Қазақ поэзиясындағы түрікшілдіктің негіздері

Ержанова С.Б. филология ғылымдарының докторы, профессор,

                        Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университеті

Алиева Ж.А. –PhD докторанты, Қазақ мемлекеттік қыздар

педагогикалық университеті

 

         Қазақ поэзиясының қалыптасу тарихы мен даму үрдісі қазақ халқының өз алдына дербес мемлекет құрып, жеке ұлт болып қалыптасу тарихынан да бұрынғы кезеңдерді қамтиды. Қазақтың түп атасы саналатын сақ, ғұн сияқты тайпалар мен ұлы даланың ең ұлы мемлекеттерін құрған көне түркілер заманынан жеткен әдеби мұралар біздің ұлттық әдебиетіміздің негізі екені даусыз. Сондықтан да, түрлі қоғамдық өзгерістер мен рухани жаңғыруларды басынан кешкен қазақ әдебиеті мен мәдениетін зерттеуде жалпы түркілік руханият әлеміне соқпай кету мүмкін емес. Ежелгі дәуірлерден бүгінгі күнге жеткен әдеби жәдігерліктер – көне тарихтың көзі тірі куәсі. Көне тарихқа жан беріп, оны тірі куәгердің көзіндей етіп отырған қазақтың қасиетті қара өлеңіне, көркем сөзі мен парасатты поэзиясына жадағайлықтың көлеңкесін түсірмей, ұлы дәстүр мен көшелі жолды жоғалтпай алып келе жатқан – ақындар, сөз зергерлері.

Сан ғасырлық халық даналығының асыл туындысы, көркем мұрасы ұлттық поэзияның терең тамырын тауып, бастау бұлағын аршып, алғашқы сорабын бағамдау ісі ешқашан тоқталмайтын үрдіс. Өйткені, адам баласы өткеннің өнегесін іздеген сайын бүгінгі күнінің мәнді болмағын әлдеқашан түсінген. Өткенің туралы ойлағаның – бүгініңнің қамын жегенің (Ш,Уәлиханов). Сондықтан көне түркілік сарындардың, түрікшілдік мұраттардың қазақ поэзиясындағы белгісін іздеу жаңалық ашудан гөрі әдебиеттің бастапқы арналарын анықтап, оның әдеби дамуға тигізген игі әсер, ықпалын ғылыми негіздеу болмақ.

«Сан ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиетінің түп-төркінін, қайнар бастауларын объективті түрде зерттеудің ғылыми принциптерінің бірі – ежелгі әдебиет мұраларын қазіргі поэзияның озық шығармаларымен өзара байланысты түрде қарастыра отырып, көркемдік дәстүр жалғастық заңдылықтары тұрғысынан зерделеу» [1, 151 б]. Бұл мақсатқа жету үшін көне әдебиеттің белгілі бір даму кезеңінен келесі бір даму кезеңіне ауыса отырып, бүгінгі күнге жеткен көркемдік дәстүр жалғастығының басты ерекшеліктерін анықтап, жаңа әдеби бағыттардың жасалу жолдарын, түрлі әдеби тәсілдердің қалыптасып, даму кезеңдерін саралай келе соңғы ғасырлар дәргейіндегі жаңа әдебиеттің ежелгі түркілік мұралармен дәстүрлік сабақтастығын, өзіндік жаңашылдығын түбегейлі қарастыру керек деп ойлаймыз. Яғни, бұл қазақ поэзиясының көне түркі әдебиетімен, шығыстың мәдени, рухани әлемімен байланысын, ежелгі әдебиеттің ұлттық көркемсөз өнеріне тигізген ықпалын айқындау деген сөз. Бұл орайда дәстүр мен жаңашылдыққа жүгіну ғылыми тұжырым жасаудың ең тиімді тәсілі болмақ.

Дәстүр де, жаңашылдық та – тарихи категориялар. Бұған «...әдеби процеске тән жалғастықты, жазу творчествосындағы халықтық үлгілер мен өзіндік соны сипат-қасиеттердің бірлігін танытатын ұғым, қалыптасып, сұрыпталған көзқарас, түсініктер, көркемдік үлгі-өрнектер, тәсілдер жатады» [2, 149 б]. Дәстүр тарихпен бірге дамып, көркем дүниенің тақырыбы, идеялық бағыты мен негізі, көркемдегіш құралдары, қалыптасқан сарыны мен амал, тәсілдері жетіліп отырады. Ал, жаңашылдық – осы бұрыннан бар дәстүрлерге сүйене отырып, тыңнан түрен салу, тың тақырыпты өзінен бұрын еш қолданылмаған амал, тәсілмен суреттеу, қоғамды, бұқараны толғантқан күрделі мәселеге қатысты батыл көркемдік шешім жасау.

