Рахманова Н.М. АЛАШ ҰРАНДЫ ӘДЕБИЕТ ҰСТАНЫМЫ

 

*227315*

АЛАШ ҰРАНДЫ ӘДЕБИЕТ ҰСТАНЫМЫ

Рахманова Н.М.

Алматы университеті,Қазақстан

 

"Алаш" атауын бүгінгі зерттеушілеріміздің да айналып өтпейтіні аян. Мысалы, лингвист Р.Сыздықова оның қолданылу аясын, құбылу арналарын кезең-кезеңімен ашып көрсетеді[?,?].Ғалым С.Қондыбаев "Қазақ мифологиясына кіріспе" атты кітабында "алаш" сөзінің этимологиясын есте жоқ ескі замандарға теліп, мұның тылсымға толы мағына-мәртебесін күн мифологиясымен сабактастыра отырып саралайды[?,?].

Ал этнограф Ж.Артықбаев: "Әр түрлі аңыздар мен деректерді салмактай отырып, қазақтың ортак атауы — «алаш көшпелілердің өмір салтынан туындаған идеологиялық символ деуге келеді"[3,72] — деген пайым жасайды.

Сонымен, қазақ ағартушылығы алаш атауына жаңа сапа жүктеп, қатарға қайта қосты; саясат көрігінде суарды. Қарап отырсақ, 1905 жылдан кейінгі ұлттық күрт ояну зиялыларды Алаш идеясының айналасына иіргенін көреміз.

Ахмет Мәметовтің "Алашқа сәлем" (Қазақ, 1917, № 222, 17 наурыз), Нұржанның "Алашордаға", Бейімбет Майлиннің "Алашордаға"    (1918, №262/,    С.Торайғыровтың    " Алаш    үраны"(Сарыарқа, 1917, №21), Ж. Аймауытовтың " Ғаскер өлеңі", "Ұран"(Абай, 1918, № 1,7) шығармаларындағы "Ақ алаш, азат алаш, даңқты алаш!", "Атағын мәңгі қалдырып,Жасасын алаш, жасасын!", "Жарық сәуле ендіретін қазаққа, Мәңгі жылдар жасасын Алаш ордасы!", "Жасаған жар болып,Жасасын, сактасын Алаштың ордасын!", "Өнер тап, өрге шап, қару ап, Аллалап алға бас, ал алаш!", "Жасайды алаш — өлмейміз, Жасасын алаш, жасасын!", т.б. екпінді, ереуілді қатарлар — сол заматтағы халықтық рухтың қағазға қаз-қалпында қатталған көшірмесі.

         Алаш қозғалысы сол тұстағы қазақтың саясат, әдебиет, өнер қайраткерлерін, дінбасыларын, оқымыстыларын, бақуатты азаматтарын медицина, техника, ауыл шаруашылығы, экономика, заң, әскери салалардағы мамандарын топтастыра отырып, өздері өмір сүрген тарихи-қоғамдық болмысқа реформа жасауды мықтап қолға алған, сенімі жеткілікті, бағдарламасы айқын, мақсаты зор қозғалыс болатын.   

         Алаштың қалам қайраткерлері қазақтың тұңғыш романдары мен драмалық шығармаларын, алғашқы әдеби-сын мақалаларын дүниеге келтірді. Қазақтың сөз өнерін жанрлық жағынан да, идеялық-көркемдік жағынан да байытып, жазба әдебиетін қалыптастырды. Шамасы он-он бес жылдың ішінде Алаш қаламгерлерінің ерен қабілеті, ұлтына деген ерекше махаббаты, туған жұртының бүгінгісіне көңілі толмаған күдігі мен азат болашағына сенген үміті кейінгілерге үлгі боларлық әдеби туындыларды өмірге әкелді. Алаш ұранды әдебиеттің беті мен екпіні, бағыты мен мазмұны Ахмет бастаған қазақ ақын-жазушыларының ұсталып кеткен кезеңіне дейін, яғни 1920 жылдардың соңына дейін жалғасты. Сол екпін, сол бет, сол бағыт қашанда ұлтына перзенттік сүйіспеншілігі мен адалдығын сақтаған қаламгерлердің шығармашылығында баяу болса да қан тамырындай бүлк-бүлк соғып жатты. Алаштық саралы жолдан ауытқыған советтік әдебиет әсіре қызылдың тез оңатынын сезбестен, адамға емес, саясатқа қолбалалық, құлдық сапарын айғай-шумен, беттен алумен бастап, бір кісінің ғұмырындай ізгілікке, шуақ пен мейірімге толы «Алаш әдебиеті» аталатын алып бәйтерек қайта жаңғырып, ізгілік тұқымдарын шаша бастады. Ендігі жерде қазақ баласы жасағанынша жасайтын оның байтақ та баянды мәңгілік өнегелі сапары басталды.

