КӨРКЕМ АНТРОПОЛОГИЯДАҒЫ АДАМ АТТАРЫНЫҢ ҚЫЗМЕТІ

 

Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті

ф.ғ.к., доцент Такиров С.У.

     

      Қазіргі әдебиеттану ғылымының, оның ішінде әдебиет теориясының зерттеп, қарастырып жатқан өзекті мәселелерінің бірі көркем антропология. Ал, жалпы антропология дегеніміз биология ғылымында адамның шығу тегін, дамуын, дене құрылысын, нәсілдік ерекшеліктерін зерттейтін қоғамдық ғылымдармен тығыз байланысты бір саласы. Көркем антропология оның үлкен бір тармағы ретінде өз аясында: біріншіден, өнерде адамды қиялдан жаңадан сомдау немесе барды трансформациялау (өзгерту) нәтижесінде туған образ-кейіпкерді, екіншіден, автор-адамның өзі жасаған көркем әлемі мен көркем мәтініндегі көрінісін жан-жақты зерттеуді қамтиды.

       Дәл қазіргідей атауы болмаса да, философиялық антропология жалпы антропологиядан көне заманнан-ақ (антикалық кезең) бөліне бастады. Кейін келе мәдениеттану ғылымымен тығыз байланыстағы мәдени антропология, әдебиетті де қамтый отырып, күллі өнердегі адам мәселесін қарастыратын көркем антропологияның негізін жасады. Аталған салаларда Э.Ауербах, Е.Фарыно, В.П.Зинченко, Вяч.В.Иванов, М.Моторина, В.С.Степин, т.б.  ғалымдар зерттеу жүргізді, соның ішінде әдеби антропологияны американ ғалымы Ф.Поятос ерекше қарастырды. Негізінен бұл сала семиотика, әдебиеттану, тарих ғылымдарының тоғысында пайда болды. Дегенменде, көптеген зерттеушілер К.Леви Стросстың құрылымдық антропологиясының әдіснамасын негізге алады. Қазақстандық ғалым, орыс әдебиеттанушысы В.В.Савельеваның  қарастырған мәселелері тікелей көркем антропологияға бағытталған. Қазақ әдебиеттануында бұл салада жазылған көлемді еңбектерді, жан-жақты зерттеулерді көп кезіктірмейміз.   

       Көркем антропологияда (әдеби антропология) әдебиеттегі адам, образ, кейіпкер, образ-кейіпкер, тұлға, индивидуалдық, субъект, объект, характер, қаһарман, динамикалық және психологиялық портрет, көркемдік ой т.б. теориялық ұғымдар маңызды мәнге ие болса, номинация да сол қатардан орын алады. «Кейіпкерлерге есім беру процесін зерттеу автордың көркемдік антропологиясының ерекшеліктерін саралауға мүмкіндік туғызады» деген пікірмен толық келісуге болады [1,77]. Осы саланы жан-жавқты зертеуші В.В. Савельева есім беру мен атау қоюды екіге жіктейді: Бірінші реттік номинацияға: кейіпкер есімі, әкесінің аты, тегі, лақап аты; Екінші реттік номинацияға: кейіпкерге телінген жалпы есімдер, есімдіктер, сөз тіркестері,  перифразалар, троптар, «эмблематикалық телінімдер» жатады [1,79].

      Есімдерді зерттеудің философия, мәдениеттану, әлеуметтану, дін тұрғысынан маңыздылығын  ғалымдар С.Булгаков, А.Ф.Лосев, Ю.М.Лотман еңбектерінде айта отырып, адам аттарын ономастиканың антропонимика саласы ретінде қарастырады. Адамның есімі мен діні, ұлты, жасы, әлеуметтік жағдайы және қай кезеңде өмір сүріп жатқаны арасында аса тығыз байланыс бар. Кейіпкерлер әлеміне қатысты да осыны айта аламыз. Мысалы, XX ғасырдың басындағы қазақ прозасындағы Қамар, Омар, Ахмет, Ғали, Жамал секілді кейіпкерлер есімдерінің діни-ұлттық бояуы қандай қанық болса, аталмыш ғасырдың екінші жартысынан тәуелсіздіке дейінгі кезеңдегі кейбір кейіпкер аттарының (Совет, Армия, Роза, Мэлс т.с.с.) дәуірлік-идеологиялық реңкі соншалық айқын.

