Қабошева Н.А.

                                                      М.Өтемісов атындағы

                                                                    Батыс Қазақстан мемлекеттік

         университетінің  оқытушысы

          

Жаңаша оқыту арқылы жеке тұлғаны дамыту

Бүгінгі таңда Қазақстанның өскелең ұрпаққа өрелі білім, өнегелі тәрбие беру ісі мүлдем жаңаша сипат алып отыр. Осыған байланысты педагогикалық ғылым алдында да нақты білім міндет туындауда, ол – жеке тұлғаны ддамытуға бағытталған жаңа оқыту технологияларын әзірлеу, яғни оқытудың жаңа инновациялық технологиясын қалыптастыру.

Педагогикалық технология дегеніміз – тәжірибеде жүзеге асырылатын белгілі бір педагогикалық жобаның жүйесі /В.П.Беспалько/.

Педагогикалық технологиялар оқушының дамуына, жеке тұлға ретінде қалыптасуына жағымды жағдайлар жиынтығын құрайды. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы бұл істі нағыз қажет үлгіде, шығармашылық деңгейде, шынайы ізденіспен іс жүзіне асыруға мол мүмкіндік беруде. Жаңа технологияның басты ерекшелігінің өзі – жеке тұлғаға баса назар аударту болса, бұл дегеніміз – оқытудың ең тиімді әдіс-тәсілдерін пайдалана отырып, оқыту мазмұнын жеке бастың ерекшелігіне бейімдей жүргізу деген сөз.

«Мұғалім зор тұлға, ол күннің құдіретті сәулесі іспетті», - деп К.Д.Ушинский айтқандай, қазіргі әрбір ұстаз, еліміздің болашағы – бүгінгі балаларды біліммен сусындатып, олардың білімді, тәрбиелі азамат болып шығуына тікелей жауапты. Педагогикалық технология бойынша студенттің тіл мәдениетін білім, білік, дағды арқылы дамыту керек. Әрқайсысының деңгейіне қарай бағдарлама дайындалуы тиіс. Ол үшін, біріншіден, әр түрлі бағыттағы бағдарлама құру керек. Екіншіден, әр студенттің жеке қабілетін ескере білуіміз қажет. Үшіншіден, сабақ кезіндегі тапсырмаларды, үй тапсырмаларын жас ерекшелігіне сай беру қажет. Ол деңгейлеп саралауға негізделген технологияға бағыттайды. Жаңа технологияны жүзеге асыруда мұғалім белсенді болу керек. Өз мамандығына деген көзқарасы ерекше болуы тиіс.

Қазір оқыту үрдісіне енгізіліп жүрген технологиялар теориялық тұрғыдан дәлелденіп, тәжірибеде жақсы нәтиже көрсетіп жүр. Өз іс-тәжірибемде п.ғ.д., профессор Ж.А.Қараевтың деңгейлеп саралап оқыту жүйесіне, Н.А.Оразақынованың сатылай кешенді талдау және сын тұрғысынан ойлауды дамыту бағдарпламсының стратегияларына сүйеніп, сабақ өткіземін.

 Деңгейлік тапсырмалар тілді дамытып, тілді меңгертуге мүмкіндік береді, оқуға деген ынтасын арттырады. Деңгейлік тапсырмалар көмегімен нені білгенін, нені білмегенін, нені меңгермегенін білуге болады. Соның нәтижесінде олар тапсырманы толық орындауға тырысады.

Деңгейлік тапсырманы жаңа сабақты түсіндіру кезінде, бекіту сабақтарында, қорытынды, т.б.сабақтарда қолданып отырамын.

Әр студент өз бетінше жұмыс істеуге үйренеді. Осы технология бойынша қазақ тілінен «Үстеу» тақырыбына деңгейлік тапсырманың үлгісін ұсынамын.

I деңгей.

1. Өлең үзінділерінен асты сызылған үстеудің мағынасын түсіндірме сөздіктен теріп жаз. Емлесін есіңе сақта.

1)     Жат жерді жастанғанда жазатайым,

Қанымен жазды мүмкін ағатайым.

Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,

Қазақтың дәл өзіңдей қарапайым. (Мұқағали "Қара өлең).

2)     Болғанда алагеуім үйдің іші,

Қуарып, бір өызарды түсі.

Атырды таңды бірі кірпік қақпай,

Тебірентіп тоқсан түрлі күйдің күші. (Ілияс "Күйші").

