Ысқақова Шырай Қабдрахманқызы
Гуманитарлық
ғылымдар магистрі, аға оқытушы
Болысова Сымбат
Балтақызы
Қазақ тілі мен әдебиеті
мамандығының 4-курс студенті
Қостанай мемлекеттік педагогикалық
институты
Қазақстан Республикасы
СӘБИТ
МҰҚАНОВТЫҢ «МӨЛДІР
МАХАББАТ» РОМАНЫНДАҒЫ АУЫСПАЛЫ НӨЛДІК МОРФЕМАЛАРДЫҢ ҚОЛДАНЫСЫ
Тілдің барлық салалары тілдік
таңбалардан, бірліктерден тұрады, фонетикада – дыбыс, лексикада –
сөз, морфологияда – морфемалар, синтаксисте – сөйлем сияқты
негізгі тілдік бірліктер қызмет ететіні белгілі.
Нөлдік морфема – грамматикалық
құрылыстан қомақты орын алатын, функционалдық
жұмсалымы әртүрлі, семантикалық құрылымы
жағынан қолданыста үлкен қызмет атқаратын тілдік бірлік.
Нөлдік
морфема теориясы ғылымнан орын алғанға дейін
қазақ тілінде нөлдік морфемаға қатысты
құбылыстарды ғалымдар байқап, оны әр түрлі
атап келген. Мысалы, Ш.Х.Сарыбаев "Табыс жалғауының
тасалануы", Ә.Төлеуов "Кейбір көрсеткіштердің
тасалануы, тасаланбауы", А.Ысқақов 1964 жылғы
"Қазіргі қазақ тілі. Морфология"
оқулығында септік жалғауларының жалғанып,
жалғанбай қолданылуын ашық, жасырын қолданылуы деп
атаған.
Ол
осы аталған оқу құралында былай деп жазған:
"Ілік жалғауы жасырын түрде де, ашық түрде де
келеді. Мәселен, ауылдың малы - ауыл малы болып бірде ілік
жалғаудың көрсеткіші түсіп, бірде түспей келуі оның грамматикалық және
стильдік ерекшелігіне байланысты екенін айтқан.. Мұнда ғалым
ілік септіктің қосымшасыз қолданылуын жасырын келуі деп,
оған жасырын деген термин қолданған, қосымшалы
қолданылуына ашық деген термин қолданған. [1].
Нөлдік
форма, нөлдік морфема мәселелері қазақ тіл білімінде
кеш көтерілді. Қазақ тіл білімінде нөлдік морфема
мәселесін зерттеушілер ретінде
Ы.Маманов, С.Исаев, Н.Оралбаева, Ж.Балтабаева, А.Омарова сияқты
ғалымдарды атауға болады.
А.Омарова
нөлдік морфеманы зерттеуші ғалымдардың анықтаған,
көрсеткен белгілерін талдап, жинақтай келе нөлдік
морфеманың белгілерін үш топқа бөліп қарастырады.
Олар: 1) ортақ белгілері; 2) грамматикалық белгілері; 3)
сөзжасамдық белгілері.
Нөлдік
морфема тілдік таңба болғандықтан, оның тілдік бірлік
атаулының бәріне
ортақ белгілері бар. Олар: 1) дыбыстық құрамнан
тұратын сыртқы бейнесінің жоқтығы; 2)
сыртқы дыбыстық бейнесі болмаса да мағынасының бары. [2,
23].
Нөлдік морфема
тіл білімінің әр саласында қызмет етеді. Нөлдік морфема
грамматикалық категориялардың мағынасын білдіретін
көрсеткіштер тобында қызмет етіп, виртуальдық бірлік болып
саналады. Морфологиялық категориялардың мағынасын білдіретін
көрсеткіштер, көбіне, жалғаулар мен жұрнақтар
болса, нөлдік морфемалар осы екеуінің де қызметін
атқарады.
Тілдік жүйеде мағынасы танылып,
тек мағынаны қандай тілдік бірлік білдіретіні аталмай жүрген
грамматикалық мағыналардың бәрі – нөлдік морфема
арқылы берілген грамматикалық мағыналар. Олар морфологиялық
категориялардың көпшілігіне қатысты.
