Рахманова Н.М., Шаукеева А.  ФОЛЬКЛОРТАНУ ЖӘНЕ М.ӘУЕЗОВ

 

*227412*

ФОЛЬКЛОРТАНУ ЖӘНЕ М.ӘУЕЗОВ

Рахманова Н.М.

Алматы университетінің доценті,ф.ғ.к.,Қазақстан

Шаукеева А.

Алматы университетінің 2 курс студенті,Қазақстан

 

М.Әуезов өзінің ғылыми еңбектерін қашан да өмірмен байланыстырып отырған. Сондықтан оның «Әдебиет тарихы» еңбегіде екі түрлі өмір талабынан туған деседі. Алғашқысы қазақ халқының өнер мен оқуға Қазан төңкерісінен кейін, елдің білім алуына кең жол ашылуы. Жалпы білім беретін мектептер мен орта және жоғары оқу орындары қайта салынып жұмыс бастады. Кеңес мектептері мен техникум, институттарда оқушы жастарға арналған қазақ әдебиетінен білім беретін оқулық жасау мақсатымен ұштасып жатады. Бұл оқулықтың негізгі мақсаты оқушыларға білім беру болғандығының автордың: «Қазақ шөліндегі білім бұлағының күрекшісі қазақ оқушыларына арнадым» [1,3] – деген пікірі дәлел. Келесі себеп, осы еңбек шыққанға дейін қазақ әдебиетінің тарихы жайында мүлде жүйелі еңбек болмаған. Сондықтан да қазақ әдебиетінің тарихын зерттеп, оны ғылыми тұрғыдан халыққа танытуды да мақсат етеді. Осы ретте оның фольклорлық шығармаларға берген әдеби талдауы және қазақ әдебиеті нұсқаларын ғылыми тұрғыдан топтауы сол кез үшін үлкен жаңалық еді. Бұл кітапта М.Әуезов халқымыздың ескіден қалған әдеби мұрасын жалғыз адам емес жалпақ ел өнері, бүтін бір халықтың дүниеге көзқарасын танытып, белгілі бір ұғымын білдіретін ұжымның шығармасы ретінде қарастырады. Сонымен қатар соларды орындаушы ақын-жыраулардың шығармашылық өнеріне  ғылыми тұрғыдан анықтама жасады.

Бұл еңбектің жарыққа шығуына дейін қазақ фольклортану ғылымында, ауыз әдебиеті нұсқаларын  зерттеуде қалыптасқан тәжірибе де, орныққан дәстүр де жоқ болатын. Сол себепті де жазушыға бұл салада талай еңбектенуіне тура келді.  М.Әуезов аталған еңбегінде орыс фольклортану ғылымының топтастыру тәжірибесіне сүйене отырып, қазақ ауыз әдебиетін төмендегідей жанрларға жіктейді.  «Әдебиет тарихының» қысқаша  мазмұнына тоқталсақ:

       Ібөлімінде  сыршылдық салт өлеңдеріне, оның ішіне ел салтындағы шер өлеңдер (жоқтау, естірту, қоштасу, көңіл айту), дін салты мен дін ұғымынан туатын өлеңдер (наурыз, бақсылардың сарыны, жарамазан), қыз ұзату үстіндегі салт өлеңдерге (жар-жар, қоштасу-танысу, беташар)  жіктейді.

Мысалы, Абылай әл үстінде жатқанда, Бұқар жыраудың жоқтағаны:

Қайырусыз жылқы бақтырған  ханым-ай,

Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай!

Үш жүздің баласынан үш кісі айтсам,

Қалар да ма екен жаның-ай![2,23].

       ІІ бөлімінде батырлар әңгімесіндегі қазақтағы батырлар әңгімесі ескі заманнан басталады дей отыра қазақ елінің ескілігін тек қана қазақтікі емес, түгел түркі халқының ескілігі деп қарауға болады дегенді барынша аша түседі. Бұл бөлімдегі батырлық әңгімелер «ұлы батырлар әңгімесі» («Едіге»,«Қобыланды батыр»,  «Ер Тарғын»,«Ер Сайын»,  «Нәрікұлы Шора»), «кіші батырлар әңгімесі» («Қамбар батыр», «Алпамыс батыр») деп  бөлініп талданады [2, 57].  «Ұлы батырлар – туысы бөлек, орны басқа, ел қиялындағы бағасы жоғары болған, ел іргесін бермейтін елдің ұлы, қамқоры. Кіші батырлар – бұлар азғындаған батырлар яғни халықтың тіршілігі тыныштық дәуіріне ауысқан кезде шыққан батырлар» [3,165]. «М.Әуезовтің қаһармандық жырдағы бас кейіпкерлерді «ұлы батыр», «кіші батыр» деп атауын сол кездегі ғалымдар да ара-тұра пайдаланған» [4].

  Бұл жырлардың желісін о баста кім шығарғанын табу мүлде мүмкін емес. Барлық жырда да оны шығарған жыршының аты аталмайды. Тіпті орыс эпосындағыдай «Әулие баян» деген тәрізді атау да жок. Беймағлұм жыршының атынан баяндалатын эпикалык жырдың стилі ғасырлар бойына өзгермеген. [5,34].