          2. Мезгіл үстеулерді есіңе сақта. Осы мерзім атауларын сағатпен белгіле. Түнде, іңірде, қызыл іңірде, жарым түнде.

3. Берілген сөздердің мағынасын есіңе сақта. Осы сөздермен сөйлем құра. Тал түсте, тапа-тал түсте, талма түсте.

II деңгей. Бір үстеуден бірнеше үстеу жаса. Жасалуы мен емлесіне көңіл аудар. Кеш, әрең.

2. Осы тұрақты тіркестерге мағыналас тұрақты тіркестер тап. Мағынасын анықта. Қас пен көздің арасында, қан сонарда, асығы алшысынан түсу.

 III деңгей. а) Берілген үстеулер қай жұмбақта кездеседі? Таңертең, түсте, кеште. Таң атқанша, таң атқан соң.

ә) Абайдың бір өлеңінен үсеу кездесетін өлеңді жатқа жаз.

Осы тапсырмаларды орындаған студент өз деңгейін өзі анықтай алады. Саралап оқыту технологиясы – білім сапасын, пәнге деген қызығушылығын арттыратын аса тиімді технология.

Мұғалім – ұйымдастырушы, бағыт беруші. Бүгінгі күн талабына сай әдістер баршылық. Мысалы, "Сын тұрғысынан ойлауды дамыту"  бағдарламасы – әлемнің түкпір-түкпірінен жиылған білім берушілердің бірлескен еңбегі. Тәжірибені жүйеге келтірген Джинни Л.Стил, Куртис С.Мередит, Чарльз Тэмпл. Жобаның негізі Ж.Пиаже, Л.С.Выготский теорияларын басшылыққа алады.  Мақсаты барлық жастағы оқушыларға кез келген мазмұнға сыни тұрғыдан қарап, екі ұйғарым бір пікірдің біреуін таңдауға саналы шешім қабылдауға сабақтарда үйрету. Біздің елімізге Джордж Соростың ашық қоғам институты, “Сорос-Қазақстан” қоры арқылы келген бұл технология орыс және қазақ тілдерінде мектеп тәжірибелеріне ене бастады.

“Сын тұрғысынан ойлау” ұғымы белгілі бір идеяларды қабылдай отырып, оның неге қатысты екенін зерттеу, оларды жеңіл септикалық ойларға қарсы қоя білу, салыстыра алу, сол идеяларға қарсы көзқарастармен тепе-теңдікте ұстап зерттеу, оларға сеніммен қарау деп түсіндіреді авторлар.

Белгілі ғалым Дайана Халперн «Сыни ойлау – ойлаған нәтижеге жету үшін танымдық техникаларды пайдалану арқылы шығармашылықпен әрі қарай бағыттай ойлану.

Сыни ойлау – адам өмірінің бір саласы. Себебі, бұл философия адамдарға көптеген жолдар мен шешімдер ішінен маңызды әрі пайдалы екенін, тек қажетті ақпараттарды ғана жинақтап, жаңа білімді бұрынғыдан ажырата алуға көмектеседі. Сыни ойлауды дамыту технологиясының дәстүрлі оқытудан басты айырмашылығы – білімнің дайын күйінде берілмеуі. 

Сын тұрғысынан ойлау – оқу мен жазуды дамыту бағдарламасы.  Мұғаліммен, қатарластарымен еркін сөйлесуге, пікір таластыруға, бір-бірінің ойын тыңдауға, құрметтеуге, өзекті мәселені шешу жолдарын іздей отырып, қиындықты жеңуге баулитын бағдарлама.

Технологияның басты мақсаты – дамыта оқыту негізінде “Сын тұрғысынан ойлау арқылы оқу мен жазуды дамыту” бағдарламасын іске асыру, балаларға терең білім беру. Жаңа технология ретінде ең озық әдістерді дер кезінде игеру, іздену арқылы бала бойына дарыту, одан өнімді нәтиже шығара білу – әрбір ұстаздың басты міндеті.
«Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлауды дамыту» бағдарламасы бойынша ол:

-шыңдалған ойлау.кез келген даму деңгейіне байланысты мәселелерге сыни көзбен қарау;

-күрделі мәселелерді шешуге, аса маңызды, жауапты шешімдер қабылдауға құштарлық;

-үйрету мен үйрену бірлігінен, үйренудің қызығушылығынан тұратын, үйренушінің сеніміне негізделген құрылым.

