Педагогические науки/3.Методические основы воспитательного про­цесса

 

Деметбаева Ж.К.

Қазақстан Республикасы, Тараз қаласы, №43 орта мектеп

 

Өзін-өзі тану пәнінің қоғамда алатын орны

 

Адамзаттың ақыл-ойы мен әлем өркениеті дамыған сайын білім жүйесіне жаңа талаптар қойылып келеді. Оқу үдерісін ізгілендіру жаңа ғасырдағы білім беру саласының маңызды міндеттерінің бірі болып отыр. Қоғам дамуының осы бір маңызды межесінде балаларымыздың табиғи мүмкіндіктерін ояту, қоршаған ортамен үйлесімді өмір сүру, өзін-өзі тану арқылы барша адамзатқа мейіріммен қарап, рухани бай болуы, яғни жаңа замандағы Абай атамыз насихаттаған «толық адамның» негізгі бейнесіне айналуы тиіс. Ұстаз шәкіртінің білімін шыңдаушы, білімнің биігіне қанат қағып, талай асуларды бағындыру жолындағы демеушісі әрі қолдаушысы екені бәрімізге аян. Әлемнің екінші ұстазы атанған ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл-Фараби «Адамға ең әуелі білім емес, тәрбие керек, тәрбиесіз білім адамзаттың қас жауы» деген екен. Әрбір адам білім нәріне сусындамас бұрын тәлім-тәрбиеден өтеді. Ұстаздың ұлағаты шәкіртіне білім нұрын төкпей тұрып санасына сан қырлы сәуле құюы да баба сөзінің салмағы болар [6].

Білім беру үрдісінде адамның үйлесімді даму міндеті тек әлемдік және ұлттық мәдениеттің үлгілерін құндылықты меңгеру арқылы ғана шешілетіні анық, өйткені тұлғаның бойында дүние танымдық және мінез-құлықтық бағдарламалардың қалыптасуы білім беру сапалы болғандығын білдіреді.

Қазіргі таңда осы мәселе, яғни келешек ұрпақтың адамгершілік рухани құндылықтарын дамыту арқылы білім беру мәселесі алға қойылып отыр.

Жаңа ғасыр толқыны әкелген жаңалықтарға сәйкес қазіргі заманда адамның тұлғалық дамуына баса назар аударылып, жас жеткіншектерге берілетін білім негіздері олардың жеке даралық қабілеттерін жетілдіруге қызмет етеді. Әр баланың ішкі мүмкіндігі мен өзіндік қарымын дамытуға әсер ететін рухани адамгершілік қағидалары жеке тұлғаның өзін-өзі дамытуының, өзін-өзі жүзеге асыруының аса қажетті шарты болып табылады.

Еліміздің бірінші ханымы Сара Алпысқызының бастамасымен барлық оқу орындарында «Өзін-өзі тану» пәні енгізілді. Бұл пән отандық білім беру ісіндегі рухани-адамгершілік құндылықтарды насихаттауға, оқушының жеке тұлғалық әлеуетін кеңінен ашуға, әлем мен адамның өзара үйлесімді өмір сүруіне және болашақ ұрпақтың жан-жақты дамуына көмектесетін бірден бір оқу бағдарламасы болмақ.

«Өзін-өзі тану» білім беру бағдарламасы даналықтың шы­ңы, ол – адамның өзін-өзі тануы, бақыт пен өмірлік табысқа жету үшін өзінің шексіз мүмкін­дік­те­рін аша алуы. Осы орайда, жас ұрпақтың рухани мәдениетін арт­тырып, көркемдік әлемін байытуда, дүниетанымын қа­лып­тастырып, салауаттылыққа тәр­биелеуде «Өзін-өзі тану» пәнінің орны ерекше. «Өзін-өзі тану» бағдарламасының негізгі мақ­саты – адамның қоршаған ортаны біліп, өзінің ішкі жан дү­ниесіне үңіліп, өзін-өзі бас­қару негізінде адамгершілік-рухани әлеуетін көтеру. Жеке тұл­ғаның бойына имандылық нұ­рын ұялатуда бұл пәннің мәні ерекше зор. Өйткені, бұл – кіріктірілген бағдарлама [3].

Бұл пән жеке тұлғаның өзін-өзі тануына және рухани баюына әсер ете отырып, әрбір тұлғаның жақсы жаққа өзгеруіне мүмкіндік береді. Сонымен қа­тар, ол жеке тұлға ретінде өзін-өзі тануға және өмір­лік ұстанымын, дүниета­ным­дық дең­гейін анықтайтын құн­ды­лықтар сапасына ие бо­лу­ға ба­ғыт-бағдар береді. Адамгершілік-рухани тұрғыдан дәріс алған балалар өмірлік маңызды құн­дылықтар жүйесін зерделейді, рухани және материалдық ар­а­қатынас мә­селесін пайымдай отырып өзіндік көзқарастарын шыңдай түседі.