      Әлбетте, номинация процесін қаузағанда кейіпкер есімінің образ бен прототип арасындағы көпір іспеттес екендігін байқаймыз. Бердібек Соқпақбаев өзі атап көрсеткендей, жазушының әйгілі «Менің атым Қожа» повесінің бас кейіпкерінің прототипі – автордың өзі. Енді мәтінге назар аударайық: «Менің атым.... Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы зор бақыт па деймін. Мәселен, Мұрат, Болат, Ербол, Бақыт деген аттарды алып қараңдаршы. Айтуға да ықшам, естір құлаққа да жағымды. Әрі мағына жағынан да,... жоғары идеялы есімдер» [2,7] .

      Бас кейіпкердің атынан баяндалатын шығарманың экспозициясынан оның өз есіміне көңілі толмайтынын байқаймыз.

      «Жарайды, өткенге өкініш жоқ дегендей, істің турасына көшелік. Менің атым Қожа. Көріп отырсыңдар, пәлендей әйдік ат емес».

      Шынын айтсам, бұл о баста Қожа емес, Қожаберген екен. Туу куәлігімде солай жазылған» [2,8].

       «Кейіпкер мен есімнің семантикасы, этимологиясы және фонетикасының байланысы зор» [1,80].Осыны ескере отырып, повестегі Қожаберген мен автордың Бердібек деген аттарының арасында сөзжасам тұрғысынан ұқсастығын аңғарамыз. Екеуі де қос түбірден жасалған және алғашқысының екінші түбірі мен соңғысының бірінші түбірінің бірдейлігі жай ғана сәйкестік болмаса керек. {(Қожаберген-Берген-Бер) = (Бердібек – Берді – Бер)}. Жазушы бұл шығарманы жазу барысында бас кейіпкер прототипіне өзін алғаны әуелден мақсатты түрде екндігін білеміз, осыған орай қаһарман есімі де образ сомдауда белгілі қызмет атқарды деп айта аламыз. Ғабит Мүсіреповтің кейіпкерінің Қайрош (Сарталиев) есімі оның прототипі Қайырғали Жұмағұловқа арнайы сілтеудей көрінеді («Қазақ солдаты»).

      Кейбір есімдер мен фамилиялардың бойында автор кейіпкерге берген мінездеме элементтері міндетті түрде болады. В.Савельева бұндай есімдерді «сөйлейтін» есімдер деп атап, орыс әдебиетінен Чеховтың Червяковын («Чиновниктің ажалы»), Гогольдің Акакий Акакиевич Башмачкинін («Шинель») және т.б. мысалға келтіреді. Қазақ прозасында бұндай тәсілді Бейімбет Майлиннің әңгімелерінен аңдауға болады.

      «Айранбайдың үйіне кіріп келгенде-ақ нендей кәсіппен айналысатыны беп-белгілі. Отбасында кірлі қара тақтай, маңайы толған былғары, қайыстың қиқымы, біз, пышық, қайрақ, қалып, мұрындық қоқырсып жатыр.

      Көйлексіз, жеңсіз күртеше тонды жалаңаш етіне киіп алып, Айранбай ескілеу етікті бастап жатыр. Оң тізесін баса жердегі қоқырсыған былғары қайыстың қиқымымен ойнап, шашы жалбыраған бір әйел бала отыр» [3,79].

      Бас кейіпкердің ауызы айранға ғана жарыған тірлігіне шекті-шексіз қанағатшылдығы, әлсіздікке ұласқан әлжуаздығы, жинақтай сипаттағанда, тағдырдың шыдатпас ыстығында айран боп ұйығандығы негізінен сол кезең талабы бойынша, таптық тұрғыдан жазылған шағын шығарманың өне бойынан көрінеді. Оған аты да, заты да, қайшы қаһарман – осы шығармадағы Кемелбай.

