Мырзаханова
Н.Р., Көбесова А.С.
М.Х.Дулати
атындағы Тараз мемлекеттік университеті, Қазақстан
ТҮРКІ ӘЛЕМІНДЕГІ ТҮРКЕШ ҚАҒАНАТЫНЫҢ
ТАРИХИ ОРНЫ
Еуразия
даласының ұлан-ғайыр жері әлі де болса зерттелу
үстінде. Әсіресе Орталық Азия далаларын мекен еткен ғұндар
мен түріктердің тағдыр талайы қандай әрқилы
болса, олардың тұрмыс
тіршілігі де, саясаты мен әлем
тарихынан алатын орны да әрқилы болған. Түрік
мемлекетінің құрылуы бүкіл адамзат тарихында белгілі
дәрежеде бетбұрыс кезеңі болды.
Орыс
тарихшыларынан алғашқылардың бірі болып Л.Н.Гумилев
түркештер туралы жан-жақты мағлұмат жинақтап,
талай жаңалықтардың бетін ашып, дүниенің
төрт жағын бірдей жайлаған жер кіндігі Орта Азия мен
Византия, Персия, Үндістан, Қытай елімен қосатын шын
мәнінде Шығыс пен батыс тоғысатын түркі әлеміне
тәнті болды [1].
1903 жылы француз тарихшысы Шаванне «Батыс Түрік
жөніндегі материалдар» атты кітабында Түркештер туралы
алғашқы мәліметтерді айтқан болатын. Шаванне бұл
еңбегін негізінен қытай жазба деректеріне және батыстық
зерттеу еңбектеріне сүйеніп жазды. Ал, В.В.Бартольд «Орта
Азиядағы түрік халықтарының тарихына арналған 12
лекция» және «Жетісу тарихының очерктері» қатарлы
еңбектерінде ішінара болса да түркештер туралы қалам
тартқандардың бірі болды деуге болады. Н.Я.Бичуриннің
«Собрание сведений о народах обитавших в Средней Азии в древние времена» деген
еңбегінде Түркеш қағандары мен оның үлкен -
кіші ордаларының орналасу жағдайлары жөнінде өз ой - топшылауларын
айтқаны байқалады [2].
Түркеш
қағанатының тарихы әлі де жүйелі түрде зерттеле
қойған жоқ. Академик
Әлкей Марғұлан мен
Мұсатай Ақынжанов
бастаған атақты
ғалымдардың еңбектері қазіргі таңда
өз жалғасын табуда. Өткен ғасырдың
80-жылдарыңда Қытайдағы Нығмет Мыңжан,
Жақып Мырзахан бастаған қазақ тарихшылары
түркештер туралы көлемді зерттеулер жүргізіп,
қазақ халқын құраған
ру-ұлыстарға ұйытқы болған алғашқы,
дербес этностық одақ ретінде қарастыра бастады.
Бүгінгі таңда Әлімғазы
Дәулетхан Түркеш қағанатын зерттеуде, алғаш
оның өмір сүрген тарихи кезеңдерін нақтылай
түсумен бастайды. Бұл біздің заманымыздың 692-766
жылдар аралығын қамтыған
деген дәйектер келтіре отырып, Түркеш қағанатының
құрылуының алғышарттарын, оның
қарсаңындағы Орталық Азиядағы геосаяси
жағдайларды, Түркеш қағанатының қалыптасу
ерекшеліктерін және оның этникалық құрамы мен этноаумағын өзара тығыз
байланыста және жүйелі түрде қарастырды [3].
Сонымен қатар, Түркештер туралы
алғашқы деректер Күлтегін үлкен және кіші
құлпытастарында,Тоныкөк ескерткіштерінде, қытай жазба
деректерінде көп жазылған. Әсіресе Қытай елінің
«Жаңа таң кітабында» Батыс түрік қағанатынан
кейін биліктің түркештердің қолдарына өтуі
әлем тарихындағы орнын көрсете отырып, Түркештердің
өз ұлыстарын біріктіріп, басқару жүйесін
қалыптастырды. Ал «Күлтегін» үлкен жазуында «Түркеш қағаны
түркіміз, өз халқымнан еді. Білместігі үшін, бізге
жауыздығы үшін қағаны өлді, әміршілері,
бектері және өлді, он оқ халқы азап көрді»,-деп
жазылған. «Тоныкөк» ескерткішінде жарыс даласында түркештер
Тоныкөк әскеріне қарсы «Өртше жанып келді,
соғыстық. Бізден екі үш есе артық еді.
Тәңірі жарылқағандықтан, көп деп біз
қорықпадық. Соғыстық... Жеңдік.
Қағанын тұтқындадық. Жабғысын, Шадын сонда
өлтірдік»,- деп анық жазылған [4].
Түркештер Іле мен Шу өзені аралығында,
Іле Алатауынан Балқаш көлінің оңтүстігіне дейінгі
өңірде көшіп-қонып жүрген.
Түркештердің алғашқы қағаны Үшлік
орданы екіге бөліп басты орталығын Суяб қаласы оны Ұлы
орда деп атап, Іле аңғарындағы
Күңгірт(Қойлық) қаласында тұрған. Бұл өлке мал шаруашылығына
қолайлы, құнарлы өріс-қоныс болды. Сонымен
қатар отырықшы егіншілік ошағы, біршама көркейген
қалалары бар бай өлке еді. Шығыс пен Батыс арасындағы
сауда-керуен жолының осы өңірді басып өтетін басты
бөлігі түркештердің бақылауында болды. Бұл
жағдай түркештердің әскери-саяси және шаруашылық
қуатын арттыра түсті.