«Өзін-өзі тану» пәнінде білім беру процесін ұйымдастыруда пайдаланылатын әдістемелік тәсілдердің бірі «Ойын», «Жаттығу». Бұл әдістемелік тәсіл ашық алаңда өткізіліп, балалардың емін-еркін әрекет етіп, топта жақсы көңіл күй туғызатын, жаңадан өтіп жатқан материалдар бойынша игерген түсініктері мен іскерліктерін бекітуге арналған әдіс. Ойын әрекеттері мен жаттығулар жүргізу арқылы баланың жеке тәжірибесі негізінде оқу материалының мазмұны жүзеге асырылады. Балалардың ойын әрекеті қашан да олардың арасында белгілі бір өзара қарым-қатынастың пайда болуы және дамуымен байланысты. Ойында әр баланың ұстанымы белсенді болады: ол өзі ойнағысы келгенде және ойынға қызыққанда ойнайды, ойнауға керек жолдасты белсене іздейді, олармен белгілі қарым-қатынаста болады. Балалар ойынды өздері ойлап табады, ұйымдасады, өздері ойнайтын топ құрады, олардың құрамын да өздері өзгертеді. Балалар ұжымдық ойнау кезінде топтасады, сөйтіп олардың арасында жолдастық қатынастар қалыптасады. Мұндай ойындар мен жаттығулар, қызығы да құпиясы мол танымдық ойын тапсырмалар арқылы балалардың танымдық қызығушылықтары артады, ізденгіштікке, тапқырлық пен алғырлыққа, ұшқыр ойлай білуге, табандылыққа үйретеді, құрбыларымен жағымды қарым-қатынас жасау дағдыларын меңгертеді. Сондай-ақ ой-өрісті кеңейтіп, балалардың зерделі тынығуларына мүмкіндік береді [5].

Жалпы педагогикалық процесте ойын, оқу, тәрбие жұмыстарының құрамы ретінде кең пайдаланылады. Ойын баланың дүниетанымын кеңейтумен қоса, мектеп жасындағы баланың жеке басының дамуына игі ықпалын тигізетін жетекші құрал.

Бала ойын арқылы өзінің күш-жігерін жаттықтырады, қоршаған орта мен құбылыстардың ақиқат сырын ұғынып, еңбек дағдысына үйрене бастайды. Атақты педагог А.А. Макаренко бұл туралы: «Баланың өмірінде ойынның маңызы зор. Үлкендер үшін жұмыстың, қызметтің маңызы қандай болса, балалар үшін ойынның маңызы да сондай. Бала ойында қандай болса, ол ержеткенде жұмысқа да сондай болады. Сондықтан жас бүлдіршін, болашақ қайраткерлердің тәрбие жолы, тәлімдік өнегесі ең алдымен ойын түрінде жүргізіледі», - деген.

Баланың бірінші әрекеті - ойын, сондықтан да оның мәнісі ерекше болмақ. Ойын -адамның өмірге қадам басардағы алғашқы қадамы. Халқымыздың ұлы данышпан ойшылы Абай Құнанбаев «Ойын ойнап, ән салмай, өсер бала болар ма?» деп айтқандай, баланың өмірінде ойын ерекше орын алады. Жас баланың өмірді тануы, еңбекке қатынасы, психологиялық ерекшеліктері осы ойын үстінде қалыптасады. Қай ғалымды алмайық өздерінің ойын туралы еңбектерінде: «Ойын - баланың жетекші әрекеті» деген сипаттама береді, өйткені ойын баланы ақыл-ой жағынан да, дене жағынан да алға жетелеп дамытады, баланың ой-өрісін өрбітіп бойын өсіреді: ойында шындықтың көрінісі, оның бейнелі сәулесі қылаң береді. Яғни ойынның қай түріне болмасын зер салып, ой жүгіртіп қарар болсақ, одан мәнді де мағыналы істер туындап өрбитіні байқалады. Өйткені алдымен ненің болсын бастар қайнар көзі болатын белгілі, демек ойынды бар өнердің бастауы деп білеміз. Ойын үстінде бала өзін еркін ұстайды, ал еркіндік дегеніміз барлық дамудың баспалдағы. Ойын көп жоспарлы, күрделі педагогикалық процесс болғандықтан кіші мектеп жасындағы балаларды оқытудағы ойындық әдіс болып табылатын оқыту формасы балаларды жан-жақты тәрбиелеудегі негізгі құрал. Сонымен бірге, ойын балалардың психологиялық жағдайларын жақсартады: көңіл аударғыштығын, байқағыштығын және мейірімділікке, кішіпейілділікке үйретеді [1].

