Уголовное право и криминология
М.ю.н. Мусева Жайдары Толеубаевна
Карагандинский
государственный технический университет, Казахстан
Қылмысқа қатысудың
қылмыстық-құқықтық және
криминологиялық аспектілері
Қылмысқа қатысушылық мәселесі
өзінің практикалық және теориялық
өзектілігімен қылмыстық құқық
ғылымы бойынша айтулы ғалымдардың назарына ілігіп, бұл
тақырып бойынша бірнеше көлемді зерттеулер жүргізілді,
Қылмысқа қатысушылық мәселесінде аса
даулылық тудырған жағдайдың бірі, ол
қылмысқа қатысу нысандарын топтастырушы критерийлер болып
саналады. Қатысу нысандарын объективтік және субъективтік белгілер
негізінде топтастыратын екі бағыт қалыптасқанын және
олардың келтіріп отырған нысандарды бөлуші белгілерде
қолданатын «дәреже», мысалы келісім дәрежесі, субъективтік
байланыстар дәрежесі, тұрақтылық дәрежесі
сияқты белгілердің шын мәнінде объективтік категорияға
жататын қылмысқа қатысу нысандарын анық және бір
белгіде ажырата алмайтындығы.
Қылмыстық құқық теориясында
қабылданған объективтілік пен субъективтілік бөліну
әдісіне сәйкес, қылмыс істеудің ерекше нысаны болып
табылатын қылмысқа қатысудың өзіндік объективтік
және субъективтік белгілері бар. Кез-келген құбылыстың
өз мазмұны мен нысаны болатыны белгілі. Адамның саналы
мінез-құлқының жекелеген актісі ретінде
қылмыстың екі жағын – объективтік және субъективтік жағы
белгілерін көрсетуге болады.
Қоғамға қауіпті әрекеттер жасаушы
қылмыскердің санасындағы интеллектуалдық-еріктілік
процестері қылмыстың субъективтік жағын сипаттаса, объективті
жағы субъектінің қылмыстық
мінез-құлқын, оның еркі мен ниетінің сыртқы
көрініске ие болуын, яғни, оның қоғамға
қауіптілігін арттыратын қылмыстық әрекетінің
барлық объективті мән-жайларының жиынтығын білдіреді.
Қылмысқа қатысушылықтың объективтік
белгілерінің түрлері және олардың сипаттамасы осылармен
шектеледі деуге болмайды, қылмысқа қатысу нысандарына
қарай басқа да обьективтік белгілер өмір сүреді. Ол
белгілер қылмысқа қатысу нысандарын бір-бірінен ажыратушы
немесе нақты бір нысанның түсінігін ашатын белгілер болып
табылады, ал жоғарыда айтылғандар жалпы қылмысқа
қатысушылықтың немесе барлық қылмысқа
қатысу нысандарына ортақ объективтік белгілері болып табылады.
Қылмысқа қатысушылықтың объективтік белгілері
оның субъективтік белгілерімен тығыз байланысты. Өйткені,
қылмысқа қатысушылықтың субъективтік белгілері
қылмысқа қатысушылардың ішкі ойын немесе
психикалық бағытын білдіреді. Қылмысқа
қатысушылықтың субъективтік белгілері екі немесе одан
көп адамдардың қылмысты әрекеттерін
қылмысқа қатысушылыққа жатқызатын
белгілерді білдіреді және қатысушылықтың объективтік
белгілерінің ішкі көрінісін сипаттай отырып, оны бірнеше
адамдардың бірлескен түрдегі қылмысты әрекеттеріне
айналдырады.
Бірлесіп қатысу белгісінің сипатын анықтағанда
кінәлілердің қоғамға қауіпті
іс-әрекетті өзара байланыста жасауын және
қылмыстың зардабына да әр бір қатысушының
байланысы болуын анықтау ұсынылды.