       ІІІ бөлім. Ел поэмалары. Еңбекке енгізілген «Қозы Көрпеш –Баян сұлу», «Қыз Жібек» әңгімесі қазақ халқының ел поэмасына қосылатын үлкен екі әңгіме болып табылады.

      «Козы Көрпеш — Баян сұлу» дастаны қазақтың ғашықтық жырлары ішіндегі ертеректен келе жатқан және қазақ арасына өте көп жайылған турі. Бұл жыр «Кыз Жібек» хикаясы сняқты тек қазақтың өз тумасы ғана емес, мұның әңгімесі қазақтан басқа елдерде де бар. «Козы Көрпеш — Баян сұлу» әңгімесінің бір түрі орыс тілінде 1812 жылы Қазанда басылып шыққан. Барабин татарларының және қазақ арасында айтылатын нұсқасын Радлов жазып алып, бастырған. Ойрат тілінде «Қозын Еркеш» дейтін жыр бар. Солардың бәрі де «Козы Көрпеш — Баян сұлу» жырының өзіне меншіктейді. Қазақ арасында бұл жырдың 16 түрлі нұсқасы бар. Көп заманалар бойында көп акындар жырлағандықтан осындай әлденеше варианттар пайда болуы фольклор көлемінде заңдысаналады. Бізге мәлім болған «Козы Көрпеш — Баян сұлу» жырларының кейбір варианты ертедегі заманның өзіне байланысты айтылса, енді біреулері бергі XVIII-XIX ғасырда өңделіп жаңғырған.  Кейде «ноғайлы» деген ескі атаулары жойылып, оның орнына Кіші жүздің Шеркеш руы, не Орта жүздің «Бағаналы» (Найман) руларының аттары аталады. Бірақ, бұл нұсқалардың кай-қайсысын алсаңыз да, алғашқы сюжет алысы  – біреу. Әр дәуірдің, әр жердің ақындары өз ортасындағы тыңдаушыларының ыңғайына тартқанымен, оның негізгі мазмұны, оқиға желісі бір арнаға саяды [6,50].

      ІҮ бөлім.Тарихи өлеңдер:«Кенесары– Наурызбай», «Исатай – Махамбет», «Бекет». «Кенесары – Наурызбай» әңгімесінен қысқаша үзінді келтірейік. Кене мен Наурызбай бастаған қол қырғыз бен соғыс үстінде Кәрібоз қырғыз бен Кене дау айтысады:

«Ей, Наурызбай ер төрем,

Қарайып жүрмін қаныма, о

Ызақорлық көрсетіп

Қатты батты жаныма...» [2,150].

      Ү бөлім. Ертегілер. Бұл бөлімде жазушы ертегілерге жалпылама тоқталып кетеді. Ертегі дегеннің мазмұнын ашып, оның қандай түрлері болатынын,  өмірде болмайтын қияли, немесе шындық өмірге араласатын адамнан бөлек істер істейтін әрекеттерден туған әңгімелердің бертін келе, адам ақылы есейе түсіп жалғасы ертегіге үлесетінін айтады да, тек қана «Құла мерген», «Еділ –Жайық» ертегілеріне қысқаша тоқталып кетеді.  Әуезов өте талғампаз жазушы болғандықтан, әр шығармасын эстетикалық тұрғыдан талдап отырады. Ол мақал – мәтелдерге аса мән берген кісі болған. Сондықтан ертегілерінде көптеген тақырыпқа сай мақалдар кездесіп отырады. Ол сол мақалдардың астын сызып, талдап отырған. Мысал ретінде соған сәйкес оның ертегілерінде кездесетін мақал-мәтелдеріне тоқталайық: «Жақсылық, жамандық жолдас болған» ертегісінен - «Ай десе, аузы жоқ; күн десе, көзі жоқ»,  «Жақсылық патша болады, жамандықты қасқыр, түлкі, жолбарыс жеп қояды»; «Дудар қыз», ертегісінен – «Әлім қылып пісірді, арса қылып түсірді», «Жүректе» жерден жұлымдай түтін шығады», «Барша мұрат баласына жетті» [6.24].

     ҮІ бөлім. Айтыс өлеңдер. Қазақ халқының айтыс өнері дамыған жанрлардың бірі деп айтуға болады. Айтыс өнері - қазақ халқының асыл мұраларының бірі. Айтыс сөздерінің молдығы мен көп жайылғандығына қарасақ, қазақ елі ақындық теңізі сияқты көрінеді. Елдің айтыс өлеңдерін қатты қадірлеген айтыскер ақындар: Сара, Шөже, Тоғжан, Жанақ, Біржан сияқтылар қазақ халқына, ел арасына тегіс жайылған.

Мұрат пен Жантолы айтысынан үзінді:

Мұрат:      Жантолы жас күніңнен болдың телі,

                    Қыдыртқан жігіттікті тентек желі,

                    Көп айдың көрмегелі болды жүзі

                   Жантолы үйіңнен шық көріскелі.