        "Алаш" партиясының бағдарлама жобасын жасап, қазақ елін Ресей федерациялық мемлекетінің кұрамындағы ел болуы деңгейіне қойған алаш ақындарының бостандық тақырыбындағы саяси-өлең формаларын халықтық-демократиялық   революция   бағдарындағы өлеңдер түрінде бағалаймыз.  XX ғасырдың басында Ресейде революция     дәуірінің     басталуына     байланысты, қазақтың рушылық-демократиялық әдебиеті елді қараңғылықтан оятып, өнер-білім жолында үгіттей отырып, отаршылдық езгісінен құтқару, елдің тәуелсіздігі үшін күресі идеясын батыл көтерді. Отаршылдық мен феодалдық көрсоқырлықган азып-тоза бастаған халықтың Ахмет, Міржақып, Сұлтанмахмұт еңбектерін ту ғып көтеріп кеткені сондықтан. Әдебиет бұл тұста "Саяси бас бостандығы жоқ елде ашуын айтатын трибунаға айналды" (А.Герцен), ал Ахмет пен Міржақып     қазақтың     тұңғыш    демократтары қатарынан құрметті орын алды. Мұндай, елдің түбірлі жаңаруын көксеген   демократтық   ағымның   әдебиетшілер ортасында тууы — біздің ұлттық әдебиетіміздің қазақ халқының саяси-қоғамдық өмірінде атқарған қызметін айқындайды және қазақтың ұлттық ой-пікірлерінің дамуына да ақын-жазушылардың ұйтқы болғанын дәлелдейді .

      Қазақ әдебиетін ғылыми тұрғыда қайта қарау, жүйелеу талаптарының аса өзектілігіне байланысты, біз XX ғасыр басындағы саяси лириканы құрайтын өлеңдерді бірнеше салаларға бөліп  қарастыруды  жөн санаймыз:

          1.Революцияшыл-демократиялық күрес бағдарындағы саяси-
әлеуметтік өлендер.

          2.Революцияшыл  ұлт-азаттық  күрес  бағдарындағы  өлең-жырлар.

             3.Революциялық-пролетарлық күрес бағдарындағы өлеңдер.
Осылайша  шартты  түрде   саралай   отырып,   осы   аталған бағыттардың өзара үндестіктері мен өзгешіліктері де бар екендігін көреміз. Атап айтқанда, бәріне де ортақ үндестік
  қазақ халқын ұлтшылдық  бұғаудан   құтқару,   елдің   өркениеттік  жетістікке, биіктікке көтерілуін көксеу. Ал, өзгешеліктері де анық. Мысалы, революциялық   саяси-әлеуметтік   өлеңдерде    елдің    азаттыққа жетуінде сананы жетілдіруді, мәдениетті игеруді, сөйтіп, ой мен бойды теңестіретін   ғылым,   білім   арқылы   бостандыққа  жету  уағыздалады.

         Қазақ халқының ұлттық психологиясын адамгершілік, имандылық аттарымен күшейтіп, намысты, жігерлі ел қалпына көтеріп, содан кейін отаршылдардан да, ел ішіндегі надандардан да, зорлықшыл озбырлардан да құтылу жолын ұстанды. Яғни, бұл бағыттағы өлеңдерде ұлттық бостандыққа жетуді уағыздайтын өркениеттік-мәдениеттік күрес жолы айтылады. Ал, революциялық ұлттық азаттық күресі бағдарындағы өлең-жырлар — 1916 жылы көтеріліс кезеңінің туындылары. Бұл кезеңдегі халық поэзиясымен жазба әдебиетте пайда болған шығарлардың табиғатында патшалық билеу жүйесінен қарулы күреспен ғана құтылу жолы жырланды. Революциялық-демократиялық бағыт ұстанушы Алаш көсемдері Ә.Бөкейханов, М.Дулатов, А.Байтұрсынов Ресей сынды қарулы империяның қанды қырғынына қазақ ұлтының ұшырамауы үшін қарулы көтерілісті жақтамады, даласы кең болғанмен саны аз ұлтымыздың құрып кетпеуін ойлады. Сондықтан, олар майданның қара жұмысына баратын қазақтардың аман-есен болуын ойлады, көтеріліс жасағанмен, бәрібір қырып-жойып басып тастайтынын білді. Әрине, қанды соғысты емес, өркениетті жетілумен ғана бостандыққа жетуді ойлаған олардың ойлары да дұрыс еді.

        XX ғасыр басындағы саяси-әлеуметтік өлең-жырлар – қазақ лирикасының азаматтық-философиялық тереңдіктерін, шынайы халықтық тағылымын толық танытқан туындылар. Бұған дәлел ретінде XX ғасырдың басындағы қазақтың саяси-әлеуметтік лирикасының ең көрнекті тұлғалары Шәкәрімнің, Ахметтің, Міржақыптың, Мағжанның, Жүсіпбектің, Қошкеннің, Сәкеннің лирикалық өлеңдерін айтар едік. Осы ақындардың саяси-әлеуметтік сарындағы лирикалық өлеңдерінен қазақ ұлтының Ресей империясы отары жағдайында жүріп, материалдық және рухани мәдениетінің дамуына артта қалатынын ойлайтын азаматтық, перзенттік көңіл алаңдаушылығы сезіледі.