Грамматикалық категориялардың ішкі мағыналық
құрылымына жататын мағыналардың сөздің
түрлену жүйесінде, категория көрсеткіштерінің ішінде
қосымшасы жоқ деген мүшесі бар категориялар тілде
баршылық. Міне, мұндай категориялар мағынасы қосымшасыз
берілген жағдайда, жүйеде мағына танылғандықтан,
оның дыбыстық бейнесі саналып, ол категорияның
грамматикалық нөлдік морфемасы аталды.
Грамматикалық
нөлдік морфемаларды А. Омарова іштей 2-ге бөледі. Олар:
тұрақты нөлдік морфема; 2) ауыспалы нөлдік морфема.
Тұрақты нөлдік морфемалардың категориялар
парадигмаларында өзіндік орны бар, бірақ қазір
тәжірибеде көрсеткіші көрсетілмей, көрсеткіші
жалғауының жоқтығы арқылы ғана белгілі
болып жүр. Мысалы,
атау септігі берілгенімен, оның тұлғасында жалғау
қойылмау арқылы, оның жалғауы жоқтығы
аңғарылды. Сол сияқты бұйрық райдың екінші
жағы, жіктік жалғаулардың 3-жағында жалғау
көрсетілмеу арқылы оның жалғауының
жоқтағы аңғарылады.
Тұрақты нөлдік
морфемалар грамматикалық категориялардың көпшілігінде
кездеседі: олар септік категориясы (атау септік), сандылық категориясы
(жекешеліктің нөлдік морфемасы), тәуелдік категориясы
(дерексіз тәуелдіктің нөлдік морфемасы), жақ
категориясы (2-3-жақтар), бұйрық райдың нөлдік
морфемасы, болымдылық, болымсыздық категорияның (болымдылықтың
нөлдік морфемасы), нақ осы шақтың нөлдік
морфемасы.
Қолданыстағы
нөлдік морфемаға грамматикалық нөлдік
морфемалардың ауыспалы нөлдік морфема түрі жатады. Ауыспалы
нөлдік морфема да грамматикалық категориялардың
көрсеткіштеріне жатады. Ауыспалы нөлдік морфемалардың
қосымшалы варианттары бар. Ауыспалы нөлдік морфемалар тілдегі грамматикалық
категориялардың көбінде бар. Сонда грамматикалық
категорияның мағынасын
білдіретін көпшілік жағдайда қолданыста екі
түрлі көрсеткіш болады: 1) категорияның қосымшасы; 2)
категорияның нөлдік морфемасы. [2, 131].
Тілімізде біршама грамматикалық формалар қосымшалы
тұлғада да, нөлдік тұлғада да қолданылатыны
анықталды. Грамматикалық
нөлдік морфема септік категориясының 7 септігінде де орын алады.
Демек, грамматикалық нөлдік морфема септікте жетеу деп
санауға болады. Осы 7 морфеманың біреуі ғана септік
категориясында тұрақты, қалғандары ауыспалы,
осыған қарап септік категориясында әрі тұрақты,
әрі ауыспалы нөлдік морфемалардың қолданылуымен
байланысты, бұл категорияны аралас морфемалы категория деп атауға
болады. Бірақ септік категориясында тұрақты нөлдік
морфема біреу, ауыспалы нөлдік морфема алтау болғандықтан,
септік категориясын ауыспалы нөлдік морфемалы категория деп атауға
да қолайлы. Яғни, Ауыпалы нөлдік морфема деп қосымшалы
варианты бар, онымен мағынасы бірінің орнына бірі қолданыла
беретін морфема аталады [3 ].
Қосымшалы категориялардың қолданыста нөлдік формада
қолданылуы поэзияда, прозада стильдік қажеттіліктерді өтеуде
жиі қолданылады. Тілде
олар тұрақты нөлдік морфемалардан әлдеқайда
көп.