      Осынау есім-характерлер қатарына Оралхан Бөкейдің «Жетім бота» повесіндегі Ақботаны, Төлен Әбдіктің «Біз үшеу едік» пьессасындағы кейіпкерлер Дариға, Өмірбектерді, Талаптан Ахметжанның бірталай романтикалық қаһармандары – Ұшқын, Арай, Ұзынтұра, Абзал, Айсәулелерді, Дулат Исабековтің Жасынын («Қарғын») қосуға болады.

       Көркем мәтіннің авторы әлем тілдерінде бар кез-келген есімді қолдануға қандай құқылы болса, өз жанынан ойлап тауып ат қоюға соншалықты ерікті. Мұндай есімдерді антропономикалық неологизмдер дейді. Жаңа сөздердің бұл түрі ағым, жанр қырынан қарағанда әуелі фантастикалық  туындыларда, одан соң көбіне романтикалық және сатиралық қаһармандарға тән.

      Орыстың ұлы жазушысы А.П.Чехов образ-кейіпкерінің шені жоғары адамнан өзін шектен тыс төмен қоюы – автор дәуірінде аса өзекті болған, бүгін де өзектілігін жоймаған «кішкентай адам» шындығы. Әңгіме сюжеті мен тіліндегі көркемдегіш қызмет атқарған литоталылық қаһарманның Червяков тегінде де көрініс тапқан.

      Ал қазақ әдебиетінде осындай көрнекі мысалдың бірін О.Бөкейдің «Құм мінезі»  повесінен көреміз. Шығарманың «Құм мінезі» атауы мен ондағы негізгі образ-кейіпкер Бархан есімі арасындағы сыртқы семантикалық байланыс шығармадағы ішкі байланыспен, әредік көрінетін психологиялық параллелизммен  қабаттасады. Құм «сөйлейді, жылайды», оның шерін ұғатын – тек қана Бархан. Мұның себептерінің бірі – адамзаттың табиғатқа жасаған және жасап келе жатқан қатыгездігі секілді маңайындағылардың бұл қойшыға қылып келе жатқан  қиянаты жетерлік.

      Бар сырын ішіне бүге бұйығып жатқан құмның күтпеген жерден оғаш мінез танытуы алда болатын Барханның  күш-қайратына мінуінің хабаршысындай.

     «Осы сәтте қатты құйын көтерілгендей болды да жылдар бойы сіресіп жатқан айдаһардай ақырды. Әлгінде ғана желге арқасын сипатып жым-жырт қалғыған әлгінде ғана тәңіріне табынып, дүниенің бар үзерін баз кешіп, жалыққандай есінеп-құсынап мантыраған даланың талағы тарс айрылды. Шабына кім түртті,өз-өзінен буырқанып, өз-өзінен шамырқанып, екі езуі көпіршіп, бураша бұлқынып шыға келді... Иә, бүгін Қызылқұм бөтен мінез көрсетті! Неге ашуланды, ненің ырымы бұл?... Әне, Бархан көшкен құмның артынан қуып барады...» [4,35]. 

     Есім-неологизмдер қатарына О.Бөкейдің қала тірлігі, қазіргі индустриалды қоғам қағидаларына бойұсынған кейіпкері архитектор Тасжанды («Жетім бота»), Б.Соқпақбаевтың балаларға арналған повесіндегі жағымсыз бейне Жантасты («Менің атым Қожа»), Б.Майлиннің типтік образы шолақ белсенді Желдібай Жындыбаевты және т.б. қосуға болады.