      Қазақ лирикасының  XX  ғасыр  басындағы  саяси-әлеуметтік  әуендегі  негізгі арқауында "Алаш еліқазақ халқы" ұғымы тұрақты орын алды.   "Ұранымыз — Алаш, керегеміз — ағаш" атты халықтық  ұстанымға сәйкес қазақ ақындары осы көзқарастарды саяси бағдар етті. Қазақ халқының ежелгі жалпы түркілік бірлестіктер мен қазақ    хандығы    замандарынан    бері    қалыптасқан    тарихи көзқарастарын лирикалық өлеңдердің арқауы еткен мақсаттары орынды еді. Қазақ ұлтының өзін-өзі тануын, рухани  оянысын,   мәдениеттің   барлық  салаларында   өзін-өзі жетілдіре   дамуын,   ұлттық  айқындалу,   тұлғалану   мәселелерін ақындардың бұл ойлары азаттық, бостандық туралы ойларымен ұштасып жатады. Мысалы, Шәкәрім Құдайбердиевтің  "Бостандық туы  жарқырап",   "Бостандық  таңы   атты",  Ахмет Байтұрсыновтың "Маса",  "Сөз иесіне",  Міржақып Дулатовтың  "Оян, қазақ", "Шағым", "Сырым", "Жас қазақтар, қайдасыңдар",  "Тұңғыш құрбан", "Алашқа"., Мағжан Жұмабаевтың "Алыстағы бауырыма", "Тез барам", "Мен жастарға сенемін", "Бостандық", Сұлтанмахмұт Торайғыровтың   "Арманым",   "Жарлау",   "Міне, алақай", "Тұтқындағы Байтұрсынның "Масасына", "Сарыарқаның жаңбыры", "Алаш ұраны"" және т.б. ақындардың осы сарындас өлеңдерін   айтар   едік.   Қазақ   лирикасының   саяси-әлеуметтік белсенді сарынға көшуі  ұлттық оянуға түрткі болған поэзияның әртүрлі ықпалдылығын күшейте түскендігінің белгісі.

     Ақындардың     саяси-әлеуметтік     сарындағы     лирикалық өлеңдерінде    қазақ   ұлтының    бодандық,    отарлық   құлдықта құрсауланған   тағдыры    оқырманның   көз    алдында    елестете жырланады.

         Саяси-әлеуметтік лириканың мақсаты — адамдардың қоғамдық дүниетанымына ықпал ету. Адамдардың өздері туып-өскен ата-мекенін, ата-бабаларының дәстүрлерін, ана тілін, дінін сақтауды әрбір азаматтың ой-санасында қалыптастыру ағартушылықтан бастау алады. Ал, саяси-әлеуметтік лириканың елдікті, мемлекеттілікті, ұлттық келбет-тұлғаны сақтауды жырлауы арқылы халықтың ұлттық намыс сезімдеріне қозғау салатыны ақиқат. Міржақыптың "Оян, қазақ" кітабының бастауында тұрған өлең шумақгарынан қазақтың ұлттық рухани көтерудегі саяси бағдары  әсерлі естіледі.

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты

Өткізбей қараңғыда бекер жасты!

Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты! [37,56].

     XX ғасыр басындағы ұлттық саяси-әлеуметтік лириканың жалпы қазақ халқын қоғамдық белсенділікке шақыру, үндеу талабындағы шығармалары жас буынның белсенділігін, ұлт намысын қорғаушы қайраткерлікке, күрескерлікке баулуда ролі зор болды.

     Алаш — XX ғасыр басындағы қазақ лирикасындағы саяси-әлеуметтік сарындағы жырлардың ұлттық мазмұнын айқындайтын сөз. Алаш сөзінің аясында ақындар қазақ халқының өткені мен бүгіні, болашағын жалғастыра, тұтастыра жырлады. XX ғасыр басындағы аталған ақындардың барлығының лирикалық және эпикалық шығармаларында да қазақ, Алаш сөздері халқымыздың атауы  ретінде бағаланады. Лирикалық өлендерінің мазмұны    толғаныстардың тағылымы зор болды.

      Қазақ лирикасының кейіпкері — бүкіл Алаш ұранды халықтың күрескер  ұл-қыздары.  Лирикалық  өлендердегі  жинақтаушылық көркемдік тәсілмен жасалған кейіпкерлердің сөзі — бүкіл ұрпақтың айбынды, айбарлы қуатын елестетеді.

 

                              Пайдаланылған әдебиеттер

      1.Сыздықова Р. Тілдік норма және оның қалыптасуы, Аст., 2001.

     2. Қондыбаев С. Қазақ мифологиясына кіріспе.–Алматы,2008,–376 б.

  3. Артықбаев Ж. Қазақ этнографиясы: этнос және қоғам.         

 ХҮІІІғасыр. - Қарағанды: ҚарМУ, 1995. – 267 б.