Әбдіқалық Күнімжан Сәдірқызы

ҚазмемқызПУ-дің доценті, ф.ғ.к., Қазақстан

 

АЙТЫСКЕР АҚЫН ҚЫЗДАРДЫҢ ТҰЛҒАСЫ     

        Қазақ айтыс өнерінің нағыз шырқау биігіне көтерілген тұсы да осы ХІХ ғасыр екені белгілі. Тіпті, қазақ әдебиеті тарихында ХІХ ғасырға дейін есімі белгілі  айтыскер ақындарды кездестіре алмаймыз. М.Әуезов «Айтыс өлеңдері» атты еңбегінде «...Айтыс үлгісінде туған барлық өлең қазынасының қақ жарымына жақынын атақты ақын қыздар: Ақбала, Күнбала, Тоғжан, Сара, Жантелі, Ырысжан, Тәбия, Мақта сияқты нелер жүйрік, өнерпаз ақын қыздар, келіншектер туғызған» десе, С.Мұқанов «Қазақтың XVIII-XIX ғасырдағы әдебиетінің тарихынан очерктер» деген еңбегінде айтыс дәстүрінің өркендеген кезеңі ХІХ ғасыр екенін айта келіп, айтыс арқылы аттары елге танымал болған мынадай қазақтың ақын қыздарын атайды: «Күйкентай, Шәріп-Жамал, Дәме, Ұлбике. Тыныштық, Шөкей, Қадиша, Ақсұлу, Манат, Рысжан, Ақбала, Айқын, Сара, Жөкей, Болық, т.б.».

        «Айтыс» жинақтарын қолға алғанда жоғарыда аталған ақын қыздармен қоса Ажар, Меңеш, Айман, Гүлханым, Бибісары, Ырысты, Жекей сияқты толып жатқан қазақ қыздарының есімімен таныс боламыз. Ал олар кіммен айтысты дегенде, Күйкентайдың Оспантай ақынмен, Шәріжамалдың Әжекпен, Дәменің Мансұр ақынмен, Ұлбикенің Күдері ақынмен, Тыныштықтың Мұрат ақынмен, Шөкейдің Жүсіпбек ақынмен, Қадишаның Ысқақ ақынмен, Ақсұлудың Кеншімбай ақынмен, Манаттың Шәді ақынмен, Рысжанның Әсет ақынмен, Ақбаланың Боздақпен, Айқынның Жарылғасын ақынмен, Ажардың Уақат ақынмен, Меңеш қыздың Әжінияз ақынмен, Айманның Майлықожа ақынмен, Гүлханымның Майлықожа ақынмен, Бибісарының Нұржан ақынмен, Ырысты қыздың Оңғар жырау және он алты ақынмен, Жекей қыздың Қарасақал Ерімбет ақынмен, тағы басқа осындай қазақ ақын қыздарының айтыстарын кездестіреміз.

        Осы қыз бен жігіт айтыстарының мазмұнынан ақын қыздарымыздың бойынан біріншіден, ақындық өнерімен даңқы шыққан талантын, екіншіден, әйелге тән нәзіктік пен сұлулықты, үшіншіден, ой өрісі кең, ақылды да тапқыр әрі өткір тілді шешендікті, төртіншіден, заман шындығын ашына жырлаған қайсар қыздардың келбетін көреміз.

       Бір ғажабы қыз бен жігіт айтысының қай қайсысын алсаң да ақын жігіттер қыздардың ақындық өнеріне құмартып, өздері арнайы іздеп барып айтысқан. Оған Оспантай ақынның Күйкентай қызға «Сыртыңнан аттай қалар келдім іздеп» деуін немесе Біржан салдың Сара қызға «Мен келдім алпыс жерден атқа мініп, Естіп атағыңды сені біілп» деп айтқандарын мысалға келтіруге болады.

       Алайда, ақын жігіттердің өз бағын сынау үшін қыздарды арнайы іздеп баруының өзінде үлкен мән бар. Ол – сол қыздардың ақындық даңқының осал еместігі. Мұны айтыс өлеңдерінің мазмұнынан да байқауға болады. Мәселен, Дәме қыз бен Мансұр ақынның айтысындағы «Есіттік Дәме қыздың сырттан даңқын, Жеңілген талай жігіт ойлап білгін» деген жолдарын Дәме қыздың, сондай-ақ Біржан-Сара айтысынан да Сараның Біржанға дейін Жанақ, Орынбай, Кеншімбай сынды ақындарды жеңгенін, айтыс арқылы ақын қыздың есімі елге кеңінен танымал болғанын, тіпті, Біржанның «Көкшетау дуанына даңқың барған» дегеніне қарап Сара қыздың атағы қаншалықты таралғанын байқауға болады.

        Және де ақындар қыздардың ақындық өнеріне тәнті болып қана қоймай, жақсы қасиеттерін де айтып отырған. Біржан сал Сара қызды «Шырағым Сара, сендей тумас бала, Шешеңнен туармасын мұндай дара», «Сайраған бейне ұжмақта бұлбұл құстай, Ұқсаттым Сара сұлу айтқан сөзін», «жаннан артық сөйлер сөзің» деп қадірлеп жатса, «Жаратқан құдай сондай бұлбұл етіп» деп өзі іздеп келген қызды алғаш көргенде осылай таңырқай қараған. Әсет ақын да:

                 Сөзінің қайран қалдым кірін таппай,

                 Кенедей лебізінің мінін таппай.