Батыс түрік қағандығындағы
бес арыс ел дулаттың белді тайпасы. Түркештер- ежелгі үйсін, дулат
ұлысының ұрпағы. Шежіре деректерінде "сары
үйсін" деп аталады. Ұлы жүздердің шежіресінде
албан тайпасының ішінде сары үйсіндер бар. Ал қаңлы
шежіресінде түрке деген ру аты бар. Осы деректерге сүйене отырып ой
тұжырымдайтын болсақ түргештердің тарихы біздің
заманымызға дейінгі ІІ ғасырдан бастау алды деп ойлаймыз.
Шығыс пен батысты байланыстырған, Ұлы жібек жолы арқылы
көрші елдермен қарым-қатынас жасай отырып түргештер 704-766
жылдары өздерінің әлеуметтік-экономикалық, саяси
жағдайларын тұрақтандыра түсті. Оның дәлелі
ретінде, Түркеш қағанатының арабтармен бірігіп
қытай әскерін талқандауы.
VІІ-VІII ғасырларда Орталық Азияның тарихында
түркі тайпаларының өз-өздерімен соғысып,
жеңген мемлекеттер жеке-жеке бөлініп кетіп әлсіреп
тұрған кезі еді, міне осындай сәтті пайдаланғысы келген
Қытайдағы билік етіп отырған Таң империясы
Жетісудың кейбір аймақтарын басып алған. Бірақ шекарасының
кеңеюі өте мықты қарқынмен дамып жатқан
Умәуи халифатының орнына келген, Аббаси халифатының
алғашқы ірі жетістіктерінің бірі 751 жылғы Атлах
шайқасы [5].
Бұл шайқас бүкіл Орталық
Азияның тарихи, мәдени және саяси картасын өте
қатты өзгерістерге ұшыратуға себеп болды.
Түркешті
айбынды Сұлу қаған
билегенде, қытайлар оны
"он төрт
тайпа" қағаны,
Қара Білте қаған деп
мойындаған еді. Ал арабтар Түркеш қағаны Сұлуды
Абу Музахим мағынасы- сүзеген, ұрғыш деп атаған.
Өйткені Соғдыда арабтарға қауіпті қарсылас
бірден-бір Сұлу болды. Он немесе он төрт, тіпті 21тайпадан
құралды делінген. Сұлу аз уақыттың ішінде
шаңырағы шайқала бастаған Түркеш
қағандығын қалпына келтірумен бірге екі майданда бірдей
соғысты. Оның бірі батыстағы мықты жауы арабтар.
Арабтарға қарсы күрескен жергілікті халықтың
көмегіне сүйеніп оларды Мауреннахрдан қуып шықты. Ал
екінші майдан қытай тарапынан шықты. Түркеш
қағандығының халқы тегі жағынан
түрік, тілі жағынан алтай-түрік тілі тобында сөйлеген,
кейінгі қазақ хандығын құраған ру-ұлыстарды
негіз еткен түріктер екендігін дәлелдеуге керекті тарихи деректер
қолымызда баршылық.
Тарихтан белгілі
болғанындай, түркештер қағанат құрып,
өз алдына ел болуға қанша талпынғанымен,
ҮІІ-ҮШ ғасырдағы қалыптасқан
әскери-геосаяси жағдай мүмкіндік бермеді. Солай болса да
қағандыққа тірек болған "он оқ
бұдун" елі мен жерінің тәуелсіздігі үшін қан
кеше арпалысып жүріп, даңқты Сұлу қаған
тұсыңда төрт тарапына сыйлы, айбарлы қағанат
ретінде мойындалғаны да шындық. Дәл осы дәуірде,
кейінгі Қарлұқ-Қарақан мемлекетін дүниеге
келтірген күллі этникалық заттық, мәдени, тіпті
аумақтық тұтастық алғы шарттары жасалды деуге
болады.
Қорытып
айтқанда, сонау ҮІІ-ҮІІІ ғасырларда "он оқ
еліне" ұйытқы болып, айбынды қағанат
құрған түркештер XIV ғасырда қасиетті
қазақ жерінде қазақ хандығын
құрған ұлыстардың бірі.
Алайда, тарихтың тағлымы
бүгін мен болашаққа қызмет етеді. Осыдан мың
жарым жылдай бұрын тас ұстынға өшпестей болып қашалған Күлтегін
жазбаларындағы тұжырымды ойлардың қазіргі
Қазақстан жұртшылығының
да арман-мұраттарымен үндес естілетіні қайран
қалдырады. Күлтегін ел мүддесінің
тұтастығын, мемлекеттің қауіпсіздігін, туған
жердің бөлшекітенбеуін, болашақ ұрпаққа өсиет етеді.
Әдебиет
1. Гумилев Л.Н. Көне түріктер. Алматы 1994. 356б
2. Аманжолов К.Р. Түркі халықтарының тарихы. 1- кітап. –
Алматы: «Білім» 2002.-125-134бб.
3. Дәулетхан Ә. Түркештердің этникалық
құрамы және этноаумағының қалыптасуы. //
Отан тарихы. №4 2012ж. 124-131бб.
4. Салғараұлы Қ. Күлтегін мен Білге қаған.
// Егемен Қазақстан. 2001ж. 18 мамыр.
5. Әбілдәұлы
Б.Талас. Айша Бибі. Қарахан.-Алматы: «Санат»,2002.58б.