Сын тұрғысынан ойлауды үйрету үшін мына төменгі шаралар орындалуы шарт:

1) сын тұрғысынан ойлауды тудыру үшін уақыт керек;

2)  ойланып-толғануға, ойын ашық айтуға рұқсат беру;

3) әртүрлі идеялар мен пікірлерді қабылдау;

4)  сын тұрғысынан ойлауды бағалау.

Аталмыш бағдарламаның ішкі құрылымында ерекшелік бар. Бұл құрылым 3 деңгейден тұратын оқыту мен үйретудің моделі. 1-сызба. Білімнің болашақта пайдаға асуы, қажетке жарауын қалыптастырады. Көп ақпаратты талдай, жинақтай отырып, ішінен қажеттісін алуға үйретеді.
І Қызығушылықты ояту. Үйрену үдерісі – бұрынғы білетін және жаңа білімді ұштастырудан тұрады. Осы кезеңге қызмет ететін “Топтау”, “Түртіп алу”, “Ойлану”, “Жұпта талқылау”, “Болжау”, “Әлемді шарлау” т.б. деген аттары бар әдістер (стратегиялар) жинақталған. Қызығушылықты ояту кезеңінің екінші мақсаты – үйренушінің белсенділігін арттыру. Өйткені, үйрену – енжарлықтан гөрі белсенділікті талап ететін іс-әрекет екені даусыз. Өз білетінін еске түсіреді, қағазға жазады, көршісімен бөліседі, тобында талқылайды, яғни айту, бөлісу, ортаға салу арқылы оның ойы ашылады, тазарады. Осылайша шыңдалған ойлауға бірте-бірте қадам жасала бастайды. Бұл кезеңде жаңа білім жайлы ақпарат жинап, оны байырғы біліммен ұштастырады. Ойлау мен үйренуге бағытталған бұл бағдарламаның екінші кезеңі Мағынаны тану (түсіне білу). Бұл кезеңде үйренуші жаңа ақпаратпен танысады, тақырып бойынша жұмыс істейді, тапсырмалар орындайды. Оның өз бетімен жұмыс жасап, белсенділік көрсетуіне жағдай жасалады. Тақырып бойынша жұмыс жасауына көмектесетін оқыту стратегиялары бар. Соның бірі INSERT. Ол бойынша оқу, тақырыппен танысу барысында V – “білемін”, ― - “мен үшін түсініксіз”, + - “мен үшін жаңа ақпарат”, ? – “мені таң қалдырады” белгілерін қойып отырып оқу тапсырылады. INSERT – оқығанын түсінуге, өз ойына басшылық етуге, ойын білдіруге үйрететін ұтымды құрал. Бір әңгіменің соңына тез жету, оқығанды есте сақтау, мәнін жете түсіну – күрделі жұмыс. Сондықтан да,студент арасында оқуға жеңіл-желпі қарау салдарынан түсіне алмау, өмірмен ұштастыра алмау жиі кездеседі. Мағынаны түсінуді жоғарыдағыдай ұйымдастыру – аталған кемшіліктерді болдырмаудың бірден-бір кепілі. Үйретушілер білетіндерін анықтап, білмейтіндерін белгілеп сұрауға әзірленеді. Бұл әрекет арқылы жаңаны түсіну үшін бұрынғы білім арасында көпірлер құрастыруға, яғни байланыстар құруға дағдыландырады. Тақырып туралы ой-толғаныс – бағдарламаның үшінші кезеңі. Күнделікті оқыту үдерісінде студент толғанысын ұйымдастыру, өзіне, басқаға сын көзбен қарап, баға беруге үйретеді. Өз ойларын, өздері байқаған ақпараттарды өз сөздерімен айта алады. Бұл сатыда үйренушілер бір-бірімен әсерлі түрде ой алмастыру, ой түйістіру, өз үйрену жолын, кестесін жасау мақсатында басқалардың әр түрлі кестесін біліп үйренеді. Бұл үйрену сатысы – ойды қайта түйіп, жаңа өзгерістер жасайтын кезең болып табылады. Әр түрлі шығармашылықпен ой түйістіру болашақта қолданылатын мақсатты құрылымға жетелейді. Осы кезеңді тиімді етуге лайықталған “Бес жолды өлең”, “Венн диаграммасы”, “Еркін жазу”, “Семантикалық карта”, “Т кестесі” сияқты стратегиялар әр сабақтың ерекшелігіне, ауыр-жеңілдігіне қарай лайықтала қолданылады. «Оқу мен жазу арқылы сыни тұрғыдан ойлау» технологиясында жазудың орны ерекше. Жазуға қызықтырудың бірден-бір жолы қойын дәптер болып табылады. Жеке тұлғаның өзін-өзі бағалай алуды меңгеруі, өзін-өзі құрметтеудің жоғары деңгейі, «мен» бейнесінің айқын қалыптасуына сыни сыни ойлаудың болуы көмектеседі. Сыншылдыққа өзін-өзі сезінудің қалыптасуының, жеке тұлғаның инттеллектуалдық дамуының, ғылыми дүниетанымы орнығуының негізі болатын дұрыс ойлау заңдылықтарын пайымдауды дәйектеп-дәлелдеудің әдістері мен тәсілдерін танып-білу арқылы үйретуге болады. 

