Ахметалиев Ж.Қ.

Орталық-Азия Университетінің 

6М030100 – Құқықтану мамандығының магистранты

Алматы

 

Адам құқықтарын қорғаудың халықаралық тәжірибесі

 

Түйін: Бұл мақалада жаһандық және аймақтық ұйымдардың халықаралық ынтымақтастықтың маңызды салаларының бірі – адам құқықтарын қорғаудағы қызметтері қарастырылады, ұйымдардың бұл саладағы жасалған қадамдарының негізгі қорытындылары бағаланады.

Тірек сөздер: Халықаралық ұйымдар, Адам құқықтары бойынша жалпығабірдей декларация, БҰҰ, Еуропалық одақ, Адам құқықтары бойынша Еуропалық сот

 

Адам құқығын қорғау әлемдік қоғамдастыққа жүктелген ең маңызды міндеттер қатарына жатады. Қауіпсіздік пен тұрақтылыққа жаңа қауіп-қатерлердің пайда болуы әлемдік қауымдастықты адам құқықтарын қамтамасыз ету тетігінің тиімділігіне белсенді және мақсатты түрде қол жеткізуге ынталандырады. Жалпы, қазіргі әлемде болып жатқан оқиғалар мен қоғамдық үдерістер адам құқықтарын қорғау мәселесіне көп көңіл аудартады. Сондықтан, қазіргі кезеңде халықаралық ұйымдар адам құқықтарын қорғау бойынша қызметін күшейтті. Тарихқа жүгінсек, халықаралық ұйымдардың адам құқығын қорғау бойынша қызметі бұрыннан және түрлі формаларда жүзеге асырылуда. Бастамасы 1919 ж. Халықаралық еңбек ұйымын құрумен Ұлттар Лигасының тиісті Конвенциясын қабылдаумен қаланды. Алайда екі бірдей дүние жүзілік соғысты бастан кешіргеннен кейін ғана әлемдік қоғамдастық жеке тұлғаны бағалай бастады. Мәселен, БҰҰ Жарғысы (1 бап, 3 тармақ) мемлекеттерді олардың аумағында тұратын барлық адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етуге міндеттейді. [1]

БҰҰ жүйесіндегі және аймақтық халықаралық ұйымдардың шешімдерін айтпағанда, тек БҰҰ-ның өзі адам құқықтары бойынша 60 жуық декларациялар мен конвенциялар құрастырып, қабылдады. Адам құқығы халықаралық қатынастардың анықтаушы факторы ретінде 1948 ж. желтоқсандағы БҰҰ Бас Ассамблеясының Адам құқықтарының жалпыға бірдей Декларациясы қабылдануынан кейін қалыптаса бастады. 1950 жылдан бастап әр 10 желтоқсанда Адам құқықтар күні атап өтіледі. [2]

Жалпы, әр түрлі саладағы адам құқықтарын қорғап тұру үшін БҰҰ көп еңбек етуде екендігін айта кеткен жөн. Әсіресе қазіргі кезеңде БҰҰ адам құқықтарын қорғау бойынша қызметін күшейтті. БҰҰ-ның шеңберінде адам құқықтарымен байланысты жаңа құрылымдар пайда болды. 2006 жылдан бастап адам құқықтары бойынша Кеңес мемлекеттер төрт жылда бір рет тапсыратын адам құқықтарының жағдайы жайлы ұлттық есеп берудің жаңа тәжірибесін - адам құқықтары бойынша әмбебап кезеңдік баяндама (Universal Periodic Review) енгізді. Бұл БҰҰ-на мүше-мемлекеттердің адам құқықтары саласындағы міндеттері мен міндеттемелерінің орындалуын жиі шолу жасайтын тетік. Бір жыл ішінде 48 елдегі жағдай талқыланады. БҰҰ-дағы жарқын оқиғалардың бірі Ресейдің адам құқықтары бойынша Кеңесте 2009 жылы ақпанда ұлттық кезеңдік баяндама беру болды. 2010 ж. 5 қарашада АҚШ осындай шолу алғашқы рет жасады. 2011ж. шілде айында Кеңес шеңберінде Қазақстан Республикасының алғашқы рет ұлттық есебі тапсырылып, мемлекеттік құқық қорғау тетіктеріне баға берілді. [3]

Адам құқықтарын қорғау мен жүзеге асырудың нақты тетіктері мен құралдары қазіргі таңда әлемнің басқа аймақтарына қарағанда Еуропада көбірек құрылғандығын айта кеткен абзал. Аймақтық халықаралық ұйымдар қатарындағы 1949 ж. мамырда құрылған Еуропа Кеңесінің осы саладағы қызметі ерекше. Құрылтайшы құжатында маңызды мақсаттары ретінде Еуропаны демократиялык және қауіпсіз кеңістікке айналдыруға ыкпал ету, плюралистік демократия мен адам кұқықтарын қорғау мен бекіту, парламенттік демократияны кушейту, заң билігін қамтамасыз етуін қалаған ұйым көптеген нәтижелерге жетті. Адам құқықтары мен негізгі еркіндіктерін қорғау жөніндегі Еуропалық Конвенциясының қабылдануы (1950ж. 5қарашада Римде бекітіліп, 1953ж. 3 қыркүйекте күшіне енді) жалпы гуманитарлық, құқық қорғау қызметімен айналысатын ұйымдарды күшейтті. Конвенция азаматтың ажыратылмайтын жеке құқықтарын қорғайды және мемлекеттерден олардың сақталуын талап етеді. Бұл жүйе арқылы мемлекеттер, нақты жағдайларда жеке азаматтар да, олардың құқықтары бұзылған жағдайда бақылау инстанцияларына жүгіну құқығына ие болады.

