Тажибаева Есенкул

Талды жалпы орта білім беру мектебі, Қарағанды облысы Шет ауданы

Үлгерімі төмен оқушылармен психологиялық- педагогикалық жұмыстың ерекшеліктері

 

Оқуға,білім алуға ұмтылуды тудыратын мотивтер балада бірден пайда бола қоймайды.Бастапқыда бұлар өте қарапайым болып келеді. Мәселен,ол оқып-жазғанына,алған бағасының жалпы санына ғана мәз болады.Ата-анасынан қорқып немесе досымен бәсекелесіп жақсы оқуға тырысатын балалар да болады.Баланың жасы өскен сайын,оның оқу мотивтері де мазмұнды өседі.

Мәселен,білімді адамның халқына мол пайда келтіретінін,жұрттың ондай адамдарды құрметтеп сыйлайтынын түсіне бастайды.Оқу әрекетінің психологиялық табиғаты жайында, кейбір оқушылардың не себептен үлгерімі төмен болып,екінші жылға қалып қоятындығы жайында сөз болғанда,төмендегідей себептері анықталды [1, 96 б.].

Үлгермеушілік негізінен екі түрлі себепке байланысты туып отырады. Мәселен,бір жағынан,оқыту тәсілдері мен бағдарламалардың олқылықтары,оқушыға берілетін білім мөлшерінің нақты белгіленбеуінен туса,енді бір жағынан,балалардың өзіндік психологиялық ерекшеліктеріне байланысты (оқуға шамасы келмеу) болып отырады. Соңғы кезде психологиялық тұрғыдан жүргізілген зерттеулер балалардың өзіне байланысты болатын үлгермеушіліктің бес тобын ашып отыр.

Үлгерімі нашар балалардың бірінші тобына мұғалім бақылауынан біраз уақыт шығып қалған оқушылар кіреді (мәселен,5-6 апта бойы ауырып бара алмаған оқушыға мұғалім тарапынан жәрдем көрсетілмесе,оқушыда оқуға деген енжарлық пайда болады).

 Екінші топқа ми ауруларымен ауырған (ақыл-ойы кем) балалар жатады. Осындай балалар тек арнаулы мектептер арқылы білім алуы тиіс. Үшінші топқа туысынан мүкіс еститін,не естуі кейіннен нашарлаған балалар жатады. Мұндай балаларды ақыл-есі кем балалар оқитын мектепке жіберу дұрыс емес [2, 285 б.].

 Нашар еститін балалар өздеріне арнайы ашылған мектептерде ғана оқуы қажет. Түрлі аурулармен ауырып,организімі әлсіреген балалар үлгермейтіндердің төртінші тобын құрайды. Осы топтың балалары санаториялық мектептерде оқыса,оқу бағдарламасын жақсы меңгеріп кете алады. Үлгермеушілердің бесінші тобына нашар мінезді балалар (сотқар,қасарыспа,қыңыр т.б) жатады.

Үлгермеушілердің бірінші,үшінші, төртінші тобындағы балалар жетілдірілген әдістермен оқытылса, олардың оқу керенаулығы жойылып,ақыл-ойының белсенділігі біртіндеп артатын болады.

Балалардың сабаққа үлгермеушілігінің көзін неғұрлым ерте табу, сондай-ақ,оларға қажетті психологиялық шараларды таңдай білу-әр мұғалім ойластыратын негізгі мәселе.Бұл,сонымен бірге педагогика, психология ғылымдарының әлде де болса тәптіштеп зерттей түсетін зор мәнді проблемасы[2, 289 б.].

Бұл жердегі негізгі мақсат терең де тиянақты білім беріп ғана қоймай, »жастарды еңбексүйгіштік,қоғам алдындағы азаматтық жауапкершілік рухында тәрбиелеуде олардың бойында моральдық қасиеттерді қалыптастыруда екендігін есте ұстау керек» (Д.А. Қонаев).

Үлгерімі төмен оқушылардың ақыл- ой параметрі  және жағымды ақыл сапалары қалыптаспаған ,білім қоры аз. Нашар оқудың алдын алу үшін артта қалу мен үлгерімнің төмендеуінің  себептерін анықтау керек.

Нашар оқушылардың кемшіліктері төмендегідей:

1) есеп шартын оқығанда әріп ,буын немесе сөз қалдырып оқу

2)кейбір буындарды сөздерді қайталап немесе ежіктеп оқу.

Мұндай кемшілігі бар оқушыға оқулықтан арнайы тапсырмалар немесе карточкамен жұмыс беріледі. Карточкамен жұмыс оқушыны жалықтырмайды, оқуға деген ынтасын арттырып отырады. Таным әрекетінің нәтижелілігі- ақыл ой әрекетінің даму дәрежесіне байланысты.Оның негізгі компоненттерінің қалыптаспауы үлгерімнің төмен болуының басты себебі болып табылады.

Компоненттердің қайсысы үлгерімнің төмендеуіне негізгі себеп болуына байланысты артта қалу екіге бөлінеді: 1.педагогикалық жағынан назардан тыс қалған балалар; 2.нашар оқитын оқушылар.