Ойын – бір жағынан баланы бірден қуанышқа бөлесе, екінші жағынан ойын әрқашан болашаққа бағытталған, өйткені ойын барысында келешек өміріне ықпал ететін рухани адамгершілік сезім, қасиеттер мен дағдылар, икем қалыптасады. Сонымен бала өмірінен маңызды орын алатын оқытудың бір түрі-ойын, жаттығулар екені анық.

Ежелден дана халқымыз «Бала – бауыр етім» деп, өскелең ұрпақтың көңілі рухты, жаны пәк, таза болғанын армандайтын. Атаның қанымен, ананың сүтімен бойға біткен қасиетті дарытатын орта болады. Ол ең біріншіден отбасы, екіншіден мектеп негізінде жалпы қоғам. Сондықтан осындай ортаны құру біздің парызымыз, біздің міндетіміз. Біздер 21-ғасырда, яғни адам санасының шарықтап дамыған, ал техниканың барынша жетілген уақытында өмір сүру мүмкіндігін алып отырмыз. Бұл бізден осы заманның сұранысы мен талабына сай білімді, мәдениетті, сонымен қатар рухани бай болуды қажет етеді. Сондықтан да, осы өзгермелі заманның түрлі өзгерістерімен тең басатын тұлғаны қалыптастыру бүгінгі таңдағы барлық саналы адамдардың өмірінің, еңбегінің басты өзекті мақсаты болуы керек.

Баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуы мен дамуы өзін-өзі тани білген жағдайда ғана жүзеге аспақшы. Осы орайда көптеген жылдар бойы аналық жүрек жылуын бала өміріне еңбек ету жолына арнап келе жатқан Сара Алпысқызының авторлығымен енгізілген «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының маңызы өте зор, сырлы әлемге толы дүние. «Өзін-өзі тану » пәні балабақша тәрбиеленушілері, оқушылар мен студенттердің өздерін қоғамның бір бөлігі ретінде сезіне білуіне және өз ұлтының рухани-адамгершілік құндылықтары негізінде өзінің орнын білу дағдыларын қалыптастыру мақсатында жүргізіліп отырған тәрбие сабағы.

«Өзін-өзі тану» бағдарламасының негізгі мақсаты – адамның қоршаған ортаны біліп, өзінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, өзін-өзі басқару негізінде адамгершілік-рухани әлеуетті көтеру. Сол себепті қазіргі ұрпақ тәрбиесіндегі басты мәселе тұлғаны адамгершілік-рухани тұрғыдан дамыту, ар-ұятымызды молайтып, адамгершілік қасиеттерімізді жетілдіру арқылы ізгілікке, инабаттылыққа, парасаттылыққа үйрету. «Өзін-өзі тану» бағдарламасының басқа бағдарламалардан айырмашылығы Қазақстанның білім беру жүйесінде педагогтарды жеке тұлға тәрбиесін ізгілендіруге бағыттап, өскелең ұрпақтың өзіндік «менін» қалыптастыруды көздеуінде болып отыр [2].

«Өзін-өзі тану» курсы арқылы жан-жақты дамыған, рухани адамгершілігі мол, бір-біріне сүйіспеншілікпен, құрметпен қарайтын, өмір сүруге деген құштарлығы жоғары жеке тұлға тәрбиелей аламыз.

Дана халқымыз «Ағаш түзу өсу үшін оған көшет кезінде көмектесуге болады, ал үлкен ағаш болғанда оны түзете алмайсың» деп бекер айтпаған. Сондықтан баланың бойына жастайынан ізгілік, мейірімділік, қайырымдылық, яғни адамгершілік құнды қасиеттерді сіңіріп, өз-өзіне сенімділікті тәрбиелеуде педагогтар шешуші рөл атқарады.
Ұрпақ тағдыры – ұлт тағдыры демекші, ұлттың болашағы - оның білімді, талантты, адамгершілік асыл қасиеттерді бойына сіңірген тәрбиелі ұрпақтың қолында. Рухы күшті ұлт озады. Бұл тұрғыдан алғанда жас ұрпақтың рухани мәдениетін арттырып, көркемдік әлемін байытуда, дүниетанымын қалыптастыруда «Өзін-өзі тану» адамгершілік-рухани білім беру бағдарламасының орны ерекше. Осы жобаның авторы Сара Алпысқызы «Өмір әдебі» деп аталатын еңбегінде «Ғасырлар бойы әр елдің халықтары осы біз кімбіз, не үшін өмір сүріп, қайда кетеміз, өміріміздің мағынасы неде, басты адами бағдарымыз қандай болуы тиіс?» деген сауалдар төңірегінде іздене отырып , «тіршіліктің осынау мәңгілік сұрақтарына жауап беру үшін жалпыадамзаттық құндылықтарды қайта жандандырып, өзіміздің бастапқы қайнар көзімізге оралу керектігіне бір сәт те күмәнданбайтындығын» айтады [4].