Қазақ поэзиясы көркемөнерге тиесілі барлық қасиетімен бір-ақ күнде туа салған жоқ. Бүгінгі поэзияның тірегі жыраулық поэзия, Абай мен Мағжанның маржан жырлары болса, олардың өнердегі темірқазығы көне түркілік, орта ғасырлық жыр жауһарлары болды. Көне түркілік әдеби ескерткіштердегі менмұндалап тұрған халықтық ғұрып, салт-дәстүрлер ислам құндылықтары қаншалықты басым болғанмен, ортағасырлық түркі әдебиетінен көрініс тапты. Ал, керісінше жыраулық поэзияда ислам дінінің сарынынан гөрі қазақтың ұлттық дүниетанымы, көне түркілік таным мен ислами түсініктердің синтезделген жаңа ғұрпы айқын танылады. Ортағасырлық ислам әдебиетінде жетекші идеяға айналған діни ағартушылық пен адамгершілік тақырыбы жыраулар шығармашылығында, одан кейінгі ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы мен ХІХ ғасырда Жер мен Ел тақырыбына орын беріп, бұл тақырып әдеби туындыларда бүтіндей  жаңа мазмұнда жырланып, саяси-әлеуметтік нақтылық сипатқа ие болды. Ежелгі әдеби мұралардағы топонимикалық ұғымдардың, эпостық жырлардағы, халықтық аңыздардағы «Жерұйық», «Жиделі байсын» сияқты кейбір тарихи атаулардың орнына атажұрт, туған жер, атамекен ұғымы басым жырланды. Сол кезең әдебиетінде басты тақырыпқа, шығармашылықтың негізгі идеялық белгісіне айналған  Жер мен Ел ұғымы, солардан туындайтын өзге де сан түрлі елдік, азаматтық тақырыптар соңғы бір-екі ғасырда негізгі желісін бір үзбестен бүгінгі күнге жетіп отыр. Өнердегі бұрынғы қол жеткен табыстарға, ортасынан оза шыққан ұлы суреткерлердің тәжірибесіне сүйенбей шығармашылық табысқа жету мүмкін емес. Бұл заңдылық бірнеше ғасырлық тарихы бар қазақ әдебиетіне де тән. Сол себепті де Ел мен Жер тақырыбы қазақ халқының жаңа әдебиетінің басты сипаты болып табылады.

Әдебиет – адамзат баласының таным көзі. Сондықтан да ол кез келген халықтың, барлық ұлттың тарихында басты орын алады. Ол халық тағдырындағы үлкен белесті кезеңдерге сәйкес туып, халық санасына сол күндердің басты-басты белгілерін, рухын сіңіреді. Тарихи сананың тәжірибесін алға тартады. Қазақ әдебиеті де осы тарихи дамудың нақтылы шарттарының ықпалымен өзінің жаңа суреткерлік көркемдік-танымдық  белгілерін барынша айқындап алды. Ықылым замандардан бастау алған жыраулық дәстүр, халықтық эстетикалық таным мектебі жаңа сипатты әдеби ағымдарға ұласты. Хандық дәуірде дәуірлеп көтерілген жыраулық, батырлық поэзия орнына ежелгі түркілер тұсынан белгі берген ақындық шығармашылық дәстүр қайта жаңғырып белең алғаны да осы әдеби дәстүрдің тарихи жемісі.

 

 

Пайдаланған әдебиеттер:

1.     Қазіргі қазақ поэзиясындағы ежелгі әдебиет дәстүрі:Ұжымдық монографиялық еңбек. – Алматы: «КИЕ» лингвоелтану инновациялық орталығы, 2009. – 376 б.

2.     Әдебиеттану. Терминдер сөздігі (Құрастырушылар: З.Ахметов, Т.Шаңбаев) – Алматы: Ана тілі, 1998. – 384 б.