Мысалы, сөз
табыс септігінің нөлдік формасында тұрып, сабақты
етістікпен тіркесіп, табыс септікті сөз тіркесін жасайды. Табыс
септігінің қосымшалы формасындағы сөз де, нөлдік
формасындағы сөз де бір сабақты
етістікпен тіркесе береді. Мысалы, газетті оқы – газет оқы,
киноны көр – кино көр, тамақты пісір – тамақ пісір,
есікті аш – есік аш, кітапты ал – кітап ал, алманы же –алма же т.б.
Категорияның қосымшалы,
нөлдік формалы сөздерінің тіркестегі орны да бірдей,
сөйлемдегі қызметі де бірдей, грамматикалық мағыналары
да бірдей деуге болады және олар бірінің орнына бірі
қолданыла алады. Қосымшалы формалы сөз қолданыста
нөлдік формаға, керісінше, нөлдік формалы сөз
қосымшалы формаға ауыса алу мүмкіндігі ескеріліп,
мұндай қолданыстағы нөлдік морфема, ол
қосылған сөз ауыспалы нөлдік морфема, ауыспалы
нөлдік формалы сөз аталады
Сәбит Мұқановтың «Мөлдір махаббат»
романында
өнімді қолданысқа түскен ауыспалы нөлдік
морфемалардың қатарына септік жалғауларын жатқызамыз.
Оған төменде көрсетілген мысалдар дәлел:
Романда
кездескен ілік септігінде тұрған ауыспалы нөлдік морфемалар:
1. Туған
шешемнің кім екенін іштей біле бастағанмен, "әжем баласы" болып жүргендіктен,
"жанассам жақындығым сезіліп қалар" дегендей,
әжем "құдамыз" десе де, өзі жылы тартса да,
мен оны жатырқағандай жоламағам (4, 30). Сөйлемдегі
ілік септігінің нөлдік морфемасы туыстық
қатынасты білдіріп тұр.
2. Нұржан тобын көргеннен кейін
әжем екеуміз үйге кірсек, әкем қышынған
бейнемен,бітіп келе жатқан жараларын сипалап түрегеп отыр екен (4, 35).
Бұл сөйлемде ілік септігінің нөлдік морфемасы
қатыстылық мағынаны білдіріп тұр.
3. Ашулы бірдеме
айтқысы келген әкемнің үні көмекейіне кептеліп
қалғандай, ұртын томпайта, үлкен көздерін
тасырайта, тесірейте қарады да, қамыс
арасынан айбат шегіп
гүрілдеген қабандай, түсініксіз әлденені мұрнынан
міңгірледі... (4, 43) Көмекші есіммен
тіркескен есім сөз көбінесе нөлдік морфемада
қолданылады.
4. Адамдардың ұжымға, керісінше ұжымның
адамдарға қатысын білдіреді. Мысалы: Әскер бастығы оған
қосауыз мылтығын сыйлаған екен (4, 45).
5. Әкем өзінің Қурай-күреңіне,
Қайрақбай белі берік, иіс алмас, топыраштау бір керікке, мен -
"сүндет атым" санайтын қарагер бестіге мініп, екі тазыны
ертіп, әкем мылтығын,
Қайрақбай оның саймандарын асынып, үшеуміз
"Қызылды" беттей аттанамыз (4, 51).
Табыс
септігінде тұрған ауыспалы нөлдік морфемалар:
1. Қараңғы
үңгірден бірі кіріп, бірі шығып
жатқан мына көмір
қазушылардың халін, мен сол зорманға
ұқсаттым (4, 19).
2. Егер мылтық ату керек болса,
ұңғысын кемтар қолының қарына салып
жібереді де, көзін қарауылына дәлдеп ап, тілін оң
қолының саусағымен тартып жібереді... (4, 45)
3. Алыс жолда ауыр жүк арқалап белі
талған түйе байғұс, күндегі
әдетімен шөге сала, ұзын мойнын жерге соза төсеп дем
алайын деп еді, тәтті иіс танауын қытықтады
ғой деймін, басын көтере түшкіріп жіберді де, жырық
ерні бүлкілдей, алдындағы шалғынды шөккен
қалпында бытырлата үзіп, аузын толтыра батырлатып шайнай бастады
(4, 115)
4. Уақытымның
көпшілігін сабақты меңгеруге жұмсаған мен,
қол босаңқыраған шақтарда қала қыдырып, тұрмысымен, әсіресе
оқу орындарымен танысып қоям (4, 166).