Адам құқықтарымен байланысты мәселелер шеңберімен айналысатын және бұл салада қызмет ететін дамыған институттары бар тағы бір еуропалық ұйым ЕҚЫҰ. Атап айтсақ, Ұлттық азшылықтар мәселелері жөніндегі Жоғары комиссар ұлтаралық шиеленістерді тез арада жоюға күш салу және айқындау қызметін атқарады.

Ерекше айтып кететін жайт, 2011ж. 30 маусымда Астанада ИЫҰ-ның СІМ мәжілісінде ұйым шеңберінде адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз тұрақты комиссияның құрылуы туралы шешім қабылданып, оның жарғысы бекітіледі. Ал 2012ж. ақпанда Джакартада (Индонезия) 16 ел өкілдері жиналып, бұл органның бірінші сессиясы өтті. [5]

Батыс жартышарындағы аймақтың көп елдерін біріктіретін негізгі халықаралық ұйым Америка мемлекеттерінің ұйымы болып табылады. Аймақтағы адам құқықтарын қорғау мен қамтамасыз ету туралы басты құжат Адам міндеттері мен құқықтары туралы Америка декларациясы табылады, ол БҰҰ жалпыға бірдей адам құқықтары декларациясынан 7 ай бұрын 1948 ж. 2 мамырда Богота қ. (Колумбия) Америка елдерінің халықаралық конференциясында қабылданды. Тағы бір аймақтық маңызы бар құжат ретінде Адам құқықтары бойынша америкааралық конференцияда Сан-Хосе қ. (Коста-Рика) 1969 ж. 22 қарашада қабылданған Адам құқықтары жөніндегі американдық конвенцияны (Сан-Хосе пакті) атап өтуге болады. Күшіне 1978 ж. 18 шілдеде енді. Конвенцияда, «адам құқықтары адамның белгілі бір мемлекеттің азаматы болуынан емес, олардың адам тұлғасының қасиеттеріне негізделгендігінен пайда болады сондықтан американдық мемлекеттердің ішкі құқықтарымен қаралған қорғанысты нығайтатын және толықтыратын конвенция түріндегі халықаралық қорғанысты қажет етеді» деп белгіленген. 2005 ж. АМҰ мигранттарға, еңбек мигранттарына, олардың жанұя мүшелеріне қатысты АМҰ Тұрақты Кеңесінің Заң және саяси жұмыстар жөніндегі комитеттің жұмыс тобымен құрастырылған Адам құқықтарын қорғау мен ынталандыру туралы америкааралық бағдарламасын қабылдады. Мигранттардың құқығын қорғау туралы тақырып 1994 ж. Майамиде (АҚШ) екі Америка елдерінің бірінші Саммитінің күн тәртібіне енуінен бастап қазіргі күнге дейін батыс жартышар елдерінің заң шығарушы және саясаткерлерінің басты назарында болуда.

Бұл мәселенің талдауы халықаралық ұйымдардың, алғашқы кезекте БҰҰ-ның қызметі, олардың адам құқықтарын қорғауда маңызды кепіл және қажетті элемент екендігі жөнінде қорытындылайды. Осы салада БҰҰ-ның басқа халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын арттыру маңызды. Бұл жағдайда БҰҰ үйлестіруші рөл атқаруы керек. Сонымен қатар, аталған аймақтарда Еуропадағыдай арнайы құрылымдар қалыптаспаған, яғни Еуропаның тәжірибесі негізінде бірқатар тетіктер құру қажеттілігі туып жатыр. Тәжірибеде БҰҰ-ның орталық үйлестіруші рөлі негізінде барлық мемлекеттер, сонымен қатар, барлық континенттегі басқа халықаралық ұйымдар қатысуымен адам құқықтары мен бостандығын қорғаудың көпкомпонентті тетігі құрылуы тиіс.

 

Әдебиеттер тізімі:

1.                 http//www.un.org

2.                 Права человека. Основные международные документы.М., «Международные отношения», 1989,с. 134-135.

3.                 Права человека. Основные международные документы.М., «Международные отношения», 1989,с. 20-66.

4.                 Карташкин В.А. Права человека. Международная защита в условиях глобализации. М., Международные отношения, 2009, с 35.

5.                 К. Саудабаев. Астанинская декларация ОБСЕ включает все 10 принципов Хельсинского заключительного акта - http://thenews.kz/2010/12/03/637067.html)

Первое заседание комиссии ОИС по правам человека возглавила женщина