамның эстетикалық саналылығы қарастырылады. Әр баланың өз қолымен әсемдікті тудыруға қатысуы осы музыка сабағы арқылы іске асады.

Музыка тілі  - басқа өнер саласымен салыстырғанда күрделі тіл екендігі белгілі. Ол  сезімге  әсер  ете  отырып, адамның қиялы  мен  көңіл  күйіне байланысты қабылданады. Музыкалық тәрбие беруде  мұғалімнің  алдына  негізгі  үш  міндет  қойылады. Бірінші міндет - әртүрлі  музыкалық  іс-әрекеттер арқылы оқушының сезімін  ояту,  екінші  - сезім  арқылы  музыканы саналы түсінуге  баулу, үшіншісі – музыкалық  шығарманы  өз шамасына  қарай орындай білуге үйретуде орындаушылық  дағдысы  мен  шығармашылығын  дамыту.  Бұл міндеттер негізінен  жалпы  білім  беретін  мектептің  музыка сабағы  барысында  іске асырылады. Ән айту, музыка  тыңдау, музыка  сауаттылығымен  танысу мен  шығармашылық  жұмыстар музыкаға  тәрбиелеудің  басты  іс-әрекетері  болып есептеледі. Оқушылардың  жан-жақты дамуы баланың ішкі дүниесін байытады, саз өнерін  терең  және  толық қабылдап қана  қоймай,  айналадағы  дүниеге, өмірге,  адамдарға  деген көзқарасын  өзгертеді.

Оқушылардың  музыкаға деген сүйіспеншілігін азайтып алмас үшін үйде, мектепте болсын олардың жасерекшелігін, музыканы қабылдау қасиетін еске алып отырған жөн. Сонда олардың музыка тыңдауға құмарлығы, оның сырын түсініп, эстетикалық ләззат алсам деген ынтасы арта түспек.

Музыка сабағының тәрбиелік мәні де зор. Тәжірибелі мұғалім музыка арқылы өзінің оқушының ойына, көңіл-күйіне әсер етіп, олардың дүниеге көзқарасын, адамгершілік моральға сай қалыптастыра алады. Музыка сабағында айтылатын терең мазмұнды жақсы әндер оқушының достық, патриотизм, Отанды сүю сияқты асыл сезімдерін тәрбиелеуге көмектеседі. Балаларға арналған музыкалық шығармаларды оқушыға дұрыс жеткізе білген мұғалім жас жеткіншектің жан дүниесін сұлуландыра түсіп, нәзік сезімдерін қозғап, оларды жоғарғы адамгершілік қасиеттерге баулиды.

Міне, сондықтан да мектептегі музыка сабағына және түрлі көркемөнерпаздар үйірмелеріне көп көңіл бөлінуде. Республикамыздағы мектептердің басым көпшілігіндегі музыка сабағы мен көркемөнерпаздар ұжымдарының жұмыстары бір жүйеге келтірілген.

Мектепте бірінші сыныптан алтыншы сыныптар арасында бір сағаттан музыка сабағы жүргізіледі.  Кейбір мектептерде музыка сабағының орнына басқа сабақты өткізе салу деген жағдай әлі де болса орын алуда. Мұның бір себебі ең алдымен арнаулы білімі бар мұғалімнің жоқтығы болса, екіншіден бұл, сабаққа әлі де жеткілікті дәрежеді көңіл бөлінбеуінен деуіміз керек. Тіпті кейбір оқу-ағарту орындарының басшылары мектепке заманауи музыкалық техникалық құрал-жабдықтар, музыкалық аспаптар, т.б. сатып алуға салақтықпен қарайтыны байқалып жүр. Осыған байланысты музыка сабағының және оның негізгі тұлғасы музыка мұғалімдерін даярлау ісі мен оқушыларға жүйелі музыкалы-эстетикалық білім беру де әлі де болса шешімін таппай келе жатқан бірталай ойланарлық мәселелер барын айта кеткен жөн.

Ең алдымен балаларға арналған музыкалық шығармаларға зәрулік байқалады. Би музыкалары мен балалар операсын, балетін жазу ісі әлі де шешімін таппай келеді.

Мектеп оқушыларын ұйымдасқан түрде концерттерге, театрға апару олардың өнерге деген құштарлығын арттырады. Мұнымен қоса музыка мұғалімі халыққа белгілі әншілермен, композиторлармен, бишілермен, әртістермен кездесу ұйымдастырып тұрудың немесе олар туралы қызықты әңгімелер өткізудің де мәні зор.

         Қазіргі кезде музыка-эстетика саласынан сапалы білім беру – оқушылардың музыка дүниесі жайлы түсінігін кеңейтіп, ән айту, музыканы тыңдау, оның сырларын ұғына білуге дағдыландырып, эстетикалық ой-өрісін кеңейте түседі. Бұл ретте музыка мұғалімдерінің атқарар қызметі өте көп. Оқушылардың сахнаға шығып өнер көрсетуі балаларды батылдыққа, жинақылыққа бейімделіп, ойларын, өнерін ұштай түсіп, бойдағы дарынын ашуға көмектеседі.

Қорыта келгенде, музыка мұғалімдері мектеп оқушыларына музыка сабағының алатын орнының жоғары екендігін сезіндіру үшін жоғарыда айтылған талаптарды мүмкіндігінше іс-жүзінде жүзеге асырып отырса, келешекте туған халқының тілін, әдет-ғұрпын, әдебиеті мен мәдениетін, өнерін бойына молынан дарытқан білімді де парасатты азаматтардың өсіп шығатыны сөзсіз.

  

Әдебиеттер

1.    Момынұлы П., Қазақ музыкасының қысқаша тарихы, ІІ-том.  – Алматы, 2002.

2.    Касенова Р.К., Танкешова Ф.С. Мектептегі музыкалық тәрбие әдістемесі. – Шымкент, 2002.

3.    Музыка әлемінде/№1,2. 2004.

4.    Ұзақбаев С.А. Балаларға  эстетикалық  тәрбие  берудегі  халық  дәстүрі. –Алматы, 1990.