      О.Бөкейдің «Өліара» повесінің кейіпкерлері Қойшы,әйелі және зоотехник екінші реттік номинацияның жалпы есім жіктеуіне жатады. Автордың типтік образдарына тиісінше жинақтау да шашырату да тән. Яғни, аталған образ-кейіпкерлердің психологиялық портреті «прототиптерінің» әрқайсысына тән және барлығына ортақ. Жазушының «Құм мінезі» шығармасындағы Упрды да осы санаттан көреміз. Ал соңғы аталған повестегі екінші қыз және үшінші қыз шығармадағы образ-кейіпкерлердің маңыздылық кезегі бойынша (Бақшагүлге қатысты) тура осылай аталған.

      Екінші реттік номинацияның бір түрі деп кейіпкерге телінген есімдіктерді айтамыз. Яғни, нағыз есімі орнына жіктеу, кейде белгісіздік және сілтеу есімдіктерін қолдану осыған жатады.

      «Мен сені жек көрдім. Бөлек болмысың өзгенің езуіне күлкі салды. Оп-оңай сайқымазақ, әпенде, әумесер атандың. Бұл өзің менсінбейтін, саған ештеңе үйрете алмайтын ақымақ тобыр болатын. Сол тобыр Сенің төбеңнең көрінсе-ақ берекесі кетіп, құнжыңдасып қалатын. Сені өздерінен әлдеқайда ақымақ, төмен санайтын. Сондықтан болар, Сен «ақымақ» көрінуге құштар едің» [4,24].

      Үзінді Роза Мұқанованың «Өзің» атты әңгімесінен алынып отыр. Аталған прозалық шығармада автордың баяндауы бастан-аяқ екінші жақта беріледі. Бас кейіпкердің аты тек диалогтерде, монологтерде ғана аталады, басқа жағдайда оның есімі орнына «Сен» және «Өзің» екінші жақ жіктеу есімдіктері жүреді; етістіктер екінші жақтағы тұлғада қолданылады.  Автор қазақстандық орыс суретшісі Сергей Иванович Калмыковтың көркем образын жасауды мақсат еткен. Әңгіме ұлы суретшінің замандасы, шәкірті атынан баяндалады. Әдістегі романтизм, шығарма тіліндегі лиризм, көрініс берген экзистенциализм – барлығы образ-кейіпкердің тағдырының қаталдығын, дер шағында бағаланбаған дарын мен еңбекті, ұлылыққа жасырынған жалғыздықты, өнер адамының өмірін оқырманның эстетикалық таным-түйсігіне әсіре реңкті экспрессивті-эмоционалды түрде  жеткізуге мақсатталған.

      «Жалаң аяқ дірдек қағып, ақ жаймаңды аштың. Намаздың уақытын асыға күткен діндар адамдай іштей күбірлеп тұрғандайсың. Сенімен бірге болуға ынтықсам да, сенен бөлек екенімді сезіне түскендеймін.» [4,25].  

       Есім кейіпкер жайында кейде ашық та анық ақпарат беріп тұратын болса, кейде керісінше мағлұматты мүлдем жасырын сақтайды. Ол мәліметке қол жеткізудің теориялық негіздемесін жоғарыда айтып өткеніміз бойынша, есім – прототип, есім – характер, есім – неологизм байланыстарымен бірге жалпы есімнің кейіпкерге телінуі, есімдік-есімдер деп жіктеп, тоқталып өттік. Түйіндей келгенде, жоғарыда айтылған авторлық номинациялар белгілі бір код қызметін атқарады. Жалпы номинация процесс ретінде көркем шығарманың тақырыптық-идеялық арқауында өзіндік маңызға ие.

 

 

 

 

 

                Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1.       Савельева В.В. Художественная антропология. – Алматы: Абай атындағы АМУ, 1999. – 203 с.

2.       Соқпақбаев Б. Менің атым Қожа. – Астана: Елорда, 1999. – 312 б.

3.       Майлин Б. Көп томдық шығармалар жинағы. I том. Повесть, әңгімелер, мақалалар. – Алматы: Жазушы, 2002. – 421 б.

4.       Бөкей О.Таңдамалы. Екі томдық. I том. – Алматы: Жазушы,1994. – 396 б.

5.  Мұқанова Р. Муза. Әңгімелер мен хикаяттар. – Алматы: Жазушы, 2004. - 245 б