Қылмысқа қатысушылықтағы « бірлестік» белгісі
қылмыс жасаудың бастапқы кезеңінен соңғы
кезеңіне дейін түгел орын алады және бұл белгі мынандай
элементтерден құралады:
а) әрбір қылмысқа қатысушының әрекеті
басқа қатысушылардың нақты жағдайларда
әрекеттер жасауының қажетті шарты болып табылады. Яғни
бірінің белгілі бір әрекеттерді жасауы, басқаларының да
алдыңғы әрекетке байланысты нақты бір әрекеттерді
іске асыруына себеп болады;
ә) қылмыстың
салдары немесе қылмыс уақиғасы әр
қатысушының әрекеттерімен себепті байланыста болады;
б) қылмыстың нәтижесі барлығына ортақ болады.
Екі немесе одан көп адамдардың жасаған,
қоғамға қауіпті әрекетін, қылмысқа
қатысушылыққа жатқызатын белгі обьективтік белгі
ретінде бірлескендікті сипаттайтын – « себептілік» белгісі болып табылады. Егер
қылмыстың салдары немесе қылмыстың болу
уақиғасы, қылмысқа қатысушылардың
әрекеттерімен себепті байланыста болмаса, онда себепті байланыста
әрекет жасамаған адамға қылмыстық
жауаптылық туындамайды немесе абайсыздықта қылмыс
жасаған болып саналады. Себебі бұл әрекеттердің
арасындағы немесе қылмыстың зардабына деген себепті
байланыстар қасақана әрекеттерден туындаған болуы
керек. Қылмысқа қатысушылықтағы себепті
байланысты жасалған қылмыс мазмұнының екі жерінде
ескеру керек. Біріншісі, қылмысқа қатысушылардың
араларындағы байланыс, ал екіншісі, қылмысқа
қатысқан әрбір адам әрекетінің туындаған
зардаппен байланысы.
Қатысушылықпен жасалған қылмыстардың
қауіптілік дәрежесі келісім дәрежесіне қарай емес,
жасалған қылмыстың түріне келтірген зардаптың
көлеміне т.б осы тәрізді құрамды сипаттайтын белгілерге
қарай анықталады. Бұл белгілер, яғни жасалатын
қылмыстың түрі келтірілетін зардаптың көлемі,
қылмыстың орыны мен уақыты, тәсілі мен
құралы тәрізді белгілер алдын ала келісіммен жасалған
қылмыстарды ғана келісім мазмұнын құрайды.
Қылмысқа қатысушылықтағы келісім
мәселесін талдай отырып жасалған қорытындылардың
бағыты бойынша «келісім дәрежесі» деген белгі, алдын ала келісімсіз
және алдын ала келісіммен жасалатын қылмысқа
қатысушылықты бір-бірінен ажырататын белгі болып саналуы керек,
сондай ақ келісім дәрежесі ең төменгі мағынада
алғанда қылмысқа қатысушылықпен алдын ала келісім
бермей қылмысты жасыру және хабарламау әрекеттерін
субьективтік жағынан ажырататын критерий болып табылады.
Келісім мазмұны - бұл қылмыстық
құрамның негізгі және қосымша белгілері ретінде
жасалатын қылмыстың түрі зардаптың түрі мен
көлемі, қылмыстың жасалу орны, уақыты, тәсілі
және құралы тәрізді белгілердің жиынтығы
болып табылады.
Келісім сипаты немесе көлемі - бұл екі немесе одан көп
адамдардың бірлескен әрекеттерін топ болып қылмысты орындау
ұйымдасқан топ, қылмыстық қауымдастық
сияқты қылмысқа қатысушылық нысандарына
айналдыратын белгі болып табылады.
Қолданылған әдебиеттер:
1. Қазақстан
Республикасының Қылмыстық кодексi, 2014 жылғы 3
шiлдедегі № 226-V ҚРЗ. (06.05.2017).
2. Әпенов
С.М. Қазақстан Республикасының қылмыстық
заңы бойынша қылмысқа қатысушылықтың
нысандары (теория және практика мәселелері) /заң
ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін
дайындалған диссертация. 2005.-135 б.
3. Алауханов
Е.О. Криминология. –Алматы: Жеті Жарғы, 2008. -664 с.
4.
Ә.Керімқұлов. «Қылмысқа қатысушылықты
топтастыру негіздері» // «Заң» . 2009/8. 61-63 б.