                 Жүйрік ем жеке шапсам жан салмайтын

                 Адастым айтар сөздің бірін таппай, -

деп қарсылас қызының мықтылығын мойындайды.

        Меңеш қыз бен Әжінияз ақын айтысындағы Әжінияз ақынның «Кездейсоқ жау келсе де тартынбаған» деуі де Меңеш қызды еш нәрседен қаймықпайтын, өзіне өте сенімді ақын ретінде танытады. Бұл айтыстың өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда Сыр бойынан шыққан ақын қыздың қарсыласы қазақ ақыны емес, көршілес өзге елдің танмал ақыны, дәлірек айтқанда, қарақалпақ әдебиетінің классигі Әжінияз Қосыбайұлы (1824-1878) болатын. Әжінияз ақын да Біржан сал сияқты қызды жеңу үшін «Ақ отауға лайық қыз екенсің, Шал байың тек өзіңнің сорың-дағы» деп, Меңештің болашақ айттырған күйеуінің жасы үлкендігін айтып бетіне баспақшы болады. Бірақ ақын қыз бұл арада да жол тауып, өзінің ұтқыр ойлылығын байқатады. Қарақалпақ ақыны Әжінияздың «Өзіңдей ұлы ақын мырза қыздан» немесе «Қыз Меңеш сөзің ащы, тілің майлы» деген сөздері қазақ қызының ақындық дәрежесін жоғары бағалап құрметтегендей.

       Айтыс өлеңдерінің мазмұнында қыздардың ақындық өнерімен қоса әйелге тән асыл қасиеттері де бағаланады. Әсет ақын Рысжанды «Әйелдің көрдім сондай бағлангерін» деп жырласа, Ақсұлу мен Кеншімбай айтысында Кеншімбай ақын басқа ақындар тәрізді Ақсұлу қыздың ақындық өнеріне тамсанып қана ұоймай, «Көрген жан ішпей-жемей болады мас, Аққұба бидай өңді бір қиғаш қас» деп сұлулығын сипаттайды. Ал Дәме қыз бен Мансұр ақынның айтысында «...Ұқсаған айлы нұрлы тоты құсқа. Болмаса қаптауында жүрген пер  Адамға біте бермес ондай нұсқа...  Адамзат қанша айтқанмен ондай болмас, Болмаса ұжмақтағы хордың қызы» деп Мансұр ақын қызды тіл жеткізбей суреттейді.

        Айтыста ақын қыздар ақылды да бірбеткей, өткір тілді шешендігімен де көзге түседі. Мәселен, Ұлбике қыздың Күдері қожамен айтысында Күдері қожаның «Аузың шекер, лебізің балдан тәтті» деп ақын қызға ілтипат көрсетуі немесе «Өршеленіп қоймайсың, әй, Ұлбике, Мал мен бастың бірінен кем боларсың» деп сес көрсетуі ақын қыздың осал еместігін, оған Ұлбикенің «Мал мен бастың бірінен кем болар деп, Қожам қай күн құдаймен тілдескен ең?» деп жауап беруі оның қайтпайтын қайсарлығын танытса керек. Болық қыз бен Елентай ақынның айтысында да ақын қыз ой өрісі кең, ақылды болып көрінсе,  Шөкей қыз бен Жүсіпбек ақын айтысында Шөкей қыз ақындық талантынан бөлек дүниетанымы мол, өте зеректігімен танылды. Жалпы, Жүсіпбек Қожа мен Шөкейдің, Ұлбике мен Күдерінің айтыстарынан сөз етуде С.Мұқанов «қазақ әдебиетінің өркендеу тарихындағы бір дәуірді көрсетеді. Әрине, ол тарих үшін қажет мәселе» деген пікір айтады.

        Айтыс өлеңдерінің мазмұнынан заман шындығын ашына жырлаған қайсар қыздардың да тұлғасын көреміз. Әсет пен Рысжан айтысындағы Рысжанның бірінші жұмбағында патшалық құрылыстың жүйесі жұмбақталып ондағы әр түрлі болыс, би, елубасы, ояз, губернатор, патша, сенат сияқты мансап иелері сөз етілді. Рысжан ел билеушілерді барынша әшкере еткенде оларды әр түрлі құс кейпінде көрсете отырып, халықты қанап отырған арам тамақ озбырлар екенін өткір бейнелеген.

       Омарқұл ақын мен Тәбия қыздың айтысында да өз заманындағы әлеуметтік шындықтар сөз етіледі. «Қарасаң қалып жаман заманының, біреуді біреу арбап азғырып жүр» деп ашынған Тәбия қыз «халықтың қамын ойлар әділдік жоқ» замананы сынға алады.

      Түйіп айтқанда, айтыс өнерін сарқылмайтын қазына, өшпейтін мұра десек, сол өнердің көгінде қанатын құлаштай кеңге жайып қыранша самғаған ХІХ ғасырдағы ақын қыздарымыздың айтыстары да еш ұмытылмақ емес.  

                                     Әдебиеттер:

        1.  Айтыс. 2-том. Алматы: Жазушы, 1965.– 663 б.

                                      Резюме

        В настоящей статье речь идет об айтысе девушек, получившее устное распространение или записанные в XIX веке.

                                      Resume

        This articalis about Kazakh akyn women of  XIX century.