Бүгінгі күнгі мектептің басты мақсаты және негізгі міндеті адамзаттық құндылықтары толысқан, мәдениетті, білімді, шығармашылықпен айналысуға қалыптасқан, алдына мақсат қоя білетін және сол мақсатқа жету жолында табандылық көрсететін белсенді тұлға қалыптастыру.

Осы орайда «Өзін-өзі тану» пәні жоғарыда біз айтқан адами асыл қасиеттерге
жетелейтін, олардың таным деңгейіне әсерлі ықпал ететін, адамның қымбат та,
жұмбақ та нәрсесі – ішкі рухани дүниесін байытатын аса құнды дүние.

Қорытындылай келе «Өзін-өзі тану» сабақтарында баланың адамгершілік сезімдері, эмоциялары, өзара қарым-қатынас туралы түсініктері кеңейеді. Балалар үлкендермен және құрбыластарымен жағымды қарым-қатынас жасау мәдениетіне қол жеткізеді, адамгершілік құндылықтар мен адами қасиеттердің мәнін терең түсінеді, оның Отанына, отбасына, жақын адамдарына, қоршаған табиғатқа, жалпы өмірге деген сүйіспеншіліктері артады.

Сонымен бірге бала тәрбиесінде мектеп пен ата-ана арасындағы ынтымақтастық, тығыз байланыс орнатуда да бұл пән үлкен рөл атқарады. Себебі, ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық құндылықтарды үйрету – ата-ананың да басты міндеті. Сондықтан әрбір ата-ана қолына «Өзін-өзі тану» оқулығын алып, онда айтылған тағылымдар мен өнегелі ой-ұғымдарды балаларының оқып үйренуіне ықпал етулері тиіс.

Ал ұстаз өз кезегінде халқымыздың рухани - интеллектуалды мұраларын, мәдени құндылықтарды жаңғыртып, тәрбиеге ұлттық сипат беруге ұмтылуы тиіс. Нағыз ұстаз бейнесін Әбунасыр Әл-Фараби сөзімен түйіндесек: «Ұстаздық мінез-құлық нормасы мынадай болуға тиіс: ол тым қатал болмауға да тиіс, тым ырыққа да жығыла бермеуі керек, өйткені тым қаталдық шәкіртті өз ұстазына қарсы қояды, ал тым ырыққа көне беру ұстаздың қадірін кетіреді, оның берген сабағы мен ғылымына шәкірті селқос қарайтын болады. Ұстаз тарапынан барынша ынталылық пен табандылық қажет. Өйткені бұлар, жұрт айтқандай, тамшымен тас тесетін бейнебір су тәрізді».

Рухани мұраға сүйенбеген елдің жұлдызы жанбайды демекші, заман ағымы талап етіп отырған ата-бабаларымыздан қалған әдеби мұраларымызды, халқымыздың өсиетін, өнегесін дәріптеп, дәстүрін, таңғажайып тапқырлығын, олардан қалған ескірмейтін көне сөздерді, мақалдар мен мәтелдерді бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге болатындай, келер ұрпаққа тәлім-тәрбие беретіндей ғасырлар қойнауынан сыр шерткен асыл мұраларымызды білім беруде тиімді қолдану – «Өзін-өзі тану» пәнінің басты міндеті болмақ.

 

Әдебиеттер тізімі:

  1. Н.Р. Аршабеков "Өзін-өзі тану: махаббат пен шығармашылық педагогикасы" халықаралық педагогикалық оқулар материалдары /"Бөбек" ұлттық ғылыми-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы (31 қазан - 1 қараша, 2012 жыл). – Алматы, "Бөбек", - 2-ші басылым. - 2012.
  2. «Өзін -өзі тану» пәнін оқытатын мұғалімдерге арналған әдістемелік нұсқау, Алматы,
    2004 ж.
  3. «Айқын» газеті, №152, 20 тамыз, 2010 ж.
  4. «Өзіндік таным» педагогикалық, танымдық журнал, №3, 2006 ж.
  5. «Мөлдір бұлақ», №4, 2006 ж.
  6. Ғаламтор материалы, http://www.dzpd_uko.shym.kz