Педагогикалық жағынан назардан тыс қалған балалармен жұмыс орындау  нашар оқитындармен салыстырғанда әлдеқайда тиімді болып  табылады[3, 115 б.].

Нашар оқитын оқушылар оқу- тәрбие үрдісінде  көбірек біліктілікті қажет етеді.Бірақ олардың екі түрінде де жұмыстың жалпы бағыты бірдей.

Педагогикалық жағынан назардан тыс қалған балаларды мектепке дейін қолға алу керек. Сабақ үстінде және сабақтан тыс уақытта  зейін мен ырықты, есте сақтауды дамыту қажет.

Балалардың артта қалуы мен нашар оқуын болдырмау және алдын алу  жұмыстары көп уақытты, ынта-жігерді қажет етеді.Осы қиыншылықтардың себебі –баланың ақыл-ой ерекшеліктерінің,ақыл сапаларының қалыптаспағаны, ал бұл ерекшеліктер мидың кейбір органикалық аномалияларымен байланысты, сондықтан олар сыртқы әсерлерге тез көне алмайды.

Ойын балалар үшін күрделі әрекет.Балалар білімді ойын арқылы да ала алады және білімділікке үйренеді.Сондықтан математика сабағындағы ойын арқылы білімін шыңдап ой өрісін кеңейте алады.Баланың жас ерекшелігіне, зейініне сай ұйымдастырылған ойындар баланың ақылын, дүниетанымын кеңейтеді , мінез- құлқын, ерік жігерін қалыптастырады және сабаққа деген қызығушылығын арттырады [3, 159 б.].

Деңгей бойынша сараптау ой еңбегінің  дамуына байланысты саралаудың қазіргі педагогикадағы оң аспектілері мұғалімге нашар оқитын оқушыларға көмектесуге жол ашады.

Оқи алуларына сәйкес топтарға бөлу критерийлері:

1- топ. Нашар  оқитын балалар. Олар  баяу  әрекет етеді,  сыныпқа  ілесе алмайды. Егер  осыларды  есепке  алмасақ, оқуға  деген  қызығушылықтары төмендейді  сыныптастарынан  қалып  қояды.  Бұл  оқушылар  үшін  өткен  материалдардан   тапсырмалар  берілуі  керек  және  тапсырмалардың  көлемі  шағын болуы тиіс.

2-топ . Бұл  топтың  оқушыларына  материалды  естеріне  сақтау  үшін  көп  рет  қайталау  қажет.  Сырттай  олардың  психологиялық  ерекшеліктері  асықпайтындығынан, жоғары эмоционалдығынан,зейінінің төмендегінен және жинақы еместігінен байқалады.Олар үшін жинақтауға берілген тапсырмалар қиын. Бұл оқушыларға берілген   жұмыс  алгоритмін  қолданған  пайдалы. Теорияны жақсы игере отырып, олар практикада қате жіберуі мүмкін.Мұндай оқушыларға әр –әрекетті ауызша түсіндіруді талап ететін тапсырмалар ұсыну маңызды.

3-топ. Бұл топқа қозуы мен тоқтауының тепе -тең үрдісі бар оқушылар кіреді. Олардың  тұрақты  зейіні  бар, жинақтау үрдісін жақсы игерген, үлкен сөздік қоры бар.

Сараланған тапсырмалар –бұл  жаттығулар  жинағы,  оларды  орындау  негізінде балалар  ережелерді  жақсы түсініп,  игереді,  қажетті  дағдыларды  қалыптастырады. Сараланған тапсырмалар  тақтада,  кәртішкеде,  слайдтарда,  таблицаларда  жазылуы мүмкін. Сараланған тапсырмалардың негізгі түрі міндетті тапсырмалар, дағдыны  қалыптастыру үшін оқыған ережені дұрыс қолдануға ықпал етеді; олардың көлемі шектелген болуы керек және әр оқушының шамасы келетін тапсырмалар болуы тиіс.

Оқыту барынша тиімді болу үшін мұғалім әр оқушының әлсіз және күшті жақтарын, кемшілігі мен қол жеткізген табыстарын жақсы білуі қажет.

Оқу материалын қорытындылап, бір жүйеге келтіру іскерлігін қалыптастыру үшін күрделілігі әр алуан кестелер мен сызбалар түріндегі тапсырмалар беріледі. Мысалы, математикалық ұғымды әр түрлі деңгейде оқытудың «Туынды» тақырыбы бойынша үлгерімі төмен оқушыларға дайын кестені толтыруды, орташаларға кестені құруды,ал үлгерімі жақсыларға кестені құрып толтыруды тапсыруға болады [3, 159 б.].

Қолданылған әдебиеттер тізімі

1.     Аубакирова Ж. Ойынның бала психологиясына әсері //Ізденіс. 2000. №4-5, 203-208 б.

2.     Елубаева С. Дидактикалық ойын  оқыту әдістерінің бірі //Бастауыш мектеп 1988. №2, 7-12 б.

3.     Қаратаева Ғ. Ойын адам психологиясын дамыту факторы. //Қазақстан мектебі 2000. №5, 20-26 б.