5. Мен түндік ашайын да, кім де
болса қарсы алайын (4, 267). Жоғарыдағы
сөйлемдерде табыс септігінің нөлдік морфемалары
қимылдың объектісін білдіріп тұр.
Барыс
септігінде тұрған ауыспалы нөлдік морфемалар:
1. Бір күні
әкем және тағы біреулер "Орынбор барамыз" деп салт атпен жүріп кетті (4, 23). Сөйлемде барыс септігінің нөлдік морфемасы мекендік
категориялық грамматикалық мағынаны білдіріп тұр.
2. Сол қалпымен үйрек,
қазға ұмтылғанда, жерден арқан бойы көтерілмей
қағып түседі (4, 217). Бұл сөйлемде барыс
септігінің нөлдік морфемасы жанама объектілік мағынаны
білдіріп тұр.
Жазушы
шығармасында қолданылған шығыс септігінде
тұрған ауыспалы нөлдік морфемалар:
1. Ал,
әкемнің айтуынша, екі жүз елу шақырымдай болатын
Ырғыз бен Торғай арасындағы жазығы мен
құмайт белесі аралас келетін жалпақ далада ұшқан құс,
жүгірген аңнан басқа жан мақұлық
көрінбейді (4, 83).
Тәуелдік категориясының
ішкі мағыналық ерекшеліктерін білдіретін жалғаулары бола
тұра, олардың кейбір ішкі мағыналары қолданыста
жалғаусыз берілетін кездері кездеседі.
1. Үйір болғаннан
кейін, Бәтесті мен, біздің
үй Сыр бойында тұрған шақта, бірер жыл
қолда асыраған киіктің лағына ұқсатам (4,
184).
2. Біздің үй бір семіз бие сойып,
қалыңдығы середен артық, үлкендігі етектей
телшікті тұтасымен асқанда, осы Балқаш жалғыз жеп
кеткенін көргенім бар-ды (4, 318).
3. Сонда басқа
тамақ жоқтықтан жеген біздің
ел, тойғаннан кейін, "жемей жатып қарынды ашырады,
өзі су татиды" деп қазына жіберген күрішті алмай
қойған (4, 375).
4. "Біздің
үйге
барып
әңгімелесейік" де, ол мені үйіне алып кетті (4, 381).
5. - Тұрам
десең мына біздің
үй де даяр, - деді
ол (4, 381).
6. Әсіресе,
бостандықшыл біздің
заманда (4, 382).
Сандылық категориясының
көптік мағынасын білдіретін жалғауы бары белгілі.
Жалғауы бола тұра, көптік мағына қолданыста
көптік жалғаусыз нөлдік морфема (жалғау) арқылы
да беріледі. Көптік жалғау арқылы жасалған ауыспалы
нөлдік морфема:
Сол кезде Тәшкенде шығатын
"Ақ жол" газеті мен "Шолпан" журналына
мақалалары өлең,
әңгімелері үздіксіз басылып отырады екен... (4,
214)
Қорытындылай келе, Сәбит
Мұқановтың «Мөлдір
махаббат» романында қолданылған
ауыспалы нөлдік морфемаларды зерттеу барысында, септіктерден
жасалған ауыспалы нөлдік морфемалар өнімді
қолданысқа түскендігі, тәуелдік жалғауы,
көптік жалғауы арқылы жасалған ауыспалы нөлдік
морфемалар аз қолданылғандығы анықталды.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Ысқақов А "Қазіргі
қазақ тілі (морфология)"- Алматы: Ана тілі, 1991. – 381
бет.
2. Омарова,
А.Қ "Қазақ
тіліндегі нөлдік морфеманың функционалдық және
семантикалық аспектісі", автореферат - Алматы : Қазақ
университеті,2006.-52 б.
3. Омарова,
А.Қ. Қазіргі қазақ тіліндегі нөлдік морфема:
монография.-Алматы: Экономик' С, 2004.- 253 б.
4. Мұқанов
С "Мөлдір махаббат".Роман. - Алматы: Атамұра, 2006. -520
бет