Жантолы: Құда-еке жас күніңнен болдың телі,

                    Қыдыртқан жігіттікті тентек желі,

                    Көп айдың көрмегелі болды жүзі

                   Асықпай атыңнан түс сөйлеселі [2,184].

   ҮІІ бөлім. Билер айтысы.Зар заман ақындары. Халыққтың зарын, мұңын ханға жеткізушілер болды. Мысалы,  Асан Қайғы Абылай ханмен тұстас өмір сүрмеген. Алайда сол кезде Абылай ханмен біршама уақыт өмір сүрген адам сияқты, халықтың қиын кезеңін көзімен көріп, басқа елге бағынышты болуға жақындап қалғанын сезіп Абылайға:

«Мұнан соң қилы-қилы заман болар,

Заман азып, заң тозып жаман болар

Қарағайдың басына шортан шығып,

Балалардың дәурені тамам болар.

Ол күнде қарындастан қайырым кетер,

Ханнан күш, қарағайдан шайыр кетер.

Ұлы қызың орысқа бодан болып,

      Қайран ел, есіл жұртым сонда не етер» [2,199]деп өкпесін білдіреді. Еңбекке көз жүгірткен кезде, менің ойыма мынадай сұрақ түсті. Жазушы неліктен айтыc өлеңдері мен билер айтысыy жеке тарау етіп алды екен? Ал тарихи өлеңдерді батырлар әңгімесінің жалғасы ретінде қарастыру мүмкін болмады ма?  Осыны толық түсініп жету үшін, сол бөлімдерді оқып олардың арасындағы айырмашылықты байқадым. Батырлар әңгімесі Абылай хан тұсындағы жаугершілік замандағы батырлардың ерлігін, елдігін тікелей әңгіме етіп баяндайды. Олардың өміріндегі өзгерістер, сол замандағы батырлардың, хандардың тумысынан бастап, өмір жолындағы істеген іс – әрекеттері, батырлығы жайында әңгімелейді. Тарихи өлеңдер де дәл сол Абылай заманынан басталған заман көрінісін суреттейді. Алайда, халықтың басынан кешкен қиыншылықтары, жаугершіліктері, хандар мен батырлардың өмір салтын, олардың ерліктерін өлең жолдарымен жеткізеді. Осы екеуі де сол кездегі заман көрінісін бақылаушы ретінде, олар туралы мәлімет береді.

       Зерттеуші М.Әуезов олардың айырмашылығын ғылыми тұрғыдан былай түсіндіреді: «Тарихи жырлардың батырлық эпостан жанрлық айырмашылығы бар. Яғни тарихи жырларда эпостық баяндауға тән объективтік сарынның орнын оқиғаларды тікелей қабылдаған автордың әсері араласқан субъктивтік баға басады» [3, 76]. «Зар заман» ақындары жоғарыда айтып өткендей ол да дәл батырлар әңгімесі мен тарихи өлеңдер дәуірімен қатар уақытта болып өткен оқиғаларды жырлайды. Олар халықтың мұңын, өкпе – ренішін ашық түрде жеткізеді. Кейде халықты аяп, оларға жанашырлық танытса, кейде оларды сынға алып қарсы пікірлер де айтады. Алайда солай болғанның өзінде олар қашанда халық мұддесін қорғаған ақындар болды. Олардың жоғарыдағылардан ерекшелігі: олар өз атынан сөйлемейді. Жазылған өлеңдері бір адам авторлығымен жазылса да, ол көпшіліктің ой – пікірін қамтиды. Яғни олар халық атынан сөйлейді. Халықтың мұң – зарын өлеңге айналдырып жырлайды. 

       Әрине,  бұлайша жіктеу мейлінше  шартты екенін автордың өзі де айтқан:  «Қазақ ескілігін тексерген тұңғыш қызметте біздің көздеген мақсатымыз, әуелі қазақ елінің өз қанынан туып, өз сүтімен өскен ескіліктің ұлы денесін тұрғызып алмақшы болдық»[4].

      Аталған еңбектің бөлімдеріне зер салып көз жүгіртетін болсақ олардың кейбіреулеріне терең тоқталып өтілмеген. Олар: ертегі және айтыс өлеңдер. Менің пайымдауымша бұл жанрлардың түгел қамтылмаған себебі: олар халық ауыз әдебиетінің өте ауқымы кең ең бір мол саласына жатады, сондықтан оларды жинап түгел қамту мүмкіндігі болмаған секілді.

 

 

                                       Пайдаланылған әдебиеттер

1.     Әуезов М. Әдебиет тарихы. Ташкент-Қызылорда. 1927.

2.      Әуезов М. Әдебиет тарихы. –Алматы. –1991

3.     Молдаханов Ә. Мұхтар Әуезов – фольклортанушы. –Алматы. –1997.

4.     Әуезов М.  Әдебиет туралы. О литературе.  – Алматы.– 1997.

5.     Қазақ әдебиеті тарихы. Т1.– А,1948.

6.     Бердібай Р. Эпос – ел қазынасы. –А.– 1995.