Жазу - көрікті ойлардың көрінісі. Жазу үдерісі - күрделі үдеріс. «Оқушы қандай да болмасын ақпаратты өздігінше игеріп, өз өміріне жарата алатын әмбебап тәсілдерді үйрену керек . Соның бір тәсілі – қойын дәптерге үзбей  жазу. Үнемі үзбей жазудың арқасында оқушылардың қойын дәптерлерінен жақсы ой түйіндерді кездестіруге болады. Қойын дәптер жазудың әр түрлі тақырыптар бойынша жазуға болатынын анықтадық және оның мынандай жобасын жасауға болады:

-ұнаған нақыл сөздерді жазу;

- бұрын соңды естімеген мақал – мәтел, сөз тіркестерін жазу;

- нақыл сөздерге өзіндік ой тұжырым жазу;

- ой салған сыртқы құбылыстарды түрліше формамен жазу;

- өнер, білім тақырыптарында өзің ұстаз немесе пір тұтқан адамдар жайлы 
жазу;

- ата-анаңның түрлі қасиетін жазу;

-досың, құрбың, замандасың туралы пікіріңді жазу.

«Кино өнері» тақырыбына өткен сабаққа тоқталайын. Сабақтың басында студенттер міндетті түрде психологиялық дайындықтан өтеді. Көңіл-күйлерін түрлі түспен көрсетеді.

         Сабақ барысында Сұлтан Қожықов пен Шәкен Айманов киноларынан үзінді көрсетілді. Осыдан соң  «Ойлан, тап» деген сұрақ қойылды. Сосын белсенді сөздікпен жұмыс жүргізілді.

1.     Сөз тіркесін құру.

2.     Сөйлем құру.

Тағы бір тапсырманың түрі ретінде проблемалық сұрақтар берілді.

    а)  Қазір тыңдайтынымыз – Дәулеткерей мен Құрманғазы күйлері, Шәмші әндері, көретініміз – Айманов пен Қожықов кинолары. Қазіргі қазақ өнерінің деңгейі неге төмен? Қазақ өнері деңгейін көтеру үшін не істеу керек? деген сұрақтар қойылды.

         Орыс топтарындағы қазақ тілі пәнінің ерекшелігі – лексикалық тақырыптармен бірге, грамматикалық тақырыптардың да берілуінде. Лексика мен грамматика арасында байланыс болу қажет.

         Қазіргі кездегі қазақ тілінен білім берудегі талап – сөйлеу мәдениетін көтеру ақылы білім, тәрбие беруді жолға қою. Әрі тақырыпты меңгерту, әрі сөйлеу тілін дамыту мәселесін шешу – мұғалім үшін басты міндет.

         Оқыту жүйесіне тың технологиялар енгізу – бүгінгі күннің талабы. Жеке тұлғаны дамыта оқытуда, саралап, даралап, білім беруде, оқушы білімінің деңгейлерін жетілдіруде, озық технологияларды енгізуде әр ұстаз өзіне тиімдісін таңдап, жүйелі жұмыс істеуіне бүгінгі күні толық мүмкіндік  туып отыр.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Тұрғынбаева Б.А. Дамыта оқыту технологиялары. – Алматы, 2000.

Қабдешова Ә. Сын тұрғысынан ойлау // Қазақ тілі мен әдебиеті.- №10.35-45б

Ешанова Г.Сұлтанбек Қожахметовтің жеке тұлғаның дамуына бағытталған ой-  пікірлер// Қазақстан жоғары мектебі. -2006.-№1.